Біздің сұхбат

Тастанбек Тастанов – БҰҰ-ның жәрдемдестік қауымдастығының төрағасы

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына да 30 жылға жуықтады. Бүгінде елімізде БҰҰ-ның бірнеше ұйымдары жұмыс істейді. Соның бірі – аталған ұйымның Қазақстан Республикасындағы жәрдемдестік қауымдастығы.

Таяуда осы қауымдастық төрағасы болып жерлесіміз Тастанбек Тастанов тағайындалды. Бұл жаңалықты біз Тастанбек Рысдәулетұлының өзінен естідік, сосын ол кісіні әңгімеге тарттық.

– Сіз басшылыққа тағайындалған ұйым негізінен немен айналысады? Елімізде ол қай кезде ашылған?

– БҰҰ-ның Қазақстандағы жәрдемдестік қауымдастығы негізінен адам құқықтарын қорғаумен айналысады. Жалпы, Жарғыда не көрсетілген, соның бәрімен айналыса береміз. Яғни жұмыс тек Қазақстанмен ғана шектелмейді, БҰҰ қандай іспен айналысуға құқылы, біздің де сонымен айналысуға құқымыз бар.

БҰҰ-ның Қазақстандағы жәрдемдестік қауымдастығы 2005 жылдары ашылған. Оны осы уақытқа дейін Жекен Қалиұлы ағамыз басқарып келген еді. Жекен Қалиұлы – кезінде Қазақ Мемлекеттік университетінде, Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен адам, 1980 жылы Д.Қонаевпен бірге АҚШ-қа барып, онда Қазақстан күндерін өткізген кісі. Біраз уақыт Мәскеуде тұрып жұмыс істеген. Л.Брежневтің кезінде бастап, М.Горбачевтің тұсында да еңбек еткен. Елге КСРО тарағасын оралған.

Ол кісі ағылшын тіліне өте жетік болатын. Елімізде ағылшын тілінің дамуына зор үлес қосқан. Кезінде Елбасы Н.Назарбаевты Жапонияға барған сапарында алып жүрген. Парламент Мәжілісінің екі шақырылымына депутат болған. Жасы 90-ға таяса да ширақ, еңбекқор, өте білімді жан еді. Амал қанша, ол кісі биылғы тамыз айында науқастанып дүние салды. Мені сол кісінің орнына тағайындады.

Елдегі сайлау өткен соң жұмыстарымызды жалғастырып, жаңартып, кеңейтпек ниеттеміз. Әзірге жоспар, мақсаттарға қатысты бұдан өзге ештеңе айта алмаймын. Төраға ретінде жұмысқа енді кіріскелі отырмын.

Өзіңіз бұл қауымдастыққа қызметке әу баста қалай барып қалған едіңіз? Жалпы, мамандығыңыз қандай, бұрын немен айналысқансыз?

– Менің негізгі мамандығым – заңгер. 1987 жылы, әскерде жүргенімде арнайы жолдамамен Свердловск заң институтына оқуға жіберген. Заңгерлікпен қатар экономист мамандығының да иегерімін. Заң саласында жұмыс істегенмін, Оңтүстік Қазақстан облысының адвокатурасында 8 жыл еңбек еткенмін. Шетелдерде де жұмыс істедім. Ғылым докторы, академик деген атақтарым бар. Ювеналдық психологиялық құқыққа қатысты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген кітаптың шығуына атсалысқанмын.

Заң саласында істейтін болғандықтан, алыс-жақын шетелдердегі атқарған жұмыстарыммен танысып, мені Жекен ағамыздың өзі қызметке шақырған, өзінің бірінші көмекшісі етіп алған еді. Ол қызметті мен 2018 жылдан бастап атқарып келгенмін.

Жалпы алғанда, БҰҰ саласында 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Оның әскери бағыттағы саласында еңбек еткенмін.

Қазір немен айналысудасыз?

– БҰҰ-ның Қазақстандағы жәрдемдестік қауымдастығының төрағасы қызметіне өткен, 2020 жылдың 8-желтоқсанында тағайындалған болатынмын. Тиісті құжаттарымды өткізгесін, 20-желтоқсан күні ресми түрде бекітілген бұйрық қолыма тиді.

Дәл қазіргі күндері Мәскеуде жұмыс істейтіндермен байланыс ұстап, ондағы орын алып жатқан жайлардан құлағдар болып отырмын. Одан басқа Өзбекстанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда жұмыс жүргізіп жатқан адамдар бар, олармен де байланыстамын.

Кеңселеріңіз Елордада орналасқан болар?

– БҰҰ балалар қорының, яғни ЮНИСЕФ-тің Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңсесіндеміз. Қазір оның мекен-жай атауы өзгертілген, басқа да бірқатар өзгерістер жасалуда.

Қызмет бабымен шет елдерде көп болатын шығарсыз? Осы уақытқа дейін қандай мемлекеттерде болғансыз?

– Өзбекстанда, Ресейде, Түркияда, Палестинада, Израильде болғанмын. Кей жағдайларға байланысты шақыртылған елге бара алмай қалатын да кездер болады. Мысалы, Украинада заңсыз кіргізілген қару-жарақты жою мәселесіне араласуға шақыртылғанда бара алмай қалдым. Барғандар сондай қару-жарақтарды, қалып кеткен қаруларды жоюға қатысты істерге қатысып қайтты.

Жұмысыңыз халықаралық қатынастар төңірегінде болғандықтан бірнеше тілді меңгеріп алған да шығарсыз?

– Орыс, ағылшын тілдерін меңгергенмін. Жалпы, қызмет барысында бізде шет тілдеріне байланысты проблема туындай қоймайды. 70 шақты тілді сөзбе-сөз аударып жеткізіп тұратын арнайы құрылғы бар. Мысалы, ағылшыннан қазақшаға, қазақшадан ағылшыншаға сол мезетте автоматты түрде аударып жеткізіп тұрады. Тек тиісті нүктесін дұрыс бассаңыз болды. Оны жұмыс қажеттілігіне орай қол қойып жауапкершілікке алып, іс біткен соң қайтадан орнына өткіземіз.

Еліміздегі құқығы бұзылған адамдар сіздердің жәрдемдеріңізге жүгіне ала ма?

– Иә, көмек сұрай алады. Өз еліміздің де, шетел азаматының да құқын қорғай аламыз. Өзімнің әрекет ету аумағым Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды қамтиды. Қытаймен байланысты іске де араласа аламын. Жалпы, біздің қызметкерлердің араласуымен Қарағандыда бір африкалық азаматтың құқы қорғалды, болгариялық бір азаматтың құқын қорғағанымыз бар. Шетелдіктер бұл тұрғыда сауаттылау келеді ғой, құқы бұзылса, кімге шағынуды біледі.

Ал енді өзіміздің ел адамдарына қатысты айтар болсам… біз, мысалы, Сайрам ауданының біраз жері Шымкентке қосылғанда құқы бұзылып, жеке меншігіндегі жерінен айырылған бірер азаматтарға көмектесіп, құқын қорғадық. Шымкентте бір балабақша меңгерушісіне жала жабылып, жұмыстан босатылайын деп жатқанда оның құқын қорғадық. Соның нәтижесінде бұл істі тергеген адамның заңсыздыққа жол бергені анықталып, ол жұмысынан босатылды.

Бірақ біз қандай да бір шағым бойынша бас салып іске кірісіп кетпейміз. Кейде арызданушының өзі кінәлі болып жататыны бар, сондықтан алдымен мәселені егжей-тегжейлі зерттейміз, қателік кімнен кетті, заңсыздыққа кімнің тарапынан жол берілді – бәрін анықтаймыз. Тәуелсіз зерттеу жүргізіледі, оған өзге ешкімнің ықпалы жүрмейді. Егер шағымданушының айтқаны рас болып шықса, іс бойынша жергілікті басшылыққа жағдайды түзету керегін ескертеміз. Іс сотқа өтіп кеткен болса да тексеріп, зерттей аламыз. Бізге мұндай істерде Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы Сот, Бас Прокуратура көмектеседі. Мәселе оңды шешілмесе, оларға хат жолдаймыз. Олар бір айға жетпейтін уақытта тиісті жауабын беруі керек. Мұндай мәселе бойынша Президентке тікелей де шыға аламыз. Әрине, қажеттілік туса.

Өзіңіз қазір қайда тұрасыз?

– Астанада тұрамын.

Негізі қай жақтың тумасы боласыз?

– Созақ ауданының Сызған ауылында өмірге келгенмін. Бірақ ауылда көп тұрған емеспін. Жалпы, көбіне сыртта жүргендіктен мені Шымкентте, Түркістан облысында да көп адам тани бермейді.

Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Әйеліңіз, балаларыңыз немен айналысады?

– Әйелім Шәкизат Қыдырбаева педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген. Ол кезінде балабақшада істеген. Өзіміздің жеке кәсібіміз бар, қазір сонымен айналысады.

Ұлым Ерлан Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы бойынша – заңгер, экономист. Қазір жеке кәсіппен айналысады, жаңадан кәсіп бастағандарға сабақ өткізіп тұрады.

… Тастанбек Рысдәулетұлымен қысқаша әңгіме кезінде біз осындай жайлар жөнінде білдік. Тағы бір білгеніміз – ол кісі «Замананың» тұрақты оқырмандарының бірі екен. «Газеттеріңізді он жылдан бері үзбей оқып тұрамын. Үйде оның тігіндісін жасап қойғанмын», – дейді Т.Тастанов. Ол өзінің «Заманаға» деген ықылас-пейілі ерекше екенін білдірді, «Замананы» жан-жақты мағлұмат беретін жақсы газет деп сипаттады. Ол кісіге аз-кем әңгімеге уақыт бөлгені үшін өз алғысымызды білдірдік.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button