Біздің сұхбат

Түркияға барғанның бәрі қарық болып жатыр ма?

Таяуда продюсер Есен Елеукен әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы Гала Бақтыбаймен Түркияға түрлі мақсатпен барып жүрген қандастарымыз туралы, ол жақтағы жағдайлар жөнінде сұхбаттасты.

Қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, Г.Бақтыбай өзінің Түркияға неліктен барған себебін айтты және бұл елге барамын деп жүргендерге қажет болып, пайдасы тиетін көптеген жайлар жөнінде ашық әңгімелеп берді. Ықшамдап ұсынар болсақ, бұл сұхбат төмендегіше өрбіді.

– Ол жаққа барғандар өздерін бір бақытты сезініп жүрген сияқты суреттерін салады. Шынымен солай ма?

– Жоқ. Оның артында өте үлкен қиындықтар жатыр деп нақты айта аламын. Негізі Қазақстан мемлекетіне жетпейді. Алайда, десек те әр адамның өз тағдыры бар, кей адам жетіспеушіліктен, күнкөріс іздеп барады. Жоғары жақтағы кісілерге көңіл толмаушылық та бар. Уәдені басқаша береді, ісі басқа. Содан кейін әр адам өзінің жолын тауып кетуге тырысады. Соның бірі менмін. Қазақстан мемлекетінде өмір сүргім келіп, қазақ қоғамында қандай да бір әрекеттерді жасағым келіп еді, талай жерде ұсынып та көргенмін, нәтиже болмағаннан кейін мен де болашағымды шетелден көрейін деп Түркияға кеткен жайым бар. Ол жақта сегіз ай тұрдым. Оның алдында да идеялар болған. Өзім Өзбекстанда туып-өскеннен кейін ол жаққа да ұсыныстар жасап, ортада жүрмін, негізі. Мен елден кетем не біржола кеттім деп айтпаймын. Алайда сондай бір уақыт, шорт кесіп кетіп қалған уақыт болды.

– Бүгінде Түркияға жағдайы орташа адамдар, тіптен жағдайы ондай да еместер, тек қана күнкөріс үшін көшуде дегенді естігенде біртүрлі боп қалады екенсің. Ол жақта үй арзан дейді, кішігірім өмір сүруге болады. Бірақ барлығының айтатыны – жұмыс жоқ дейді. Жұмыс бар болса да оны табу өте қиын дейді. Осы рас па?

– Өзге адамдар үшін шешім қабылдап, айта алмаймын. Өз басымнан айтатын болсам, мен жаңағындай жайдан кейін кеттім. Алайда дүрмекке еріп кетіп жатқандар өте көп. Үнсіз отырып, шешім шығарып кетіп қалғандар да бар ғой, олар барып алғасын кейін қиналады, оны ешкімге айта алмайды, сондайлар қиналады. Еш жерде дайын тұрған нан жоқ. Барасың, ол жерде сені күтіп тұрған адам жоқ, ағайын-туыс жоқ. Елде әйтеуір айлығың кешігіп жатса да күн көруге болады ғой, ал ол жақта бір күн тиын-тебені болмай қалса, өте қиын жағдайға түсіп қалады.

– Пәтер жалдап тұрдыңдар ма?

– Жоқ. Мен ол жақтың пәтерлерін көрдім. Шынын айтқанда, Стамбұл ескі қала, көп жерлеріндегі пәтерлерді пәтер деуге келмейді. Халқының қалай өмір сүріп жатқанын білмедім, мүмкін жалға беретін пәтерлері солай ма, пәтерлері ескі, жұпыны, ішіне кірсең, тезірек шығып кетуге асығып тұрасың. Неше түрлі, сондай жағымсыз иістер бар. Көріп шықтым, барлығы дерлік сондай.

Мен «Сұлтан Ахмет» мешітіне таяу маңда тұрдым. Сол тараптың бәрін білемін. «Вали бей» деген базар бар, соған жақын болғаны үшін тұрғылықты орынды сол тараптан іздегенмін. Ол жерде мынадай: 100 мыңның пәтерін жалға алатын болсаң, оған 300 мың лираны алдын-ала бірден төлеуің керек. Аренданы депозит деп атайды және оған қосымша комиссия төленеді. Біздегідей бір айдың ақысын төлеп қойып отыру деген жоқ.

Сонда мен өзім барып тұрып жүрген қонақүй бар, қызметкерлері сенімді, жауапкершілігін сезінеді. Себебі ол жақта әйел адамдар көп, туристер көп болғасын оларда әйелдерге тиісетіндер де өте көп. Өзің жұлқынып, етің тірі болмасаң, түрлі қауіпті оқиғаларға тап болып қалуың мүмкін.

– Өткенде саудаға қатысты бір шу шықты ғой. Соның қалай болғанынан қандай хабарың бар?

– Мен ол оқиғаны білемін. Көзім көргендерін айтайын, басқасында шаруам жоқ. Сол қыздар шулап кеткен кезде мен бірден журналистерге шығып, нөмірлерін алып, ол қыздарды іздеп таптым. Бәрібір таяқтың екі ұшы бар. Мысалы, саудаға барған он адамның үшеуінің ғана қолынан сауда келуі, жетеуінің қолынан келмеуі мүмкін. Бірақ сеніммен, байып кетесің, сені керемет етіп шығарамын деп майда тілмен шақырғаннан кейін олар эмоциямен сеніп барған. Сосын жұмыстың қиындығын, ауырлығын көрген кезде шок алып, бірден эмоциямен жариялап жіберген сиқты.

Сол қыздарға тамақтарын әперуге, такси ақысын төлеп беруге тікелей көмектестім. Бірақ қатты араласа қойғаным жоқ, себебі әр адамның өз басы бар, өз шешімі бар, адам өйтіп жайдан-жай ел асып келе бермейді, зерттеп-зерделеп барып келген шығар деп ойладым.

– Сол қыздардың тағдыры не болды?

– Олар сол кезде-ақ елге қайтты. Қалғанында менің шаруам жоқ. Себебі ондай дау-дамайлардан шаршағанмын. Оның үстіне ол қыздар полицияға арыз жазып берді, сол кезде түріктер: «О, қазақтар, шулап тағы да келдіңдер ме?» – деп күлді. Оқиғаны олар суретке, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап отырды. Ал Түркияда тек түріктер ғана тұрмайды, басқа ұлттар да бар, бәрін көріп отыр. Мысқылдап күлгендей нәрсені көргеннен кейін менің намысым ұстап қалды.

Өйткені сол базардың қақ ортасында өзбектердің үлкен қонақүйі тұр. Үстіңгі қабатында мейрамхана, төменгі қабатында тауарларды «КамАЗ»-бен, ұшақтармен Өзбекстанға жіберуге жұмыс істейтін жерлері бар. Тұтас өзбек сол жерге барады, олар өздерін дамытып жатыр, елдеріне зат жіберетін жер ашып алған. Тамақты да сол жердегі мейрамханадан ішеді. Ал кей қазақтар дау-дамайға шатылып, бірі қашып, бірі қуып жүр. Сол намысқа тиеді.

– Бір танысым көшеде қазақтарды көргенде амандассақ, олар амандаспайды дейді…

– Жалпы, мен көзіммен көргендерімді айтайын. Өзге елден қазақ көрсең, туысыңды көргендей боласың ғой. Алғашында мен де қазақ көрсем, амандаспақ болып ұмсынатынмын, бірақ ол үндемейді, теріс қарап өте шығады. Бір емес, екі емес, көп ретте осылай болғасын кейін мен де қазақ көрсем үндемей өте беретін болдым. Неге олай екенін түк те түсінбедім.

Өзіміз Қазақстаннан келгендерді құшақ жая қарсы алып, жағдайын жасап жіберіп отырдық. Ал саудаға барған, саудада жүрген қазақтар бір-бірімен амандаспайды. Ең өкініштісі сол. Мүмкін намыстанатын шығар, оған не түрткі болғанын білмедім.

Түркияның кейбір кемшілік тұстары да бар. Бізде үйде отырып та, көшеде бара жатып та банктердің бірінен-біріне ақша аудара береміз ғой, ол жақта ондай жоқ. Банктен лираны шешіп алып, қолда ұстап жүресің. Сондай бір сәтте қазақты көріп: «Маған «КаспиГолдтен» ақша аударып бересіз бе?» – десем: «Жоқ», – дейді. Өзімде бір емес, бірнеше карточка бар, бірақ ақшаны күнде аудара берсең бірден автоматты түрде уақытша блокқа тығып тастайды. Елден карточка алдырам дегенше қиналып қаласың. Сондай сәттерде қазақтардан көмек сұрасаң, жоқ дейді.

– Біздің адамдардың көпшілігі Аланиядан үй алып жатыр…

– Өйткені Стамбұлда үйлердің көбі ескі, ал Алания құрылыстары жүріп жатқан жаңа қала. Дегенмен ол жақтың ауасы өте дымқыл, әсіресе астмамен ауыратын адамдарға өте қиын.

– Кейбір танымал адамдар сол жақтың үйлерін жарнамалап жатыр. Өткенде осыған байланысты бір сұхбатты көрдім… Негізі сен бір күнде жиналып, кетіп қалдың, бірақ қайтып келетініңді білдің ғой?

– Иә, әрине. Біржола кеткен жоқпын. Мендегі мақсат – бірінші Түркияны бағамдап, сосын Еуропаға шығу.

– Жалпы, Түркияның жергілікті халқының бізге деген көзқарасы қандай?

– Өз басым сыйлы ортада жүрдім, қазір де жақсы сыйласамыз. Түріктерден қандай да бір зардап көрдім деп айта алмаймын. Алайда Түркия елі болғанымен онда түріктерден басқа ұлттар да өте көп. Мен Өзбекстанда туып-өскеннен кейін өзбек, әзірбайжан, түрік, күрді тілдерін сөйлеу мәнеріне қарап түсініп тұрамын. Ал жалпы қазақтар ондайларды түсіне бермейді, сондықтан қиналып қалады.

Мынадай бір нәрсе бар. Біз елге тауар жіберіп отырдық қой. Тауарды түрікке тапсырып, мына тауарды мынадай жерге жеткіз, «доставкасын», бәрін өзің жасап бер десең, кейін жіберген тауарларыңның барлығы түгел шығады. Қазақстанда

күтіп алғанда риза боласың. Ал егер Қазақстанның адамынан көмек сұрасаң… Мысалы, «Вали бей» деген ең қымбат базар бар, есесіне тауарлары сапалы. Сондай-ақ тура сондағы сияқты, бірақ сапасыз тауарлар сататын да базарлар бар, бағасы екі есе арзан. Өзіміздің қазақтар «Инстраграмнан» сапалы тауарды көрсетеді де, тиесілі ақшасын алып, оның орнына арзан базардан алынған тауарды салып жібереді. Сосын оны алған адам наразы болып, бұл жөнінде жаза бастайды, қайшылықтар туындай бастайды. Сондай құйтырқы істер өте көп.

– Түркияда қазір инфляция, лира құлдырап жатыр. Қазіргі барып-келіп жүргендердің саудасы аздап та болса жүріп жатқан шығар. Өзің жұмыстарыңды жолға қойып кеткен бе едің, тауар алып тұрасың ба?

– Иә, қазір тауарларды үйде отырып алдырамын. Сол жақта жүргенде немен айналысамын, қандай адамдармен жұмыс істеген дұрыс деген сияқты көп нәрсені түсіндім. Түрлі адамдар, түрлі жағдайлар болады екен. Сондай жағдайлардан өткесін мен қазір тек ерлер киімін алдыртудамын.

– Жалпы, Түркияға барып келдің, не түсіндің, не ойға келді? Түркияға барсаң бәрі жақсы боп кетеді деген мәселе төңірегінде қысқа да нұсқа түрде айта кетсең.

– Ең бір түсінгенім, ол қара нанмен су ішіп отырсаң да өз еліңде, өз отбасыңда отырғанға ештеңе жетпейді. Біреу керемет болып жатыр десе, бәрін тастап жүгіріп кетудің қажеті жоқ. Өз басым олай бармасам да сондай жолмен кетіп жатқан адамдарға сәл де болса салқынқандылықпен қарауды ұсынамын. Себебі ол өте қиын. Жауапкершілігі жоқ, рухы әлсіз адам болса, оны Түркия жұтып жібереді. Мысалы, алатын тауарыңды ала алмай, сөз естіп, далада қалып, тамақсыз қалып кетуің мүмкін. Ол жаққа барып жатқандардың 90 пайызы әйелдер. Егер әлсіздігін көріп тұрса, оны еркектер аяп тұрмайды. Ондайды көзім көп көрді. Түсінгенім сол, осы өзіміздің елде жүріп те жұмыс, қызмет істеп, отбасын асырай беруге болады. Ал шын қалап барамын дегендер бәріне де дайын болып баруы керек. Тіпті бір күнде жоқ болып кетуі де мүмкін, соған да дайын болып баруы керек.

– Түнгі клубта ма, басқа жерде ме, біздің қыздарды соққыға жыққан оқиға болды…

– Ол жайдан хабарым бар, елде жүргенде оқыдым. Мен Түркияда жүргенде Ресейден және басқа жақтардан құрбылар жиналып қалып, түнгі клубын барып көргенбіз. Негізі қалай болмағы адамның өзіне байланысты. Егер барып, жай, көңіл көтеріп, билеп, тамақтанып, өз жөнімен жүрсе, ешкім тиіспейді. Егер ішіп алып, тәртіп бұзсаң, өз елінде тұрған адам оныңды көтермейді, бағынбасаң, еркек пе, әйел ме, қарамайды, соққыға жығуы мүмкін. Адамның өзіне-өзі жауапкершілігі болса, ол жерде төтеннен келіп ешкім де тиіспейді.

Мен өзім теңіз жағасына барып демалғанды жақсы көремін. Себебі 5 күн бойы сауда жасап жүргенде түрлі адаммен қарым-қатынаста энергияң бітіп, шаршайсың. Сол кезде теңіз жағасына барам. «Галата» деген үлкен көпір бар, жағалай мейрамханалар орналасқан. Сол жерден жасы үлкен өзге ұлт өкілдерімен бірге жүрген қазақтың әп-әдемі қыздарын талай көрдім. Ата-аналары шетелде оқып жүр, жұмыс істеп жүр деп ойлайтын шығар. Ол қыздар көзіміз ұшырасқанда біздің қазақ екенімізді сезеді, біз отырған жерге жоламайды, жанындағылар оларды басқа жаққа қарай әкетеді. Осындай жайларды өте көп көрдім. Кей

қыздарға неғып жүрсің деп айтпақ та болғам, бірақ жанымдағылар: «Қайтесің, қасында еркек бар, өзіңе тиіседі», – деп тоқтатты.

Осы орайда ер-азаматтарға әйелдерді елде ұстаңдар деп айтқым келеді. Өйткені ол жақта, шекараның арғы жағында заңдылық басқа, жағдай басқа. Сондай жайлардың кесірінен екі ел арасында түсініспеушілік болып, кесіріміз тиюі мүмкін.

…Жалпы, ықшамдап келтіргенде Е.Елеукен мен Г.Бақтыбайдың арасында осындай мазмұнда әңгіме болды. Мақсат – әрине, жұртты, әсіресе әйелдерді Түркияда бәрі керемет деген сөзге сеніп қалып, ешқандай дайындықсыз, зерттеп-зерделеусіз барып шетелде қиналып қалудан сақтандыру, ол жақтағы жағдайдан хабардар ету. Осы орайда Түркияға сауда-саттық мәселесімен баруға ниеттеніп жүргендер болса, ол жақта біраз болып, тәжірибе жинақтаған Г.Бақтыбаймен оның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы байланысуға, одан кеңес сұрауға болады. Кеңес ақылы емес. Бұл жөнінде сұхбат соңында Г.Бақтыбайдың өзі де айта кетті. Оның әу бастағы сұхбатқа келуінің мақсаты да сол, қазақтар алды-артын ойламай әрекет жасап алданбаса, адаспаса, қиналмаса екен дейді. Осы тұрғыдан алғанда көпшілік үшін бұл бір пайдалы сұхбат болды.

Дайындаған – Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button