Спорт

«Евро-2020»: Футболшылар қанша ақша табады?

Бүгінде футболдан өткізіліп жатқан Еуропа біріншілігі тарихқа ең қымбат чемпионат ретінде енгелі отыр. Ұйымдастырушылар да, командалар мен футболшылар да табысқа кенелетін сияқты. Мысалы, биылғы Еуропа чемпионы атанған команданың өзі жүлде қорынан 34 миллион евродай сыйлық иеленбек.

Жалпы, жүлде қорының бұлайша еселеп артуы Еуропаның 2016 жылғы чемпионатынан басталған болатын. Чемпионтқа 24 елдің командалары қатысатын болды да, біріншілікке тағы да 20 матч қосылды. Бұл телетрансляция мен тауарлар сатуды арттырып, соның нәтижесінде сыйлық қоры көбейді. Чемпионатқа қатысушы командаларға мұның алдындағы, 2012 жылғы чемпионаттағыдан (196 миллион евро) әлдеқайда артық, 301 миллион евро төленген еді.

Ал биылғы жүлде қоры бірнеше көрсеткіштер бойынша тағы да артып отыр.  Ол 371 миллион евроға теңелді. Дегенмен «Ковид» індетіне байланысты Еуропа чемпионаты әлемнің 11 қаласында өткізіліп жатқандықтан оның 40 миллионы жол, тасымал шығындарына жұмсалатын болды. Қалған 331  миллионы да аз емес.

Жалпы, бұл чемпионаттағы топтық ойындарда жеңіске жеткен әрбір команда 1 миллион евро, тең нәтиже көрсеткендер 500 мың евро сыйақы алады. 1/8 финалға шыққандарға 1 миллион 500 мың евро, ширек финалға өткендерге 2 миллион 500 мың, жартылай финалға шыққандарға 4 миллион евро беріледі. Ал финалда жеңіп шыққан команда 8 миллион евро, жеңілген команда 5 миллион евро алады. Одан бөлек, чемпионаттың финалдық кезеңіне жолдама алған әрбір командаға 9 миллион 250 мың евро сыйлық тиесілі.

Дегенмен УЕФА бұл ақшаларды чемпионатқа қатысушы елдердің футбол командаларына емес, футбол федерацияларына жібереді, кімге қанша төлеуді олардың өзі шешеді.

Кей елдердің футбол қауымдастықтары өз командаларының ойыншылары мен жаттықтырушыларын алдын-ала ынталандырып қоюға тырысады. Мысалы, Англия құрамасына егер Еуропа чемпионы дәрежесіне қол жеткізсе, 26 ойыншының әрқайсысына 1 миллион евродан сыйлық беретін болып уәде еткен. Ағылшын құрамасы топтық кезеңнен 1/8  финалға өткен болатын, әзірге жақсы ойын көрсетіп келеді.

Ал УЕФА-ның өзі «Форбстың» есебі бойынша  осы чемпионаттан шамамен 2 миллиард 500 миллион евродан астам табыс табуы мүмкін. УЕФА-ның өзі де табысымыз 2 миллиард евродан асады деп шамалап отыр. Оның 1 миллиард 200 миллиондайы чемпионатты ұйымдастырып, өткізуге жұмсалған шығындарды өтеуге бағытталғанның өзінде УЕФА бұл футбол тойынан жақсы табыспен шыққалы отыр.

Мысалы, 2016 жылғы Еуропа чемпионатынан УЕФА 1 миллиард 916 миллион евро табыспен шыққан екен. Осы пайданың тең жартысы телетрансляцияға құқық беру арқылы түскен. Бұдан басқа 450 миллион евро демеушілер тарапынан және лицензиялық келісімдерден, 400 миллион евро қаржы билет сатудан түскен. Ал чемпионаттың өткізілуіне 1 миллиард доллардай қаржы шығындалған.

Биылғы Еуропа чемпионаты кездесулері өтетін қалалардың стадиондарының инфрақұрылымын жаңартуға, қажет болса, жаңа стадион салуға УЕФА қаржы бөлген жоқ, оның шығындарды өтеуге бөлетіні де тым көп емес. Ол шығындарды өтеуге міндетті де емес. Оған қажетті шығындарды матчты ұйымдастырушы ел көтереді. УЕФА чемпионат аяқталғаннан кейін оларға билет, телетрансляция, демеушілермен келісім негізінде түскен қаржыдан аздаған өтемақы беруі мүмкін. Олар үшін негізінен қалаларына матчты тамашалау үшін барған туристерден түсетін қаржы олжа.

Ресей құрама командасының топтық кездесулерден сүрініп, 1/8  финалға өте алмай қалғаны белгілі. Әйтсе де кей сарапшылар Ресей «Евро-2020»-дан 10 миллион евродай табыс табады деп дәмеленіп отыр. Ал чемпионаттың бірқатар матчтарын өткізген Санкт-Петербург қаласына тек билет сатудан түскен қаржыдан кемінде 30 миллион евро тиесілі болады деп айтып жүргендер бар. Жалпы, Ресей бұл чемпионтқа қатысу арқылы 50 миллион евродай табыс табуы мүмкін көрінеді.

…Футболдан биылғы Еуропа чемпионаты өзінің жарты ғасырлақ тарихында тұңғыш рет әлемнің бірнеше қалаларында өтіп жатыр. Онда көптеген рекордтар орын алды. Чемпионт 11-шілде күні аяқталады. Біріншіліктің финалдық ойындары Ұлыбритания астанасы – Лондон қаласындағы әйгілі «Уэмбли» стадионында өтеді.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ
Back to top button