Шартарап

Желді өзіне жұмыс істететін ел

Қазақстанда қазір электр энергиясына сұраныстың артып отырғаны белгілі. Осыған орай елімізде Ресейдің көмегімен атом-электр станциясы салынады деген сөз де көбейіп тұр.

Мұнай дағдарысы «көмектесіпті»

Ал экологиялық таза, баламалы қуат көздерінің бірі ретінде аталып жүрген жел қуатын пайдалану жағынан біздің көрсеткіштеріміз қандай? Шындығында электр қуатын өндіретін ондай станцияның бізде тек Жамбыл облысының Қордай ауданында ғана бар болуы бұл бағыттағы ісіміздің мақтанарлықтай емес екенін көрсетсе керек. Ал әлемде жел қуатын өз экономикасына тиімді пайдаланып, жел-электр станциялары құрылғыларын жасап, оларды шет мемлекеттерге экспортқа шығарып отырған елдер бар. Соның ішінде бірегейі – Солтүстік Еуропадағы Дания корольдігі.

Дания елінде жел-электр қондырғыларын жасап шығаратын, оларды орнатып, іске қосып беретін, қосалқы заттармен қамтамасыз етіп, жұмысын қадағалап отыратын «Сименс» («Siemens Gamesa Renewably Energy») атты компания бар. Онда 25 мың адам жұмыс істейді. Осы компанияда бас сарапшы болып еңбек ететін Қажы Әкбар Аюби есімді қандасымыз (суретте) туралы біз кезінде «Заманада» жазғанбыз, бұл азаматты оқырманға жете таныстырғанбыз. Олар таяуда Скандинавия түбегіндегі ең үлкен жел-энергия станциясын пайдалануға берді. Осыған орай біз даниялық қандасымызбен хабарласып, әңгімелескен едік.

«Жаңадан салынған станцияда 72 жел диірмені жұмыс істейді, ол 600 мегаватт қуат береді, 600 мың үйді  жарықпен қамтамасыз ете алады. Электр қуатының 1 киловаты тұтынушыларға 24 теңгеден сатылатын болады», – дейді ол кісі.

Дания елі жел қуатын тиімді пайдалануда осындай жетістіктерге қалай жетті? Бұған қатысты қойған сұрағымызға орай Ә.Аюби былай деді:

«1970-жылдардағы араб-израиль соғыстары кезінде бірқатар мұнайлы елдер шикізат өндіруді шектеп, одан мұнайға тәуелді Батыс елдері көп зардап шеккен. Сол кездері даниялық инженерлер жел қуатын пайдалану жөнінде тәжірибелер жасап, үкіметке өздерін қаржылай қолдау жөнінде ұсыныс түсірген. Олар үкіметтің қолдауын пайдалана отырып алғашқы жел диірменін жасап шығарған. Кейін осы жел диірмендеріне деген сұраныс артып, үкімет оны өндірушілерге несие бере бастаған. Олар өндірген электр қуатын мемлекет сатып алған. Жел диірменін жасайтындар көп ұзамай осы бағытта жұмыс істейтін ірі компанияларға біріккен, оларға мемлекет субсидия бөліп тұрған. Бұл сала осылай дамыған.

Мұнайы бар елдерге тәуелді болмаймыз деп іске кіріскен Данияда бүгінде әлем бойынша жел-электр станцияларын салатын, жел диірменіне қажетті заттар шығаратын, станцияларды орнатып, іске қосып беретін, олардың жұмысын қадағалайтын ең ірі компаниялар бар. Мысалы, біздің компания таяуда Скандинавиядағы ең ірі, 600 мегаваттық жел-электр станциясын іске қосып берді. Алдымызда оның 2000 мегаваттығын салу жоспары тұр. Ол станция 2 миллион үйді электр жарығымен қамтамасыз ететін болады.

Ол үшін станцияға ірі роторлар қойылады. Мысалы, кезінде «Бонус» компаниясы шығарған диаметрі 10,2 метрлік роторлар 30 киловатқа дейін электр энергиясын өндірген болса, бізде кейін диаметрі 222 метрлік роторлар жасалынды. Олардың 14 мегаватқа шақталынғандары 14 миллион киловатқа дейін энергия өндіретін болады. Яғни көлемі үлкейген сайын олар қуатты көп өндіреді, есесіне токтың әр киловатқа шаққандағы сатылу бағасы арзандай түседі».

Данияның брендіне айналуы мүмкін

Қысқасы, аталған компанияларға көптеген инвесторлардан тапсырыс түсіп жатады екен. Бұл компаниялар оларға ірі жел-электр станцияларын жасап береді. Олар дүние жүзінің ірі елдерімен әріптестік қатынаста отыр. Өнімдерін Қытай, Үндістан, Жапония сияқты көптеген елдер тұтынады, олар өзара байланысты нығайту үшін Ә.Аюби тұратын Орхус қаласында арнайы кеңселер ашып қойған. Даниялық компаниялардың ісіне тіпті АҚШ-тың әйгілі «Дженерал-Моторс» компаниясы да қатты қызығыпты. Сөйтіп ол да жел-электр станцияларын жасау бизнесіне кірісіп кеткен.

«Бүгінде Данияның электр қуатына сұранысының 55 пайызын елдегі жел-электр станциялары қанағаттандырып отыр, – дейді даниялық қандасымыз. – Ал 2030-жылға қарай оны 100 пайызға жақындату көзделген. Ол Данияның брендіне айналуы тиіс.

Сондай-ақ жүк тасымалдайтын ірі ұшақтарды, кемелерді жел-электр станцияларында өндірілген электр қуатымен қамту жағы да ойластырылуда. Бұл олардың экологияға келтіретін залалын азайтуға зор үлес қосады. Жел-электр станциясында өндірілген электр қуаты, мысалы, автокөлікте қолданылатын бензин сияқты түтіндемейді, улы газдар бөлмейді. «Жағылған» отыннан қалдық ретінде су ғана бөлінеді, оны ауыз суға тұтынуға да болады. Электр қуатын өндіретін басқа станциялардан қоршаған ортаға зиян келіп жатады, тіпті атом-электр станцияларының қалдықтарын жою үшін бірнеше ондаған жылдар қажет болса, ал жел-электр станциясының, мысалы, жарамдылық мерзімі өткен қанаттарын кейін қайта балқытып, одан жаңасын жасап шығаруға болады.

Экономикалық жағдайы жақсы, технологиялық мүмкіндіктері бар елдер электр қуатын өндірудің осындай жолдарына көшіп жатыр. Тіпті өз мұнайы бар кей елдердің ірі компаниялары да мұнай өндірумен қоса тиісті қаржы бөліп, жел-электр станцияларын салуды қосымша жүргізуде. Олар келешекте мұнайдың дәуірі бітетінін біледі, сондықтан тиісті дайындықтар жасауда.

Әзірге мұндай станциялардың бір кемшілігі бар: онда өндірілген электр қуатын көп ұзамай пайдалану керек, өйткені оны мұнай сияқты ұзақ уақыт қоймада сақтай алмайды. Сондықтан бүгінде бұған қатысты арнайы жоба қолға алынған, ол желден өндірілген электр энергиясын сутегіне айналдырады. Сосын сутегін қоймаларда сақтауға, оны түрлі көліктерді, ұшақ, танкерлерді қуаттандыруға қолдануға болады».

Қазақстанда мүмкіндік қандай?

Иә, экономикасы, технологиясы дамыған елдер қолға алса, Жер атмосферасын сауықтыруға мол үлес қоса алады. Желді пайдаланып электр энергиясын өндірушілердің өздері де табысқа кенелері анық. Осы орайда біздің ел азаматтарының тарапынан да бұған қатысты біраз ұмтылыс болған сияқты.

«Осыдан оншақты жыл бұрын, «Вестас» компаниясының қосалқы бөлшектерді сату-сатып алу бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде маған қазақстандық бір әйелден хат келген. Олар Астана жаққа жел-электр станциясын салмақ ниетте өзара байланыс орнатпақ болып «Вестасқа» хабарласқан екен, бұл жақтағылар оған жауап бермепті. Осыны естігесін мен компания өкілдеріне жолығып, мәселенің мән-жайын айттым, қазақстандықтарға жауап бермеуінің себебін сұрадым. Сонда олар өздерінің мұндай технологияны Қазақстанға апару жөнінде әзірге жоспары жоқ екенін айтты. Себебі ондай станцияны құру қыруар жұмыстарды түбегейлі жолға қоюды талап етеді, тиісті инфрақұрылым болуы керек. Жер, ауа райы ерекшеліктері, тағы басқа көптеген жайлар зерттеліп, ескерілуі тиіс. Мысалы, 40 градустық аязда пәтпелдектер қатып қалмай ма, олардың жұмысын қамтамасыз ететін арнайы заттар қолданылуы керек пе деген сияқты жайларға да баса назар аударылады. Онда сервистік қызмет көрсету жағы да жолға қойылуы қажет, білікті мамандар керек. Ал мұндай жағдайлар жасалмаған жерге жел-электр станциясын құруға болмайды, өйткені ол кейін компанияның бас ауруына айналуы мүмкін, оның абырой-беделін түсіреді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын компанияның ондай жаманатқа қалғысы келмейді. Сондықтан «Вестас» компаниясындағылар Қазақстанға ондай технология беруге әлі де ерте деп бас тартып отыр екен», – дейді Ә.Аюби бұған қатысты.

Яғни адам мұндай технологиядан оның қадірін білсе, біліктілігі жетсе ғана пайда көре алады екен. Осы орайда даниялық қандасымыз осыдан бірер жыл бұрын болған мынадай бір оқиғаны да айта кетті:

«Осыдан біраз уақыт бұрын маған атыраулық бір азамат хабарласты. Ол Атырау жақта жел диірменін құрған екен. Енді соған қосалқы бөлшек керек болыпты. Маған сондай бөлшектер тауып беру жөнінде өтініш жасады. Қандай бөлшектер қажет екенін білмек болып сұрағанымда оның жел диірменін Германиядан сатып алғанын білдім. Диірмен бұрын қолданыста болған екен, оны бұрынғы иесі 25 жылдық жарамдылық мерзімі өтіп кеткесін сатып жіберген. Бұзыла қалса, енді оның проблемасы көп болады. Себебі ескірген жел диірменінің қосалқы бөлшектерін табу оңайға түспейді. Бұл саладағы ізденістер артып, заманауи технологиялар ендірілген, соған сай жаңа қосалқы бөлшектер шығарылған», – дейді ол.

32 миллиард евроға тапсырыс бар

Жел-электр станциялары жердің биіктеу тұстарына салынады екен. Оның құрғаққа, су көздеріне таяу тұсқа салынатын бірнеше түрлері болады. Шуы жақын маңдағы үйлерге жетіп, адамдардың мазасын алмасы үшін оған шуды бейтараптандыратын құрылғылар орналастырылады. Биіктігі 100-150 метрге жететіндерінің көлеңкесі түспесі үшін де қажетті шаралар жасалады. Олар көктемде-күзде жыл құстарының келетін-қайтатын жолдарынан алыс жерге салынады. Биік жел-электр станцияларының ұшында ұшақтар кездейсоқ ұрынбасы үшін дабыл беріп ескертетін автоматты құрылғылар орналастырылады.

Қатты аязда қатып қалмасы үшін қанаттарына арнайы заттар ендіріледі.

Данияда жылдамдығы секундына 25 метрге жейін жететін желге шақталған станциялар көп. Олар аса қуатты жел тұрған кезде істен шығып, қирап қалмайтын етіп те жасалады. Яғни станция ішінде жел қуатын тежеп, реттеп, қажетті деңгейде ұстап тұратын құрылғылар болады.

Қысқасы, жел-электр станцияларының жұмысы күрделі болғанымен олардың шаруашылыққа берері орасан екен. Дания елі бұл тұрғыда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Осы орайда даниялық компанияларға тапсырыс берушілер көп. Компания оларға жел-электр станцияларын орналастырып, іске қосып береді екен. Сондай-ақ даниялықтар әлемнің әр түкпірінде салынған осы станциялардың жұмысын да бір орталықтан қадағалап отыра алады. Ескірген заттарын алмастырып, жаңасын құрып, бұзылса, жөндеп береді, сервистік қызмет көрсетеді. Есесіне ол жақтың мамандары да өз істеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс, біліктілігі жоғары болуы керек.

Белгілі бір аумақты электр қуатымен қамту бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алуда жеңіске жеткен компаниялардан да даниялықтарға тапсырыс жиі түседі. Мысалы, Ә.Аюби сарапшы болып қызмет істейтін «Сименс» компаниясына бүгінде әлем бойынша 32 миллиард евроға тапсырыс бар. Компания жылына 10 миллиард долларға сауда жасайды екен.

Ал осындай алпауыт компанияда еңбек ететін қандасымыз Қажы Әкбар Аюби – ағылшын тіліне жетік азамат. Өйткені оның жұмыс істейтін кәсіпорны халықаралық компания саналады, ондағы істің бәрі ағылшын тілінде жүргізіледі. Ауғанстанда туып-өсіп, Данияда білім алған қандасымыз қазақшаға да жетік, ана тілінде еркін әңгімелеседі. Бұдан бөлек, ол дат тілін, дари, парсы, түрік тілдерін меңгерген. Сондай-ақ ол орыс, неміс тілдерінде де біршама түсінісе алады.

…Жалпы, мүмкіндік беріліп, жағдай жасалса, қазақ баласының бойында тұнып тұрған жақсы қасиеттер көп қой. Данияда тұратын Қажы Әкбар Аюби бауырымыз да сондай қасиеттердің арқасында халықаралық деңгейдегі үлкен компанияда еңбек етіп жүр. Осындай мамандар еліміздің әр саласынан табылып, еңбек етіп жатса, бізде де осындай ауқымды шаруалар қолға алынып, ел игілігіне жарап жатса, қоғамымызда көп нәрсе өзгерер еді-ау деген ой келеді.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button