Біздің сұхбат

Тойхананы мектепке айналдыруға бола ма?

Жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқан Шымкентте халық саны да артуда. Осыған орай қалада мектеп жетіспеушілігі мәселесі бар.

Шымкентте осыдан 6 жыл бұрын «Оңтүстік» қабылдау үйі» деп аталған салтанат сарайы пайдалануға берілген болатын. Тұрақты жұмыс істеп тұрған сол мейрамхана да кейін «Ковид» індетінің таралуына қарсы қолға алынған іс-шаралар негізінде жабылып қалған. Дегенмен оның иесі тығырықтан шығатын өзгеше жол тапты: ол оны мектепке айналдырды. Бұған бір жағынан, әрине, тойхана ғимараты тұрған «Нұрсәт» шағын ауданында мектептің жетіспеуі де себеп болған еді. Содан ол өткен жылы мектеп оқушыларын қабылдай бастаған. «Әл-Фараби атындағы академия» деген ат берілген білім беру ошағына бүгінде жүздеген бала барып, офлайн-сабақтарға қатысып жүр.

Таяуда осы мектептің төңірегінен шу шықты. Бір оқушының анасы «онда балаларға сабақ өтуге тиісті жағдай жасалмаған, терезе көзі кішкентай, бөлмелерде ауа жоқ, балаларды «ақылы негізді оқитын» және «ақысыз оқитын» деп алалайды» деген тұрғыда мәселе көтерді. Осыған орай ол жерге қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мен бірқатар журналистер барды, оқиға орнынан видео түсіріліп, таратылды. Қысқасы, бұл мектептегі ахуалға қатысты ата-ананың айтқандары жоққа шығарылды.

Сонымен мәселеге нүкте қойылған сияқты болды. Дегенмен қоғамдық ортада оған қатысты түрлі пікірлер туындады. Көпшілік азаматтармен бірге Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығының төрағасы Асқар Мамырбай да өз пікірін білдірді. «Бұл – ешқандай стандартқа сай келмейтін, оңтайластырылған бұрынғы тойхана. Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес емес. Жоқтан бар жасау. ХХI ғасырда осындай шарасыздыққа бару – мемлекеттің әлсіздігі. Жүз жерден мақтасаңыздар да бұл – бейшаралық!» – деп жазды ол кісі.

А.Мамырбайдың кезінде Шымкент қалалық сәулет және құрылыс бөлімін басқарғаны белгілі. Яғни архитектор ретінде оның қала сәулеті мен құрылысына қатысты айтары аз емес. Осы орайда А.Мамырбайдың өзімен хабарласып, ол кісіге бірер сұрақтар қойған едік.

– Тойхананы мектепке айналдыруға бола ма, болмай ма деген сұрақ аясында өз көзқарасыңызды білдірсеңіз.

– Әрине, болмайды, ол дұрыс емес. Мысалы, құрылыс нормалары мен ережелері әр ғимараттың өзіне лайықтап салынады.  Тұрғын үйдікі бөлек, тойхананікі бөлек. «Оңтүстік» қабылдау үйі» ресторан ретінде салынған, оны апарып мектеп етіп қою – бейшаралық. Бұл жерде тойхана мен әкімшіліктің ымы-жымы бір деген сөз. Не үшін басқа тойханалардың бәрін мектеп етпейді солай әйтпесе?

– Жалпы, Шымкентте тойхана көп. Қаланың сәулет-құрылыс саласынан хабардар азамат ретінде олардың санын білетін шығарсыз?

– Олардың саны қанша екенін айта алмаймын, ондай есеп жүргізген емеспін. Оны әкімшілік білетін шығар. Баршылық қой тойханалар, кемінде 30-дан асатын болар.

– Ал Шымкентте мектеп тапшылығы бар…

– Мен негізі кешегі постымды сол мектепті бас салып мақтап, әкімшілікті жақтап жатқандардың ісіне ренжіп жаздым. Олар қалада мектеп жетіспейді, бала саны көп, бұл енді амалдың жоқтығынан, уақытша осылай жасалған деп айтса, онда сөз басқа. «Жамандап арыз жазып жатыр екен, оның бәрі өтірік, жұрттың бәрі арызқой болып кетті» деп, сын айтқанның бәрін арызқойдың қатарына жатқызып қойды. Біреулерді мақұлдатып сөйлетіп жатыр. Олай болмайды ғой.

Кеше соны көрсетіп жатқанда ғимарат ішінің акустикасы қандай екені де байқалды. Жаңғырып тұр, балалардың шуылынан сұхбат алып жатқан адамның сөзі анық естілмейді. Ол жер жазда ысып кетеді, оған кондиционер қоя алмайды. Витраждың бәрінен бірдей «форточка» ашылуы мүмкін емес, ол үшін терезенің конструкциясын өзгерту керек. Ал ол қауіпті жағдай туындатуы да мүмкін.  Жалпы, оның барлығы ешқандай да нормаға, ережеге сәйкес келмейді. Соны мақтағанына, шынымды айтқанда, намысым келді. Неге ел-жұртқа күлкі болып жатырмыз деп ойладым. Осыны естіп, басқалар да тойханасын мектепке айналдырып жүрмесін деген ой келеді.

– Тойхана иелеріне қазір расында да қиын болып тұр ғой негізі. Індеттің кесірінен жұмыстары тоқырап қалды. Осы орайда сол тойханаларды қандай нысанға айналдыруға болар еді, мысалы?

– Бизнестен хабары барлары, мысалы, қалада «Үш тандыр» дегенді ашты. Олар бірнеше жерден ашылды. «Жеті қазына» туралы да солай деуге болады. Мәселен, бұрынғы «Самұрық» тойханасына кіріп көрдіңіз бе? Ішіне кіріп көрсеңіз, керемет! Өзім тура осы сияқты нәрселерді Қытайдан көп көрген едім. Яғни әу баста тойханаға арнап салынған үлкен ғимараттардың ішінде халықты тамақтандыру орындарын ашқан. Тойхананың жұмыс бағытына сәйкестендіріп, осындай орталық ашқандар бар. Тойхана деген, былайша айтқанда, ресторан ғой, соның жұмыс ерекшелігіне сәйкестендіріп өзгертуге болар еді. Мысалы, маған әлгі айтылған тойхана иелерінің істегендері ұнады. Көпшілікті тамақтандыру орнына айналған олардың ішінен қазір адам үзілмейді. Бүгінде «Алтын сарайды» да сондай тамақтандыру орнына айналдырып қойған. Менің ойымша, тойханалардың кейбірі, мысалы, көрме жасауға, конференциялар өткізуге арналған ғимаратқа айналдырылуына да болатын сияқты.

– Жалпы, Шымкентте мектеп жетіспейді, үш ауысыммен оқитын мектептер бар. Осы мәселені қалай шешуге болар еді деп ойлайсыз?

– Экономиканы дұрыс басқарса бәрін де істеуге болады. Мысалы, бүгінде Орталық саябақ маңындағы №8 гимназияның ғимараты үлкейтіліп жатыр. Бұрыннан білім беріп келе жатқан мектептің ескі ғимаратына жаңадан құрылыс қосылып салынуда. Яғни қай тірліктің де көзін тауып істеуге болады. Бірақ әкімшіліктің соны жасауға құлқы жоқ. Біз, сәулетшілер архитектураға қатысты осындай түрлі ұсыныстарымызды айтып, қала әкімдігіне бірнеше мәрте хат жазғанбыз. Өкінішке орай, оған жауап жоқ, қандай да бір әрекет жоқ.

Бұрын «Қала құрылысы кеңесі» деген болатын, онда барлық ұсыныстар талқыланатын еді. Қазір олардың барлығын жойып тастаған.  Бірде-бір кеңес жоқ, шешімді әкімнің өзі жасайды. «Жер комиссиясы» дегенді ашып қойған, ал ондағылар өзіндік пікір білдірмей, не айтылса да бас шұлғып, қол қойып отыра береді. Соның бәрін көріп-біліп отырып күйінеміз ғой. Сондықтан бүгінде ұсыныстарымызды, сын пікірлерімізді әлеуметтік желі арқылы да жариялап жүрміз.

…А.Мамырбай осылай дейді. Қала әкімдігіндегілер сәулет-құрылысқа қатысты кәсіби мамандардың ұсыныстарына құлақ аса жүрсе, одан ешкім де ұтыла қоймас деп ойлаймыз.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button