Шартарап

Украинадағы ахуал қандай?

 Украинадағы соғыстың басталғанына үш айдан асты. Оның көпке созылатын түрі бар. 

«Донбасс шайқасы» жүріп жатыр

Бүгінде соғыс қимылдары Донбасс өңірінде жүріп жатыр. Ресей әскері бел ала бастаған сияқты. Таяуда Мариупольде екі ай бойы қорғаныста болған украин күштері өз қарсылығын тоқтатты. Тұтқынға түскен украин жауынгерлері бүгінде Ресей басып алған аумақта ұсталып отыр. Украина жағы оларды өздерінің қолына түскен Ресей солдаттарына алмастырып алмақ ниетте. Дегенмен бұл оңай болмайтын сияқты. Себебі басқасы – басқа, ал «Азовсталь» зауыты аумағын ұзақ уақыт қорғап тұрғандардың ішінде «Азов» полкінің сарбаздарына Ресейдің тісі қайраулы, оларды әскери трибуналдың сотына береміз деп жариялады. Украина халқы «Азов» полкін Отан қорғаған қаһармандар деп құрмет тұтқанымен Ресей жағы оларды «фашистер» деп бағалайды. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары оларды ауыр жазаға кесуді ұсынып, осыны талап етіп отыр.

Ресей жағының жариялауынша, бүгінде Ресей мен «Луганск халықтық республикасының» күштері бұрынғы Луганск облысының шекарасына шықты. Өзін «Донецк халықтық республикасы» деп жариялап алған аумақтық құрылымның жерінде де қиян-кескі шайқастар жүріп жатыр. Донецкі басшыларының мәлімдеуінше, олардың сарбаздары бүгінде Ресей әскерлерімен бірге Украинаның Херсон, Запорожье, Харьков облыстарының жеріндегі шайқастарға да қатысуда.

Жалпы алғанда, Донбасс өңірінде шоғырланған Ресей әскери техникасының Украинаныкінен бірнеше есе көптігі жөнінде айтылуда. Сондай-ақ Ресей алыс қашыққа ататын зымырандардан бөлек, қарсыластың техникасын 5 шақырым қашықтан атып, күлге айналдыра алатын жаңа лазерлік қаруды да қолдана бастады. Осындай басымдықтың арқасында Ресей әскерлері Донбасс өңіріндегі елді мекендерді біртіндеп өздеріне қаратуда. Украин әскерлері қоршауға түсіп қалмас үшін кей бағыттарды қалдырып, шегінуге мәжбүр. Донбастың 2014-жылғы жікшілдер өздеріне қаратқан өңірі мен Ресей аннексиялаған Қырым түбегін, қазіргі басып алынған жерлерді қосқанда Украинаның 20 пайыздай аумағынан айырылып отырғаны туралы жарияланды.

Ресей әскерлері адам күші жағынан да басым сияқты. Өйткені бүгінде бұл елде бейресми түрде әскерге шақыру қызып тұр деседі. Ресейдің өзі түгілі, Украинаның ол басып алған аумақтарында да ер-азаматтардың әскери билетін тексеру, оларды «арнайы әскери операцияға» қатысуға үгіттеу жүріп жатқаны туралы айтылуда. Бір айға 300 мың рубль ақы төлейді деседі. Сондықтан тұрмысы төмен адамдар тарапынан келісім-шартпен қызмет етуге қызығушылар саны артып отырған көрінеді. Ресей Мемлекеттік Думасының келісім-шарт негізінде әскерде қызмет етудің жоғары шектік жасын 30-40 жастан 65 жасқа дейін ұзарту туралы заң қабылдауы да бұған өзіндік серпін беріп отырған сыңайлы.

Ал екі жақтың әскер шығыны туралы әлі де нақты деректер аз. Мысалы, Ресей Қорғаныс министрлігі өткен наурыздың соңындағы «шығынымыз – 1351 адам» дегеннен басқа мәлімет жариялаған жоқ. Украина Қорғаныс министрлігі болса, жаудың шығыны 30 мың адамнан асты дейді. Таяуда Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі Ресей шығыны КСРО-ның Ауған соғысындағы 9 жылғы шығынына теңесті деп жариялады. Бұл – Ресей 15 мың адамынан айырылды деген сөз.

Украина өз әскерінің шығынын 4 мың адамның төңірегінде деп көрсетсе, Ресей оны 30 мыңнан асты деп шамалайды. Қалай болғанда да үш айдағы соғыс қимылдары екі жақтан  бірнеше ондаған мың адамның өмірін жалмап отыр.

Украинаның бейбіт тұрғындары арасынан да шығын аз емес. Зеңбіректермен, зымырандармен, ұшақтан, танктерден атқылау салдарынан көптеген қалалар қирап қалды. Бүгінде 22 мыңнан астам бейбіт тұрғынның опат болғаны жөнінде айтылуда. Мысалы, Мариупольдегі қираған бір ғана ғимараттың астынан 200 адамның мәйіті табылғаны туралы дерек жарияланды. Қаза болған адамдар асығыс жерленген үй аулаларында, «Бауырластар зираттарында» қанша марқұмның жатқаны белгісіз. 

Ресей төлқұжаты беріле бастады

«Донбасс шайқасы» басталар тұста Украинаның басқа өңірлерінен Ресей әскерін ығыстырған украиндықтардың алды Харьков бағытында мемлекеттік шекараға дейін жеткен еді. Дегенмен әзірге бұл ірі жетістік ретінде бағалана алмай тұр. Өйткені Украинаның оңтүстік-шығыс облыстарындағы жағдай әлі де қиын.

Жарияланып жатқан деректерге қарағанда бүгінде Херсон және Запорожье облыстарының Ресей күштерінің қол астындағы бірқатар аумақтарынан да «халықтық республика» құруды көздеп жүргендер бой көрсете бастаған сияқты. Таяуда Ресей бұл аумақтағы өзі басып алған жердің тұрғындарына рубльмен зейнетақы және жалақы төлеуді бастап та кетті. Сондай-ақ бұл өңір тұрғындарына жеңілдетілген тәртіпте Ресей төлқұжаттары беріле бастады. Ал Мариупольде мектеп оқушылары жазғы демалысқа жіберілмейтін болды, оларға білім тек орыс тілінде ғана берілетін болып шешілді.

Алыстан ататын қару-жарағы әлі де көп Ресей бүгінде Украинаның шығысындағы Харьков, Запорожье, Днепропетровск облыстарының, оңтүстігіндегі Херсон, Николаев, Одесса облыстарының Украина Қарулы Күштері тұрған өңірлерін де атқылап жатыр, тіпті елдің солтүстік және батыс облыстарындағы маңызды нысандарға дейін зымыран соққысын жасағаны туралы деректер жариялануда. Ресей күштерінің Одессадан ары, Молдавия жақтағы «Днестр бойы молдаван халықтық республикасының» жеріне дейін жету жоспары бар деген сөздер де шыға бастады. Соған қарағанда Ресейдің Украинаны әбден титықтатып барып, оның оңтүстік-шығыстағы Қырым түбегіне дейінгі біраз жерлерін біржола тартып алуға қатысты жоспарлары баршылық сияқты.

Ресейдің соғысты жалғастыруға қажетті ресурстары әлі де аз емес. Ал Украинаның 1 миллионнан аса адамды мобилизация жасауға мүмкіндігі болғанымен қажетті қару-жарағы жетіспей жатыр. Оның үстіне Ресей Украинаның қорғаныс саласына өз зымырандарымен үсті-үстіне соққы беруде, әскери қоймалардың көбін жойып жіберді. 

Батыс елдері не дейді?

Ал АҚШ пен Еуроодақ елдері бүгінде Украинаға қыруар қаржы бөлуде, заманауи қару-жарақтар беру мәселесін де шешіп жатыр. Мұндай қолдауға ие украин әскерлері Ресей күштеріне оңайлықпен беріспейтін сияқты. Қайта алдағы жазда жаппай қарсы шабуылға шығып, өз территориямызды қайтарып аламыз деген сөздер жиі айтылып жүр. Әсіресе өткен сәуір айында Ресейдің Азов теңізінде тұрған «Москва» крейсерін өз елінен шығарылатын зымыранмен атып жойғалы украиндарда мұндай сенімнің еселеп артқаны белгілі.

Осы орайда Батыс елдері Украинаға Ресейді жеңбей тынба дегендей дем беріп отыр. Оған НАТО мен Еуроодақ елдерінен басқа да қолдау білдіріп жатқан мемлекеттер баршылық. Мысалы, АҚШ-тың өзі ленд-лиз бойынша қыруар көмек беруді шешті, өткен сәуір айында НАТО-ның Германиядағы «Рамштайн» әуе базасында да 40 елдің Қорғаныс министрлері жиналып, Украинаға заманауи қару-жарақтар беру жөнінде келісті. Осы елдердің қатарында, мысалы, Израиль мен Жапония да болды.

Содан бері Украинаға қажетті қару-жарақтар жеткізіліп жатыр. Дегенмен кейбір аса қажеттілерін беру жағы баяу жүруде. Бүгінгі күндері Украинаға әсіресе алыстан жөпелдемелетіп ататын зымырандар кешені жетіспеуде. «Донбасс шайқасында» оның орны анық білінді, украин жауынгерлеріне Ресейдің ауыр соғыс техникаларымен бетпе-бет шайқасуға тура келді. Сондықтан да украин басшылары өздеріне бірінші кезекте осындай атыс қаруларын тезірек жеткізіп беруді сұрап жатыр.

Ал АҚШ пен Еуропа елдері бүгінде Ресей мұнайына тәуелділіктен құтылу, Ресей экспортына нұқсан келтіру мақсатында тың жолдар іздестіріп жатыр. Таяуда бұл елге кезекті санкция салынатыны жөнінде айтылуда. Ол бойынша Еуроодақ компаниялары мен кемелеріне Ресей мұнайын тасымалдауға ғана емес, басқа тасымалдаушыларға делдалдық қызмет көрсетуге, техникалық жөндеу бойынша жәрдемдесуге, қамсыздандыруды қамтамасыз етуге түбегейлі тыйым салынбақ. Ал мұнай тасымалдайтын танкерлердің 95 пайыздан астамының қамсыздандырылу келісім-шарттары Еуроодақ арқылы рәсімделеді екен. Бұл Ресейге ауыр соққы болып тиетін сияқты.

Дегенмен Еуроодақ елдерінің Ресей мұнайына эмбарго жариялауда өзара келісе алмай жатқаны да белгілі. Оған қоса кей елдер үшін Ресей газынан толықтай бас тарту да мүмкін болмай отыр. Еуропа елдерінің Ресей газынан толық бас тартуына көмегі тиюі тиіс терминалдар салу жұмысы баяу жүруде. АҚШ-тың бермек газы әзірге аздық етеді. Араб елдерінен газ алу үшін жаңа инфрақұрылымдар тарту қажет, шикізат иесіне жоғары баға ұсынуға қатысты мәселеде азиялық ірі газ тұтынушылармен бәсекелестікте ұту керек. Мұның бәрі қыруар жұмыс пен қаржы бөлуді қажет етеді.

Бүгінде Ресей Украинаның Қара теңіздегі айлақтарын да бұғаттап отыр, сол себепті Украинаның экспортқа жіберетін астығы қоймаларда жатып қалуда. Салынған санкциялар себебінен Ресейдің өзі де бұрыннан байланыста болып келген елдерге астық жібере алмай отыр. Ал мұның көп елдер үшін зияны бар. Мысалы, Ливия, Ливан, Мысыр, Албания елдері Украина астығына тәуелді. Тіпті Түркияның өзі елге қажетті астықтың 20 пайызын Украинадан алады екен. Түркия сондай-ақ Ресейден де қыруар астық импорттайды. Албания мен Мысыр да Ресей астығына тәуелді, Ливан мен Ливияға қажетті астықтың да 20 пайызы Ресейден жеткізіледі екен. Сондықтан кейінгі кездері АҚШ пен Еуроодақта аталған елдерге астық жеткізу жолдарын ашу үшін Ресеймен келісім жасау керек деп  айтып жатқандар бар.

Кейінгі кездері Украинаға ұнамайтын бұдан басқа сөздер де жиілей бастаған сияқты. Мысалы, таяуда өткен Еуроодақ саммитінде Италия өкілі Еуропадағы дағдарысты тоқтату үшін Украинаны Ресеймен келісімге көндіру керек деген ұсыныс білдірді. Кешегі аптада Давоста өткен Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумда АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссенджер де Еуропадағы қауіпсіздікті сақтау үшін Украинаны Ресеймен келісімге көндіру керек деп айтты. Ол АҚШ-тың Ресейге қарсы әрекеттері Ресей мен Қытай арасын жақындастыра түседі деген қауіп білдірді. Сондай-ақ Батыстың кей саясаткерлері Украина Ресейдің талабына көнуі, біраз жерін Ресейге беріп тыныш табуы керек дегендей ой айта бастады. Осының бәрі украин саясаткерлерінің ызасын тудырып отыр. Украина өз жерлерін толықтай азат етпек ниетте, ол Батыстың өзіне  берген уәделерін орындауы, өзін қаржылай қолдап, қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастыра беруі тиіс деп есептейді. 

Орта Азия қай жаққа бет бұрады?

Санкциялар шырмауында отырған Ресей бүгінде өз мұнайының экспорттық бағытын Каспий теңізі айлақтары мен Әзірбайжан арқылы Иранға, сондай-ақ Қытай, Үндістан сияқты ірі елдерге де бұрмаққа әрекеттеніп жатыр. Бұған қажетті келісімдер жасап, инфрақұрылымдар жүргізуге ниетті.

Сондай-ақ Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерін өз мүддесі үшін барынша пайдаланып қалмақ ниетте. Дегенмен бұл елдердің қай-қайсысының да өз проблемалары жеткілікті, сондықтан олар тарапынан Ресейге ашық көмектің бола қоюы екіталай. Осы орайда АҚШ Ресейдің Орта Азиямен қатынасын әлсірете түсуді көздейтін қадамдарды да жасауда. Ол Ресейдің санкцияны айналып өтуіне жол бермес үшін Орта Азия аумағын да жағалай бастаған сыңайлы. Мысалы, АҚШ-тың үкіметтік делегациясы таяуда Қырғызстанда, Өзбекстанда болды, енді Қазақстан мен Тәжікстанға барып қайтпақ. Мақсат – осы аймақпен экономикалық ынтымақтастықты нығайту. Әрине, өздеріне бой бермей жатқан Ресейді бұл бағыттан да шектеу үшін Орта Азия елдерін Ресейге ашық қарсы қоюға тырысатын да шығар.

…Қысқасы, бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай қатты шатқаяқтап тұр. Кей саясаттанушылар мұның соңы үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетуі әбден мүмкін деген қауіп айта бастады. Осы орайда Ресей мен Украинаның шешімдеріне көп нәрсе байланысты болмақ. Алайда бұл екі ел де әзірге өз айтқандарынан қайтпай отыр. Ресей Украинаны сөзсіз тізе бүгуге көндіруді көздейді, ал өз күшін сезінген әрі Батыс елдерінің көмегіне иек артқан Украина Ресей әскерінен өз жерін толықтай азат ету ойын берік ұстанып отыр.

Бір-бірінің қанын төгіп отырған бауырлас екі ұлттың арасындағы келіспеушіліктердің соңы бітіспес өшпенділікке ұласып бара жатқандай. Осы жағы өкінішті әрі қорқынышты.

Д. НҰРПЕЙІС.

«Zamana.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button