Жағымды жаңалықтар

Ертегі-аңыз, жыр-дастан жаттататын үйірме ашылды

Қазіргі кезде кез келген ата-ана баласын бірінші сыныпқа ерекше дайындықпен беретіні жасырын емес. Балабақшадан бөлек, арнайы курстарға жаздыртып немесе репетитор жалдап, балаларын санауға, оқуға, жазуға алдын-ала дайындайды.

Мұның себебі белгілі. Мектептегі оқу бағдарламасы күрделі. Дайындықсыз барған бала сабақ үлгерімі жағынан қатарынан бір қалып қойса, кейін ілесіп кетуі қиындайды. Сондықтан бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-ана баланы мектеп өміріне үйрететін жақсы ұстаз, мектеп немесе үйірме іздейді. Осы орайда біз ел ішінде «Сары кітаптар» деген атпен танылған «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шығып жатқан кітаптар негізінде білім беретін, іргетасы енді ғана қаланып жатқан «Отбасы академиясы» үйірмесі жөнінде айтуды жөн көрдік.

Үйірменің жетекшісі шымкенттік Асылзат Төлегенова есімді педагог. Ол ХҚТУ Шымкент филиалын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Балабақшада, мектепте жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағасын Асылзат Асқанбекқызы балалардың кеудесіне құндылық құю арқылы олардан болашақта елдің қамын жейтін үлкен азамат тәрбиелеп шығаруды ойға ала бастайды. Бұлай ойлануына жоғарыда аталған кітаптар сериясын оқуы себеп болыпты.

Шыны керек, бүгінде жұмысбасты ата-ана баласына жеткілікті түрде көңіл бөле алмайды. Бұрынғыдай баласын әлдимен тербеп өсіретін аналар да, немерелерін айналасына үйіріп, ертегі, аңыз-қисса айтып беріп, баланың қиялын ғажайып әлемге самғататын әжелер де жоқтың қасы деуге болады. Бар болса да тым аз. Себебі қазіргі әжелер де зейнетке шығу үшін ала таңнан тұрып жұмысқа баруға мәжбүр. Демалыстағыларының өзі жүйкесі тозып, әбден титықтап шаршаған. Ондай әжелер баланың шуылын жақтыра бермейтіні ащы да болса шындық. Енді сол әжелердің орнын кім басуы керек? Баланың көкірегіне құндылықты кім құяды? Мұндай жауапкершілікті де қолға алатын бір адам шығуы керек қой ел ішінен. Осылай ойлана келе Асылзат алдымен өз жақындарының балаларын жинап, оларға «Сары кітаптардағы» қисса, аңыз, ертегілерді оқып беруден бастайды. Оған қосымша онлайн-сабақ кезінде сабағын қадағалауға уақыты жоқ таныстары да Асылзатқа балаларын сеніп тапсырады. Осылайша бастауыш сыныптағы балаларға үй тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп орындатып болғасын ата-анасы жұмыстан келгенше ертегі, қисса айтып, жаңылтпаш, санамақ жаттатуды бастап кетеді.

Уақыт өте келе Асылзаттың оқушыларын мектептегі мұғалімдері де, ата-аналары да мақтай бастапты. Мұғалімдері оқушысының сабақ үлгерімі жақсарғанын жеткізсе, ата-аналары баласының бұрынғыдай смартфонға, компьютер ойындарына қарамайтын болғанын айтып қуанған. Сөйтіп бірінен бірі естіп, ақырында «Отбасы академиясы» деген үйірме өмірге келіпті.

Қазір бұл үйірмеде отызға тарта бастауыш сынып оқушылары білім алуда. Үйірменің ерекшелігі жөнінде сұрағанымызда Асылзат Төлегенова бізге былай деп жауап берді:

«Қай ата-ана болмасын баласының биік белестерді бағындырып, үлкен азамат болып өскенін қалайды. Сол үшін кішкентайынан түрлі курстарға жаздыртып, үйірмелерге қатыстырып, репетиторлар жалдап шет тілдерінде оқытады. Баланың дамуы үшін мұның бәрі керек, оны жоққа шығармаймыз. Біздің үйірмеде де бұл пәндерді оқытамыз. Бірақ ата-аналар мынаны білсе екен дейміз: Оқу құрал және құндылық болып екіге бөлінеді. Құрал дегеніміз – жоғарыда айтылған математика, ағылшын тілі секілді баланы мамандыққа бейімдейтін пәндер. Ал құндылық дегеніміз – бесік жыры, ертегі, қисса, аңыздар. Бесікте жатқан күнінен бастап баланы анасы әлдилеп, бесік жырын айтып тербетіп, сәл өскесін ертегі, аңыз-қисса айтып, жыр-дастан жаттатып өсірсе, баланың көкірегі құндылыққа толады. Осылайша құндақтаулы күнінен бесік жыры мен ертегі тыңдап, жыр-дастан жаттап кеудесі құндылықпен байыған адамның жүзінен нұры төгіліп, жүрегінде мейірім-шапағаты күшейіп, сөйлесе тілінен бал таматын болады екен. Яғни балаға кішкентай күнінен адам түгілі жан-жануарға, өсімдік пен ағаштарға зияны тимесін, қиянаты болмасын, зәбір көрсетпесін деген нәрселерді сіңірген кезде ол жасампаз әрі мейірбан болып шыға келеді. Мен болашақта тек білімді балалар ғана емес, кеудесі құндылыққа толы, мейірбан, елінің ертеңі үшін аянбайтын күрескер тұлғаларды тәрбиелеп шығарсам деп армандаймын.

Қазір балаларға «Экософия немесе киелі табиғат» деген кітапты оқып беріп жүрмін. Ол кітапта жан-жануарларға кие дарыту арқылы табиғатты қорғауға болатыны жазылған. Яғни бала бұл кітаптан әрбір аң-құстың қалай жаратылғанын, оның пайдасы мен киесі жайлы оқып біледі. Әр тақырыпты оқыған соң оны балалармен бірге талқылап, суретін саламыз, пластилиннен мүсіндерін жасаймыз. Бұдан бөлек, тағы бірнеше кітаптарымыз бар оқитын. Алғашында сөйлемейтін, ортаға көп қосылмайтын балалар уақыт өте келе оқып берген кітаптардан кәдімгідей түсінгенін айтып, оған өз пікірін қосып, талқылап, кейін достарымен де сөйлесетін болып шығады.

Бес жасар бір оқушым бар. Алғаш келген кезде анасы оның смартфоннан бас көтермейтінін айтқан. Тіпті «соткаға» қатты кіріп кеткені сондай, ол бала тілден қалған. Ешкіммен сөйлеспейді. Қарапайым «тамақ жеймін», «су ішемін», «әжетханаға барамын» деген сөздерді де айтпай, ымдап түсіндіретін. Егер бұл бала осы күйінде қалатын болса, оны мектепке алу-алмауы екіталай. Ақыл-есі дамуы артта қалған деп арнайы интернатқа жіберуі де мүмкін. Себебі мүлдем сөйлемейді. Негізі құлағы еститін бала сөйлеуі керек қой. Сол баламен көп жұмыс істедік. Аңыз-қиссаларды оқып, әр баладан түсінгенін сұраған кезде әлгі балаға да арнайы уақыт бөліп, ежіктеп отырып сөйлемесіне қоймадық. Қазір нәтиже жаман емес. Сол баламыз бүгінде санауды үйреніп жатыр. Ал санауды үйренген бала міндетті түрде есеп шығарады. Анасы да бұрынғыдай емес үйінде бәрін айтып, сөйлейтінін айтып жүр. Смартфонға да бұрынғыдай көп үңіле бермейді екен.

Өкінішке орай, мұндай балалар күннен-күнге көбейіп келеді. Оған ата-ананы кінәлай алмайсың. Күнкөріс қамымен бір емес, бірнеше жерлерде жұмыс істеп, шаршап келгесін балаға дұрыс көңіл бөле алмайды, сұрақтарына жауап бермейді, сөйлеспейді. Өзі шаршап тұрғасын құлағының тыныштығын көздеп смартфонын бере салады тыныш отырса болды деп. Осылай күн сайын қайталана бергесін балада телефонға тәуелділік пайда болып, соңы осылай сөйлемейтін жағдайға жетеді.

Сосын біздің үйірменің балалары қуыршақ театрының тұрақты көрермендері. Әр аптада қуыршақ театрына апарып тұрамыз. Баланың дамуына, қалыптасуына мұның да пайдасы зор».

Асылзат Төлегенова осылай дейді. Біз ол кісімен сөйлесіп отырып бала тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайтынын түсіндік. Болашақ жастардың қолында дейтін болсақ, олардың маман болуына емес, алдымен адам болуына жағдай жасауымыз керек сияқты. Себебі қазір қоғамда мамандар көп те, адамдар аз. Ал біз мамандардан гөрі адамдарға мұқтаж болып отырған елміз.

Г. НҰРЖАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button