Біздің сұхбат

«Поляр шұғыласын» көрген Гауһар

Кешегі күні Қытайда мәресіне жеткен қысқы Олимпиадада жасалған сенсациялар аз болған жоқ. Соның бірі – хоккейден Финляндия құрамасының өз тарихында тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алуы.

Жалпы, халқы 6 миллиондай ғана болатын, жер көлемі біздің Қарағанды облысынан да  кішкентай, шағын ғана Финляндияның қай саладан болса да жетістіктері аз емес. Оны әлемдегі ең бақытты елдердің бірі ретінде атайды. Бұл елде спорт аса дамыған, онда тіпті қазіргі күндері 50 мыңнан аса хоккейші ресми тіркеуде тұратыны жөнінде деректер бар.

Міне, осындай ерекше елде бүгінде бірнеше қазақтар да тұрып жатыр екен. Бізге кешегі күні осы елде тұратын Гауһар Әлімханова есімді қандасымызбен (суретте) сұхбаттасудың сәті түсті. Ол таяуда ғана Оңтүстік Финляндияда орын алған құбылыс – «Поляр шұғыласын» көріпті. Сондықтан әңгімеміз осы ғажайып құбылыстың төңірегінде өрбіді.

– Алдымен өзіңізді қысқаша таныстырып өтейік. Финляндияда қай уақыттан бері тұрасыз, қандай жұмыс істейсіз?

– Менің аты-жөнім – Гауһар Әлімханова. Қазақстанда, қазіргі Түркістан облысында туып-өскенмін. Финляндияда тұрып жатқаныма 30 жылдай болды. Жеке кәсіппен айналысамын.

– Бұл елдің қай қаласында тұрасыз?

– Оңтүстік Финляндияда, ел астанасы Хельсинки мен Турку қаласының ортасындағы шағын елді мекенде тұрамыз. Ауылымыз «Лохьядағы Леппякорпи Ярвентяя» деп аталады.

– Таяуда Оңтүстік Финляндияда «Поляр шұғыласы» көрініпті деп естідік. Сіз оны тамашалай алдыңыз ба?

– Иә. Ол 10-ақпан күні болды. Мұндай құбылысты мен бұрын да көргенмін. Соның өзінде адамның қызығушылығы басылмайды. Сондықтан есік алдына шығып, оны бірнеше мәрте суретке түсіріп алдым. Ол күні аспанда ай жарқырап, жұлдыздар да көрініп тұрды.

– «Поляр шұғыласы» деген қандай болады, сипаттап беріңізші? Оның түстері қандай болады?

– Оны «Солтүстік шұғыласы» деп те атайды. Ол негізінен елдің солтүстік өңірлерінде, Лапландияда жиі көрінеді. Бұл жолы бүкіл Оңтүстік Финляндия тұрғындарына да көрініп, жұрт оның қызығын әлі күнге дейін айтып тауыса алмай жүр.

Жалпы, оны күзден көктемге дейін жиі көруге болады. Ол қыста да көрініп тұрады. Ал жазда күн ұзақ, жарық мол болғандықтан ол көрінбейді.

Солтүстік шұғыласының белсенділігі Күн бетіндегі дауылдан болған бөлшектердің атмосфера қабатынан өтуінен туындайды. Оның қашан болатынын метеорологтар алдын-ала есептеп, хабарлап отырады. Күн белсенділігі артқан кезде ондай бөлшектер Оңтүстік Финляндия аспанында да түрлі-түсті шұғыла туындауына әсер етеді.

Поляр шұғыласының ең жиі көрінетін түстері – жасыл мен сары. Ал қызыл мен күлгін түс сирек көрінеді. Шұғыла көзге құбыла «билеп» тұрғандай болып көрінеді.

– Солтүстік шұғыласы алғаш көрген адамға қорқынышты әсер етпей ме? Өзіңіз оны бірінші мәрте көргенде қандай күйде болған едіңіз?

– Өз басым оны алғаш көргенде қатты қорыққан болатынмын. Қараңғы орман ішінде келе жатқан едім, кенет дәл төбемнен түрлі-түсті болып құбылған құйын өтіп жатқан сияқты болып көрінді. Зәрем қалмады. Өзімді сол құбылыс бір жаққа әкетіп қалардай болып, бойымды үрей торлады. Жүруге қорқып, бір орында тұрып қалдым. Сосын бірте-бірте денем үйреніп, оған қызыға қарап тұрдым.

Бірде ондай шұғыланы қатты аязды түні де көргенмін. Ол кезде де ай мен жұлдыздар жарқырай көрініп тұрған еді. Ол жолы шұғыла аспанда көлденең түскен алып жасыл және сары түсті сызық күйінде, желмен ұйпаланып тұрған сияқты болып көрінген.

– Негізі солтүстік шұғыласы жерге төне жақындап көріне ме?

– Жоқ. Шұғыла жерден 100 шақырымдай биікте пайда болады. Бірақ ол адамға тым жақын сияқты болып көрінеді.

– Қай кезде қанық бояумен көрінеді? Қандай формаларда болады?

– Ол қараңғы түнде, аспан бұлтсыз кезде, сосын қатты суық болып тұрғанда анық көрінеді. Формалары әртүрлі болады, кейде сызық күйінде, кейде прожектор сияқты болып та көрінеді. Оны далалы жерден көру оңай. Ал жарығы көп қалада оны анық көруге сол жарықтар кедергі келтіреді.

– Жалпы, оның елдің оңтүстігі мен солтүстігінде көріну жиілігі қандай?

– Солтүстікте ол жиі әрі ұзағырақ уақыт көрінеді. Ол жақта оны күн батқаннан таң атқанға дейін көруге болады. Ал оңтүстікте ол сирек көрінеді әрі оның көрінуі ұзаққа созылмайды, тез өтіп кететіні бар, ары кетсе түнгі сағат 1-ге дейін ғана көрінуі мүмкін. Мысалы, 2020-жылы ол елеусіз ғана болып көрінді. Негізі Оңтүстік Финляндияда поляр шұғыласының қашан көрінетінін ешкім дәлдеп айта алмайды, оны метеорологтар ғана шамалауы мүмкін.

– Солтүстік шұғыласының қандай да бір техникаларға зияны тиюі мүмкін бе?

– Ондай бар. Мысалы, кешегі шұғыланың көрінуі кезінде жаңалықтардан оның әсерінен 20 шақты аппараттың бүлініп, жұмысы тоқтап қалғаны жөнінде хабарланды.

– Ал адам денсаулығына, психикасына ол қалай әсер етеді?

– Алғаш көрген, әсершіл адамдарға қатты әсер ететіні бар. Дегенмен денсаулыққа кері әсері болады дегенді естімеген екенмін.

– Осындай құбылысты тамашалау үшін Финляндияға басқа елдерден туристер көп баратын шығар?

– Иә, туристер Финляндияға тек соны көру үшін ғана өте көп келеді. Лапландияда Аяз атаның резиденциясы бар ғой, оны көруге де туристер аз келмейді. Әлем елдерінен адамдар оған жыл бойы келеді. Әсіресе Жапониядан, Қытайдан келетіндер көп.

– Осы солтүстік шұғыласы туралы финдер арасында қандай да бір наным-сенім, аңыздар айтыла ма?

– Ондай қызықты аңыздар көп. Мысалы, Лапландияда солтүстік шұғыласы туындаған кезде ысқыруға болмайды деген тыйым бар. Шұғыланы әруақтардың немесе Құдайлардың аспанды кезіп жүрген шағы деп санайтындар көп. Шұғыланы көрген кезде кірпік қақпау керек дейтіндер де жоқ емес. Көзіңді жыпылықтатар болсаң, олар жерге шабуыл жасап, аспанға әкетіп қалады деген аңыз айтылады. Ондай кезде әйелдерге жалаңбас жүруге тыйым салынған. «Жалаңбас жүрген әйелді шашынан сүйреп әкетеді», – деп сақтандырады. Енді бір аңызда аспанда сол күні алып түлкі жүгіріп, құйрығының ұшынан ұшқындар шашыратады деп айтылады.

Сондай-ақ ерлі-зайыптылар солтүстік шұғыласы астында қосылса, әйел бала көтереді, ол ұл туады, ол баланың өмірі бақытты болып қалыптасады деген сенім бар.

– Жүктеген суретіңізге қарағанда орманға жақын жердегі ауылда тұратын сияқтысыздар ғой? Ол жақтың жануарлар дүниесі қандай?

– Орманға жақын жерде тұрамыз. Ол жақта өзен бар. Орманда жан-жануардың түр-түрі мекендейді. Бұғы, бұлан, киік, қоян, тиін, сілеусін, түлкі, қасқыр, аю, тырна, аққу, тағы басқа аң-құстар көп. Аң-құстар кейде есіктің алдына дейін келіп тұрады.

– Финдер бұғының етін асқа тұтынады ғой. Бұғы етін жеп көрген шығарсыз? Ол қандай болады?

– Бұғы етін біз азыққа жиі тұтынамыз. Ол дәмді, майы тым көп емес, кәдімгі жылқынікі сияқты қаракесек еті көп болады.

– Финляндияда қазақтар көп пе?

– Жоқ, бірен-саран ғана. Оқуға келген аздаған жастар бар.

– Финдердің бізге ұқсайтын жақтары бар ма, қалай ойлайсыз?

– Әндерінің әуенінде ұқсастық бар. Олар көктемде, пасханың кезінде мямми деп аталатын тағам пісіреді. Ол сүмәләкке қатты ұқсайды.

– Бірнеше тіл білетін шығарсыз? Ал фин тілі қандай, ол қай ұлттың тіліне көбірек ұқсайды?

– Мен орыс мектебінде оқығанмын. Фин тілін осында меңгердік. Ол фин-угор тілдері тобына жатады. Фин-угор тобына Карелияда, Мордовияда, Орал тауларына дейінгі аралықта мекендейтін ұлттардың тілдері жатады ғой. Ол эстон тіліне ұқсайды деп те  айтылады.

– 30 жылдан бері өзге елде тұрсаңыз да өз тілімізді ұмытпапсыз…

– Ұмытпауға тырысамын. Кейінгі екі жылдан бері «Отандастар» қоры мұнда қазақ тілін үйретіп жатыр. Сол жақсы болды.

– Елге келіп тұрасыз ба?

– Жыл сайын барып тұрамын. Бұл мен үшін аса маңызды. Себебі елде қарт анам бар. Әр барған сайын қуат алып қайтамын. 2019 жылы елге финдерді апарғанмын. Түркістанда өткен мерекелік шараға қатысқанбыз. Соңғы мәрте 2021 жылдың қазан айында бардым. Сәтін салса, биыл да барамын деп отырмын.

Сіздер жақта қазір ауа райы қандай болып тұр? Қар бар ма? Аязы қандай?

– Жерде қар бар. Қар жауған соң еріп, мұзға айналатын кезі көп. Мұнда 27 – 30 градустық аяздар жиі болады, кей кезде оның күші 40 градусқа дейін жетеді. Ал Лапландияда 50 градусқа дейінгі аяздар болып тұрады. Бірақ ондай жағдай жиі емес, өте сирек кездеседі.

– Жұмысыңыз қауырт болса да уақыт бөліп, қызықты әңгіме айтып бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Аман болыңыздар!

Д. ӘБДІЛЛА.

«Zamana.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button