Жорамал

Індет келмеске кете ме?

Әлемді кейінгі екі жыл бойы сарсаңға салған «Ковид-19» індетінің қарқыны әлі де қайтпай тұрғаны белгілі. Миллиардтаған адам баласы одан қашан құтылар екенбіз деп армандап жүр.

Қуаты біртіндеп қайтатынын айтады

Осы орайда жұртты ғалымдардың тұжырымынан гөрі түрлі көріпкел-сәуегейлердің, жұлдызшы-астрологтардың болжамы көбірек елеңдететіні де рас. Таяуда интернеттен сондай бір азаматтың енді көп ұзамай індеттен біржола құтыламыз деп сүйіншілеп отырғанын құлағымыз шалып, оның сөздерін соңына дейін тыңдап көрген едік.

Видеожазбадағы титрда бұл адамның аты-жөні мен айналысатын шаруасы «Алакх Ниранджан, «Шринатджи» ведикалық академиясының негізін қалаушы» деп көрсетіліпті. Есім-сойы үнділікке көбірек ұқсағанымен өзі орыстың баласы сияқты, айтарын орыс тілінде еш акцентсіз айтып отырған бұл азамат былай дейді:

«Өткен 18-қазанда Юпитер өзінің ретроградты жолын аяқтап, директті қозғалысқа енген болатын. Ал 21-қараша күні ол Тауешкі жұлдыз шоғыры аумағынан шықты. Сөйтіп Сатурн мен Юпитердің әсерлесу ара қашықтығы алыстай бастады, Юпитердің Сатурнға, Сатурнның Юпитерге жайсыз әсері төмендеді. Соған сай адамдар өздерінің кейінгі екі жылда жіберген қателіктерінің салмағын ұғынып-сезіне бастады. Яғни адамдардың дұрыс шешімдер жасамауы індеттің өршуіне жол ашқан, экономиканың тоқырауына соқтырған болатын, адамдардың індеттен, шипасы болмаған басқа да дерттерден өлуі көбейген еді. Үрей мен қорқыныштың себебінен де өлім көрсеткіші артқан болатын.

Енді экономика ақырындап дами бастайды. Алдағы 2022-ші жыл бойы адамдар ес жиып, өз-өзіне келеді, қателікке жол бермеуге тырысады, өз дұрыс әрекеттерінің жемісін көретін болады. Алдағы желтоқсан айынан бастап, бүкіл 2022-жыл бойы «Ковид» індетіне шалдығу азая бастайды. Осыдан 100 жыл бұрын кенеттен пайда болып, екі-үш жылдың ішінде миллиондаған адамның өмірін қиған «Испан тұмауы» сияқты ол да келмеске кетеді.

Әрине, індет қазір көптеген елдерде құтырып тұр. Өйткені бұл уақытта Юпитер Сатурннан әлі де қажетті қашықтыққа ұзай қойған жоқ, ол әзірге қашықтықты ұлғайту үстінде. Індет бірте-бірте келмеске кетеді. Қазіргі күндердің өзінде бірқатар елдерде індетке қарсы әрекеттер азайтылып, тиісті шектеу шаралары ретімен алынып тасталып жатыр. Індеттің күні бітуге жақындады. Мен сіздерді осы қуанышпен құттықтаймын!»

(Осы орайда ғаламшарлардың ретроградты және директті қозғалысы деген ұғымдарға қысқаша түсінік бере кеткеніміз дұрыс болар. Астрономиялық ұғым бойынша, ғаламшардың ретроградты қозғалысы деген оның негізгі қозғалыс бағытына қарсы, Зодиак бойынша сағат тілі бағытымен айналуы. Мысалы, Юпитердің ретроградты қозғалысы кезінде оның адамдарға жағымды әсері төмендейді екен, адамдарда ширығу, стреске түсу сияқты жайлар жиілейді деседі. Яғни оның адам психологиясына, іс-әрекетіне кері әсері болады деген сөз. Ал ғаламшардың директті қозғалысы деген – оның табиғи айналуы, тура «жүруі», астрологтар оның да адамдарға өзіндік жағымды әсерлері болатынын айтады).

Бұған сенуге бола ма?

Қысқасы, Алакх Ниранджан есімді астролог «Ковид» індетінің алдағы бір жыл ішінде келмеске кететінін айтып, жұрттың назарын өзіне аударып отыр. Тәж-вирус індеті әлемді қыспаққа алып тұрған қазіргідей кезеңде, әрине, оның айтқандары адамға қисынсыздау көрінуі де заңды. Ол адамды екіұдай ойға қалдырады. Дегенмен «Жақсы сөз – жарым ырыс», астрологтың бұл айтқандарына ішіңіз жылып қалары да рас қой.

Осы орайда бұл өзі кім, қай жақтың адамы, ол негізін қалаған ведикалық академия немен айналысады деген сияқты сұрақтар төңірегінде ізденіп көрген едік. Білгеніміз – «Алакх Ниранджан» деген нақты адамның аты емес, астрологтың өзінің қойып алған лақап есімі

немесе оған өзгелер қойған ат сияқты. Ал бұл атау индуизм, сикхизм діндерінде «көрінбейтін» және «таза, пәк» деген ұғымдарды береді екен. Яғни біздің Алла-тағаланы пәктеуіміз сияқты Жаратушы Құдіретке телінген атау десек болады.

Видеода өзін «Алакх Ниранджанмын» деп таныстырған азамат (егер ол соның нақ өзі болса) интернеттегі ақпарат көздерінде «физик, психолог, 5 мыңнан астам консультация берген, тәжірибеден өтуші ведикалық астролог, Шығыс жекпе-жектерінің шебері, кезінде құрама команда мүшесі, каратэ, кунг-фу бойынша төреші болған, ірі бизнесті басқарған, «Ведикалық мәдениет мұрасы» атты кітаптың авторы» деп көрсетіліпті. Соған қарағанда, бұл азаматтың нақты ғылымда да, ведикалық астрология саласында да тәжірибесі аз емеске ұқсайды.

Ал бұл азамат негізін қалаған деп айтылып отырған «Шринатджи» ведикалық академиясының интернетте арнайы веб-сайты бар екен. Онда бұл астрологиялық орталықтың кеңсесі Үндістанның ресми астанасы Нью-Дели

қаласында деп көрсетіліпті. Оның Ресейдегі Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, тіпті біздің Атырауда да филиалы бар екені туралы деректер келтірілген. Ведикалық академия танымдық тұрғыда жұмыс істейді, арнайы семинарлар, тренингтер өткізеді, лекциялар оқиды, адамдарға астрология ілімі бойынша кеңестер береді, олардың өзін-өзі тануына, ақшаға, бизнеске, отбасылық қарым-қатынастарға, тағы басқа жайларға қатысты проблемаларының шешілуіне көмектеседі. Тіпті бір тұста «23 мың рубль» деп ведикалық астрологпен бір кездесіп, кеңес алудың қызмет ақысын да көрсетіп қойыпты.

…Қысқасы, ведикалық астрологиямен айналысатын азамат жұрттан енді біраз шыдасақ, індеттен түбегейлі құтыламыз деп сүйінші сұрады. Індеттің ауыр кезеңдері артта қалып, бүгінде оның қуаты кеміп бара жатқан болса, бұған неге қуанбасқа?! Құдай қолдап, індеттен құтылсақ, өмірде көп нәрсенің өзгерері анық қой. Ендеше бұл азаматтың аузына – май дейміз.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ
Back to top button