Шартарап

Пекинде өсіп-өнген режиссер қыз

Пекин қаласында 15 миллион халық тұратын кезде (қазір 22 миллион халқы бар қала) сол жерде балалық шағы өтіп жатқан қазақ қыздың есімі – Жанар Сағатқызы еді.

Бірақ есейіп ержеткен жері Пекин болса да қазақшасы судай. Ең бастысы – отбасы тәрбиесі. Анасы үй ішінде ешқашан оған қытайша сөйлетпеген. Америкада жалғыз үй қазақ болып тұрып та, ұрпағыңды намысты, шешен қазақ етіп тәрбиелеуіңе болады. Жанар қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде еркін сөйлейді. Жанар бұл күндері халықараға танымал, ықпалды режиссер. Сонымен бірге, қазақ әндерін тамылжытып орындайтын шеберлігі өз алдына.

Жанар Сағатқызы 1969 жылы Үрімжі қаласында туып, 1972 жылы ата-анасы Пекиндегі Орталық Радионың қазақ бөлімінің ашылуына байланысты Пекинге көшіп келіп, Жанар небәрі 3 жасынан бастап Пекиндік атанған. Көп өтпей Жанар қытай тіліндегі балабақшаға кірген. Жанар бастауыш мектеп оқып жүрген кезінде Қытай орталық телеарнасының Иынхы (Күміс сыңғыр) бағдарламасында балапан актрисаның қатарында болды. Ол кішкентай оқушы кезінің өзінде «Кішкентай қыз», «Жеті қола табақ»,»Менің пірім» деген бірталай пьесаларда ойнады. Ол Пекиннің атынан мемлекеттік байқауларға қатысты.

Ата-анасы Үрімжіде тұрған кезінде «Шинжияң (Шығыс Түркістан) газетінің» редакторы және тілшісі еді, Пекинге көшкен соң әкесі Сағат Жайпақұлы Орталық Радионың қазақ бөлімінің хабар таратушысы болса, анасы тілші болды. Жанардың анасы Тұрсын Жолымбетқызы тілші ғана емес, ақын еді. Нағашысы Жолымбет батырдың ауылы Еренқабырға-Боғда өңірінде ат-атағы бар текті әулет еді.

Сағаттай қормал әкенің, Тұрсындай асыл ананың ұлттық тәрбиесінде мәпеленген Жанар 1986 жылы 11 сынып оқып жүрген кезінде қазақ өмірі суреттелген «Жетім қыздың махаббаты» фильмінде Ғайнидың ролін сомдады. 1987 жылы 18 жасында Пекин театр институтына оқуға түсіп, 1988 жылы Кеңес одағына келіп оқыды. Орыс жеріне ешқандай орысша білмей тұрып аттанған еді, Мәскеудегі Ломоносов универсиетінің дайындық факультетінде орысша үйреніп, кейін қиналып жүріп тез игеріп алды. Бір жылдан соң Мәскеу мемлекеттік кино академиясының режиссерлік бөліміне оқуға түсті. 1990 жылы «Шығыстық әйел» фильмі мен «Ғұн патшайымы» фильмінде роль алды. Сонымен қатар ол, Ресей мен Италия бірлесіп түсірген «Аюдың досы – Жонатон» фильмінде роль алды.

Мәскеуде оқып жүргенде 1994 жылы түсірген тырнақ алды фильмі – «Аптаның сегізінші күні» деп аталды да, Санта Ана халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауында үздік авторлық фильм сыйлығын еншіледі. Ол осы кезде Ресейде түсіріліп жатқан «Қызыл шие» фильміне режиссердің орынбасары болды. Осы фильм 1996 жылы Солтүстік Кореяда өткен 5 кезекті Пхеньян кинофестивалінің «Алтын шам» сыйлығына ие болды.

Орыстар оған «Будда әруағының оралуы» фильмін түсіргенде, оған басты ролді берді. Кеңес одағы ыдыраған соң, ол Ресейдің Мир телеарнасында ұсыныспен бағдарлама жүргізуші және тілші болып істеді. Баклаврдан кейін, 1998 жылы Мәскеу мемлекеттік киноакадемиясының кинематография әдебиеті бөлімінің магистрі атанды.

1998 жылы Қытайға оралып, «Күнбағыс таланы» фильмін түсірді. 1998-1999 жылдары Украйна жеріне барып, жазушы Островскийдың «Құрыш қалай шынықты» романын 270 күн бойы телехикая етіп түсіріп шықты. Бұл фильм үлкен сұранысқа ие болып қана қоймай, «Самғау» кинофестивалінде үздік көркем теледрама сыйлығына ие болды.

Ол 1999 жылы Шанхайда түсіріліп жатқан «Қызыл ғашықтар» фильмінің режиссерінің орынбасары болды. Осы фильм Мысырда өткен  кезекті Каир халықаралық кинофестивалінде «Пирамида» сыйлығының күміс жүлдесіне ие болды.

Осы жылы «Адалым» телехикаясын, 2000 жылы «Өмірім менің» телехикаясын және «Қала кеңістігінде шошынған құс» телехикаясын, 2001–2002 жылдары «Республика қарсаңы» телехикаясын түсірді. Жанар Сағатқызы 2002 жылы бүкіл мемлекетік кино фестивалінде үздік телехикаясы үшін «Алтын бүркіт» сыйлығының күміс жүлдесіне ие болды.

2003 жылы «Әскери кісінің құпиясы» телехикаясын, 2005 жылы режиссер Гүң Руфеймен бірлесіп «Қия сабақтастың балалық шағы» телехикаясын түсірді. «Қия сабақтастың балалық шағы» телехикаясы 26-шы кезекті «Самғау» кинофестивалінің бас жүлдесіне және 10-шы кезекті «Түйін» сыйлығына, «Үздік телеарналық жұмыстар» сыйлығына ие болды.

Жанар Сағатқызы 2006 жылы «Миң хандығының 1566 жылы» телехикаясын түсірді. Бұл телехикаясы 2007 жылы «Самғау» кинофестивалінде үздік телехикая аталымы бойынша 3-орынға ие болды.

2007 жылы «Алыс кеткен ертеңгі күн» телехикаясын, 2008 жылы «Көктем мен күздегі су басқан қала» телехикаясын түсірді. 2008 жылдың қарашасында Қазақстанның шақыруымен ол «Халықаралық қазақ тілін зерттеу форумына» қатысып, «Мемлекеттік тіл мен ана тілімнің байланысы» тақырыбында баяндама жасап, жұрттың қызығушылығын тудырды.

2010–2011 жылдары «Таң алдындағы қараңғы соғыс» телехикаясын түсірді. Бұл телехикая сол жылғы телехикаялар маусымының ашылу салтанатының беташары болды және Жанар осы телехикаясымен 28-ші кезекті «Самғау» кинофестивалінде 3-орын иегері атанды. Осы телехикаясы 2012 жылы 9-шы кезекті «Ең үздік он кино» фестивалінде «Үздік телехикая» сыйлығын алды. 2012 жылы Қытайдың жатпай-тұрмай үгіттейтін социалистік күн көсемі болған Маоның сәбилік күнінен басталатын өмірбаяндық киносын түсіруді Қытай үкіметі толып жатқан құмырсқа көз режиссерлеріне емес, Жанарға сеніп жүктейді. Жанар Сағатқызы «Мао Цзэдун» деп аталатын бұл кинода Маоны салдыр-салақ, адамның табиғи өсіп-жетілуі барысындағы олқылықтарымен толтырып отырып түсіреді. Болашақ диктатор Мао фильм желісінде осы жұпыны орталардан шынығып шығады. 2017 жылы екі бірдей телехикая түсірді. Осы екі телехикаяның бірі болған «Күзгі жиын-терім көтерілісі» телехикаясы алғаш рет Хунан өлкесінің телеарнасында таратылды.

Жанар Сағатқызы түсірілім жұмысы 2020 жылдың соңында басталып, осы жылдың мамыр айында аяқтаған, тарихты жас көзқараспен баяндайтын «Құмды шайған құба толқын» деген телехикаяның да режиссері. Бұл телехикаясын алғашқылардың қатарында Жыжияң өлкесі мен Жияңсу өлкесінің телеарналары жарыса таратты.

– Баланың дұрыс өсуі әке-шешенің тәрбиесіне тікелей байланысты. Сол кісілердің ізін басып келе жатқандықтан да осы жетістіктерге жетіп отырмын деп ойлаймын. Менің өскен жерім Пекин болса да, қатпары қалың, қойнауы кең ұлан-байтақ қазақ сахарасы көңілге медет, бойға қуат сыйлайды. Ана тілімді сақтауға даланың дара қасиетінен басқа, ең маңыздысы менің шешемнің мені отбасында қазақша сөйлетіп өсіргендігінде. Қытай балабақшасында оқып жүрген кезімде де үйге келгенде халық мақалдарын үйретіп, Абай өлеңдерін жаттататын. Шешемнің үйреткен «жақсыны жақсы десе сақтанады, жаманды жақсы десе мақтанады» дейтін мақалы да әлі күнге менің сөздік қорымнан түскен емес, – дейді Жанар Сағатқызы.

(Фотода: жас Жанар мен кейінгі Жанар)

Көкбөрі МҮБАРАК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button