Шартарап

Жерасты қаласын салуды бастады

Сауд Арабиясы жерасты қаласын салуды бастады. Жоба бойынша ол қала елдің табиғаты қатал солтүстік-батыс аумағынан, Қызыл теңіз жағалауына жақын жерден бой көтермек.

Сауд Арабиясының мұнайға бай мемлекет екені мәлім. Дегенмен бұл шикізаттың қоры шексіз емес, бір кездері ол да сарқылады. Сондықтан Сауд Арабиясының басшылары болашақ туралы ойлануда, яғни бұл елге келешекте табыс әкелетін басқа кіріс көздері керек. Осы орайда Қызыл теңіз жағалауында пайда болатын жерасты қаласы әлемнен миллиондаған туристерді тартатын көрнекі орталыққа айналмақ.

Келешекте пайда болады деп жобаланған бұл қалаға әзірге «Neom» деген ат беріліп отыр. Оны «The Line», яғни «Линия» деп атап жатқандар да бар. Оның құрылысы аса жедел түрде жүргізілмек. Алдағы 2024-жылы бірнеше шағын аудандары пайдалануға беріліп, алғашқы туристерді қабылдамақ ниетте. 2030-жылға қарай бұл ғажайып қалада 1 миллионнан аса адам тұратын болады деп болжанып отыр.

Ал бұған қатысты жоба алғаш рет Сауд Арабиясының тақ мұрагері, шейх Мохаммед бин Салманның бастамасымен бекітілген екен. Бұл жерасты қаласы әлемдегі ең үздік іскерлік орталық, инновациялық, курортты мегаполис ретінде бой көтереді деп межеленген. Ол ең артта қалған Табук провинциясын өркендетуге өзіндік үлесін қосады деп те айтылуда. Осы арқылы елдің ішкі жалпы өніміне алғашқы 5 жылдың ішінде ғана 48 миллиард доллар қаржы құйылады деп есептелген.

Бүгінде қала құрылысы үшін инвесторлар мен әлемнің мықты сәулетшілері және құрылыс мамандары тартылуда. Ал «Линияның» салынатын жері біртегіс емес, құрылымы әрқалай, кей тұстарда тіпті тау-қыраттарды кесіп-тесу, жылжыту да қажет болады. Әзірге оның құрылысына 500 миллиард доллар қаржы бағытталмақ.

Бұл қалада жалпы қолданыстағы автожолдар деген атымен болмайды, автокөліктер орнына экологиялық зияны жоқ, жылдамдығы сағатына 500 шақырымды алатын қоғамдық көліктер, пойыздар ғана жүретін болады. Олар ұзындығы 170 шақырымды құрайтын қаланың бір басынан екінші шетіне 20 минутта жететін болмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін орындар, дүкендер, дәріханалар, демалыс орындары кез-келген аялдамаға жақын маңнан табылатындай етіп салынады.

Жерасты қаласы үш деңгейлі болып салынады. Оның бірінші деңгейінде адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қажеттінің бәрі де жасалады, екінші деңгейі транспорт қозғалысына арналған, ал үшінші деңгейінде транспорт жүйесіне қажетті нәрселер топтастырылған болмақ. Қаладағы жарықтандыру, жылытуға қатысты қызметтің бәрі де баламалы табиғи қуат көздерінен алынатын энергиямен қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы, Сауд Арабиясы 2030-жылға қарай аса ауқымды жоспарларды іске асырмақ ниетте деседі. Жарияланған деректерге қарағанда, жерасты мегаполисі – осы жоспардың бір бағыты ғана. Осы жобалар аясында 380 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

…Жұрт осындай да ауқымды жобаларды қолға алып жатыр. Бір елдер жерасты қаласын салмақ, АҚШ миллиардері Илон Маск болса, Марстан қала саламын деп жүр. Болашақта суасты қалалары салынатын болады деп жүргендер де жоқ емес. Тура бір қиял-ғажайып ертегісінде айтылатын жайлар сияқты. Ал біздің елде даму деңгейі болашақта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бола ма?

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button