Біздің сұхбат

Балаңыз түнде ойын ойнай ма?

Таяуда елімізде он үш жастағы үш оқушы суицид жасап қайтыс болды. Олардың екеуі асылып, біреуі жиырмасыншы қабаттан секіріп кеткен.

Жоғарыдан секірген қыз аманкос деген ойын ойнаған екен. Ал асылып қайтыс болған бала өлерінен бірер күн бұрын асылатынын айтып пранк түсіріпті. Бұған сыныптастары күлген де қойған. Оны шынымен сондай әрекетке барады деп ешкім де ойламаған.

Оқушылардың өліміне расымен де компьютерлік ойындар кінәлі ме? Олар не үшін суицидке барады? Бұл сұрақтарды біз психолог Сейілбек Мырзабайға қойған едік.

– Сұрағыңызға жауап бермес бұрын бір оқиғаны айтып берсем деймін. Астанадан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында лекция оқып келе жатқанымызда пойызда бір кісімен сапарлас болдық. Танысып, жөн сұрасып отырып, біз «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығарып жүрген авторлар екенімізді, суицидтің алдын алу бойынша лекция оқитынымызды айтқанымызда ол кісі бізге бір қызық әңгіме айтып берді.

Айтуынша, ол кісі де суицидтің алдын алу бойынша лекция оқып жүрген маман екен. Ол неше жыл зерттеп жүріп, ақыры суицидтің себебін таптым деді. Әсіресе, оқушылар мен жасөспірімдер арасында суицидтің не үшін қатты өршіп тұрғанын білдім дейді. Не үшін екен дегенімізде: «балалардың суицид жасауының негізгі бірден-бір себебі – витаминнің жетіспеуі» деді. Біз таң қалып: «Не үшін бұлай деп отырсыз?» – деп сұрап едік, ол: «Себебі бала түнімен ойын ойнайды. Ойын ойнағасын ұйқысы қанбай қалады. Ұйқысы қанбаған бала дұрыстап тамақ ішпейді. Дұрыс тамақ ішпеген баланың бойына витамин дер кезінде дұрыстап бармайды. Соның кесірінен оларда ауытқу пайда болады. Көңіл-күйі кілт бұзылады. Көңіл-күйі бұзылған бала өз-өзіне қол жұмсайды», – деді. «Жақсы, солай-ақ болсын дедік. Енді бала не үшін түнде ойын ойнайды, соған жауап іздеп көрейікші», – дегенде әлгі кісі үндемей отырып қалды.

Жалпы, суицидтің себебін түрліше тарқататын мамандар өте көп. Бір психолог жоғарыда айтқанымдай, витаминнің жетіспеуінен көрсе, біреу тәрбиенің нашарлығынан, біреу мектептегі білім жүйесінің қателігінен, біреулер отбасындағы кикілжің, әлеуметтік ахуалдан, материалдық жағдайдың төмендігінен көреді. Бірақ логотерапия ғылымының негізін қалаушы В. Франкл суицидті шешу үшін құр себеппен шектелуге болмайды деп, негіз деген ұғымды алып келеді. Ол суицидті шешкісі келген маман субъективті негізді түсіну керек дейді.

– Себеп пен негіздің айырмашылығы не? Не үшін біз суицидтің тек себебіне ғана қарамай оның негізіне үңілуіміз керек?

– В. Франкл суицидке апаратын себеп мың түрлі бола береді, ал негіз біреу-ақ дейді. Алдымен себеп пен негізді ажырату үшін бір мысал айтқаным дұрыс болар. Мысалы, бір келіншек пияз турап, көзінен жас парлап ағып жатыр дейік. Оның көзінен жас ағуының себебі – пияздан лакриматор деген зат бөлініп, көзге әсер етеді. Енді күйеуі көлік апатынан қайтыс болған келіншек оның жетісінде немесе қырқында пияз турап отыр дейік. Келіншектің жылауының себебі пияз деп оны алып тастасақ, ол көз жасын тыя ма? Жоқ, ол әрі қарай да жылай береді. Себебі ол қаза тапқан күйеуін еске алып, қасірет шегіп отыр.

Бұдан шығатын қорытынды – себеп деген адамның биологиялық-физиологиялық қабатынан шығады да, ал негіз ноологикалық қабаттан шығады. В. Франклдың себеп мың түрлі, ал негіз біреу дейтінінің себебі сол. Сол секілді жасөспірімдердің де суицидке баруының мың түрлі себептері бола береді. Біреуі ойын ойнайды, біреуі ата-анасымен ренжісіп қалып, өзіне қол жұмсап жатады. Біреуі жауапсыз махаббатқа, біреуі әділетсіздікке тап болады, біреу әлдекіммен сөзге кеп қалады деген секілді түрлі себептер тауып айта беруге болады. Бірақ В. Франкл адамның суицид жасауының себептері миллион түрлі болса да негізі біреу, ол – экзистенциялық вакуум деп айтады.

Яғни қазақша оны қуыс кеуде деп айтамыз. «Үн болмаса, гүл болмаса бұлбұл деген бір сұр құс, ар болмаса, ой болмаса кеуде деген бір қуыс». Яғни суицидтің терең түкпіріндегі негізіне үңілсеңіз, адамның өмірінен мән таппай, өзінің орнын таппай, қуыс кеуделікке ұрынып қалғанының кесірінен болады дейді. «Адам сыртқы соққыдан емес, ішкі бостықтан өледі» деген Франклдың тағы бір сөзі бар. Ол жер бетінде азғындықтың қандай түрі бар, бәрін алып кел дейді. Суицид, ішкілік, нашақорлық, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық, қылмыстың неше атасы, соның бәрінің негізі бір ғана топырақта өсіп-өнеді, оның атын ғылымда экзистенциялық вакуум, қазақша қуыс кеуде дейді. Франклдың адам сыртқы соққыдан емес, ішкі бостықтан өледі деуінің себебі сол.

– Он үш жасар баланы қуыс кеуделікке ұрынды деу ертерек емес пе? Он үш жас деген әлі кішкентай емес пе?

– Расында неге он екі-он үш жасында, жасөспірім шақта? Ағылшындар он үш-он тоғыз жас аралығындағы балаларды тинейджер деп айтады. Неге тинейджерлердің арасында суицид өте жоғары? Ең қызығы, бала осы жаста ізденеді. Оны экзистенциялық ізденіс деп айтады. Яғни осы жаста баланың санасында экзистенциялық сұрақтар шабуылдап бастайды. Мені еркіме жібер, мені мағынасыз тіршілікпен қинама, өмірлік миссиямды іздейін, жауапкершілік арқалап, мәнмен қауышқым келеді дегенді түсіндіре алмайды. Абай атамыз да «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демей ме? Жасөспірімдік шақта бала осыны жан-тәнімен қалап тұрады. Егер осы бұлқыныстың, ізденістің себебі анықталмайтын болса, түбі трагедияға, бақытсыздыққа соқтыруы мүмкін. Егер ата-ана баласының кеудесіне неғұрлым құндылықтарды көбірек құйған болса, бала соғұрлым экзистенциялық сұрақтардың жауабын оңай табады. Сөйтіп бұл қиын кезеңнен тез әрі оңай өтіп кетеді.

– Жалпы, қазір көп психологтар балаларда бір проблема болса, оның түп тамыры отбасында, ата-анасында жатыр деп айтады. Шынымен де солай ма?

– Шынымен де солай ма, солай емес пе деген сұраққа жауап беру үшін «адам деген кім?» деген сұраққа жауап беруге тура келеді. Үйіңізде өсіріп отырған ұл-қызыңыз немесе партада отырған оқушының іс-қимылы, сөзі қай қабатынан шығып жатыр? Бұл неге мұндай мінез-құлық көрсетіп отыр? Осыны дұрыс түсіну үшін адамды тану керек болады. Адам үш қабаттан тұрады. Биологиялық қабатын соматика дейді, сосын психикалық және ноологикалық қабаты бар. Әдетте, көп ата-ана баланың осы ноологикалық қабатын, яғни рухани, ар-ұят қабатын ұмытып кетеді. Бала – ойланушы, трансендентті әлемге талпынушы, өмірден мән іздеуші жаратылыс иесі екенін ұмытып кетеді де, алғашқы екі қабатына ғана күш салады. Яғни уақтылы тамағын береді, туған күнін тойлап, мектепте өтетін мерекелік іс-шараларға қатыстырып, көңіл-күйін көтереді. Бала бұл жерде соматикалық қабаты мен психикалық қабатының азығын алады да, ал рухани қабаты күннен-күнге жоғалып, сөне береді.

Ал енді осы жерде баланың рухани қабатына кім жауапты деген сұрақ туады. Ғылымда құрал және құндылық деген ұғым бар. Мектеп осы құралға жауапты. Яғни баланың білім алуына, өнерлі болуына, кәсіп игеруіне. Ал ата-ана құндылығына жауапты. Құндылыққа не жатады дегенге келсек, ар-ұят, махаббат, жауапкершілік, еркіндікті дұрыс пайдалану, қайсар рух, кешірімді болу деген сияқты құндылықтарға жауапты.

– Балалармен жұмыс істеп жүрген психолог ретінде ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?

– Үйде баланың тәртібі, өзін-өзі ұстауы бұзылып жатса, ата-ана: «Саған не жетпейді осы? Бар жағдайыңды жасап отырмын. Біздің кезімізде оқуға мұндай мүмкіндіктер жоқ еді. Қазір түрлі курстар бар, соларға қатыстырып, сенен ақшамды аяп жатқан жоқпын», – деп ренжиді ғой. Бірақ біз баланың соматикасы мен психикасына шектен тыс көңіл бөліп, оның ноологикалық қабатын ұмытып кетіп жатқанымызды түсінбейміз. Көп проблема осыдан болып жатады. Сондықтан ата-анаға кеңес берген кезде құндылыққа жауапты болыңыз деп айтамыз. Бойына құндылық егілмеген бала қуыс кеуде болып қалады. Яғни қуыс кеуде бала отбасында тәрбиеленеді деген сөз.

Енді ол мектепке келген соң не істеуі мүмкін? Сабақ оқымайды, мұғаліммен ерегіседі, болмас-толмас, баянсыз іспен айналысады. Былайша айтқанда, ол өзінің өміріне жауапты болмайды. Сондықтан да «бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының кеудесіне ізгіліктің дәнін егеді» дегендей, біз ата-аналарға балаңыздың кеудесіне құндылық құюмен айналысыңыз. Оларға ертегі, аңыз, қисса айтып беріңіз. Өзіңіздің ғибратты ғұмырыңызды өнеге етіп ұсыныңыз дейміз.

Қандай балалар өмірде бір қиындыққа ұшыраған кезде тез аяқтан тұрып, тығырықтан шығып кетеді де, қандай балалар тығырықтан шыға алмайды дегенде В. Франкл қызық нәрсе ұсынады. Ата-анасы неғұрлым мәнді-мағыналы, ғибратты, өнегелі өмір сүрсе, соғұрлым балаларының шалыс басуы, қателікке ұрынуы сирек болады дейді. Сондықтан балам өмірде қателікке ұрынбасын деген ата-ана алдымен өзі мәнді-мағыналы өмір сүрсін дегенді ұсынар едік.

– Балалар неге ойынға тәуелді қазір? Оларды смартфоннан ажырату үшін не істеу керек?

– Егер баласының смартфонға, түрлі ойындарға тәуелді болғанын қаламаса, ата-ана өзінің ата-аналық міндетіне адал болуы керек. Оған ертегі, қисса айтып, кітап оқып беріп, уақытын көбірек бірге өткізген дұрыс, қолөнер үйретсін, бір сөзбен айтқанда балаға көбірек көңіл бөлгені абзал.

– Кей ата-ана баласының мінезі қатты өзгеріп жүргенін айтып, тіпті соңғы уақытта танымай қалдым деп жатады ғой. Осының себебі не? Бұрын жап-жақсы жүрген бала аяқ астынан неге өзгеріп кетеді?

– Ол табиғи нәрсе. Баланың мінезінің мың құбылуы табиғи құбылыс. Неге десеңіз, эссенция деген нәрсе бар, экзистенция деген бар. Яғни адам бұл дүниеге келгенде дайын, қалыптасып жаратылмайды. Адамнан басқа тіршілік иелері дайын, қалыптасып жаратылады.

Мысалы, итті алабай немесе овчарка, тазы, төбет болатынын алдын-ала, күшік кезінен біліп тұрамыз. Ол өскенде осындай ит болады деп отырамыз. Ал адамға ондай айдар таға алмаймыз. Себебі адамның экзистенциясы бар. Экзис деп адамның өзін-өзі жарып, сыртқа шығуын, бұлқынып көрінуін айтамыз. Адам қалыптасып біткен болмыс емес. Ол соңғы демі үзілгенше өзін қашап көріне береді. В. Франклдың айтатыны бар ғой: «Адам дүниеге келгенде кім екенін толық көрсетпейді, кім екенін білмейді, бірақ міндеті – кім екенін көрсету» деп. Баланың мінезі құбылып, аяқ астынан өзгеріп кетуінің себебі сол.

Ілкіден адамды мына бала адам болады, мына бала қылмыскер, мына бала оқымысты болады деп айта алмаймыз. Ол өмір сүріп біткенше мың құбылады. Керек десеңіз, бір балаңыз бір балаға ұқсамайды, бір балаға берген тәрбиені екінші балаңызға айнытпай бере алмайсыз. Өйткені әр бала әр тараптан ізденеді. Ал сиыр, қой, басқа да жан-жануарларда олай емес. Мысалға, бір сиырыңызды сатып жіберсеңіз, соны баққан қораны, берген жем-шөбіңізді дәл солай басқа сиырға да пайдалана бересіз. Ал адамда олай емес. Үлкен ұлыңызға берген тәрбиені кейінгілеріне бере алмайсыз. Адамның дара болмыс болатын себебі де сол.

– Уақыт бөліп, бізге сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button