Тылсым дүние

Сынықшы айтқан сыр

Ащысайдың күншығыс тұсында тауға тырмыса салынған үй болатын. Ол үйде өзбек емші тұрды. Анығында, сынықшы екен. Осыдан 20 жылдай шамасында сол кісіден ем алғанмын.

Емші, тәуіп десе көз алдымызға аппақ, мұнтаздай киінген, үйі жылан жалағандай таза тұратын отбасы елестейді емес пе? Ал ол үйден ондай тазалықтан ештеңе байқалмайды. Әйелі де қарапайым, керсені ашық, керлені шашық жатыр. Жүгірген бала көрінбейді.

Ал сынықшының өзі дөңгелете сақал-мұрт қойған, аққұба келген, реңді адам. Мен ылғи бастырылып қала беретіндіктен, енем қояр да қоймай дем салдыруға апарған.

–  Назарланған, үш күн емдеймін, – деді сынықшы.

Жолдасым жұмысқа асығып, енем де онымен бірге қайтатын болды. Сынықшының жанында мен кішкене қайынсіңліммен қалдым. Күніне үш мезгіл молда үшкіреді, қалған уақытта қол бос.

Молданың әйелі қарабайыр, жүдә момын екен. Жұбайымен қай уақытта сөйлеседі деп ойлаймын. Дауыс шығарып, бірдеңе сұрап, болмаса айтып жатқанын көрмедік. Әлі піспеген басыма «молданың әйелі сөйлемеу керек шығар» деген ой келді.

Екі күнді итшілеп өткізіп, үшінші күні таңда дем салып отырып молда:

–  Байқаймын, іштерің пысты-ау, менің әйелім де әңгімешіл, сөзшең емес. Қаласаңдар бүгін баққа апарайын, – деді.

Кілең тау-тастың арасында ненің бағы деп таңдансақ та, баруға келістік. Күн көтерілмей әйелі екеуі дастарханға керек-жарағын көтеріп, үйден шықты. Біз соңдарынан ердік. Молда әйелі екеуі біз барған жолға емес, биікке қарай өрмеледі. Төбеңнен төнген жартаспен шыңдарға қарап келе жатып, тау ортасына орналасқан баққа келдік. Кәнігі бағбанның қолынан шыққаны көрініп тұр. Қаз-қатар жайқалған жеміс ағаштар мәуесін төгуге дайын-ақ екен. Құмның ортасында өсіп, жемісті сатып жеп өскен балаға оны ағаш басынан үзіп алудың қаншалықты керемет екенін білесіздер, бір жасап қалдық. Біздің ана талға бір, мына талға бір жүгіргенімізді көріп, жұбайы екеуінің жүзіне күлкі үйірілді. Күлгенде екеуі де әдемі болып кетеді екен. Жеңіл-желпі тамақпен шай ішіп болған соң әйелі түскі тамаққа кірісті. Молдекең (ауыл адамдары молда деп дырдай қылғаны болмаса, сол кезде 30-ға жетпеген жігіт ағасы) жастыққа жантайды.

–  Келгелі қолыңнан кітап түспеді. Кітапқұмарлар әңгіме құраушы болады дейтін әкем. Сен сұрамасаң да мен саған осы жолға қалай келгенімді айтып берейін. Әрі уақыт өтсін, бола ма? –  деді.

–  Әрине, аға, біз дайынбыз тыңдауға, – дедік.

–  Әкем діни сауаты бар, өте білімдар жан болды. Анда-санда адам қарайтыны бар еді. Ал мен қарапайым, ештеңемен шаруам жоқ, тыныш қана өсіп-жетілдім. Барлығы әскерге барған соң басталды. Он сегізге толған соң әскер қатарына әкетті. (Қай жер дегені есімде қалмапты). Күніге дайындық, жүгіру, оны енді сендер білмейсіңдер, әскерде болғандар жақсы біледі.

Бірде мина, бомба тексеру сабағы болды. Дәл сол жерде тұрған жерімнен мені бір жаққа жұмсап жіберген, он қадам аттадым ба, білмеймін, артымнан жойқын жарылыс шықты. Менімен қатар мина қарап отырған төрт жігіттің дымы қалмапты. Күлдері көкке ұшыпты. Есеңгіреп кеттім. Аллаға алғаш шүкір айтып, кәлимамды қайталадым. Әлгі жігіттердің қалдықтарын теріп алып, ауылдарына аттандырдық.

Сол күннен бастап түсіме ылғи мола кіретін болды. Мола болғанда да аппақ сүйектердің ортасында жүремін. Белгісіз бір күш «Мына сүйектерді құра!» деп әмір береді. Қурап кеткен сүйектердің ішінен ненің не екенін білмей есім шықты. Мұндай түс бір ай бойына жалғасты. Құрап-ақ тастағым келеді, бірақ бас, қол-аяқтан басқаны ажырата алмайтынымды айтып, қанша жалынсам да тыныштық бермей, жалғастыра берді. Түнде ұйықтау арман. Бір күні түсіме қайтыс болған төрт сарбаз кірді. Әлгілер бет-ауыздары қан-қан, бір-бірінің қол-аяғына таласып, «менікі, менікі» деп қырқысумен болды. Бір-бірінің қолын, аяғын, басын жұлып алып жатқандарына қарап, шошып ояндым. Тұра сала, жанымда мұсылманнан жалғыз ұйғыр бала бар еді, соған айттым.

–  Ә-ә, жігітім. Біз олардың дене мүшелерін әбден шатастырып жіберіппіз да. Олар сол өз денелеріне таласып жүр екен. Ол жерде кімдікі екенін ажырататындай болдық па? Әйтеуір түгелдеп салған болдық қой. Бұл өте қиын болды, – деді.

Екі жағым шүңірейіп, жағым суалып кеткенін көрген командирім демалыс берді.

–  Ауылыңа барып кел, мазаң қашып кетті. Бүйте берсең ауырып қаласың, –  деді.

Қуанып кеттім. Достарыммен қоштасып, ертең жүремін деген күні командир шақырды.

–  Сені штаб бастығы шақырып жатыр, тез барып кел, сосын аттанарсың, –  деді.

Мені бірақ штабқа емес, ауруханаға әкелді. Ақ дәкемен орап тастаған адам. Жанында тағы бір-екі дене мүшесі жатыр. Біздегідей жағдай басқа бір бөлімшеде қайталанып, құдай қарасқанда бір-ақ адам зардап шегіпті. Кеудесінде жан бар. Ол бала штаб бастығының жақыны екен. Оқиға кеше кешке болған. Дәрігерлер ағзалары жалғауға жарамсыз. Орнына қою мүмкін емес депті. Құдайдың құдіретімен штаб бастығы түсінде сүйек жинап отырған мені көреді. Содан далбасалап шақырған түрі екен. Түсімде болмаса, өңімде адамның бөлінген денесін көрмеген басым жүрегім айнып, өліп қала жаздадым.

–  Осыны орнына қойып берсең, бірден ауылыңа қайтасың, – деді бастығым.

Әлі екі жылым бар болатын. Бір күнге рұқсат сұрадым. Ойым – штаб бастығына айтпай ауылға тайып қалу. Командирдің рұқсат қағазы бар, штаб бастығы ары кетсе сөгіс беріп, жекеге тығар деп ойладым. Сол оймен жатақханаға келіп, заттарымды буып-түйіп, қашуға дайындалдым. Кеш бата ертерек душқа түсіп, жатып қалдым. Түннің бір уағында біреудің түрткенінен ояндым. Үлкен сәлделі кісі: «Қане, тұр, балам, жүр менімен!» –  деді.

Артық сөзге мұрша келмей, соңынан қалай ілескенімді білмеймін. Кілең аппақ боп қурап кеткен сүйектердің ортасынан шықтық. Үн-түнсіз әлгі сүйектерді құрай бастады. Әп-сәтте бір адамды құрап бітті. Қарап тұра беруге ұялып, өзім де бір сүйектерді алып, құрай бастадым. Әлгі кісіге қарап отырып, бір адамды құрап біттім.

–  Әп бәрекелді! Осылай жалғастыра бер, балам, сәтін салса, ертең ана баланы тұрғызасың, – деді.

Қорқып тұрғанда жылы сөз жаныңа дем береді ғой. Жылдамдатып барлық сүйектерден адам құрастырып тастадым. Алғашқысында ұстазға қарасам, кейін қарамай-ақ әр мүшені өз орнына қоя бердім. Мен соңғы сүйекті орнына қойғанда таң да атты, әлгі кісі де буалдыр тартып, бұлтпен араласып кетті.

Бойыма ерекше бір шабыт, қасиет еніп, адам денесіне деген қызығушылықпен оянып, бірден ауруханаға бардым. Соңғы тігісті салып, сыртқа шықсам, күн батуға аз-ақ қалыпты. Қара терге түскен түрімнен жиіркенбей, самайыма аққан теріммен қоса шөпілдете сүйген штаб бастығы ерекше разы болды.

Әлгі жауынгер 49 күн дегенде есін жиып, көзін ашты. Атақты дәрігерлер рентген суретін көріп, ағзаның соншалықты орнына дәл түскеніне таң қалып жатты. Ал мен әскери борышымды екі жыл ерте аяқтап, штаб бастығының сыйға тартқан көлігімен елге оралдым. Кейін бір жылдан кейін әлгі жауынгермен тұрып түскен суретін жіберіпті. Әп-әдемі жігіт екен.

Ауылға келген соң өзімнің төрт жолдасымның сүйектерін өздеріне салуға ойым кетті. Төрт елдің ортасында бір жылға жуық жүріп, әрқайсысын өзіне салдым. Олардың ата-аналарынан, жергілікті жерден, әскери комиссариаттан рұқсат алу машақаты бөлек. Содан кейін осылай сынық салып, құраушы болдым. Қалай қолға алып, ден қойдым, солай түсімде түрткенін қойды. Міне, менің бұл жолды таңдаудағы себебім осы, – деп сөзін аяқтаған молда қол жууға тұрды. Біз әңгімеге аузымыз ашылып отырғанда әйелі асты әкеліп, дастарханды жайып қойыпты.

Гүлмира ЗАТАЙҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button