Біздің сұхбат

Бес бөлмелі үйін тегін тұруға бермек

Таяуда Ауғанстанда орын алған бүліншілік бұл елде тұрып жатқан қандастарымызға да қиын тиюде. Осы орайда ол жақтан қоныс аударып келетін қазақ баласы болса, оған қол ұшын беремін деушілер де жоқ емес.

Түркістан облысындағы Арыс қаласының тұрғыны Әуелхан Назарқасымұлының саяси-әлеуметтік тақырыптарға үн қосып, мәселелер көтеріп отыратыны белгілі. Таяуда ол Ауғанстаннан қоныс аударып келген бір отбасыға баспана жағынан қол ұшын беруді ұйғарғаны туралы жариялады. Осы орайда бізге ол кісінің өзімен хабарласып, аз-кем сөйлесудің сәті түскен еді.

– Егер ауғанстандық бір қазақ отбасы елге оралар болса, оған баспана тауып беруге әзірмін деп жазғаныңызды оқып, ниетіңізге сүйсініп отырған жайымыз бар. Өйткені қазіргідей кезде мұндай шешімді екінің бірі жасай бермейтіні белгілі…

– Иә, солай деп жаздым, оным бос сөз емес. Үйімді тегін тұруға беремін. Ауғанстанда болған жайды бәріміз де көріп-біліп отырмыз ғой. Ол жақтың қазақтары – өз бауырларымыз, кеңестік кезеңдегі қудалаудан амалсыз басқа елге босып кеткен қандастарымыздың ұрпақтары. Олар түрлі себептермен елге, ата мекенге жете алмай жүр. Енді мынадай жағдайда барар жері болмай, қиналып жүргендері болуы да мүмкін. Сосын ойлана келе осылай деп ұйғарғанмын.

– «Баспана тауып беремін» деген сөзді әрқалай қабылдауға болады ғой. Нақтылап айтсаңыз. Ауғанстаннан бір қазақ отбасы келер болса, оған баспананы жалға бересіз бе, әлде өз меншігіңіздегі үйді беріп, тегін тұрғызасыз ба?

– Тегін тұрғызамын.

– Қанша уақытқа?

– Жұмыс тауып, жағдайын жасап алғанша. Жұмыс табуына өзіміз де жәрдемдесеміз ғой. Өздері де әрекетсіз отырмайтын шығар. Азаматтық алу деген де оңай емес, ол жағынан да жәрдемдесерміз. Үйді мүмкін біржола тегін де берермін. Ол жағын алдағы уақыт, жағдай көрсетеді.

– Ал сіз берем деп отырған баспана қандай? Көпқабатты үйдегі пәтер ме, әлде жеке сектордағы үй ме? Қанша бөлмелі?

– Ол жеке сектордағы бес бөлмелі етіп салынған үй.

– Сонда олар сіздердің өздеріңізбен бірге тұратын болады ғой?

– Жоқ, бөлек тұрды. Қалада өз үйімнен бөлек, тағы да бес бөлмелі үйіміз бар. Кезінде балаларға қажеті болады деп салдырғанбыз. Қазір ол бос тұр. Осы уақытқа дейін пәтер жалдаушыларға беріп келгенбіз. Өз үйлері болмағасын жанашырлықпен қарамайды екен, сосын босатып қойған едік. Жыл сайынғы мүлік салығын төлеп қойып отырмыз. Сол үйдің жай-күйіне қарап отырса болды, басқа қояр пәлендей талабымыз жоқ.

– Үйдің қазіргі жай-күйі қалай? Су, жарық, газ, жылу дегендей коммуналдық жағдайлары жасалған ба? Үйіргелік жері бар шығар, мал ұстауға, бау-бақша егуге бола ма?

– Үйдің жай-күйі жақсы, коммуналдық қызметтің бәрімен де қамтылған. 8 соттық жері бар, игерілген. Қора-жайлары да бар. Мал ұстауға, бау-бақша өсіруге қолайлы.

– Енді өзіңіз, отбасыңыз туралы қысқаша айта кетсек. Жасыңыз нешеде, қазір немен айналысасыз? Отбасында қанша бала өсіргенсіздер, олар немен айналысады?

– Жасым биыл 67-ге толды. Зейнеткермін. Кезінде шаруашылықтарда түрлі жұмыстар істегенмін, бухгалтер де болғанмын. Зейнеткерлікке осы бухгалтерлік жұмыстан шыққанмын. Әйелім Бибігүл үй шаруасында болған, балалардың күтіміне қараған. Құдайға шүкір, көпбалалы отбасымыз десек болады. Балалардың барлығы да бүгінде өз алдарына үйлі-жайлы, түрлі салаларда еңбек етіп жүр.

– Апа екеуіңіз жеке тұрасыздар ма?

– Кенже ұлымның отбасымен бірге тұрамыз.

– Балаларыңыз сіздің шешіміңіз туралы біле ме? Олар бұған қатысты не деді? Қарсы болғандары жоқ па?

– Балалар біледі. Сауапты тірлік қой, неге қарсы болсын? Балаларым шешімімді қолдап отыр.

– Мұны неге тәптіштеп сұрап отырғанымызды түсінетін шығарсыз. Қазір ақшаның бірінші орынға шығып тұрған шағы, жұрттың өз туысына да қарасуға шамасы мен пейілі қалмай барады. Осындай жағдайда сіздердің бұл шешімдеріңізді үлкен ерлік, зор адамгершілік деуге болады

– Ерлік жасай қалайық деп отырғанымыз жоқ. Ауғанстандағы ахуалды көріп-біліп отырғасын біздікі бір қандасымызға қолдан келген көмегімізді көрсетейік деген ниет қана ғой.

– Ендеше ниет қабыл болсын, жасаған жақсылық өздеріңізге еселеп қайтсын дейміз. Үлгілі-өнегелі істеріңіз жалғасын таба бергей!

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button