Біздің сұхбатШартарап

Ньюкаслда не жаңалық?

Бүгінде шетелдермен қатынас жақсы, басқа мемлекеттерге барып білім алып, жұмыс істеп жүргендер бар. Таяуда белгілі ақын, жазушы Бақытбек Бәмішұлының отбасы да (суретте) осындай бір себеппен Англияның Ньюкасл қаласына барып орналасты. Осыған орай біз ол кісімен хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Англияға біраз уақыт тұратын болып барған екенсіздер. Негізгі мақсаттарыңыз туралы таратыңқырап айтып берсеңіз.

– Жұбайым Есенгүл Кәпқызы осында журналистика бойынша білімін жетілдіруде. «Болашақ» бағдарламасы бойынша осыдан бір жыл бұрын магистратураға түскен еді. Пандемиялық жағдайға байланысты бір жылға академиялық демалыс алған. Биыл оқуын жалғастыруда. Ал ұлымыз Ақтанберді былтыр Алматыдағы Ш.Смаханұлы атындағы №62 мектеп-гимназияның 9-сыныбын бітірген болатын. Сосын ары қарай білім алуды Англияда жалғастырсын деп шештік. Кәмелет жасына толмаған баланы шетелге тек әке-шешесімен бірге ғана жіберетін болғандықтан осы жаққа отбасымызбен келіп қалдық.

– Мектепке қабылдау тәртібі қалай екен?

– Оқу департаментіне алдын-ала тапсырыс беру керек екен. Біз төрт мектепке тапсырыс жіберген едік, соның біреуінен «орын бар, келіңіздер, арнайы сұхбаттан өткіземіз» деген жауап келді. Содан жолға шыққанбыз. Есенгүл Ньюкасл университетіне тіркеліп қойған. Лондонға дейін ұшақпен бір тәулік ұшып, одан «электричкамен» Ньюкаслға жеттік. Пойызға билетті алдын-ала алып қойғанбыз.

Мұнда келгесін бізді 10 күнге карантинге алды. Кешегі күні тесттен өттік, сынама жақсы шықты. Енді сегіз күннен кейін тағы да бір тест тапсырамыз. Есенгүл университеттен хабар күтеді. Ал баланы мектепке жас мөлшеріне қарай қабылдайтын тәртібі бар екен. Біздің ұл қазір 15 жаста. Бұл жастағылар сұхбаттасудан ертең өтетін болды.

– Ұлыңыздың көңіл-күйі, дайындығы қалай енді? Жалпы, ол бұрынғы мектебінде жақсы оқыған болар? Енді ақылы негізде оқитын бола ма?

– Ақтанберді бұл жаққа келгесін біраз күн үйрене алмай, достарын сағынып мазасызданған еді. Қазір жинақталып, дайын отыр. Мектепте ағылшын тілін оқыған, қосымша сабақтарға да бергенбіз. Мұнда мемлекет есебінен тегін оқитындар да, ақы төлеп оқитындар да болады екен. Қосымша сабақтарға қатысса, ақысын төлейді. Біз бұл жаққа мемлекеттік департамент арқылы келгендіктен мектепте оқуымыз тегін болатын шығар деп отырмыз. Қалай боларын алдағы уақыт көрсетеді.

– Жалпы, Англияға барғалы бері не көріп, не аңғардыңыз? Пандемияға қатысты тәртіптері қандай екен? Көңілге түйгендеріңізден айта отырсаңыз.

– Мұнда келгенімізге көп болған жоқ қой. Әзірге карантиндеміз. Сондықтан көп нәрсе аңғара қойдым деп айта алмаймын. Індетке қатысты әлем бойынша қолға алынған шаралар бұл жақта да бар. Лондондағы вокзалда маска киіп жүргендер көзге көп шалынды. Бұған дейін қатаң шаралар іске асырылған екен, бүгіндері ол біраз босаңсыпты. Таксиге мінгенде жүргізуші бізді салонның артқы жағына отырғызды, алдыңғы орын бос болды. Тәртіп солай екен. Ал Ньюкаслге бара жатқанда «электричкада» адам аз болды, маска киіп жүргендер көзге шалынбады. Вокзалға бізді күтіп алушылар да маскасыз келді.

– Қала қандай екен?

– Ньюкасл елдің солтүстік-шығыс жағында, Шотландияға жақын арада орналасқан қала екен. 300 мыңдай тұрғыны бар шағын, жинақы қала. Өзінің жергілікті және халықаралық әуежайлары, темір жол вокзалы, метросы бар. Теңізге барып құятын өзен жағасындағы қала. Мығым етіп салынған үлкен бір көпірін көрдік, қомақты ақша бөлініп салынған-ау, өте сапалы, әдемі екен. Басқасын карантиннен шыққасын аралап көрерміз.

– Ал виза құны қанша тұрады екен? Жалпы, жолға біраз шығынданған боларсыздар?

– Әрине, алыс жолдың шығыны да аз болмайды ғой. Адам басына билетті 250-300 мың теңгеден алғанбыз. Визаның өзі әрқайсымызға 750 мың теңгеден түсті. Одан басқа тест тапсыру бар, тағы басқа, біраз ақша жұмсалды.

– Қазір қайда тұрып жатырсыздар?

– Ерлі-зайыпты бір қариялардың пәтерін жалға алғанбыз, сондамыз. Өздері Ньюкаслден 90 шақырымдай жердегі бір қалашықта тұрады екен, бізді пойыздан күтіп алып, осы пәтерге жеткізіп, орналастырып кетті. Үш қыздары бар екен, барлығы үйлі-жайлы болып кеткен. Бұл пәтерде кенжесі тұрып, жақында тұрмыс құрып кеткесін оны жалға беруді шешіпті.

– Жал ақысы қанша екен?

– Айына 600 фунт-стерлинг, біздің ақшаға шаққанда 360 мың теңгедей болады. Коммуналдық төлемдерін бөлек төлейміз. Барынша үнемдеуге тырысармыз, әйтпесе пәтер ақысына айына 1 миллион теңгеден кем болмайтын қаржы жұмсалуы мүмкін-ау деп отырмыз.

– Пәтер ақысы, жүріс-тұрыс, ішіп-жем дегендей, біраз қаржы қажет болатын сияқты ғой. Ол жақта әлі біраз уақыт боласыздар…

– Үй иелері алғашқы кезге деп бізге арнап күріш, картоп, тағы басқа біраз азық-түлік алып қойған екен. Өзіміздің жолға алып шыққан қазы, құрт, ірімшік, макаронымыз бар. Есенгүлдің тайваньдық танысы, көрші келіншек тамақ әкеліп беріп кетті. Ашығатындай жағдайда емеспіз. Енді бізге дүкенге барып азық алуға да болады. Есенгүлдің стипендиясы, өзіміздің шотқа салған қаржы бар, сол біраз уақытқа дейін жетеді деп отырмыз. Ары қарайғысын алдағы уақытта көре жатармыз.

– Ол жақта азық-түлік бағасы қандай екен?

– Әзірге карантинде болғандықтан бұл жақтың тұрмыс-тіршілігін аса аңдай қойған жоқпыз, негізі. Бірақ электр энергиясының, судың, газдың құны қымбат деп естідік. Автокөлікпен жүрудің өзі көп жағдайда тиімсіз көрінеді, оған шығын көп жұмсалады деседі. Қымбатшылықтың бұл жақта да бар екені байқалады.

– Оқуға, жұмысқа деп өзге елдерден барып жатқан адамдар көп пе екен? Ол жақта қазақтар бар ма екен?

– Жалпы, жолда түрлі нәсіл адамдарын көрдік. Бұл жақта өзге елден келіп оқып жатқан студенттер көп деседі. Тұрғылықты орналасып, жұмыс істеп жүргендер де баршылық сияқты. Басқасын білмедім, қазақтардан үй-ішімен көшіп келгендер де бар дейді. Бізге көрші үйде осында 20 жылдан бері дәрігер болып істейтін бір жігіт бар екен, онымен бір-екі ауыз тілдесіп қалдым.

– Жергілікті тұрғындардың тұрмысы, айлық жалақылары қандай екен? Ол жағынан естігендеріңіз болса…

– Байқауымша, халқының тұрмысы жақсы сияқты. Ал жалақы мөлшері жайлы әзірге сұрап-білудің орайы келе қойған жоқ. Айлық жалақылары да жоғары болар деп ойлаймын.

– Енді бірер күнде карантиннен босап, көшеге еркін шығуға мүмкіндік тиеді. Тіл жағынан аса қинала қоймайтын шығарсыз? Ағылшыншаңыз қалай, жалпы, өзіңіз қанша тіл білесіз?

– Монғол, орыс тілдерінде еркін сөйлеймін, түрікше аздап білемін. Нан сұрап жей аларлықтай ағылшыншаны енді Есенгүл біраз үйрететін шығар.

– Оқырмандар үшін өзіңіздің өмір жолыңыз, шығармашылығыңыз туралы да аздап айта кетейік.

– Монғолияда туып-өскенмін. Мектепті ел астанасы Ұланбатырда бітірдім. Сосын Ленинградта университетте оқыдым. Негізгі мамандығым – инженер-электрик. Монғолияда темір жолда еңбек еттім. Қазақстанға 1991-жылы көшіп келгенбіз. «Қазақстан темір жолында», метрода инженер-электрик болып істедім. Филология бойынша диссертация қорғағанмын, ғылым кандидатымын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін, он кітаптың авторымын.

– Әңгімеге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Англияға барған мақсаттарыңыздың орындала беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

…Бүгінде Англияның Ньюкасл қаласында отбасымен тұрып жатқан Бақытбек Бәмішұлымен біз әзірге осындай жайлар жөнінде білдік. Бұйыртса, алдағы уақытта да көрген-білгендерінен ой бөлісудің сәті түсіп қалар. Өйткені Б.Бәмішұлы – бірнеше өлеңдер мен толғаулар жинағы, публицистикалық, прозалық шығармалары, монографиялары, аудармалары жарық көрген қаламгер. Ұлтжанды азамат кезінде Олжас Сүлейменовтің атақты «АЗиЯ» кітабын монғол тіліне аударған. Ол кісінің жары Есенгүл Кәпқызы да шығармашылық адамы, ол Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, белгілі журналист. Ендеше бұл отбасының Англия елі туралы айтары да, жазары да аз бола қоймас деген ойдамыз.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button