Бизнес және құқықШартарап

«Пандора» біраз былықтардың бетін ашуда

Халықаралық журналистер консорциумы дүние жүзі қауымдастығының назарын ерекше аударған ауқымды зерттеу нәтижелерін жариялады.

Онда әлемдегі көптеген белгілі тұлғалардың офшорлық жүйеге қатысты заңсыз әрекеттері туралы айтылған.

12 миллион құжат қолға түскен

Әңгіме түрлі елдерде орналасқан 14 офшорлық тіркеу компанияларының базасынан жайылып кеткен құпия деректер жөнінде болып отыр. Осыдан бір жыл бұрын бір жасырын ақпарат көзі оны Халықаралық журналистер консорциумына табыстаған екен. Онда тіркеу компанияларының тиісті деректері ғана емес, Панама елі, Британдық Виргиния, Кайман, Сейшель аралдары, Кипр, Монако, Швейцария мемлекеттері сияқты офшорға қолайлы аймақтарда заңсыз қаржы операцияларын, басқа да түрлі әрекеттерді жүргізгендердің деректері, компания заңгерлері мен басқа да қызметкерлерінің өзара алмасқан хабарлары, түзілген келісімдер, банк шоттары мен биржалық қағаздар, құжаттар болған. Журналистер 30 мың офшорлық компания иелерінің деректерін қамтитын осы мәліметтерді екі жыл бойы зерттеп-саралаумен айналысыпты.

(Жалпы, офшорға иелік ету заңсыз саналмайды, оның экономика мен бизнеске белгілі бір деңгейде пайдасы бар. Дегенмен офшорды кейбіреулер салықтан жалтаруға, заңсыз жолмен иеленген қаржы мен активтерді айналымға салуға, жасыруға, коррупциялық істерінің ізін жоюға пайдаланады. Тіпті тиісті қызмет орындары індетіп іздесе де ондай заңсыз істердің ізін табу оңайға соға бермейді).

Офшорларға қатысты мұндай аса құпия ақпараттардың жайылып кетіп, әшкереленуі тарихта тұңғыш рет орын алып отыр. Жарияланған құжатта 600-ден астам журналистің зерттеу мәліметтері пайдаланылған. Аталған консорциум өкілінің мәлімдеуінше, олардың қолына 12 миллионға жуық құжаттар түскен, бүгінде олар зерттелу үстінде. Айтуынша, тізімдегі 35 елдің басшыларына қатысты құжаттарды тексеріп, анықтауға екі жыл уақыт жұмсалған. Бұл офшорлық құйтырқы әрекеттерге әлемдік деңгейдегі көптеген басшылардың қатысы болуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде бірнеше адамның есімдері жария етілді.

Бұдан бөлек, 90 мемлекеттегі 400-ден астам министр, судья, басқа да түрлі шенеуніктер мен әскери сала қызметкерлеріне, 100-ден аса миллиардерге қатысты деректер де уақыты келгенде жұртшылықтың назарына ұсынылмақ. Консорциум өкілдері – 117 елдің журналистері бұған қатысы бар әлемдік саясаткерлер мен жоғары лауазымды адамдардың заңға қайшы істерін әшкерелеуді алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырып отыратындарын айтуда. Қазірдің өзінде бірқатар елдердің белгілі ақпарат құралдары ондай мәліметтерді әлем жұртшылығының назарына жеткізуге құлшынып отыр, кейбірі тіпті алғашқы деректерді жариялап та жіберді.

Президент, Әмір, Корольдің құпиясы ашылды

Мысалы, ағылшынның «Гардиан» газетінің жазуынша, Украина Президенті Владимир Зеленский өзіне тиесілі акциялардың 25 пайызын өзінің кеңесшісі болып істейтін жақын досының офшорлық компаниядағы үлесіне өткізген көрінеді. Ал украин Президентінің таяуда ғана Жоғарғы Радада ел экономикасына олигархтардың тигізіп отырған залалын жоюға қатысты заң қабылдатқаны мәлім. Оның ішінде офшорға қатысты тыйымдар да бар. Сондықтан бұл мәселенің украин қоғамында үлкен шу тудыруы әбден мүмкін. В.Зеленскийге импичмент жариялауды сөз етіп жүргендер үшін бұл өте бір сәтті кезең болғалы тұр.

Өйткені В.Зеленский Президент лауазымына сайлану алдындағы тапсырған декларациясында біраз нәрсені бүгіп қалған сияқты. Сол кезде ол басқа мүліктерімен бірге үш офшорлық компанияны көрсеткен екен. Оның біреуінің өзі мен әйелінің атына тіркелгенін көрсеткен. Ал «Пандора құжаттамасы» оның офшорлық компаниядағы үлесті кезінде «Квартал 95» продюсерлік студиясында бірге өнер көрсеткен достарымен бөліскенін, ал ол компания Зеленскийдің киностудиясына әлі күнге дейін дивиденд төлеп тұратынын дәлелдеп отырған көрінеді. Жалпы, Зеленскийдің достары мен бизнес-серіктестерінің атында 14 офшорлық компанияның тіркелгені, олардың меншігінде Лондонда бірқатар аса қымбат пәтерлер бар екені туралы айтылады.

Бұл құжатта Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің отбасына қатысты да деректер келтіріліпті. Мысалы, британ монархтарының жылжымайтын мүліктерін басқаратын компанияның Әлиевпен байланысы бар офшорлардан 541 миллион долларға Ұлыбританияда орналасқан жылжымайтын мүліктер сатып алғаны туралы жазылған. Әлиевтер әулеті мен оларға жақын адамдардың 2016 – 2019-жылдар аралығында офшорлар арқылы 27 жылжымайтын мүлік иеленгені, кейін олардың 12-сін сатып жібергені туралы деректер анықталған деседі. Осы мүліктердің көбін Ұлыбританияның король әулетінің өкілдері сатып алыпты. Жалпы, Ұлыбританиядағы сату-сатып алуға қатысты түзілген құжаттарда И.Әлиевтің ұлы Гейдардың, кіші қызы Арзудың, сондай-ақ қайнағасының аттары аталған көрінеді. Әлиевтер әулетінің Ұлыбританияда аса қымбат мүліктері бар екені жөнінде тағы да біраз деректер айтылыпты.

Жұрт назарын аударған бұл құжатта сондай-ақ Катар әмірі Тамим бен Хамад әл-Тани, Ливанның бұрынғы және қазіргі премьер-министрлері Хассан Дияб пен Наджиб Микати, осы елдің орталық банк басшысы Рияд Салями, Иордания королі ІІ Абдалла, Чили, Эквадор Президенттері Себастьян Пиньера мен Гильермо Лассо және Доминикан республикасының басшысы Луис Абинадер сияқты жоғары лауазымды адамдардың аттары аталады. Мысалы, Катар әмірінің Лондоннан 110 миллион долларға жылжымайтын мүлік сатып алған екі офшормен байланысы анықталыпты. Олар Британиялық Виргиния аралдарында тіркелген екен.

Ал Иордания королінің билік басына келгелі бері офшорлық жүйе арқылы АҚШ пен Ұлыбританиядан құны 100 миллион доллардан асатын жылжымайтын мүліктер иеленгені туралы айтылады. Олардың қатарында Вашингтондағы, Калифорниядағы, Флоридадағы, Лондондағы виллалар, аса қымбат сарайлар, пәтерлер бар. Осының ішінде Флорида штатындағы 26 бөлмелік кешеннің атағы ерекше. Онда осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын АҚШ-тың әйгілі «Маймылдар ғаламшары» атты фильмінің ақтық қойылымы түсірілген екен. Бұл сарайды Иордания королі Британдық Виргиния аралдарында тіркеуде тұрған офшорлық компания арқылы 2014-жылы 34 миллион долларға жуық қаржыға сатып алыпты. Король оның алдында Вашингтоннан да бірнеше ондаған миллион долларға аса қымбат жылжымайтын мүліктер иеленген екен. Сондай-ақ ол осыдан бірнеше жылдар бұрын Ұлыбританиядан бүгінде құны 38 миллион долларға бағаланып отырған 7 жылжымайтын мүлік сатып алған көрінеді. «Гардианның» жазуынша, Иордания монархы мұнша мүліктерді Иорданияға Халықаралық валюта қоры қаржы бөліп, АҚШ экономикалық және әскери көмек көрсетіп жатқан жылдары иеленген екен.

«Пандора құжаттамасында» сондай-ақ Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрге қатысты деректер де жарияланған. Ол салыққа төленуі тиіс болған жүздеген мың доллар қаржыны офшор арқылы үнемдеген көрінеді. Т.Блэр әйелімен бірге Британиялық Виргиния аралдарында тіркелген холдингтік компанияны 9 миллион долларға жуық қаржыға сатып алыпты. Бірақ ерлі-зайыпты Блэрлер мұндайда Ұлыбритания бюджетіне төленуі тиесілі болатын салықты төлеуден жалтарып кеткен. Сөйтіп 422 мың доллар олардың өз қалтасында қалған екен. Қысқасы, олар Ұлыбритания заңындағы байларға айналып өтуге қолайлы мүмкіндікті шебер пайдаланып кетіпті. Яғни оларды бұл үшін жауапқа тартатын заңды тетік жоқ деген сөз. Есесіне мұндай салықты Ұлыбританияның қарапайым тұрғындары айналып өте алмайды екен. Өйткені оларда офшорға шығуға, аса қымбат мүлік иеленуге мүмкіндік бола бермейді.

Бұл тізімде Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиштің де аты аталған. Негізі Бабиш мемлекеттік қызметке келгенге дейін бизнеспен айналысқан, ол трансұлттық аграрлық холдингтің иесі, медиамагнат, миллиардер болған, кезінде панамалық фирма арқылы үш офшорлық компания құрған. Дегенмен саясатқа келгеннен кейін ол Франциядағы «Көкшіл жағалаудан» аса қымбат меншік иеленген көрінеді. Зерттеуші журналистер оның бұл әрекетінің түбінде де заңсыздық жатқан болуы әбден мүмкін деп отыр.

Осындай әшкерелеулер жарияланған тізімге сондай-ақ Оңтүстік Америкадағы бірқатар елдердің бұрынғы басшыларының да есімдері еніпті. Олар – 11 адам. Тізімде сондай-ақ Латын Америкасының жоғары лауазымды 90 саясаткерінің, әртістерінің, миллионерлерінің, тіпті діни қауымдастық басшыларының да аттары бар.

Журналистер швейцариялық 25 компанияның заңсыз істерін де анықтапты. Бұл компаниялар 2005 – 2016-жылдар аралығында офшорларға иелік ететін бірнеше адамға заңсыз қызмет көрсеткен екен.

…Халықаралық журналистер консорциумы әзірге осындай ақпараттармен бөлісіп отыр. Бұд орайда осыдан 5 жыл бұрын болған шулы оқиға еске түседі. Ол кезде «Панама мұрағатындағы» көптеген саясаткерлер мен бизнесмендерге қатысты құпия деректер әшкере болған еді. Яғни офшорларды тіркеумен айналысатын жергілікті компанияның құпия деректері жайылып кетіп, бұл адамдардың Панамадағы заңсыз нысандары мен банктегі шоттары әшкере болған еді, осының негізінде кейін бірнеше саясаткер қызметінен айырылған, біраз кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Ал бұл жолғы жарияланған құжаттардың салқыны кімге тиеді, жалпы, кімдер нақты дәлелдермен әшкереленеді – бұл жағы алдағы уақыттарда белгілі болып қалатын сияқты. Олардың қатарынан біздің де біраз «мықтының» бой көрсетіп қалуы ғажап емес-ау.

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button