Біздің сұхбат

Қазақ тілін білудің арқасында болашаққа жолдары ашылды

Алматы қаласының тұрғыны  Виктория Трегубованың есімі әлеуметтік желіде кеңінен танылған. Себебі ол қазақ тілінде Абай ақынның өлеңдерін ұдайы оқиды. Қазақша еркін сөйлейтін бойжеткен өзінің желідегі парақшасында:  «Мен әлі де қазақ елімнің абыройын асқақтатамын!» деп жазады. Жүрген жерінде өзін «орыстың қазақ қызымын» деп таныстыратыны тағы бар. Біз бұл туралы Викторияның өзінен сұраған едік.

– Виктория, алдымен өзіңізбен танысып алсақ. Қай ауылдың тумасысыз? Мамандығыңыз қандай? Немен айналысасыз?

– Мен 1998 жылы Ресейдің  Ульяновск облысында дүниеге келгенмін. 2000 жылы біз Қазақстанға көшіп келдік. Ол кезде мен 2 жаста болатынмын. Менен үш жас үлкен ағам бар.

Анам өзі Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылының тумасы. Ол мектеп бітірген соң Ресейге барып, сол жақта әкемді кездестіріп, екеуі шаңырақ көтереді. Біраз жыл өткен соң анам әкеме Қазақстанды көрсеткісі келіп, бәріміз осында қыдырып келдік.   Содан әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, сол Ұланбелде қалып қойдық та, Ресейге қайта оралмадық.

Ағам да, мен де сол ауылда өсіп, білім алдық. Екеуміз де қазақ мектебін бітірдік. Кейіннен мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік уни­верситетін тәмамдап, сол жақтан  журналист мамандығын алып шықтым.  Осы салада біраз уақыт жұмыс істеп келдім, түрлі бағдарламаларды жүргіздім. «Хабар 24» телеарнасында, Жамбыл облыстық телеарнасында тілші  болдым. Қазіргі таңда Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының және  ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесімін. Қоғамдық істермен айналысамын.

– Қазақ мектебінде оқыдым дедіңіз. Әу баста қазақша үйрену қиын болған жоқ па?

– Маған қазақ тілін үйрену қиындық тудырған жоқ. Ағам қазақшаны жақсы меңгеріп алғандықтан мектепте маған да көмектесіп жүретін.

– Үйде қай тілде сөйлесесіздер?

– Отбасымызда орыс тілінде сөйлесеміз. Себебі ата-анам қазақша білмейді. Анамның кезінде Ұланбелде орыс мектебі болған екен, анам сонда оқыпты. Ал әкем – ресейлік. Оған қазақша үйрену қиындық тудырды.

Кейде ағам екеуміз ата-анамыздың біздің сөзімізді түсінгенін қаламасақ, қазақша сөйлесеміз, қазақша сырласамыз. Дауласып қалсақ та екеуміз қазақ тілінде ұрсысып аламыз. Ара-тұра сондай да қызықтар болып тұрады. Екеуміз де қазақша еркін сөйлегендіктен бізге солай ыңғайлы.

– Қазақша өлең оқуды қай кезден бастадыңыз?

– Өлең оқуды мен мектеп кезінен бастадым. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерінен жарыстарға жиі баратынмын. Сол кезден бастап-ақ менің қазақтың әдебиетіне деген қызығушылығым арта түсті. Әсіресе, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін сүйіп оқыдым. Қазір де солай.

Иә, ақынның кей өлеңдерінің мән-мағынасын бірден түсіну қиын, десе де білген адамға оның әрбір өлеңінің мағынасы өте терең. Абай атамыз өлеңдерін бүгінгі заманды көріп тұрғандай жазғанын түсінуге болады.

Маған көбі: «М.Мақатаевтың, басқа да ақындардың өлеңдерін неге оқымайсың?» – деп жатады. Жүрегіме  жақын болса кез келгенін жаттап алуға әзірмін. Бірақ Абайды ерекше жақсы көремін.

– Біраз байқауларға да қатысыпсыз…

– Иә, бүгінгі таңда өлең оқудан республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып келемін. Осы күнге дейін жүлделі орындарға ие болып, түрлі марапаттарды алып жүргенім рас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталдым,  төсбелгілерім де бар. Мақтау қағаздарым да аз емес. Ол жағынан мақтана айта аламын.

Енді қазір карантин жағдайына байланысты барлық байқау онлайн түрде өтуде. Соған байланысты оқылған өлеңдерді әлеуметтік желіге салып, сол арқылы оның көрсетілімінің көптігіне, таралымына мән береді. Бұл жағына келгенде де «Фейс­бук» желісінде мені қолдайтындар қатары жетерлік.

– Қазақ бола тұрып қазақ тілін білмейтін жастарға айтарыңыз бар ма?

– Қазақ тілін білу-білмеу – әркімнің өзінің еркінде. Оларды қанша мәжбүрлесе де қаламаған адам бәрібір үйренбейді. Мен оларға қатысты ештеңе айта алмаймын. Бірақ өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгеріп, жетістіктерге жетіп жатқандар аз емес. Қазақ тілінің арқасында бізге қаншама жол ашылып жатыр.

Менің әлеуметтік желідегі қазақша өлең оқыған видеоларымды көбісі өздерінің парақ­шасына қояды, ватсапта   тара­тып жатады. Әрине, қазақ тілін білмейтіндерге үлгі болсын дегені болар. Бірақ солай тарата оты­рып, қазақ тілін білмейтін қазақтарды неше түрлі анайы сөздермен тілдеп жатады, оларды «Топастар, мәңгүрттер, малдар» деп жазып қояды. Осы тұрғыдан келгенде менің видеоларымды пайдаланғанын қаламаймын, өйткені мен ешкімнің жеке намысына тиіп, жеке басына қол сұққым келмейді. Оны мен арнайы үндеу жасап айтқан да болатынмын.

– Жоғарыда: «Қазақ тілінің арқасында бізге қаншама жол ашылып жатыр», – деп қалдыңыз. Қазақ тілі сізге не бере алды? 

– Негізі, менің де, ағамның да әке-шешеме айтар алғысымыз шексіз. Себебі олар бізге қазақ тілін үйренуіміздің  арқасында болашаққа деген жолымызды ашып берді. Мектеп кезінде-ақ қазақ тілінің арқасында біраз жетістікке жете алатынымды түсіндім.

Бала кездегі арманым – журналист болу еді. Қазір сол арманыма жеттім. Сол арманыма да қазақ тілін білгенімнің  арқасында жеткенімді нақты айта аламын. Қазақ тілінің арқасында әлі де алысқа барамын деп ойлаймын. Менің болашағым – тек қазақ тілінде. Оны мен нақты білемін де, айта аламын да.

Қасымда жүрген өзге ұлт өкілдеріне де үнемі: «Қазақ тілін оқыңдар, үйреніңдер, оны білсеңдер сендерге басқа да есіктер ашылады», – деп айтамын.

Негізі Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білу әркімге де міндетті болуы керек. Себебі қазақ тілі – мемлекеттік тіл, оны білмеу мүмкін емес. Мейлі ол басқа ұлт  өкілі болсын, өзіміздің қазағымыз болсын, оны бәрі де білуі керек. Бірақ, өкінішке орай, қазақша білудің маңыздылығын, қажеттілігін бірі түсінсе, бірі түсінбей жатыр. Алдағы уақытта бәрі өзгереді деп ойлаймын. Оның барлығы өзіміздің, жастарымыздың қолында.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.  

 

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button