Біздің сұхбат

Бейжіңде 5 жыл оқыған қазақ

Бүгінде жұрттың назары Қытайға көбірек ауып тұр, өйткені оның астанасы – Бейжің қаласында XXIV қысқы Олимпиада өтіп жатыр. Ал іргеміздегі бұл алып мемлекет туралы білетініміз аса көп емес. Сондықтан біз кезінде Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз, ақын Әділет Ахметұлымен сұхбат құрып, оған бұл ел жайында, оның халқы, ерекшеліктері жөнінде сұрақтар қойған едік.

– Сізді Бейжіңде 5 жыл тұрған деп естідік. Өзіңіз Қытайда туып-өскен екенсіз. Сондықтан сізбен Қытай елі жөнінде сұхбат құрсақ деп едік.

– Мүмкіндігіме қарай білгенімше айтып берейін.

– Ендеше әңгімені өзіңіз оқыған Бейжің университетінен бастайық. Ол қандай оқу орны, өзіңіз университетті қандай мамандық бойынша бітірген едіңіз?

– Бейжіңдегі мен оқыған жоғары оқу орны «Орталық ұлттар университеті» деп аталады. Ол – Қытайда тұратын 55 азшылық ұлт өкілдерінің білім ордасы. Жалпы, бүгінде Қытайда 1 миллиард 400 мыңнан аса халық тұратын болса, соның 97 пайызы – қытай ұлтының өкілдері, қалған 3 пайызын қазақ, қырғыз, ұйғыр, тибет, монғол, кәріс сияқты азшылық ұлттар құрайды. Сол азшылық халық санының өзі бірнеше миллион адамға жетеді. Оқу орны заманның тыныш кезінде сондай ұлт зиялыларының талабымен ашылған. Оған бүгінде әлем елдерінен барып оқитындар көп.

Орталық ұлттар университеті Қытайдағы әйгілі жоғары оқу орындарының бірі саналады. Ол тіл және әдебиет мамандарын даярлайды. Шыңжаңдағы азшылық ұлттардың, әсіресе қазақтардың көптеген көшбасшылары, зиялы қауым өкілдері осы оқу орнын бітірген. Мен осы университеттің қазақ тілі және әдебиеті факультетінде оқыдым. Бейжіңде 5 жыл тұруымның себебі сол.

– Қытайша жақсы білетін боларсыз? Жалпы, қытай тілін үйрену қиын ба? Оның қандай ерекшеліктері бар?

– Негізі Шыңжаңдағы жергілікті халықтың тең жартысын қазақтар, жартысын ұйғырлар құрайды деуге болады. Өлкенің бүкіл солтүстік аумағында қазақтар тұрады. Сондықтан біз бастауыш білімді қазақ мектебінде алғанбыз. Ол кезде біз тұратын жақта білім беру саласы, баспасөз, әдебиет, телеарналар – барлығы да қазақша жұмыс істейтін. Қытайлар аз болды, сондықтан қытай тілінің қолданыс аясы тар еді, ол тек қосалқы тіл сияқты оқытылатын. Мемлекет тілі ретінде қытай тілін 4-сыныптан жоғары қарай оқитынбыз. Қазір жағдай басқаша.

Негізі қытай тілін үйрену қиын. Дегенмен оны меңгерудің оңайлатылған тәсілдері бар. Мысалы, еуропалықтар үшін латын әрпімен жазылатын «пиньин» деп аталатын түрі қалыптастырылған. Ол бойынша адамға алдымен иероглифтердің дыбысталуын, дауысты дыбыстар, дауыссыз дыбыстар деген сияқты жақтарын үйретеді, иероглифтерді содан кейін үйретеді. Өйткені қытайларда әріпті таңбалайтын 60 мың иероглиф бар. Жазуы осындай күрделі болғандықтан пиньинді бүгінде қытайлардың өздері де балаларын оқытуда қолданады. Жалпы, бар зейінін салып оқыған адамға қытай тілін меңгеру аса қиын бола қоймайтын шығар деп ойлаймын.

Ал енді түрлі атауларды таңбалауда қытай тілінің қызық жақтары көп. Мысалы, олар «ертең» деген сөзді жазу үшін күн мен айды білдіретін екі иероглифті қосады. Яғни ертең тағы да күн шығады, ай туады дегенді ишаралайтын қос таңбадан «ертең» сөзін ұғынуға болады. Сол сияқты, мысалы, ер адам мен әйел туралы жазылғанда оларды білдіретін иероглифтер қолданылады. Осындай қызық жақтары бар.

– Жалпы, Қытайдағы білім саласының деңгейі қандай? Жастарды тәрбиелеу, идеология жағы қандай?

– Кезінде білім саласына наразы едік, кейін басқа елдердегі, Қазақстандағы жағдайды көрген соң пікіріміз өзгерді, Қытайдың білім беру бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына кіретініне көзіміз жетті.

Жалпы, ол елдің халқы зерделі, еңбекқор келеді, сондықтан қытай ұлтының көңіліне қонымды деңгейде, арғы бастауын Конфуцийден алатын дәстүрлі білім беру жүйесі қалыптасқан. Оған заман ағымына сай өзгерістер енгізіліп тұрады. Дамыған Еуропа, Азия елдерінің білім беру жүйесінен алынған нәрселерді тәжірибелер арқылы сынап көріп, енгізіп, заманауи білім беру жүйесін қалыптастырған. Яғни білім беру жүйесін жоғары деңгейде деуге болады.

Жалпы, Қытайда Батыс елдеріндегі сияқты ақшамен оқытатын оқу орындары да жетерлік. Дегенмен мемлекет білім сапасына жоғары талап қояды, дәстүрлі білімге де, заманауи білімге де көп күш салады. Халқының, жастарының көптігін пайдаланып, білім-ғылымын, әскери, қорғаныс саласын, ІТ саласын, интеллектуалдық саланы, ғарыш саласын барынша дамытуға, бәсекеге қабілетті мамандарды көбейтуге күш салады, осындай салаларға бейімі бар жастарын оқытып, тәрбиелеуге бағытталған университеттері өте көп. Қытай өзінің бәсекелестікке қабілеттілігін осындай жол арқылы арттырап отыр. Елде білімді, зерделі, отансүйгіш, ұлтжанды жастарды тәрбиелеп шығаруға көп мән беріледі.

Қытайда мемлекеттік идеология мықты. Дегенмен оның жалықтырып жіберетін жақтары да бар. Маркстің, Энгельстің, Мао Цзе Дунның, Дэн Сяо Пиннің, жалпы, бұрынғы және қазіргі ел басшыларының теорияларын үйрететін саяси үлгідегі сабақтар арнайы пән ретінде міндетті түрде өтіледі. Кез-келген саланың маманы болатын адам бұл сабақтарды меңгеруі тиіс, оған қатысты үлгерім балдық жүйемен есептеледі. Бұған байланысты шекті балл ала алмаған студентке айыппұл салынады, ол дипломын иелене алмай қалуы да мүмкін. Маман оқу орнынан бұл жағынан да шыңдалып шығуы тиіс.

Жалпы, қытайлар өздерін 5 мың жылдық тарихы бар мықты халық деп есептейді. Олар үшін басқа ел халқының бәрі бірдей, бәріне «шетелдік» деп бір-ақ ұғыммен қарайды. Яғни олар үшін әлемде қытайлық пен шетелдік қана бар. Ары кетсе «еуропалық» немесе «АҚШ-тық» деген санаттар ғана қосып айтылуы мүмкін. Кез-келген қытайдың ұғымы осындай.

– Қытайда студенттерге қандай жеңілдіктер жасалады? Оларға стипендия беріле ме, жастар тегін жатақханамен қамтыла ма?

– Қытайда стипендия деген жоқ есепті. Дегенмен біз оқып жүргенде Орталық ұлттар университетінде стипендия болды. Алайда оның өзі бір топтағы 30-40 студенттің саусақпен санарлық бірнешеуіне ғана бұйыратын. Үлгерімім жақсы болғандықтан өзім үш жыл стипендия алып оқығанмын.

Бұл негізінен Қытайдың ұлттар саясатына көңіл бөліп отыратынын көрсету мақсатында жасалған болар деп ойлаймын. Негізі, жалпы міндетті оқу-ағарту саласында жеңілдіктер болмаған. Мектепте оқулықтарды сатып алатын. Мектептер, жатақханалар, оқу орындары – бәрі ақылы еді. Тіпті перзентханада босанған әйелдер онда көрсетілген қызмет үшін ақы төлейтін. Қазір қандай екенін білмедім.

Жалпы, Қытайдың экономикасы жақсарған соң мектептерде тегін оқыта бастаған еді. Дегенмен мұның да қазір қандай екенін білмеймін. Ал университеттерде оқу – ақылы. Біздің кезімізде Қытайдың байы да, кедейі де баласын университетте теңгенің қазіргі бағамымен есептегенде 700 мың мен 1 миллион 500 мың теңгенің аралығында ақы төлеп оқытатын еді. Топтағы сонша студенттің ішінен озып шыққан оншақтысына ғана стипендия бұйыратын, олардың оқуға түскен кездегі төлеген қаржысы өзіне қайтарып берілетін. Бұрын сондай еді. Қазіргі күндері тегін оқытады дегенді естіген емеспін.

– Халықты құрайтын адамдардың мінезі әр-алуан келеді ғой. Дегенмен ұлт ретінде қытайларды қандай қасиеттер айқындап тұрады деп ойлайсыз?

– Қытайлар негізінен алғанда еңбекқор, ұлтжанды, ата дәстүрлеріне берік халық. Олар өздерін әлемдегі халықтың тең жартысымыз деп, көптеген жаңалықтар ашып, әлемнің дамуына, өзгеруіне тікелей атсалысқан халықпыз деп санайды. Өз отандарына Орта Азиядағы, тағы басқа да аумақтардағы елдердің барлық саяси проблемаларын шешіп берген ел ретінде, әділ қоғам орнатқан ел ретінде қарайды, мұны жастарының санасына сіңіреді. Яғни Қытай ұлттық идеологияны сіңіруде көптеген елдерден көш алда деуге болады.

Қытайларды ерекшелейтін ең басты мінез – олар өкпе-ренішін, кектенуін ешқашан ашық білдірмейді. Конфуцийден кейінгі Сун Цзы деген ғұламаларының ілімінде «Біреуге ашық тиіспе, шамаң жетпесе, қашып құтыл, жаныңды сақта» деген тұрғыда айтылған екен. Бұл ұстаным қытайлардың ұлттық психологиясына берік сіңіп кеткен. Осыған орай жұртшылық арасында «Қытай қырық жылдан кейін кек алса да кеш емес» деген сөз таралған. Олардың ішкі көңіл-күйін аңдау қиын, нені болса да іште сақтайды.

– Ал ел астанасы – Бейжіңнің өзі қандай қала? Тұрғындары, тәртібі қандай? Онда қандай ұлт өкілдері тұрады?

– Бейжің – мыңдаған жылдық тарихы бар үлкен қала, онда қазіргі күндері 21 миллионнан астам адам тұрады. Бейжіңде кез-келген ұлт, нәсіл өкілі еркін өмір сүре алады. Көшелерінен ондайлардың түр-түрін көруге болады. Өйткені ол – ел астанасы, оған жан-жақтан, шетелдерден барып тұрақтаған адамдар шоғырланған. Жергілікті қытайлар басқа жақтағылардан өзгешелеу, сыпайы болып келеді, олармен сыйласып кету оңай.

Бұл бір жағынан саясатқа да байланысты. Қытайларда әлемдік саясатта өздерін жақсы жағынан көрсетуге деген ұмтылыс басым, азшылық ұлттарға зәбір көрсетілмейтін, жарасымды қоғам құрылғанын көрсетуге тырысады. Ел астанасынан қазақтың, ұйғырдың, өзбектің асханаларын көптеп кезіктіруге болады, мұсылманша тамақ жеуге, намаз оқуға мүмкіндіктер бар.

Бұл жағынан Бейжіңнің ерекшеліктері баршылық. Басқа аумақтарда жұрт бір-біріне үрке қарайтын болса, Бейжіңде ондайдың бірі де жоқ.

Дегенмен кез-келген үлкен қалалардағы сияқты Бейжіңде де түрлі жағдайлар болып жатады. Бірақ Батыс елдеріндегідей көшедегі атыс-шабыс деген онда болмайды. Қоғамдық тәртіп жақсы сақталады. Сақшылар көп.

– Қаланың экологиясы аса нашар деп естиміз…

– Иә, ол рас. Бейжіңнің ауасы өте ауыр, онда атмосфераға газ бен тозаң бөлетін автокөліктер де көп. Кезінде жоспарсыз салынған зауыттар да экологияға орасан нұқсан келтіріп отыр.

Мұндай қиын жағдай Бейжіңге ғана емес, Қытайдың халық көп тұратын басқа ірі қалаларына да тән. Қытай үкіметі ол проблеманы шешуде дәрменсіз болып отыр.

– Бір кездері Қытайда «Бір отбасы – бір бала» тәртібі енгізілгені белгілі. Ондай шектеу азшылық ұлттарға да қатысты болды ма? Қазіргі жағдай қалай болып жатыр екен?

– «Бір отбасы – бір бала» саясатының қытай ұлтына да, азшылық ұлттарға да тигізген зардабы аз болған жоқ. Ол шектеу ұлтына бөлмей, елдің үлкен қалаларында тұратындардың барлығына бірдей қолданылды. Шалғай ауылдарда тұратын қытайлар отбасында екі бала өсіре алатын еді. Ал шағын қалаларда, ауылды жерлерде тұратын басқа ұлт өкілдеріне 3 балаға дейін өсіруге рұқсат болды, төртінші баланы құрсақтан алдыртып тастайтын немесе ол үшін қомақты айыппұл төлететін. Кейін саясат өзгерді. Қытай халқының жылдам қартайып бара жатқаны есепке алынды, оның үстіне экономикалық жағдай күрт көтерілді, содан кейін шектеу алынып тасталды.

Тағы бір айта кетер жай – қытайлар отбасында бір-ақ баланың болуы оның мінез-құлқы қалыптасуына едәуір нұқсан келтіретініне көз жеткізді. Өйткені әке-шешесі мен ата-әжесінің және нағашы ата-әжесінің – 6 адамның ортасындағы жалғыз бала қатыгез, өзімшіл болып өседі екен. Қытайлар бала санын көбейтуде ондайларда бауырмалдық, мейірім, отансүйгіштік сезім болмайтынын да қаперге алған.

– Қытайда зейнеткерлерге керемет жағдайлар жасалған деп естиміз. Зейнетақы көлемі өте жоғары деседі. Зейнеткерлерге жыл сайын әлемнің 15 елінің біріне барып қайтуға тегін жолдама беріледі дегенді де бір жерден оқыған едік…

– Ол енді әрқалай ғой. Мысалы, біз Қазақстанға көшкенге дейін малшы, егіншілерге тағайындалатын зейнетақы көлемі өте төмен еді. Мұндай шаруамен айналысатындар өз өндірген өнімін сатып күнін көретін, қартайғасын баласының қолына қарап қалатын. Кейінгі бір оншақты жыл ішінде бүкіл мемлекетте ауырып-сырқаған адамдар тегін емделетін болды, үлкен операциялар жасатқанда шығындалған қаржының 80 пайызын адамның өзіне қайтарып беретін болған. 2000-жылдардан бері қарай ауыл шаруашылығы саласында істейтіндерге түрлі жеңілдікпен субсидия, несиелер бере бастады. Ел экономикасы көтерілгеннен кейін зейнетақы мөлшері де артқан еді.

Ал басқа елдерді барып көріп, қыдырып, демалып қайту үшін жеңілдік негізінен бұрын мемлекетке, Отанға зор еңбек сіңірді деп танылған жандарға жасалады.

– Өзіңізбен сұхбаттасып, біраз нәрсеге көзіміз ашылғандай болды. Сәтін салып жатса, алдағы уақыттарда да сұхбаттас болармыз деген үміт бар. Уақыт тауып, білгеніңізбен бөліскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

…Жалпы, уақыт тығыздығына байланысты біз Әділет Ахметұлымен көп әңгімелесе алмадық. Дегенмен осының өзінен біраз нәрсені ұғып алуға болары анық.

Ал сұхбаттасымызды жақынырақ таныстырып өтер болсақ, Әділет Ахметұлы – ақын, қазақ әдебиетінде өзіндік алар орны бар азамат.1986-жылы Қытайдың Алтай аймағындағы Бурылтоғай ауданында, Қармағай ауылына қарасты Таңбалы қыстағында өмірге келген. Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетін бітіргесін Шыңжаңнан шығатын «Мұра» журналында тілші болып еңбек еткен, онда редактор қызметіне дейін өскен. Қазақстанға 2014-жылы көшіп келген. Ә.Ахметұлы Астананың 15 жылдығында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасында «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасымен жүлде иеленген, «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпазы деп танылған. Ақынның өлеңдері бүгінде түрлі басылымдарда жарияланып тұрады, оның «Әділет» атты жыр жинағы жарық көрген.

Д. НҰРПЕЙІС.

«Замана.кз».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button