Шартарап

Бейжіңдегі Ақ Олимпиада туралы не білеміз?

Тұп-тура 3 аптадан кейін – ақпанның 4-і күні Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындары басталуы тиіс. Төртжылдықтың ең ірі спорттық жарысы саналатын ірі спорт сайысы осымен 24-рет өткелі отыр. Қытайда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады.

Қытай қысқы және жазғы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы мемлекет. Олимпиада кезінде онда жаңа нысандардан бөлек, 2008 жылғы жазғы ойындарға қолданылған спорттық нысандар да қолданылады.

Мәселен, Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты «Құс ұясы» ретінде танылған Бейжіңнің ұлттық стадионында өтеді. 2008 жылғы жазғы ойынның салтанатты шаралары да сол кешенде өткен болатын.

«Olympic.kz» 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының бағдарламасын жеті жаңа жарыс түрі қосылғанын хабарлады. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы бәсекеден жүлделер таратылады.

Қосымша жарыс түрлері арқылы қысқы ойындар тарихында алғаш рет гендерлік теңдік сақталмақ. 2018 жылғы ойынмен салыстырғанда, әйелдер саны 45 пайыздан асады.

Ойынның ашылу салтанаты 4 ақпан күні, жабылуы 16 ақпанда өтеді деп күтілуде. Дегенмен спорттық бәсекенің кейбір түрлері ресми түрде ашылу салтанатынан екі күн бұрын басталады. Жарыстар түбегейлі 20 ақпанда аяқталады. Соңғы жарыс күнінде бобслей, керлинг, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау мен хоккейден жеңімпаздар анықталады.

Бейжіңдегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап салынған 12 спорттық нысанның барлығы да аяқталған. Үш олимпиадалық ауыл, басты медиа-орталық, ұлттық стадион және өзге де нысандар қолданысқа берілді. Осылайша, Бейжің қаласы қысқы ойындарды қабылдауға толық дайын. Олимпиаданы жалғыз Бейжің емес, оның қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалалары да қабылдайды. Бейжіңде хоккей, мәнерлеп сырғанау, керлинг, шорт-трек, конькимен жүгіру спорт түрлері өтеді. Яньцинде бобслей, шана, скелетон, тау шаңғысынан жүлделер сарапқа салынады. Ал жүлденің көбі Бейжіңнен 180 шақырымдағы Чжянцзякоуда үлестіріледі: шаңғы жарысы, биатлон, қоссайыс, трамплиннен секіру, фристайл, сноуборд.

Бейжің Олимпиадасын ұйымдастырушылар марапаттау рәсімінің керемет өтуіне бар жағдай жасап отыр. Марапаттау рәсімінің атрибуттары қаңтар айының басында таныстырылып қойған. Олимпиада жеңімпаздары гүлден бөлек арнайы тапсырыспен дайындалған ойынның бойтұмарын да сыйға алады.

Олимпиадаға шетелдік жанкүйерлер келе алмайды. Ал жергілікті көрермендер жарыстарды тамашалай алуы мүмкін. Бірақ олар Covid-19-ға қарсы талаптардың барлығын сақтауы тиіс. Әзірге талаптардың нақты қандай болатыны белгісіз.

Жарас ҚАСЫМ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button