Шартарап

«Мета-дәуір» келе жатыр

Әлем байларының алғашқы «бестігінде» тұрған әйгілі миллиардер Марк Цукерберг өзінің иелігіндегі «Faсebook» компаниясының атауын өзгертті. Ол бұдан былай «Meta» деп аталатын болды.

«Meta» компаниясының «Faсebook», «Instagram», «WhatsApp» сияқты әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінің атауы сол қалпында қалады, жұмыстары бұрынғыша жүре береді. Өзгеріп отырған тек компанияның аты ғана. М.Цукербергтің өзі бұл өзгерісті компания мүмкіншіліктері ғаламтордағы ақпарат алмасуды қамтамасыз етуден асып, тың жобаларды қолға алу үшін жаңа алаңдар ашу қажет болып отыр деп түсіндірді.

Осы орайда «Meta» компаниясының қолға алғалы отырған жаңа жобасы тым қызықты, тіпті таңғажайып десек болады. Оны іске асыру бұл компанияның қолынан келеріне күмәндану да қиын. Өйткені «Meta» өмірге келтірген әлеуметтік желілердің бүгінде алысты жақындатып, әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың түрлі ақпарат алмасуына жол ашып қойғаны мәлім. Қазіргі күндері онлайн-режимде ақпарат алмасуды еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін меңгеріп отыр десек болады.

«Meta» компаниясы енді адамдарға виртуалды қызмет көрсететін жаңа алаңды зерттеп-дамытып, іске қоспақ. «Horizon» деп аталатын виртуалды әлем дүние жүзінің кез-келген түкпіріндегі адаммен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, ал өзара қарым-қатынас жасағанда адам сұхбаттасушының «тірі» бейнесін өзінің жанынан көре алатын болады. Яғни бұл жерде голографиялық тәсіл жұмыс істейді, сіз ол адамның сұлбасын ғана емес, іс-қимыл әрекеттерін де кәдімгі түсіңізде көргендей анық көре аласыз. Ол, мысалы, сіздің қатарыңызға келіп

отыра да алады. Дамыған технология жетістіктері адамға осындай мүмкіндік жасамақ. Арнайы жабдықтар виртуалды әлемде қарым-қатынас жасаушы бірнеше адамды бір аумақта тоғыстыра алады. Бұл мета-әлем бір орнында тұрып қалмайды, алға қарай дами түседі, оның келешекте адамзатқа қандай ғажайыптар сыйлайтынын қазір ғалымдардың өзі де тап басып айта алмайды.

Қысқасы, атын өзгерткен «Meta» компаниясы тәндік-физикалық, виртуалды және қосымша шындықтар әрекет ететін арнайы платформаны өмірге әкеліп, іске қоспақ. Онда сандық және физикалық әлемдер қосылып, бірігеді. Бұл мета-әлем платформасында виртуалды нысандар шын өмірдегі заттармен, оқиғалармен астасып, араласып кетеді, адамдардың сандық аватар-көшірмелері нақты бағдарламаларға байланысты түрлі бағыттарда әрекет ете алатын болады. Ол үшін арнайы құрылғылар қызметі пайдаланылады, ал қатысушы басына арнайы жасалған шлем киіп отыруы тиіс. Бүгінде мұндай шлемдер миллиондап шығарылып, сатылып та үлгеріпті.

«Мета-әлем» платформасында түрлі ойындар, ойын-сауықтық, танымдық бағдарламалар болады, олардың біріне қатысып болғасын немесе қатысып отырып-ақ басқа платформаға, мысалы, кино көруге ауысуға да болады.

…Әрине, мұндай ғажайыптар дәл бүгін-ертең өмір шындығына айнала қоймас, іске асқанның өзінде оның жұрттың бәріне жаппай қолжетімді бола қоюы да екіталай. Өйткені бұл жобаны жолға қоюға қазірдің өзінде миллиондаған доллар қаржы қажет болып отыр. Әзірге оның түрлі жақтарын жұртқа қолмен қойғандай ұғындырып айтудың өзі де қиын. Өйткені ғылым мен технология бір орнында тұрған жоқ, ол түрлі жаңалықтарды сағат сайын дерлік өмірге әкелуде.

Д. НҰРПЕЙІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button