Тылсым дүние

Ағаш қабығын жинайтын қария

Табиғаты тұмса Джунглидегі тіршілік сыры әлі толық  ашылған жоқ. Ат тұяғы, ит тұмсығы батпас осы қалың орманда ағаш қабығын жинайтын бір қария бар. Қарапайым ғана қария бұл жерге жылына 4-5 рет барады. Оның орманнан оралуын күткен адам көп: әр жолы есігінің алдында 1000-2000 адам тағатсыздана тосып отырады. Қабық жинайтын қарияны жұрт неге іздейді?

Оны әлем таниды

Ресейлік Алена Симонова былай деп жазыпты: «Джунглидағы қарияға біз 2014 жылы бардық. Анамның омырауында без пайда болған. Қатерсіз (доброкачественный) деп, алдырып тастады. Үш жылдан кейін қолтық асты мен мойнына бірнеше түйін шықты.

Анам өзі дәрігер ғой, мұның сырын бірден түсініп, ешқайсымызға сездірмей, айтпай емделіпті. Рак ауруына шалдыққанын бізден барынша жасырды. Тек жұмыс істеуге шамасы қалмағанда ғана айтты. Төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдық. Отбасымызбен ақылдасып, анамды шетелде емдетуді ойластырдық. Сонда Германиядан бір танысымыз осы қария туралы айтты. Әкем екеуміз дереу жолға шықтық.

Абырой болғанда, барлық анализдерін ағылшын тіліне аударып алған едік. Кезекке таңғы сағат төртте жазылғанбыз, ертеңіне түске таяу алдына әзер кірдік. Ым-ишарамен анализдерді сұраған қария соған қарап, көз алдымызда әр түрлі ағаш себеттерде тұрған шикізаттарын араластырып, төрт құты дәрі берді. Бұл бір айға жететін дәрілік ұнтақ еді. Анамның қазір жанымызда аман-есен және сап-сау жүруі сол қабық жинайтын қарияның арқасы».

Әзірбайжаннан Ильям Тоганян былай депті: «Өңеш рагына шалдыққанда жазыламын деп мүлде ойлаған жоқпын. Жағдайымды дұшпанымның да басына бермесін! Маған екінші өмір сыйлаған – Джунглидегі қария. Сондай қарапайым шал. Ал дәрілері керемет! Біз барғанда ол орманда жүр екен. Екі күн күтіп қалдық. Қария ешкімге сенбейді, ағаш қабықтарын өзі жинайды. Ағаштың жасы, биіктігі, қабығының қалыңдығы, түсіне қарай, тек белгілі бір уақыттарда ғана жинайды дейді. Сосын әр адамның ауруына қарай біріне шөп тамырын, біріне кептірілген жапырақ қосып береді. Мен содан жазылдым. Аллаға шүкір! Дегенмен неге осы қарияға госпиталь салып беріп, жасайтын дәрілерін әлемдік нарыққа шығармайды екен?»

Аңыз адам атанған

Қабық жинайтын қарияның (оны жұрт осылай атайды) шарапатын көрген алматылық Рая Елемесқызының әңгімесі ерекше: «Жатырдағы қатерлі ісікті операциямен алып тастаған әпкемде бес жылдан кейін рецидив анықталды. Бүйрекүсті безінде ісік пайда болды. Мұның алдында әпкем онкохирургияда жатқанда осы қария туралы естігенбіз. Ол кезде мән бермеген едік. Бұл жолы сұрастырып жүріп, сол жаққа жол жүретін адам тауып, МРТ, анализдерін беріп жібердік. Сөйтіп сот үкімін күткендей тағатсыздана тықыршып жүрдік.

Бір күні түс ауа өзгеше бір нөмірден қоңырау келді. Қария дәрі құрамын жасау үшін анализдің бірі жетпейтінін айтып, тез анықтап сұра депті. Сол бейнеқоңырауда жылы шыраймен күлімсіреп тұрған қарияны көрдік. Өте қарапайым адам екен. Расында, оның түрін көргенде шипа шөптері қандай болады деп күмәнданып та қалдық. Дегенмен ұнтақ түріндегі шөп дәрілерін әпкеме уақытылы ішкізіп жүрдік. Бір жарым ай өткенде тапсырған анализдері әпкемнің денсаулығы жақсарып келе жатқанын көрсетті. Джунгли қариясынан екі рет сәлемдеме алғаннан кейін беті бері қарады».

Ресейдің ТНТ арнасының журналистері Джунглидегі қабық жинайтын қария жайлы деректі фильм түсірген. Тоғыз күн жанында болып, оның ормандағы ағаш қабығы мен кісі бойынан биік алып жапырақтармен «сөйлесуін», шикізатты тек ағын суда жуып, көлеңкеде кептіріп, ағаштан жасалған себеттерде сақтайтынын, алдындағы ұзақ-сонар кезекті көрсетеді. Әр елден барған адамдарды сөйлетеді. Сонда Грузиядан барған ерлі-зайыптылар бастары жерге тигенше иіліп алғыс айтқанын көруге болады. «Екі ай бұрын мен 9 сәуле терапиясы мен 20 химиядан кейін балаларыммен қоштасып жатқан едім. Қуықасты безіндегі ісік тоқ ішек пен асқазанға шауып, хал үстінде болдым. Міне, қағаздарым (көрсетеді). Мені өмірге әкелген аңыз қарияға өз аузыммен алғыс айтуға келдім», – дейді ер адам.

Әулеттің мыңжылдық құпиясы

Ерекше шипагер қария туралы дерек ғалымдардың да құлағына шалынған. Джунглидегі басын күн күйдіргенмен түбіне титтей де сәуле түспейтін тропикалық ағаш қабығының құрамын әлемдік фармацевтикалық алпауыттардың ғалымдары зерттеп көрген. Ерекше ештеңе таппаған. Ал қария қабыққа ешкімге айтпайтын, құпиясын ашпайтын жапырақ, тамыр, тағы бір ұнтақтар қосқанда құрамы ғаламат болып шыға келеді – рак клеткаларын 60%-ға дейін өлтіреді екен. Ол лабораториялық зерттеуде дәлелденген.

Үндістан бұл қарияның шипа шөптерін ғаламдық нарыққа шығаруға құлықты. Тіпті алақанын ысқылап, дайын отыр деуге болады. Әлемдік фармацевтикалық алпауыттар елеңдей құлақ түріп, күтуден көздері талды. Бірақ қалың орман етегінде тұратын қария бұл рецепт олардың әулеттік құпиясы екенін айтып,  бабалар аманатына қол сұқпаймын деп, бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Джунгли етегінде бұл қарияның 4 акр (1 акр – 4046,8 шаршы метр) жері бар. Онда әлемнің еш жерінде кездеспейтін ерекше ағаштар өседі. Оның кейбірі ботаниктерге бейтаныс, олар бұл ағаштардың атауын білмей, бас шайқаған. Себебі қарияның арғы аталары 800 жыл бұрын отырғызған бұл ағаштар бірнеше рет будандастырылып, соның негізінде табиғатта жоқ жаңа өсімдік түрлері пайда болған. Қатерлі ісік пен цирроз, қант диабеті, ақ қан ауруының бетін қайтаратын ұнтақ дәрі дайындайтын шикізат осы бақшадан алынады. Және де бұл әулет әр ұрпақ ауысқан сайын осы ағаштардың жас көшетін, өсімдіктің ұрығын егіп, шикізат көзін жаңартып, жасартып отырады. Оны қалай қолдануды ата жолын жалғастырады деген бір ғана баласына үйретеді. Ғаламат ұнтақ қоспа дайындау тәсілі – бұл әулеттің 16 бабасынан бері келе жатқан құпиясы.

Әлемнің алыс бір түкпірінде қарыштап дамыған – ғарышты игеріп, жер астын зерттеп, цифрланған техниканы игерген ғаламат жетістіктерді елемей, өз тіршілігімен қарапайым өмір сүретін осындай қария бар. Оның мықтылығы, ерекшелігі, ғаламаты тұмса табиғатпен біте қайнасқан. Ол қабық жинап жүріп-ақ танымал болды. Оған байлық пен атақ емес, мыңжылдыққа жуықтаған бабаларының аманаты қымбат.

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button