Біздің сұхбат

Жаңа жылдан не күтесіз?

Кезекті, 2022-ші, Барыс жылы да жақындап қалды. Осы орайда өңіріміздің бірқатар азаматтарымен хабарласып, жаңа жылдан не күтесіз, алға қойған қандай жоспарларыңыз бар деген тұрғыда сұрақтар қойған едік.

Мұсатіллә Тоқанов, ғалым, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті агроөнеркәсіп кешені және су ресурстары проблемалары институтының қызметкері: – Жаңа жылдан, әрине, тың жаңалықтар күтеміз, ел ертеңі үшін тиімді болатын игі істердің жылы болғай дейміз. Осы орайда өзім соңғы бірнеше жыл бойы қозғап жүрген мәселелердің қолға алынып, іс жүзіне асуын тілеймін. Бүгінде экологиялық таза кепкен жемістер шығару бойынша әрекеттер жасаудамыз. Бұйыртса, жобадағыдай жолға қойып алсақ, ол Шымкенттің өзіндік бір брендіне айналғалы отыр.

Менің жол қауіпсіздігіне, адамдар денсаулығына байланысты мәселелер көтеріп жүргенімді білесіздер. Мысалы, 2011-жылы БҰҰ әлем елдеріндегі жол-көлік оқиғаларынан болатын қатерлі жайларды қысқарту бағытында арнайы шешім шығарып, оған біздің де бірқатар министрліктер қол қойған еді. Мен осы бағдарламаны іске асыруға тікелей пайдасы тиетін біраз ұсыныстар жасап жүрмін. Атап айтқанда, геомагниттік толқындар мен магнитті дауылдардың жол-көлік оқиғаларына, адам денсаулығына тікелей әсерін зерттеп, Жол ережелеріне осылар туралы түсінік енгізуді, жол бойларына тиісті белгілер қойғызуды ұсынудамын.

Одан бөлек, Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірінің биоэкотуризмге лайық жер екеніне зерттеп көз жеткізіп, оның аумағынан арнайы шипажай ашу мәселесін де көтеріп жүрмін. Түйе сүтінен адам денсаулығына, түрлі аурулардың алдын-алуда пайдасы тиетін өте пайдалы өнімдер шығарып, патент алғанмын.

Осының бәрі қолға алынып, ел игілігіне жұмыс істесе деймін. Алдағы жылға жоспар осы.

Сәті түсіп тұрғанда айта кетейін, адамдар денсаулығы қалыпты, иммундық жүйесі мығым болуы үшін күнделікті бір мезгіл сиыр сүтінен ұйытылған айран, шұбат, қымыз ішіп жүрсе екен деймін. Өйткені олар ішкі ағзаның жұмысын жақсартады, тоқ ішекті тазартып, нығайтады. Тоқ ішек деген қажетсіз заттарды сыртқа шығаратын орын ғана емес, ол ағзаны қуатпен үнемі қамтамасыз етіп отырады. Ал иммундық қуаты мол адам анау-мынау ауруға, індетке де берілмейді. Адамдар осыны еске ұстап жүрсе екен деймін.

Асқар Мамырбаев, сәулетші, Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығының төрағасы: Жаңа жылдан күтетін үміт көп. Біздің қауымдастықта Қазақстан сәулетшілер одағының 30 мүшесі, тәжірибелі сәулетшілер, зейнеткерлер, жастар да бар. Өзіміздің саламыз болғандықтан біз Шымкентте сәулетке қатысты болып жатқан жұмыстарға жіті қарап, жетістіктерін, кемшіліктерін бағамдап отырамыз, көзқарас-пікірлерді әлеуметтік желі арқылы жариялап отырамыз. Ол алдағы уақыттарда да жалғаса береді.

Мысалы, біз бірнеше жылдар бойы алысып жүріп «қызыл сызыққа» еніп кеткен дүңгіршектерді алдырып тастаған едік, қазір үлкен көшелер бойында «Кофе глобус» дегендер пайда болды. Жалпы, бірқатар кемшіліктерді тізіп қала әкімдігіне жазып едік, одан әзірге нәтиже шықпай отыр. Атшабар орнынан көпқабатты үй салу жұмыстары да жүріп жатыр. Ол төңіректе де кейін автокөлік кептелістері орын алуы, тіпті коллапс болуы да мүмкін. Біз осындай көптеген мәселелерді көтеріп жүрміз, қалада көп жайларды жөнге келтіру керегін айтудамыз. Жоспарлар осы төңіректе. Бүгінде қаланың Бас жоспары жасалып жатыр екен, соған өз ұсыныстарымызды береміз деген ой бар.

Батырхан Дәуренбеков, режиссер-сценарист, «Оңтүстіккино» мекемесінің директоры: – Жаңа жыл жақсылығымен келсін дейміз. Жұртты әбіржіткен «Ковидтің» қарқыны біршама басылған сияқты болып тұр ғой, індет біржола кетеді деп ойлаймыз.

Алдағы жылға көздеп отырған жоспарлар баршылық. «Қазақстан» телеарнасымен бірігіп «Қошқар мен Теке» мультфильмінің жаңа серияларын шығармақпыз. Кино түсіруге жоспар бар. Сақ дәуіріндегі өнердің, өркениеттің, мәдениеттің қалай дамығаны, жұртқа «Аң стилі» деген атпен танылған, «Алтын адам» арқылы белгілі болған қол өнерін шеберлердің қалай дамытқаны туралы «Алтын тарақты қыз» атты фильм түсірмек ниеттеміз. Сценарийін кинофондта қорғадық, енді тиісті қаржы бөлінсе, киноны түсіруге кірісеміз деген үміт бар. Оңтүстік өлкесі кино түсіруге өте қолайлы, өзені де көлі де, шөлі де, тауы да, орман-тоғайы да жетеді. Бүгінде Шымкентте кино өнері жақсы дамып жатыр.

Керімбек Ниязбай, жеке кәсіпкер, «Жебе» киностудиясының президенті: – Жаңа жылдан көп үміт күтеміз. Отбасымда мұрагер өмірге келсе дейміз. Кәсібіміз ойдағыдай жүріп жатыр. Өткен жылы Татарстанның Қазан қаласында Равил Абдулұлы есімді суретші екеуміздің көрмеміз ұйымдастырылатын болып шақырылған едік. Оған ел арасында ушыққан «Ковидтің» кедергісі болды. Алдағы, Барыс жылының басында, бұйыртса, Татарстанға барып, көрме өткізіп келу жөнінде жоспар бар.

Айдын Байдыбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Қазақстан университетінің ұстазы: – Жаңа жылдан, әрине, мол жақсылықтар күтеміз. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Ұстаз ретінде жастарға сапалы білім, тәрбие беру – басты мақсатымыз. Осы орайда алға қойып отырған жоспарлар өте көп. Қызымыз Гүлісхан Нахбаеваның шахматтан Қазақстанның атын шығарғанын білесіздер, республикалық, халықаралық, әлемдік турнирлерде талай мәрте чемпион болды. Бүгінде енді немеремізді шахматтан өтетін Қазақстан біріншілігіне даярлау үстіндеміз. Мақсатымыз – 1-ші орын алу.

Дәурен Дүйсебай, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры: Жаңа жылдан үміт көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпты жаңғырту бағытындағы оңды істері жалғасын тапса деймін. Билік те, зиялы қауым да сөзден іске, нақтылыққа көшеді деген сенім бар. Жұртқа да керегі сол.

Сондай-ақ халықты жұмыспен қамтитын, елдің экономикалық әлеуетін арттыратын өндіріс, қайта өңдеу салаларына баса назар аударылса, нұр үстіне нұр болар еді. Келесі жылдан бастап қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман басталсын!

Келесі жылы қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығына 25 жыл толады. Аталған айтулы датаға орай, барлығы жақсы болып тұрса, Шымкенттегі тіл жанашырларының, тіл мамандарының басын қосып, республикалық конференция өткізсек деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі ролін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында көптеген іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.

Мәдина Сабыр, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы: – Халық ежелгі сақ дәуірлерінен бері барысты қасиетті аң ретінде құрмет тұтады ғой. Қазақ оның тектілігі мен батылдығын, шапшаңдығын пір тұтып, ұран мен таңбаларына қолданған. Осы өзгеше аңның атын иемденген Барыс жылынан күтілер үміт көп.

Өткен жылға артар өкпе жоқ. Көптеген жақсы істер атқарылды. Өз жұмысымыз туралы айтар болсақ, Қожа Ахмет Ясауи мен оның ізбасарлары туралы көптеген зерттеу жұмыстары, ғылыми жобалар іске асты. Осы бағытты жандандырып, халықаралық деңгейде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. «Ясауи ізімен» атты ғылыми-танымдық жоба аясында оның шәкірттері тамыр жайған 100-ге жуық елде зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жақында Түркиядан осындай жұмыстарды бірге жүргізу жөнінде шақыру алдық. Жаңа орта жаңаша тәжірибе, жаңаша бағыт сыйлайды деген сеніммен ол ұсынысты қабыл алып отырған жайымыз бар.

Біржан Байтуов, айтыс ақыны, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры: – Биылғы жылы қала әкімінің қолдауымен «Қаратау дәстүрлі ән мектебі» деген үлкен мекеме өмірге келді. Мектеп бүгінде ұлттық өнерді, ұлт руханиятын насихаттау жолында көптеген істерді атқарып үлгерді, кей мектептердің 5-10 жылда өтер жолын 1 жылдың ішінде өте алдық десек болады. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық өнер байқауларында түрлі жүлде, гран-прилер ұтып әкелді.

Осы бағытпен алдағы, 2022-жылға да үлкен жоспарлар құрып отырмыз. Күй саласын дамыту барысында Сүгір Әлиев атындағы қалалық оқушылар байқауын өткізгенбіз, енді соны республикалық деңгейде өткізсек дейміз. Қалада оқушылар айтысын да өткізгенбіз, алдағы уақытта оқушылар арасындағы республикалық айтыс өткізу ойда бар. Дәстүрлі ән байқауын да өткізбекпіз. Осындай жоспарлар бар.

Алдағы жыл берекелі, мерекелі, мамыражай жыл болса дейміз. Соның арқасында біз де ұлт өнерін, төл дәстүрін насихаттап, дамыту жолында еңбек ететін боламыз.

Дәурен Керімбеков, жеке кәсіпкер, «Айгүл» шаруа қожалығының директоры: – Жұртты әбігерге салған «Ковид» індеті келмеске кетсе екен деймін. Бұл жалпы халықтың арманы ғой.

Біз бал арасын өсірумен айналысамыз. Алға жоспар – сол шаруашылығымыз өсіп-өркендей түссе, өндірген өнімдерді өткізу жақсы жолға қойылса дейміз. Осыған байланысты жоспарлар түзудеміз.

Дегенмен айта кетер бір жай бар. Мені кейінгі буын тәрбиесі толғандырып жүр. Өйткені олар бізден мүлде бөлек. Көшеден тәрбиеленіп, телефон арқылы тарайтын қаптаған қажетсіз ақпараттардың ортасында жүргендіктен бе, көбінің нақты жұмыспен айналысқысы келмейді. Өсіп келе жатқан осы буынның тәрбиесін бетімен жібермей, қолға алу керек.

Біз қазір кімге қарап бой түзейтінімізді білмей қалдық. Орыстың да, қытайдың да, түріктің де, Батыстың да, Шығыстың да саясаттары жүр. Кейінгі буын кімнің сөзін сөйлейтін болады, кімнің соңынан кетеді?

Мысалы, Өзбекстанға қараңызшы. Олар тәуелсіздік алғаннан кейін біршама оқшауланып, болашағына керек буынын тәрбиелеп, жолға қойып алды.

Кешегі халық санағының нәтижелері сәл де болса көңілге медеу болып отыр. 19 миллионнан асқан екенбіз, халықтың 70 пайыздан астамы өзіміздің қаракөздер. Біз аз емеспіз, біз өзімізге сенуіміз керек, өз жолымызбен дамуымыз керек.

Олжас Кенехан, Қазақстан спорт шебері, Қазақ күресінен Шымкент қаласы жастар құрамасының бас бапкері: – Барыс жылы келіп кіреді екен, еліміз үшін оңды жетістіктері мол жыл болғай дейміз. Халықты әбігерге салып тұрған індет аяқталады деп ойлаймын.

Алдағы жылы да еліміз бен шет мемлекеттерде ірі спорт додалары бар. Бұл жылы қысқы Олимпиада, жазғы Азия ойындары болып өтеді, осы жарыстарда еліміздің спортшылары биіктен көрінеді деп ойлаймын. Жалпы, осындай спорттық додаларда жарқырап жүру үшін еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, ал жарыстарда спортшыларымыз жерге қарата қоймас.

Біздің бір алға қойып отырған жоспарымыз – келесі жылы Шымкентте Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Азия кубогын өткізбек ниеттеміз. Шәкірттеріміз Қазақстан, Әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанады деген мақсат қойып, соған тиісті дайындықтар жүргізудеміз.

…Біз сауалнамаға тартқан азаматтар осылай дейді. Жаңа жыл басы қашанда жаңа үміт, жаңа жоспарлар, тың ұмтылыстар бастауы. Ендеше еліміз тұрғындарының бұл жылдан күткен үміттері ақталып, жоспарлары орындала бергей, Жаңа жыл баршамыз үшін де армандардың, мақсаттардың орындалатын жылы болғай!

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button