Біздің сұхбат

Швецияда тұратын Дулат Сергелстам

 Бүгінде әлемнің дамыған елдерінен қазақтың баласын кезіктіру аса бір таңданарлық құбылыс емес. Барыс-келіс жақсы, шетелдерде тұратын, онда білім алып, жұмыс істеп жүрген қандастарымыз баршылық. Осы орайда бізге Швеция корольдігінде тұратын Дулат Сергелстам есімді бауырымызбен сұхбаттас болудың сәті түсіп, оған өзімізді қызықтырған біраз сұрақтарды қойған едік.

– Әңгімені өзіңізді таныстырудан бастайық. Швецияның қай қаласында тұрасыз, қандай жұмыс істейсіз? Ол жаққа қалай барып қалған едіңіз?

– Менің аты-жөнім – Дулат Сергелстам. Көкшетау қаласында, қызметкерлер отбасында туып-өскенмін. Отбасында екі бала өстік. Қарындасым қазір Қазақстанда тұрады, ол да медицина маманы, невропатолог. Өзім Целиноград медицина институтын ортопед мамандығы бойынша бітіргенмін. 1994-жылдан бастап Көкшетаудағы облыстық балалар ауруханасында 11 жыл  еңбек еттім, оның 8 жылында бөлім меңгерушісі болып істедім. Жұмыс істей жүріп ғылыммен айналыстым, еңбектерім шетелдік ғылыми журналдарда жарияланып тұрды. Швецияға қоныс аударуыма да негізінен сол журналдарда жарық көрген еңбектерім себеп болды. Жасөспірімдердегі сүйек ісіктерін емдеуге қатысты толықтырушы тәсіл тақырыбында ізденіп, жазған мақалам осындағылардың назарына іліккен екен. Кейін мені Швецияға жұмысқа шақырды. Бұл елге 2005-жылы келгенмін.

Швецияға келген соң өзім айналысып жүрген ғылыми бағытта еркін ізденуге, тәжірибе жинақтауға алдымнан кең мүмкіндіктер ашылды, ортопедиямен қоса жұлындық хирургия саласында да жұмыс істедім, кейін осы салаға ауыстым. Бүгінде ел астанасы Стокгольмдегі жұлындық хирургия орталығында жұмыс істеймін, мойын омыртқа, бел омыртқа ауруларына операциялар жасаймын.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Әйелім – қазақ қызы, ол да мамандығы бойынша дәрігер. Отбасында екі бала өсіріп отырмыз.

– Фамилияңыз қызық естіледі екен. Соған қарап бұл кісі қай жақтың қазағы болды  деп ойлап қалып едік…

– Сергелстам – швед тілінен аударғанда «Сіргелі тегі» дегенді білдіреді. Осы жақта тұрақтап қалған соң балалар өз шыққан тегінің қазақ, сіргелі руынан екенін есте сақтасын деген ниетпен осындай фамилияға көштік.

– Балаларыңыз немен айналысады?

– Олар қазір студент.

– Негізі елге оралатын ой жоқ емес шығар?

– Әзірге осында біліктілікті көтере түсу туралы ой бар. Елге оралу жағын алдағы уақыт көрсетеді.

– Ал Стокгольмдегі хирургия орталығына жұмысқа тұру жолыңыз қандай болды? Жұмысқа бірден орналасып кеттіңіз бе? Қанша тіл білесіз?

– Бұл жақта жұмысқа тұруда бәсекелестік аса жоғары, маманға қойылатын талап та қатаң. Ол өзінің атқарып жүрген жұмысына жан-жақты сәйкес болуы керек. Жоғары білімі, дипломы бар екен деп жұмысқа бірден қабылдай салмайды, тиісті сынақтардан өткізеді, маманның адамгершілік, іскерлік қабілетін де алдын-ала біліп алуға тырысады. Ол үшін бұрын жұмыс істеген жеріне хабарласып, ол туралы сұрап-біледі.

Ал біз сияқты шетелден келгендер бірінші кезекте жергілікті ұлт өкілі деңгейінде швед тілін меңгеруі тиіс. Алдымен швед тілін игеріп, кейін мамандыққа сәйкестікті дәлелдеп барып жұмысқа тұруға болады.

Жалпы, мен орыс, ағылшын тілдерінде бұрыннан еркін сөйлейтінмін. Ал швед тілін толықтай меңгеруіме екі жылдай уақыт кетті. Оған дейін жұмыста ағылшын тілінде қарым-қатынас жасап жүрдім.

Жалпы, герман тілдерін білетін адамға швед тілін үйрену біршама оңайға түседі деседі. Яғни швед тілі герман тілдері тобына жатады. Бұл жаққа келгендер алдымен жергілікті халықтың тілін үйреніп алуға тырысады. Тілді меңгергеннен кейін бұрын алған білімі мен біліктілігіне сай жұмыс іздеуіне болады. Жұртшылық арасындағы сенімге, абырой-беделге де көп нәрсе байланысты.

Бұл жақтың мамандары шын мәнінде кәсіпқойлар, өз саласының білгірлері болып келеді. Олар өз бағасын біледі. Мамандар жұмысқа конкурс арқылы қабылданады. Бұл елде мықты мамандарды сыйлайды, құрметтейді, оларға біліктілігіне сай, лайықты жұмыс беруге тырысады.

Ал шетелдерден келіп жұмысқа орналасқан мамандар біліктілігі, басқа да қасиеттері жағынан жергіліктілерден біршама биік тұруға талпынады. Орынды сақтау үшін мықты болу керек.

– Жалпы, Швеция қандай ел? Шведтер қандай халық, олардың тұрмыс-тіршілігі қандай?

– Швеция – жақсы дамыған мемлекет. Оны әлеуметтік әділеттілікті орнатқан социалистік ел деп те атайды. Мұнда тұрғындарға қажетті жағдайдың барлығы жасалған, әлеуметтік қамсыздандыру өте жоғары деңгейде. Содан болар, бұл елге мигранттар көп келеді. Әйтсе де кейінгі кездері бұл ел өзінің қоғамдық дамуын капиталистік формацияға бағыттап жатыр.

Бұл елдің табиғаты сұлу, өзінің ғасырлар бойғы мәдениетін, тарихын, архитектуралық ескерткіштерін, басқа да тарихи нысандарын, өзіндік ерекшеліктерін, дәстүрлерін көптеп сақтап қалған. Осы жағы адамдарды қатты қызықтырады.

Ал швед ұлты өкілдерін негізінен адалдық қасиеті ерекшелейді, ұжданы жоғары, олар қай істе де адалдықты биік қояды. Дегенмен швед азаматымен бірден жақын достасып кету оңай емес. Олар бейтаныс жаннан біраз уақытқа дейін өзін алшақ ұстайды, «саламатсыз ба?», «сау болыңыз!» деген сияқты аз сөзбен ғана, көзтаныс ретінде қатынасады, адамды жақын танып-білгеннен кейін ғана жақсы қарым-қатынас орнатады, сенімді, адал адаммен дос болып кетеді. Шведтер қамқор, қиналған жанға қол ұшын созуға әзір тұрады.

– Бағалар жөнінде айтсаңыз. Мысалы, күнделікті тұтыныстағы азық-түлік бағасы қандай? Жылжымайтын мүлік, үйді жалдау ақысы, автокөлік бағасы қанша тұрады?

– Негізі баға жағына аса қызыға бермейтін едім. Білгенімше айтайын. Бұл жақта бір бөлке нанның бағасы 20-30 крондай болады. 1 кронның бағамы Қазақстан валютасына шаққанда 49-50 теңгедей. Стокгольмнің шет жақтарында, мысалы, екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 3-4 миллион крон, ал орталығында 6-8 миллион крон шамасында. Әрине, орналасқан тұсының жайлылығына, өзінің жай-күйіне қарай жылжымайтын мүлік бағасы әртүрлі бола береді ғой. Ал бір бөлмелі пәтерді жалға алғандар ол үшін айына 10-12 мың крон төңірегінде пәтерақы төлейді.

– Өз үйіңіз бар ма, әлде пәтер жалдап тұрасыздар ма?

– Алғашында біраз уақыт пәтер жалдап тұрғанбыз. Кейін тапқан-таянғанымызды қосып, несие алып баспана иелендік. Бұл жақта халықтың басым бөлігі мүлікті осындай жолмен иеленеді. Несиенің үстеме ақысы тым жоғары емес, сондықтан несиеге сұраныс көп.

– Қазір Швецияда ауа райы суық шығар? Аяз күші қанша градусқа дейін барады? Қар қалың жауа ма? Жалпы, ол жақтың климаты, экологиялық ахуалы қандай?

– Швецияның климатын жұмсақ десе болады. Қыста аяз күші ары кетсе, 10-15  градустай ғана болады. Бірақ бұл сирек жағдайда. Ауасы ылғалды, сондықтан 5 градус аяздың өзі адамды кәдімгідей тоңдырады. Оған өзіміз үйреніп кеттік. Ал жазда ауа 25-26 градусқа, сирек жағдайда 30 градусқа дейін ысиды.

Қар елдің солтүстік жағында мол жауады, оңтүстігінде аз. Стокгольмге де қар қалың түсе бермейді, сондықтан қалада жасанды қар шығаратын жерлер бар, сырғанақ тебетін аумақтарға сондай қарды төсейтін кездер көп. Коньки тебетін жерлерге жасанды мұз төсейді.

Шведтер экологияға өте мұқият қарайды, табиғатты мейлінші таза сақтауға тырысады. Мысалы, Еуропаның басқа елдерінен негізгі бір ерекшелігі – мұнда ауыз суды қайнатпай, тікелей краннан алып іше беруге болады. Сулары өте таза.

– Өзіңіз жұмыс істеп жүрген медицина саласы туралы айтсаңыз. Ол жақта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы қалай дамыған, халықты әлеуметтік қамсыздандыру жағы қалай?

– Әлеуметтік қамсыздандыруды жаңа айттым, өте жоғары деңгейде. Мысалы, зейнеткерлері кемінде 7-8 мың крондай зейнетақы алады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы жағын кереметтей білемін деп айта алмаймын. Ал медицина саласы жақсы дамыған, адамдары аздаған ақша салып тұратыны болмаса, ел тұрғындарына қызметтің бәрі дерлік негізінен мемлекет есебінен, тегін көрсетіледі.

– Ал коррупция деген нәрсе ол жақта бар ма? Халқы қандай да бір мәселе көтеріп наразылық шараларына шығып тұра ма? Жұрттың атқарушы билікпен қатынасы қандай? Заңдары қалай жұмыс істейді?

– Жалпы, коррупция негізінен елдің даму деңгейіне байланысты болады ғой. Өз басым бұл жақтан ондайды көрген де, естіген де емеспін. Дегенмен коррупция бар деп айтылады.

Ал наразылық шаралары бұл елде көп бола бермейтін сияқты. Өз басым осында келгелі бері бір мәрте ғана медбикелердің айлық жалақыны көтеруді талап еткен жалғыз бейбіт шеруін көрдім.

Швеция заңдары шын мәнінде жұрттың бәрі үшін бірдей жұмыс істейді, халқы заңды құрметтейді. Кім болса да әр азамат өз ісін адал атқаруға тырысады.

– «Ковид-19» індеті Швецияны да әбіржітіп тұрған болар? Вакцина егу қалай жүріп жатыр? Індеттен сақтандыру шаралары қалай іске асырылуда?

– Қазір індеттің омикрон штамы ушығып тұрғаны туралы айтылуда. Соған сай сақтық шаралары қолға алынған. Медицина мекемелерінде жұрт маскасыз жүрмейді, Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінің ендірген талаптары орындалып жатыр. Халықтың 80 пайызы екпе жасатқан. Қазір үшінші мәрте егу жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, мен өзім коронавирусқа қарсы үшінші мәрте екпе жасаттым.

– Негізі Швецияны әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің бірі ретінде атайды. Жалпы, ол елде «бай», «кедей» деген ұғымдар бар ма? Адамдардың әлеуметтік деңгейі анық көрініп тұра ма?

– Әрине, байлар бар. Дегенмен олардың басым бөлігі еншісіне байлық ата-бабаларынан, әке-шешелерінен мұра боп тигендер болып табылады. Жалпы, бұл жақта бай-кедей дейтіндей әлеуметтік теңсіздік жағы тым ашық көрініп тұрмайды.

– Ал айлық жалақы мөлшері қандай? Ең көп жалақыны кімдер алады? Ең аз жалақы көлемі қандай?

– Квалификациясы төмендердікі 17-18 мың крондай, 60-80 мың, одан да жоғары алатындар болады. Жалақы көлемі мамандыққа, біліктілікке, еңбек өтіліне, тәжірибеге байланысты. Жалақы мөлшері неғұрлым жоғары болған сайын алынатын салық сомасы да соғұрлым арта түседі. Жалпы, кіріс салығына жалақының 18 пайызы ұсталады.

– Ол жаққа мигранттар көп келеді дедіңіз. Олар немен айналысады, қандай жұмыстар істейді?

– Мигранттар негізінен құрылыс, тазалық сақтау жұмыстарында жүреді. Басқа салаларда да бар, бірақ негізінен осы екі салада көп.

– Қазақтар бар ма? Олар немен айналысады?

– Бұл жақта ортаазиялықтардан негізінен өзбектер мен ұйғырлар көп. Қазақтар аз. Өзім Солтүстік Швецияда тұратын бір қазақ қызын танимын. Осыдан біраз бұрын шымкенттік бір азаматпен де танысқанмын, бірақ қазір онымен байланысым жоқ.

Стокгольмде кезінде Түркиядан қоныс аударған 40 шақты қазақ отбасы тұрады. Оларда қазақ тілі, салт-дәстүрлері сақталған. Дегенмен жастары арасында негізінен түрік, швед тілінде сөйлейтіндер көп.

Вестерос деген қалада мешіт бар. Оның имамы – қазақ азаматы. Мешітте жастарға діни білім беретін медресе жұмыс істейді.

– Елді сағынатын шығарсыздар? Қазақстанда кейінгі кездері орын алған жайлардан хабарларыңыз бар ма?

– Елді сағынамыз, әрине. Қазақстанда кейінгі кездері орын алған жайлар туралы естідік, уайымдадық. Тезірек тыныштық орнап, еліміз дұрыс жолмен дамыса екен дейміз.

…P.S: Шетелдерде тұрып жатқан қандастарымыз үшін ата мекені – Қазақстан қашанда ыстық, олар еліміздің бейбіт жолмен өркен жаюын тілейді, оны мақтан тұтады, қолынан келсе, көмек бергісі келіп тұрады. Осы орайда Дулат бауырымыз да өткен жылы өз қаражаты есебінен Қазақстанға қомақты көлемде медициналық маскалар жіберген екен, сол үшін Сыртқы істер министрлігінің Алғыс хатын иемденіпті. Ал ол мүшесі болып табылатын Еуропадағы Қазақ дәрігерлері қауымдастығы елімізде қаңтар айының басында болған ауыр күндерде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге дайын екендерін білдіріп, әлеуметтік желі арқылы арнайы Үндеу жариялаған болатын. Осындай отаншылдық, ұлтжандылық, адамгершілік асыл қасиеттер баршамыздың бойымыздан табылып тұрса екен дейміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

«Замана.кз».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button