Біздің сұхбат

Меккені мекен еткен қазақтар тарихи Отанына оралғысы келеді

Былтырғы жылы еліміздің бірқатар өңірлерінің қуаңшылықтан зардап шеккені белгілі. Сол кезде Шымкенттен шыққан Құрмет Талапқазы есімді азамат үлкен бір игі іске бастамашы болып, қуаңшылық жайлаған өңірлерге мал азығын жеткізуді ұйымдастырған еді.

Құрмет бауырымыз содан бергі уақытта да ел үшін маңызды мәселелер көтеруін жалғастырып келеді. Таяуда ол әлеуметтік желі арқылы ел басшылығына арнап кезекті үндеуін жариялады. «Мекке-Мәдинаға барып, мұсылмандық парызымды өтеп қайттым. Осы сапарда Сауд Арабиясында тұратын қандастарымызды ұшырастырдым. Олардың елге оралғысы келеді. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінен Арабиядағы, Монғолиядағы, Ирандағы, Қытайдағы қандастарымызды елге көшіріп алуды, оларды орналастырып, тиісті көмек көрсетуді сұранамын. Халық болып, билік болып жәрдемдесіп, шетелдік қандастарымызды Қазақстанға көшіріп әкелейік!» – деп жазды Қ.Талапқазы бұл үндеуінде.

Осыған орай біз Құрмет бауырымызбен телефон арқылы байланысып, оған бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Құрмет, нақты біле алдың ба, бүгінде Сауд Арабиясында тұрып жатқан қанша қазақ отбасы бар екен?

– Қанша отбасы екенін білмедім. Маған Мекке мен Мәдинада және елдің тағы бір қаласында тұрып жатқан, барлығы 300-дей қазақ бар деп айтылды.

– Олар араб еліне қалай барып қалыпты? Өздерін қай өңірдің қазақтарымыз дейді?

– Ата-бабалары 1930-жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылық кездерінде Қазақстаннан кеткен екен. Кезінде Ауғанстанда тұрыпты, ол елде бүліншілік болған жылдары Пәкстан арқылы Сауд Арабиясына өткендерін айтады.

– Түпкі ата мекендерін біле ме? Қазақ тілін ұмытпаған ба екен?

– Біреуі аталарымыз қиыншылық жылдарында Оңтүстік Қазақстаннан қоныс аударған, қоңыраттың ішінде байлар-жандары боламыз дегенді айтты. Кіші жүз руларынан да бар екен. Таза қазақша сөйлейтіндері аз, тілдерінде акцент байқалады, көбіне өзбекшеге келеді. Арасында қазақша түсінбейтіндері де бар.

– Тұрмыс жағдайлары, күнкөрісі қандай? Немен айналысады екен? Сол елдің азаматтығын алған ба, жоқ әлде уақытша тұрып жатыр ма? Бұл жөнінде не дейді?

– Көбі саудамен айналысатын көрінеді. Өзбектен, ауғаннан, арабтан әйел алғандары да бар. Біреулері такси айдап, енді бірі қажылыққа барғандарға жол көрсетіп дегендей түрлі шаруалармен айналысып күнін көріп жүр екен. Баспана иеленгендері де, меншігінде үйі жоқтары да бар. Оларға Сауд Арабиясының азаматтығын бермейді екен. Ол елде тұрып жатқаны үшін адам басына 1500 доллардан салық төлейтіндерін айтты.

– Әлеуметтік желіде жариялаған үндеуіңе қарағанда, олар қазақстандық ретінде, қазақ баласы ретінде саған өтініш айтқан екен. Олар не дейді, қандай өтініш білдірді?

– Олардың көбінің Қазақстанда туысы да, танысы да жоқ. Сондықтан менен өздерінің елге сәлемін жеткізуді өтінді. Елге жеткіміз келеді, барсақ, көмектесе ме дейді. Ана тілімізді жоғалтқанымызбен өзіміздің қазақ екенімізді білеміз, бізге жәрдем берсе екен дейді. Мен әлеуметтік желідегі үндеуді солардың аманатын орындау мақсатында жарияладым.

– Бұдан ары қарайғы әрекетің қандай болады?

– Үндеу жариялап, көпшіліктің ортасына тастадым. Басшы азаматтарға да айтып жатырмын. Мұны айтып қана қоймай, нақты іске асыру керек. Соған шама-шарқымша атсалысамын.

– Енді өзің туралы айтайық. Умра қажылыққа қалай барып қайттың? Қажылық сапарда не көрдің, қандай ой түйдің? Жалпы, қазір қайда жүрсің, немен айналысудасың?

– Умраға жетісайлық Қуаныш деген ағаның қолдауымен барып, жұрт қатарлы мұсылмандық парызымды өтеп қайттым. Енді осындай мүмкіндік тиер болса, оған шығындалатын қаржыны елге пайдалы бір қайырымдылық іске жұмсаймын деген ойдамын. Негізі ол жаққа жиі баратын қазақтар көп екен, өйтіп ақшаны босқа шетке шашқанша қиналып жүрген туысына, ауылдасына көмектескені, тұрмысы төмен қандастарымызға жәрдемдескені, шетелден қоныс аударған қазақ баласына қол ұшын бергені әлдеқайда сауапты іс болар еді-ау деген ой түйдім.

– Сені жұрт өткен жылы қуаңшылық жайлаған өңірлерге жем-шөп жеткізуді ұйымдастырған азамат ретінде таниды, құрметтейді. Қажет еткен аумақтарға қаншалықты мал азығын жеткізе алдыңдар? Нақты көмек көрсеткендер туралы айта кетсең.

– Қуаңшылықтан зардап шеккен аумақтарға 24 мың тонна жем-шөп жеткізілді, темір жол қызмет ақысына жұмсалған ақшаны есептегенде 1 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды. Ел-жұрт көмектесті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жәрдем берді, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, вагондардың ақысын төлетті. Басқа облыстардан алынған вагондарға 5 миллион теңгені жұрттың көмегімен төледік.

– Өзіңнің тұрмыстық жайың қалай? Үйлі бола алдың ба? Оқуың не болып жатыр?

– Жағдай жақсы, Құдайға шүкір! Шымкенттен үй алғанмын. Халықаралық қатынастар бойынша мамандыққа оқып жатырмын ғой, елге пайдасы тиетін маман болып шықсам деймін.

– Алға нақты қандай мақсаттар қойып отырсың?

– Ел ішін біраз араладым ғой. Үлкен қалалардан жұмыссыз қалған адамдарды көрдім, үйі жоқтар бар. Сондай жандарға жәрдем көрсететін бір қайырымдылық қорын ашқым келеді, үлкен етіп жатақхана салсам деймін.

Ел ішінде ен жатқан бос жерлер көп. Негізі мұның бәрі елдігімізге сын ғой. Әсіресе солтүстік облыстарға жұртты көбірек көшіріп, қоныстандыру керек. Адамдарды ауыл-ауыл етіп көшіріп қоныстандырсақ, оларға аяғына тұрып кеткенше қажетті көмек көрсетсек жақсы болар еді. Қалталы азаматтарымыз сауда орындары мен тойханалар сала бергеннен гөрі мемлекеттік маңызы бар осындай шаруаларға ден қойса екен деймін.

– Жас болсаң да ел үшін маңызды біраз шаруалардың бел ортасынан көріне білдің, замандастарыңа, жастарға үлгі көрсеттің. Осы орайда еңбегіңді елеп, марапаттап жатқандар да жоқ емес шығар? Ұлттық Кеңеске мүше болды деп жатыр…

– Негізі қолымнан іс келсе, жұртқа пайдам тиіп жатса, оны мен марапат үшін істемеймін. Қоғамдық жұмыстардан бас тартпаймын, ондай жұмысқа шақырып жатқандар да бар. Президент жанындағы Қоғамдық Кеңестің жастар саясаты бөліміне мүшелікке қабылдады. Елге пайдасы тиетін қандай жұмысты болса да істеймін. Әрине, білім алудан қол үзбеймін, оқуымды жалғастырудамын, қоғамдық шаруамен жүрсің ғой деп ондағылар маған аздап кеңшілік жасап та тұрады.

– Ата-анаң, туып-өскен ортаң туралы, олардың немен айналысатыны жөнінде айта кетсең…

– Мен Қытайда туып-өскенмін. Ата-анам, туыстарым Шығыс Түркістанда тұрады. Бұл жақта мен жалғыз өзіммін.

P.S: Құрмет Талапқазы бауырмен арада осындай шағын сұхбат болды. Жалпы, бүгінгідей күндері өз бас пайдасы үшін көзге түсуге құмар кейбіреулер болмаса, ел үшін еңбек етемін деп шын мәнінде ұмтылып тұратын адамдардың аса көп емесі, өкінішке орай, өмір шындығы. Ал Құрмет бауырымыз 25 жасындағы жастық жалынын ел игілігіне арнап еңбек етіп жүр, Отанға қызмет етуді алдына өмірлік мақсаты етіп қойыпты. Мемлекеттің көсегесі осындай жастардың күшімен көгерері анық қой. Осы орайда Құрмет бауырымызға қолға алған істерің оңды нәтижелермен қуантсын, алдағы уақытта да елдің құрметіне бөлене бер деген тілек білдіреміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

«Zamana.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button