Біздің сұхбат

Қазақты жаһанға танытып жүрген азамат

Шет мемлекеттерде өзінің біліктілігімен танылып жүрген жастарымыз туралы естігенде кеудені ризашылық сезімі кернейді, ел ертеңіне деген сенім қанаттанады. Осы орайда бізге Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында тұратын, халықаралық компанияда лауазымды қызмет атқаратын  Сапар Сатаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сапар Жеңісұлы уақыт тауып, біздің қойған сұрақтарымызға тұщымды жауап берді.

– Сіз жұмыс істейтін халықаралық компания қайда орналасқан, ол немен айналысады? Өзіңіздің ондағы атқаратын міндеттеріңіз қандай?

– «ХЭД Аэроспейз Групп» («HEAD Aerospace Group») компаниясының бас кеңсесі Қытай астанасы Бейжің қаласында орналасқан. Ол мемлекетке, үкіметке ешқандай қатысы жоқ жеке халықаралық компания болып есептеледі. Қытайдың Шанхай қаласында өз байланыс спутниктерін жобалап, жасап шығаратын өндіріс орны бар.

Компанияның әлемнің үш елінде – Франция астанасы Парижде, Нидерландының Нордвайк қаласында және Гонконгте халықаралық бизнесті дамыту бағытында жұмыс істейтін,  әрқайсысы жеке компания болып есептелетін офистері бар. Мен Париждегі «ХЭД Технолоджи Франц» офисінің ТМД, Кавказ және Шығыс Еуропа елдері бойынша коммерциялық директорымын. Маған осы аталған нарықтарда жұмыс істеуге үлкен өкілеттіктер берілген.

Біздің компания «Skywalker» («Скайуокер») байланыс жер серіктерін құрастыру, басқару және «IoT» саласында қызмет көрсету бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар Қытайдағы жерді қашықтықтан зондтау жер серіктері түсірген түсірілімдер мен олардың негізінде жасалған өнімдерді, басқа да стратегиялық әріптестеріміздің жасаған жер серіктерін, өнімдерін жаһандық нарыққа шығарамыз. Осындай үш бағыттағы қызметтер мен өнімдерді маркетингтік сатумен айналысамыз. Жалпы, ғарыш техникаларын, технологияларын импорттау мен экспорттау бағытында жұмыс істейміз.

Мен өзіме бекітілген нарықтағы тұтынушыларға қызметімді ұсынып, тиісті келісім-шарттарды іске асырумен айналысамын. Менің нарығымда осындай үлкен келісім-шарт пайда болғанда Бейжіңдегі, Шанхайдағы қажетті техникалық мамандар, заңгерлер мен басқа да қызмет саласындағы  мамандар онда нақтыланған жобаларды іске асыру жолында маған толықтай бағынып жұмыс істейді.

– Ал бұл компанияға жұмысқа қалай тұрған едіңіз? Онда қанша уақыттан бері қызмет атқарудасыз?

– Компания іскерлік байланыстарға арналған «Linkedіn» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жұмыс орнын жариялаған болатын. Мен соған қатыстым. Тиісті сынақтан өткен соң маған компаниядан арнайы ұсыныс келді. Мұнда қызмет атқарып жүргеніме екі жылдай уақыт болды.

– Жұмыс орныңыз Парижде, ал өзіңіз қазір Лондонда тұрады екенсіз. Мұның себебі неде? Жалпы, мұның жұмыс барысына кедергісі жоқ па?

– Лондонда орналасуымыздың себебі отбасылық жағдайға байланысты болып тұр. Жұбайым Мәдина бүгінде осында, докторантурада оқиды, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Сондықтан компания басшылығының рұқсатымен жұмысымды Лондонда атқарып отырмын. Парижге қажеттілік туған кезде баруға тура келеді. Негізінен жұмысым коммерцияға, бизнесті дамытуға байланысты болғандықтан мен жиі іс-сапарларға шығып тұрамын. Яғни қызметім офисте отырып жұмыс істеуді аса қажет етпейді, сол себепті маған шаруаларды Лондонда отырып жүргізуге рұқсат берілген.

– Сіз қызмет атқаратын компанияда қанша адам жұмыс істейді? Оның әлем елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен байланысы қандай? Қазақстанға тиіп жатқан қандай да бір пайдасы бар ма?

– Біздің компания халықаралық деңгейде жұмыс істейтін жас компания болып саналады, онда қазір 150-ге тарта адам жұмыс істейді. Латын Америкасында, Африка елдерінде, Австралияда, Таяу Шығыста, жалпы, бүкіл Жер шарында дерлік өкілдеріміз және өнімдерді әлемдік нарыққа тарататын 100-ден аса дистрибьюторларымыз бар. Біздің Қазақстанда да осындай әріптестеріміз жұмыс істейді. Олар ел нарығына біздің ұсынған қызметтеріміз бен өнімдерімізді жеткізеді.

Жалпы, өзім туралы айтар болсам, бүгінде өз саламда еліміздің дамуына шама-шарқымша үлес қосып жүрмін десем болады. Қазақстандық әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз.  Білгеніммен бөлісудемін. Жұмыстан тыс кішігірім жобаларды іске асырудамыз. Қазақстанда ғарыштық техника, технологияның дамуына атсалысуға әрқашанда дайынмын.

– Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстандағы ғылым мен техниканың даму барысын қандай деңгейде деп айта алар едіңіз? Өзіңіз білім алу жолында, нақты жұмыстар барысында бұған қатысты қандай ой түйдіңіз?

– Менің бірінші мамандығым – физик, Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетінде «Арнайы бөлім» деген болған, сонда оқығанмын. Білім алу барысында осы оқу орнындағы ғылыми-зерттеу институтында екі-үш жыл еңбек еттім, плазма физикасы саласында ғылыммен айналыстым. Оқуды бітіргесін жоспарларым өзгеріп, мемлекеттік қызметте, өндіріс саласында істеген кездерім де бар. Ол жұмыстарда жүрген жылдарда ғылыммен тікелей байланысым болған жоқ. Ал кейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясында қызмет істеп жүргенде ғылым мен технологияға жақын болдым.

Жалпы алғанда, Қазақстанда қазір ғылым мен техниканың даму деңгейі айтарлықтай алда дей алмаймын. Ал өзіміздің ғарыш саласын алатын болсақ, әрине, Қазақстанда ол даму үстінде. Осы уақытқа дейін үлкен жобалар іске асты. Былайша айтқанда, Қазақстан ғарыш саласының негізін қалады, оның ары қарай дамуына үлкен потенциалы бар деп айта аламын. Дегенмен ол өте күрделі сала, үлкен қаржыны, адами капиталды, дұрыс мемлекеттік басқаруды қажет етеді. Сондықтан ғарыш саласын дамыту мемлекетке жүктелетін міндет деп есептеймін.

Бізде, әрине, кезінде кеңестік кезеңнен қалған ғылыми-зерттеу институттары, әсіресе фундаменталды зерттеу жағынан мықты мектептер болды. Бүгінде қолданбалы зерттеу жағынан үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ оның нәтижелерінің өндіріске пайдалы әсері қандай деңгейде екеніне әзірге нақты баға бере алмаймын. Ғылым мен өндіріс байланысының әлсіздігі біздегі өндірістің ғылыми-технологиялық деңгейде дамуына теріс әсер етеді. Мысалы, Батыс елдерін қарасақ, олардағы академиялық, ғылыми салалар өндіріспен тікелей байланысты және олардың барлық мақсаты соңында халыққа қажет немесе коммерциялық маңызы бар тауарлар мен қызметтерді жасауға барып тіреледі. Ғылым да, академиялық сала да осы бағытта жұмыс істейді. Яғни бағытталған күш-жігердің барлығы өндіріске қажетті технологиялық тауардың шығуына ықпал етеді. Ал бізде бұл салалардың байланысы әлсіз болғандықтан синергия жоқ. Әрине, мемлекеттік органдар, Білім және ғылым министрлігі, Аэроғарыш агенттігі тиісті жұмыстар жүргізуде, гранттар бөліп жатыр, бірақ бұл бір уақытта жасала салатын  дүние емес. Ол бір мақсатқа немесе нәтижеге апаратындай тұрақты, жүйелі түрде ұйымдастырылуы керек.

Қысқаша айтқанда, бізде ғылым мен технологияның дамуы жоғары деңгейде дей алмаймын, бірақ жұмыстар істелініп жатыр. Осы атқарылған жұмыстар өз нақты нәтижесін алдағы бес-он жылда береді деп үміттенем, соған сенемін.

– Жаңа «бірінші мамандығым» дегенді айттыңыз. Жалпы, өзіңіз басқа да білім алған, білім жетілдірген, жұмыс істеген жерлер туралы, жинақталған тәжірибе жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.

– Иә, бірқатар шетел оқу орындарынан білім алғаным, іс-тәжірибеден өткенім бар. Италия астанасы Рим қаласындағы «Лa Сапиенцa» университетінің саяси ғылымдар факультетінде оқыдым, «Геосаясат және жаhандық қауіпсіздік» саласында магистратураны бітірдім. Сосын Германия мен АҚШ-та «Инновация және бизнесті құру» саласындағы «MBA» бағдарламасына қатысты білім алдым, тиісті тәжірибе-тағлымдамалардан өттім. Осы аталып өткен оқу орындарынан алған білімнің қазір пайдасы тиіп жатыр. Әлемдік саясатты түсіну, орын алып жатқан оқиғаларға нақты баға бере алу жағынан да оқу менің көп көзімді ашты. Ғарыш технологияларының ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаныс саласында да қолданылатыны белгілі, сондықтан жұмыс барысында геосаясатты түсіне білудің де маңызы зор. Білім алу, тағлымдамадан өту барысында инновациялық бизнес-модельдер мен технологиялық компанияларды қалай құруды, оларды қалай бағалап, инвестицияны қалай пайдалану қажеттігін де үйрендік. Шетелдерде білім алып жүрген жылдары өзіммен бірге оқыған, тәжірибеден өткен халықаралық орта және ірі компаниялардың өкілдерімен жақын таныстық орнатқанымның да қазіргі халықаралық бизнесте пайдасын көріп жүрмін.

Кезінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясында бірнеше жыл еңбек еткенім бар, басқарма басшысы, департамент директоры сияқты сатылардан өткенмін. Арнайы жобаларды іске асыруға қатысып, шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға, оны дамытуға, компанияның қызметі мен бизнесін өркендетуге атсалыстым. Осының бәрі мен үшін мол тәжірибе жинақтау мектептері болды.

– Жұмыс барысында түрлі елдермен жиі байланысасыз. Осы уақытқа дейін кем дегенде үш-төрт тіл меңгерген боларсыз?

– Қазақ, орыс, ағылшын, итальян және неміс тілдерін білемін.

– Қазақстанның ғарыш технологиясы саласындағы жетістіктері қандай, болашақта ол қандай болады деп ойлайсыз? Біз өзімізбен шекаралас елдермен, ТМД елдерімен, әлем елдерімен салыстырғанда қандай деңгейдеміз?

– Ғарыш саласын дамыту бойынша Қазақстан, әрине, Орта Азия, ТМД мемлекеттерімен салыстырғанда алда келе жатқан елдің бірі. Біздің ғарыш саламыз өте жас сала, оған  толыққанды көңіл 2000-шы жылдардың басында бөліне бастады.  2005-ші жылы бірінші ғарыш саласын дамыту бағдарламасы бекітілген болатын. Оның аясында атқарылған шаруалар бірнеше жыл бойы нәтижесін беріп жатыр. Кейбір жобалар, әрине, толық іске аспады. Мүмкін оның объективті, субъективті себептері болған шығар.

Ал екінші мемлекеттік бағдарлама Қазақстанда, қателеспесем, 2009-шы жылдары бекітілген еді. Осы екі бағдарламаның нәтижесінде Қазақстан өз ғарыш саласының негізін қалады. Қазір ол өзінің нәтижесін беруде, ғарыш саласындағы қызметтер жалпы экономиканың дамуына өз үлесін қосып жатқаны айқын.

Біздің Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, сондықтан ғарыш технологиясының, әсіресе спутниктік байланыстың, қашықтықтан зондтау және спутниктік навигация технологияларының біздің мемлекет үшін маңызы зор. Жалпы, толыққанды ғарыш саласын құрып, ғарыш технологияларын жасаудың өзі ғарыш аппараттарын жобалау, оларды құрастыру, сынау және ұшыру циклдерінен тұрады. Ғарыштық ғылым саласын қосқанда қазіргі күндері мұның бәрі бізде бар.

Бүгінде ғарыш аппараттарын ұшыру саласы бойынша біздің «Байқоңырды» Ресей пайдаланып отырғаны белгілі. Дегенмен бүгінде біздің ғарыш саласына жауапты мемлекеттік орган «Байқоңырдан» өзімізге тиесілі зымырандарды пайдаланып өз ғарыш аппараттарын ұшыру мақсатын алға қойып отыр. Осы мәселе шешілсе, біз толық циклды ғарыш саласын дамыттық деп есептеуге болады.

Ел астанасында ғарыш аппараттарын жобалау, құрастыру кешені салынған болатын. Қазір ол толық қабылданып, еуропалық сертификациядан өтуде. Сол біткесін бізде ғарыш аппаратттарын құрастырып, сатуға мүмкіндік болады.

Сонымен қатар біз ғарыш байланыс жүйесін толық құра алдық. «ҚазСәт» жер серіктері  жұмыс істеуде. Біз жерді қашықтықтан зондтау жүйесін құрдық, соның ішінде бір жер серігін өзіміздің қазақстандық инженерлер толығымен жобалап, құрастырып, қателеспесем, 2018-ші жылы ұшырды, қазір ол елге қызмет етуде.

– Енді оқырманға өзіңізді барынша жақынырақ таныстырайық. Туып-өскен, білім мен тәрбие алған орталарыңыз, отбасыңыз туралы таратыңқырап айтсаңыз.

– Туып-өскен жерім – Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Нарынқол ауылы. Сонда мен 13 жасқа толғанша тұрғанбыз. Кейін Талғар қаласына қоныс аудардық.

Әкем Жеңіс Сейдінұлы Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген, филология маманы. Ол ауданда кәсіптік-техникалық училище директорының орынбасары болып еңбек етті. Анам Гүлжанат Жанұзаққызы Ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Ол кәсіптік-техникалық училищеде бас бухгалтер болып жұмыс істеді.

Біздің жақсы білім алып, алға талпынып, ізденіп өсуімізге бірінші кезекте ата-ана тәрбиесі әсер етті. Үйде әдеби кітаптар көп болатын. Әсіресе Бердібек Соқпақбаевтың, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының да әсері мол болды. Әкем көпбалалы отбасынан шыққан,  біз әкемнің ағалары  Баққожа Мұқаев пен Телғожа Жанұзақовтың кітаптарын да оқып, соларға қарап ой түзеп өстік. Ата-әже тәрбиесін де көрдік. Туыстарымыздың жоғары оқу орнында оқитын, мықты маман атанып жұмыс істеп жүрген балалары, яғни ағайын-туыс аға-әпкелеріміз де бізге үлгі болды.

Біздің 1995-жылдары Талғарға көшуіміздің басты себебі – ата-анам балалардың  болашағы, жақсы білім алуы үшін қалаға көшуді ұйғарған. Мен мектепті Талғарда бітірдім. Онда білім деңгейі, оған қойылатын талап жоғары болды. Білімқұмар болып қалыптасуымызға сол кездегі мұғалімдердің, қатар-құрбыларымыздың мол ықпалы тиді. Мектепті бітіргесін мен Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетіне оқуға түстім. Негізі  экономика факультетіне барғым келген, кейін физиканы таңдадым. Оған өкінбеймін, бұл саладан алған білім қазір маған көп көмегін тигізуде.

Біз отбасында төрт бала өскенбіз. Мен үлкенімін, өзімнен кейін үш қарындасым бар. Бүгінде үшеуі де тұрмыста, бала-шағалы. Өзіммен тете қарындасым Жансая Қазақ экономика университетін аудит және бухгалтерлік есеп бойынша бітірген. Ол кейін Шотландиядағы Глазго университетінің магистратурасында оқыды. Жансая қазір Қазақстандағы ұлттық компанияда қызмет атқарып жүр. Ортаншы қарындасым Ақмарал астанадағы медицина университетін бітірген, қазір ол Талғарда дәрігер болып жұмыс істейді. Кіші қарындасым Ақбота да астанада оқыған, «Шабыт» университетінің бакалавриатын, магистратурасын бітірген. Ол өнер саласында, ұлттық аспаптар оркестрінде еңбек етеді, студенттерге сабақ береді.

Жұбайым Мәдина Маратқызы бүгінде Лондонда докторантурада оқып жүр, өз саласы бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Отбасында Арсен, Арнұр, Арлан есімді балаларды тәрбиелеп отырмыз.

– Лондонда тұрып жатқандарыңызға қанша уақыт болды? Ұлыбританияда қазақтар көп пе? Араласып тұрасыздар ма? Ол жақтың қазақтары немен айналысады? Өзіңіз сияқты лауазымды қызмет атқарып жүрген жастар бар ма?

– Мұнда тұрып жатқанымызға бір жылдай уақыт болды. Негізі Ұлыбританияда қазақтар көп. Студенттер, қызмет істейтіндер, халықаралық компанияларда еңбек етіп жүргендер, дипломаттар бар. Олардың біразымен араласып тұрамыз. Таяуда Лондонның орталығындағы бір университетте ортаазиялықтардың қатысуымен Наурыз мейрамы аталып өтті. Бірнеше қандастарымыз наурызкөже жасап, бас қосып, жақсы атап өттік. Балаларымыз бірге ойнап, ана тілінде сөйлесіп, әдемі бас қосу болды. Қазақ тілін қолдауда мұндай бас қосулардың да өзіндік маңызы зор. Адам сыртта жүргенде қандасы көзіне ыстық көренеді ғой. Жалпы, қазақтар бір-бірімізбен араласып, қажет болса, көмектесіп, ақыл-кеңестер беріп тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, өзара байланысымыз өте жақсы.

Жалпы, шетелдерде жас қазақтар көп, халықаралық үлкен компанияларда жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген қыздар мен жігіттер бар.

Жалпы, Қазақстанда білімді, білікті жастардың көбеюі үшін, еліміздің дамуы үшін не істеген дұрыс болады деп ойлайсыз?

– Жастарымыз білімді, білікті болып өсуі үшін оларға отбасында, мектепте, оқу орындарында, жүрген ортасында дұрыс тәрбие берілуі қажет, осы орайда оларға алдыңғы толқынның лайықты үлгі көрсетуі маңызды. Жақсы білім алуға талпыну, еңбекқорлық, ізденістер  қажет, әрқашан алға ұмтылып отыру керек. Қазақтың әр баласы мектептен бастап жақсы білім мен тәрбие алуға тырысса деймін. Қазір білімді жастың шетелдерге шығып, халықаралық тәжірибе алуына мүмкіндіктер көп. Оған, әрине, талаптану керек.

Қазақстандық әрбір жастың бойында елге деген отансүйгіштік қасиет қалыптасуы тиіс. Қазақстанды нығайтып, ұрпағымызға жайлы болатын тәуелсіз, дамыған елде өмір сүру – бәріміздің де арманымыз, мақсатымыз. Қазақ жастары шетелдерге уақытша, білім алып, тәжірибе жинақтау үшін келеді. Түбінде елге ораламыз ғой.

Мемлекетіміз дамуы үшін халық пен билік жұмыла жұмыс жүргізуі керек. Мемлекет дамуының қайнар көзі – халық. Халық ізденімпаз, парасатты болуы, шектелмеуі керек. Ауылға жағдай жасалғаны, ауылдағы мектептерде қаладағыдай жағдай жасалғаны дұрыс. Жастарға білім дұрыс тәрбиемен бірге сіңірілуі керек. Ал тәрбие дінге емес, ұлттық салт-дәстүрлерімізге негізделгені абзал. Біздің ата-бабаларымыз Еуразия төсінде дамыған өркениет құрған ғой. Сондықтан халықты біріктіретін мықты идеология жүргізілуі тиіс, сондай идеология болса, біз мықты серпін жасай аламыз. Бізде табиғи ресурстар мол. Мемлекеттің дамуы үшін ең негізгісі адам ресурстары, сондықтан сапалы, тәжірибелі мамандарымыз көп болуы қажет, технологияны дамытуымыз керек. Басқаруды дұрыс ұйымдастырса, мемлекет ретінде болашағымыз жарқын болады.

Мысалы, Оңтүстік Кореяның 1970-жылдары үшінші деңгейдегі ел болғаны белгілі. Оның адамы да, ресурстары да аз болды. Ал қазір ол әлемдегі ең дамыған елдердің бірі. Корея республикасы мұндай дәрежеге мемлекеттің дұрыс ұйымдастыруымен, халықтың бір идеологияға – ұрпағымыз мықты мемлекетте өмір сүретін болсын, сол үшін бар күш-жігерімізді, уақытымызды жұмсаймыз, қажет болса, өмірімізді де құрбан етеміз деп, сол жолда жұмыла жұмыс істеуімен айналасы 20-30 жылдың ішінде ғана қол жеткізді. Бізде де сондай болуы керек. Ол үшін әркім өз саласында білімімен, біліктілігімен елге адал еңбек сіңіруі тиіс.

– Ендеше сіздің де осы жолда алға қойған мақсаттарыңыздың сәтімен орындала беруіне тілектестігімізді білдіреміз. Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Д. ӘБДІЛЛА.

«Zamana.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button