Біздің сұхбат

«Әр қазақ қазақша қызмет көрсетуді талап етуі тиіс», – дейді 12 тіл білетін Жұлдызай Форт

Жұлдызай Назарқызы Форт – 12 тіл білетін полиглот. Медициналық және психологиялық білімі бар Түркістанның тумасы қазіргі таңда Өскемен қаласында тұрады.

Психолог әрі эпидемиолог-дәрігер маманы бүгінде  адамдарға тіл үйретумен және психологиялық кеңестер берумен айналысады. Сонымен қатар, Жұлдызай Форт – қай жерге барса да өз ана тілінде қызмет алуды қалайтын тіл жанашыры. Осылайша оның еліміздегі қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген жайы бар. Біз бұл туралы Жұлдызай ханыммен арнайы сұхбаттастық.

– Жұлдызай ханым, құпия болмаса тегіңіздің неліктен Форт екенін білгіміз келіп отыр…

– Менің бірінші жұбайым қайтыс болған. Екінші жарымның ұлты – неміс, Форт соның фамилиясы.

– Тіл үйренуге деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

– Мен орыс мектебінде оқыдым. Мектепте ағылшын тілі қатты ұнайтын. 1991-жылы егемендігімізді алған соң шекара ашылып, елге шетелдіктер келе бастады. Сол кезде ағылшын тілін үйреніп, халықаралық ұйымдарда, болмаса шетелдік компанияларда жұмыс істегім келді және шет елдерге саяхат жасап, жергілікті халықпен тікелей тілдесуді армандадым. Осылайша тіл үйренуге деген қызығушылығым арта  берді.

– Әдетте адамдар ағылшын, неміс, француз, түрік, испан, итальян тілдерін үйренуге тырысады.  Сіз осылармен бірге грек, швед, норвег, дат тілдерін де жақсы меңгерген екенсіз. Соңғы аталған тілдерге қызығушылық білдіруіңізге  не себеп?

– Негізі грек пен латын сөздері бүгінгі ғылым терминологиясының негізін құрайды.  Латын тілін медициналық институтта оқыдым, ол тілден хабарым бар, ал грек тілін үйренген себебім – ол да терминологияны түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ Швеция, Норвегия, Дания адам құқығын қорғау саласында алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі болып табылады. Аталған елдің менталитетін, тарихын, мәдениетін түсіну үшін және желіде сол елдердің өкілдерімен еркін әңгімелесе алу үшін осы тілдерді үйрендім. Норвегтер мен даниялықтар түркілерге бауырлас деген деректерді де оқыдым, бұл ақпарат олардың тіліне деген қызығушылығымды одан сайын арттыра түсті.

– Жалпы полиглот атану үшін адамға қандай қасиеттер керек?

– Ең бастысы адамда қызығушылық, алға қойған мақсатқа қандай да бір талпыныс болу керек. Содан соң тіл үйрену ұзақ процесс болған соң, төзімділік, тәртіп, өзін-өзі басқару және бақылау қабілеттері де қажет болады. Сонымен қатар көп адамға «шет тілінде акцентпен сөйлесем жұрт күледі» деген ой кедергі болады. Адамда өзіне деген сенімділік болу керек және адамдармен тілдесуге ұялмаған дұрыс. Меніңше, тілді енді ғана үйреніп жүрген адамның сөйлемдегі қатесіне тек санасы төмендер ғана күледі, есі дұрыс адам кез-келген нәрсені қате жасап қана үйренуге болатынын біледі.

– Сіз құрған «Форт» оқу орталығы қашан ашылды? Осы күнге дейін қанша адамға тіл үйреттіңіз?

– Орталық 2016-жылы құрылды. Бүгінге дейін бізден білім алған жандардың нақты санын білмеймін, өйткені шет елдерден де (мысалы АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Нидерландтан, Германиядан) қазақтар мен Ресей азаматтары бізді әлеуметтік желіден тауып, скайп арқылы ағылшын, неміс, қазақ тілдерін үйренді. Әсіресе «Полиглот» мастер-класы сұранысқа иә, бұл  кез келген тілді өз бетінше үйренуге мүмкіндік береді. Біздің  орталықта тек тілдер үйретіліп қана қоймайды, психологиялық кеңестер беріледі және тренингтер өтеді, өйткені менің екінші мамандығым – психолог. Дәл қазір пандемияға байланысты орталықтың жұмысы уақытша тоқтап тұр, қазір тек онлайн жұмыс істеп жатырмыз.

– Тіл жанашыры ретінде сіздің пікіріңізді білгіміз келеді, елімізде қазақ тілінің мәртебесі қаншалықты қорғалған деп ойлайсыз?

– Өкінішке орай, бүгінгі таңда елімізде қоғамдық қатынастардың барлық саласында, тіпті мемлекеттік ұйымдардің өзінде қазақ тілінің орнына орыс тілі қолданылып жүр. Негізі орыс тілі ресми және ұлтаралық қатынас тілі деген нормалар ҚР заңдарында жоқ, бұл – бос сөз. ҚР Ата Заңының 7-бабы 2-тармағында «орыс тілі – ресми тіл» деп жазылмаған, тек қана: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», – деп жазылған. Сондай-ақ, ҚР заңнамасында «қазақтар орысша білу керек» деген норма жоқ, керісінше ҚР 1997-жылғы 11-шiлдедегі Тiл туралы Заңның 4-бабы: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», – дейді.

Қазақстанда Конституцияда жазылғандай, ұлтаралық қатынас тілі – тек мемлекеттік тіл болу керек. Қазақстан – қазақтардың мемлекеті, өйткені қазақтар титулдық мемлекет қалыптастырушы ұлт болып табылады. Неге 75%-дан көп қазақ өз Отанында басқа азаматтармен бөтен тілде сөйлесуі керек?  Қазір қазақтар өз жерінде көп жағдайда ана тілінде ақпарат пен қызмет ала алмайды, мұны мен әділетсіздік деп санаймын.

– Сіздіңше, мұндайда не істеу керек?

– Ойланайықшы, біздің елде бәрі қазақша болса ол қазаққа не берер еді? Қазақ тілі пайдаланылмағаннан кейін шетелдік, газ, мұнай компанияларындағы кем дегенде жалақысы 1500 – 2000 доллар болатын жылы-жұмсақ жерлерге қазақтарды алмай отыр емес пе? Ондай орындар аз емес, мен білемін. Ал біздің оқыған, көзі ашық, білімді, бірнеше тіл білетін қаншама жастарымыз даяшы болып жұмыс істеп, соған да қуанып жүр. Бұл барып тұрған әділетсіздік қой. Сол үшін әр қазақ жүрген жерінде қажетті қызметті қазақша көрсетуді талап етуі керек. Соның арқасында біз ана тілімізге деген сұранысты тудырып, қарақөздеріміздің жақсы жұмысқа орналасуына да септігімізді тигіземіз.

Иә, қазақ тіліне деген сұранысты арттыру керек. Қазақ тілін білмейтіндерді жұмысқа қабылдамау қажет. Конституциядан 7-баптың орыс тілі жайлы 2-ші тармағын алып тастау керек. Мемлекеттік білім ұйымдарында да тек қазақ тілінде оқытқан дұрыс деп ойлаймын.

– Өзіңіз қазақ тіліне қатысты мәселелермен жиі кезігетін секілдісіз. Қалай күресіп жүрсіз?

– Мен 2016-жылы сол кездегі Президент Н.Назарбаевқа қазақ тілінің мәртебесі жөнінде үндеу жолдадым. Әлеуметтік желіге жарияланған бұл үндеу бүгінге дейін жарты миллионнан астам рет оқылыпты, бұл көп қазақтардың ұлттық санасын оятуға септігін тигізді деп сенемін.

Мен жүрген жерімде Қазақстан Республикасының 2010-жылғы 4-мамырдағы №274-IV Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңына жүгініп, ақпарат пен қызметті қазақ тілінде талап етемін. Осы талап орындалмаған жағдайда құқық бұзушыларды бейнежазбаға түсіріп, мекеменің басшылығына, тиісті басқармалар мен министрліктерге және тілдерді дамыту басқармасы мен комитетіне шағым жолдаймын. «Youtube»-тағы «Антишовик. Антимәңгүрт» каналыма аталған заңдарға сілтеме бере отырып, сол бейнежазбаларды жүктеп отырамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button