Жаңғырық

Тоғанас батыр есімі ескерілсе екен

Аты аңызға айналған батыр бабаларымыздың бірі – әйгілі қас батыр, айбынды қолбасшы, он екі рулы Сіргелі тайпасының Байжігіт руының Көшімбет атасынан шыққан, Тоғанас батыр Сабдалыұлы. Елінің бостандығы мен азаттығы жолында жан аямай күрескен Тоғанас батырдың туғанына биыл 350 жыл толады. Кейбір деректерде туған, қайтыс болған жылдары 1671-1764 жылдар деп көрсетілген.

Тоғанас батыр – ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген біртуар тұлға. Ол он бір жасар бала кезінде-ақ сол замандарда Шымкентті билеп тұрған қалмақтың билеушісі, үсті-басын жара басып кеткендіктен Қотыр қалмақ атанған тайшыны Қошқар-Ата өзеніне батырып өлтіреді.

Тоғанас он алты жасынан бастап батыр атанады. Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыстарда Тоғанас батыр Сіргелі жасақтарын бастап ұлт азаттығы жорықтарына белсене қатысқан. Елім деп еңіреген талай ерлердің қатарында аты қалған, халық арасында танылған Тоғанас батырдың есімі өз кезінде-ақ бүкіл Сіргелінің ұранына айналған.

Ел шетіне жау тигенде даланың намысты ұлдарын жинау үшін:

– Тоғанас! Тоғанас! – деген бір ауыз ұран сөздің қуаттылығын айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай ел ұранына айналып, халықпен біртұтас рухани күшке есімін қалдыру Тоғанастың батырлығымен қоса, көп алдындағы даралығын, даналығын танытса керек.

Кең пішінді, салқар мінез Тоғанас батыр жаужүрек батырлығына қоса, аз айтса да саз айтатын алмас тілімен де, сауықшыл өнерпаз серілігімен де, жиын-

тойда күреске түсетін балуандығымен де, тақымы мықты шабандоздығымен де, бәйгеге ат қосатын атбегілігімен де ерекше тұлға болған.

М.Тынышбаев жазған «Қазақ халқының тарихы» және Ұлы жүз рулары кестесінде Тоғанас батыр есімі бүкіл Сіргелі тайпасының ұраны ретінде аталады. Осындай шежірелі дүниелерден келіп, Тоғанастың айтулы батыр, атақты балуан, ел еркесі, өз заманының алдаспанындай жарқ еткен тұлғалы перзенті екені айқындала түседі.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін Ордабасыдағы тарихи жиынға қатысып, әйгілі замандастары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Өтеген, Қарабатыр, Тілеуке, Елшібек, Есіркеп батырлармен бірге Қаратау өлкесін, Шаян, Бөген, Боралдай, Арыс, Сарысу, Талас, Шу өңірлерін жаудан тазартуды ұйымдастырған.

Қазақ халқының атақты биі дана Төле бидің айтқаны бар: «Сіргелімін дегенше, Тоғанаспын десейші, Тоғанаспын дегенше, жаудан асқам десейші» деген. Мұндағы «Жаудан асқам дегені», Тоғанастың әр уақытта дұшпаннан үстем болғанын, басым болғанын, жауға берілмейтін батырлығын паш еткен сөзі болса керек.

Тоғанас көптеген жекпе-жектерге шығып, барлығында жауынан басым түсіп, жеңіске жеткен. Қалмақ кезіндегі бір соғыста қазақтар саны басым жаудан қатары сиреп жеңіліске ұшырай бастапты. Қолды сол кезде Абылайдың өзі бастап тұр екен. Қазақтардың қатарын селдіреткен қалмақтар Абылайдың өзіне тап беріп, қолға түсірмекке әрекеттеніпті. Аты да, өзі де болдырыңқырап қалған Абылай жасар амалы болмай соңғы күшін жиып, қалмақтың ортасында соғысып тұр екен. Мұны байқап қалған Тоғанас жетіп келіп, қалмақтардың екі-үшеуін шауып түсіреді. Қалғандары қаша жөнеледі. Сөйтіп бір тың атты жетектеп келіп, Абылайдың алдына тосады.

– Хан ием, сіз өлсеңіз, ел иесіз қалар. Ал мен өлсем, қазақтың бір әйелі тағы бір батыр ұл туар. Мынау атқа мініп, қалмақтардан сытылып шығыңыз, – дейді. Тың атқа мінген Абылай шауып барып, бір қосын әскерді әкеп, қалмақтардың тоз-тозын шығарыпты. Жеңістен кейін ол Тоғанасты шақырып алып:

– Қарағым, сен кім едің? – деп сұрайды. Тоғанас аты-жөнін, шыққан тегін айтады. Абылай тұрып:

– Сенің есімің елде жоқ есім екен. Елде жоқ есімді иеленген адам бір тайпаға көсем болуға лайық. Лайықтығыңды ісіңнен көрдім. Атың бір елге ұран болатындай-ақ ер екенсің. Көп жаса, шырағым, – депті. Аузы дуалы Абылайдың сөзі бар, кейін Тоғанастың есімі бүкіл Сіргеліге ұран болып қалыпты.

Әрине, кез келген батырдың аты ұранға айнала бермесі хақ. Тоғанас батырдың елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға сіңірген еңбегі аттары ұранға айналған Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Қарасай, Райымбек батырлардан бірде-бір кем емес. Осыған орай биыл 350 жылдығы атап өтілетін Тоғанас батырды дәріптеуді енді шындап қолға алмасақ тарих бетінен, ұрпақтардың санасынан ұмытылып, өшіп қалуы да мүмкін.

Тоғанас батырдың атын есте қалдыру үшін мынадай іс-шаралар атқарылуы тиіс: Тоғанас батыр туралы ел аузындағы, халық жадында жүрген әңгімелер мен аңыздарды жинақтап кітап етіп шығарса, келешекте батыр туралы деректі және көркем фильмдер шығарылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шымкент пен Түркістан қалаларынан бір-бір көшеге Тоғанас батырдың аты беріліп, осы қалалардан бір-бір мектепке және батырдың тікелей ұрпақтары шоғырланып тұратын Бәйдібек ауданы Ағыбет ауыл аймағының Алғабас ауылындағы орта мектепке Тоғанас батырдың аты берілсе, ескерткіштері қойылса, игілікті іс болар еді.

Батырға арналып ақындар айтысы өткізіліп, келешекте ұлттық спорт түрлерінің біреуінен жастар арасында тұрақты жарыстар өткізіліп тұруы тиіс деп ойлаймыз. Енді соған көзі ашық, көкірегі ояу жанның бәрі ат салысып, жоғалтқанымыздың бәрін жинап алуымыз керек.

Мырзаліп БАПЫҚ, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button