Біздің сұхбат

Артта қалған елден үйренем деу ақылға қона ма?

Таяуда Қазақстан мен Ресей үкіметі Электронды үкімет«E-Gov» порталын Ресейдің «Сбербанкінің» қарамағына өткізу жайлы меморандумға екі жақты қол қойды.

«Меморандум келісім-шарт болмағанмен мұндай маңызды шешімдер қоғамдық талқылаудан кейін ғана қабылдануы керек. ІТ мамандар мен құқық қорғаушылардың пікірін былай қойғанда, жеке мәліметтерін тәуекелге тігетін қарапайым азаматтардың ойы ескерілуі тиіс еді», – дейді мамандар.

Осы жөнінде тереңірек түсіндіріп, тарқатып айтып беру үшін біз өткен аптада Кореяның алдыңғы қатарлы технологиялар институтының Әлемдік ІТ мен телекоммуникациялар PhD докторанты (KAIST Корея) Ерғали Бердібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ерғали Тұрарбекұлы, елді алаңдатып отырған «E-Gov» мәселесі жайлы не айтасыз?

– Иә, расында елдің алаңдауы өте орынды. Яғни «E-Gov» платформасын әрі қарай дамыту үшін Ресейдің «Сбербанк» платформасына қосқалы жатыр екен. Түсінгенім, біздің электронды үкімет солардың қарамағында бес жылға дейін болатын секілді. Сосын оны дамытуға қомақты қаражат, бес жүз миллион доллардай ма, бөлінетін көрінеді. Елдің бұған алаңдайтын жөні бар. Себебі бұл жерде адамның туғаннан бастап өлгенге дейінгі өзі білетін де, білмейтін бүкіл ақпарат сақтаулы. Егер платформа ресейліктерге өтсе, мемлекетіміздегі адамдар жайлы бүкіл ақпарат сол жаққа кетті деген сөз. Сол арқылы адамдарға манипуляция жасалынуы да мүмкін. Түсінген болсаңыз, бұл жердегі басты алаңдайтын жайт – ішкі қауіпсіздігіміз болып тұр. ІТ мамандардың бұған қарсы болып жатқан себебі ішкі құпиямыз сыртқа шықпауы керек. Екіншіден, мамандар «Сбербанк» алдымен өз платформасын жөндеп алсын деп отыр.

Мен қазір елде емеспін, Кореяда оқып жатқасын анығын білмеймін. Бірақ мамандар Сбербанктың мобильді банкинг деген системасы дұрыс істемейтінін айтып отыр. «E-Gov»-ты қосып алмай-ақ әуелі сонысын дұрыстап алсын дейді. Айта кететін тағы бір жайт, біздің «E-Gov» Ресейдікіне қарағанда алда келе жатыр. Әлемде «E-Gov» бойынша біз 26-27-ші орындарда келе жатсақ, Ресейдің «E-Gov»-ы 30-35-ші орында тұр. Сондықтан олар бізді алға сүйрейді деп айта алмаймыз. Керісінше, осы қазіргі көрсеткіштен төмен түсіп кете ме деген қауіп бар.

– Сіздің сөзіңізден түсінгеніміз, үкімет алды-артын зерттеп, зерделеп, сараптама жасамастан өткізгелі жатқан сияқты ма?

– Өз басым цифрлық даму министрі мұндай ақымақ қадамға барады деп ойламаймын. Ол кісі өте білімді азамат. Өзін жыға танымасам да, ол кісіні білімді азамат, мықты маман екенін білемін, сыйлаймын. Бірақ бұл жүйенің ішінде болып жатқан нәрсе болса, жалғыз өзі оған қарсы шыға алмайды. Жүз жерден білімді болып тұрса да… Яғни жоғарыдан осылай жаса деген бұйрық берілген болса, ол қарсы шыға алмайды деп ойлаймын. Әрине, бұл менің өз ойым. Ол жақта не болып жатқанын анық білмеймін ғой.

Жалпы, «E-Gov»-тың ішінде ескірген бір системалары бар секілді. Оны жаңарту үшін әлемдік компанияларға айтып, олар өте қомақты қаражат сұраған немесе ашық код бермеген сияқты. Ешкім кіре алмайтын, бұза алмайтын жабық кодта істеп бергісі келген-ау деймін. Ал ол үкіметке ұнамаған. Себебі әрдайым соларға жалтақтап отыру керек болады. Ал «Сбербанк» біз істеп береміз, әрі қарай өзің дамыта бересің деген. Яғни олар ашық код берген сияқты. Ресей осылай дегесін әрі өзімізге жақын ел деп отырған сыңайлы.

Негізі «E-Gov» рейтингі бойынша алдыңғы қатарда тұрған елдер – Дания, Эстония, Корея болатын болса, осы елдерді неге үлгі тұтпасқа?

– «Фейсбук» әлеуметтік желісінде үш елді Қазақстан, Ресей, Корея елдеріндегі ІТ саласын салыстырып жазыпсыз. Аталған елдерді салыстыруыңыздың себебі не?

– Өзім осы ІТ саласында түрлі экономикалық зерттеу жасағандықтан мен сөзбен айтқаннан гөрі өзіміздің ел мен мына екі елді салыстырып, график түрінде көрсеткім келген еді. Кореяны алған себебім, соңғы он жылда Корея осы «E-Gov» бойынша бірінші орыннан түспеген. Бұл есепті Біріккен Ұлттар Ұйымының әр екі жылда шығарып отырған рейтингісінен алдым. Соңғы есебі 2020 жылы шыққан, одан бұрын 2018, 2016 жылдары шыққан. Біріккен Ұлттар Ұйымы елдердегі үш түрлі көрсеткішті алған.

Біріншісі – онлайндық қызмет көрсету. Мысалы, «E-Gov» арқылы туу туралы куәлік, әртүрлі анықтамалар алып, түрлі қызметтерді онлайн алып отырсыздар.

«E-Gov»-тың екінші көрсеткіші – елдегі телекоммуникациялық инфраструктурасы. Бұл деген сөз платформа болғанмен, оны жұрт пайдалана ала ма? Интернет күші қалай? Елдегі адамдар компьютермен немесе мобильді телефонмен пайдалана алып жүр ме? Желідегі байланыс қалай? Мысалы, кейбір ауылды жерлерде сеть ұстамай қалады. Егер түкпірдегі ауылдарға дейін интернетпен қамтылған болса, оның көрсеткіші жоғары болады.

Үшіншіден, адам капиталы. Адамдар осы қызметті қолдана алып жүр ме? Білімдері жете ме? Осы үшеуін есептегенде елдегі электронды үкіметтің даму индексі шығады. Бұл неге керек? Осыған қарап отырып, Қазақстанның соңғы он жылда телекоммуникациялық инфраструктура бойынша Ресейден сәл артта келе жатқанын көруге болады. Керісінше, электрондық қызмет көрсету жағынан алда тұрмыз.

Енді өзіңіз ойлаңызшы, қызмет көрсету жағынан алда келе жатқан ел, артта қалып бара жатқан елден үлгі ала ма? Мен жазбамда осыны түсіндірмек болғанмын. Енді не үшін Кореяны мысалға алғанымды айтсам былай: Қазақстанның Ресейден емес, Кореядан үйренетіні көп. Осыдан елу жыл бұрын ғана Корея дамуы жағынан Африка елдерімен шамалас болған.

ІТ саласы бойынша кезінде Кореяны менсінбеген елдер қазір олардан үлгі алуда. «Елу жылда ел жаңа» демекші, Корея соңғы елу жылда қатты дамып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің алдына шығып кетті. Корея қазір ІТ саласынан барлық жағынан ұтып тұр. Олардың ішкі нарығы, ірі ІТ гиганттары бар. Қауіпсіздігі де мықты. ІТ державасы ешкімнен кем түспейді. Егер үлгі алғымыз келсе, біз осындай елден алуымыз керек.

– Енді қарапайым халық өз қауіпсіздігін сақтау үшін мұндай жағдайда не істей алады?

– Бұл жағдайда қарапайым халықтың қолынан бірдеңе келеді деп айта алмаймын. Себебі бәріміз платформаға бағыныштымыз. Біз туралы бар мәлімет платформаның иесінде. Біз соған тәуелдіміз. Бір ғана нәрсе, тек қарсы екенімізді білдіру. Мемлекет шешіп қойса, қарапайым халық ештеңе де өзгерте алмайды.

Жалпы, қазақ ІТ қауымдастығы қарсылықтарын білдіріп Президентке хат жолдады. ІТ министрі Бағдат Мусин платформаны жетілдіру өз мамандарымыздың қолынан келетінін айтып отыр. Тек оған бес, он жылдай уақыт керек дейді. Ал егер өзге елге беріп, ашық код қолданар болсақ, мұны тездетуге болады дейді. Енді біздің мамандар «Біреуге ақша беріп үйреткенше, ішкі нарықтағы адамдарға беріп үйрет. Мейлі бес жыл, мейлі он жыл уақыт кетсін. Өз еліңнің адамдарын дамыт» дейді. Мен де осы пікірге қосыламын. Түбінде өзімізде қалатын болғасын бұдан ұтылмас едік.

– Егер министрдің орнында болсаңыз, сіз дамудың қандай жолын ұсынар едіңіз?

– Кез келген мәселені шешу үшін үшін алдымен оны зерттеу керек. Ал зерттеу үшін бізде зерттеу орталықтары болуы керек. Бізде зерттеу орталықтары көп емес. Осы орайда, мен Кореяға қатты қызығатынымды жасырмаймын. Себебі бұл елдің алға қарыштап дамуына әсер еткен негізгі нәрсе – білім мен ғылым. Бір ғана ІТ саласында олардың 300-ден аса ірі зерттеу орталықтары бар. Ал біздің елде бүкіл салалардағы зерттеу орталықтарын қосқанда 300-ге де жетпейді. Және мұның бәрін бір ғана ғылым орталығына тапсырып қойған.

Біз зерттеу деген нәрселерді университет табалдырығында қалдырып кеткенбіз. Өндіріс орындарында мүлдем жоқ деуге болады. Менің ойымша, зерттеу орталықтарын көптеп ашып, оның дамуына қолдау көрсетіп отыру керек.

Мемлекет бір ғана платформаны дамыту үшін 500 000 000 долларды сыртқа жібергенше, өз мамандарын дайындайтын инкубатор ашпай ма? Мемлекет пен білім, ғылым орталықтарында тікелей байланыс болуы керек. Сонда мемлекет зерттеу орталықтарына тапсырыс беріп, олар оны орындап, өндіріске салуы керек. Ал бізде өндіріс бір бөлек, мемлекет бір бөлек, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары мүлдем бөлек жұмыс істейді. Осыдан кейін бізде алға қарай жылжу, даму деген нәрсе болып жатқан жоқ. Ал Кореяда осының бәрі біргелікте жұмыс істеп жатыр. Мемлекет университетке тапсырыс береді, ол зерттеу орталығында жетіліп, әрі қарай өндіріске кетеді. Осындай ауызбіршіліктен кейін Корея дамымағанда кім дамиды?

– Сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет!

А. СЕМБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button