Шартарап

Қытайда локдаун күшейіп келеді

Қытай  билігі Ючжоу қаласында локдаун енгізді.

Бейжіңнен оңтүстік-батысқа қарай 700 шақырым жерде орналасқан Ючжоу қаласында 1,2 миллион адам тұрады. Онда коронавируспен ауырған үш жағдай тіркелген. Осыған байланысты шұғыл түрде қатаң локдаун жарияланып, тұрғындарға қаладан шықпауға бұйрық берілді. Сонымен қатар қаланың түрлі бөліктеріне арналған ережелер енгізілді. Қазіргі күні қаладан шығу да, қалаға кіру де мүмкін емес. Ючжоутолық оқшауланған. Қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылып, тек жедел жәрдем көліктеріне ғана жүруге рұқсат берілген. Барлық дүкен, ойын-сауық, демалыс орындары жабық. Күнделікті тұрмысқа арналған тауарлармен қамтамасыз ететін кәсіпорындар ғана жұмыс істей алады.

«Вирус қайдан таралып жатқаны белгісіз болғасын, жағдайлар саны да белгісіз. Қалада вирусты бақылау және алдын-алу өте қиын», – дейді қала билігі.

Қытайда локдаун енгізілген қала жалғыз Ючжоу емес. Өткен жылдың соңында онда 13 миллион тұрғыны бар Сиань қаласында жүздеген адамнан коронавирустың дельта-штамы анықталған. Осыған байланысты қала тұтастай карантинге жабылған болатын. Әуежайдағы ішкі рейстер мен пойыздар да жұмысын тоқтатқан еді. Мегаполис тұрғындарына үйінен шықпауға нұсқау берілген. Қажетті азық-түлік, басқа да заттарды алу үшін бір үйден бір адам ғана, онда да екі күнде бір рет қана дүкенге бара алады. Кәсіпорын, барлық мекеме шұғыл түрде қашықтан жұмыс істеуге көшірілген. Қалада 3,5 мың мектеп жабылып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілді

Сианьда шектеу шараларын күшейту елде Қысқы Олимпиада ойындары мен дәстүрлі түрде халық көп қыдыратын Қытай жаңа жылы қарсаңында коронавирустың таралуын болдырмау үшн қажет. Қытай ақпанда өтетін қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында вирусқа қарсы осындай өте қатаң стратегия ұстанады. Коммунистік партия пікірінше, коронавирусқа қарсы дұрыс жұмыс істемеген шенеуніктерге санкция немесе жұмыстан босату шарасы қолданылуы мүмкін.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button