Шартарап

Ауған… Пуштунвалай…

Халықаралық қауымдастық лаңкестік деп таныған «Талибан» ұйымының Ауғанстан билігін басып алуы бүгінде жұрттың назарын өзіне аударып тұр. Осы орайда бұл ел туралы танымдық деректер де жиі жариялана бастады.

«Империялар зираты» деп атайды

Жалпы, Ауғанстан біз үшін аса шалғай жатқан ел емес. Сондықтан ол туралы, оның халқы жөнінде біле жүрген артықтық етпейді.

Біріншіден, бұл елдің аты ерекше – Ауғанстан. «Ауған» деген сөз парсы тілінде «жым-жырт», «үнсіздік» деген ұғым береді екен, ал түркі тілінен аударғанда ол «кеткен», «жасырынған» дегенді меңзейді. Шығыс пен Батыс өркениеттерінің шегінде, сауда-экономикалық жолдардың бойында, геосаяси мүдделердің тоғысқан тұсында жатқандықтан бұл аумақ аумалы-төкпелі кезеңдерді басынан көп өткерген. Табиғаты сұлу әрі қатаң, адамдары жауынгер болып келетін өңір оны бағындырып алмақ болған басқыншыларға жым-жырт болып, аңдып жатқан жаудай суық көрінсе керек. Сондай-ақ толассыз соғыстардан тыныштық іздеген тайпалар тау қойнауларына қарай жер ауып кетуінен де бұл ел осылай аталып кеткен сияқты.

Осындай ерекшелігі бар Ауғанстанды бүгінде жұрт «Империялар зираты» деп те  атап жүр. Себебі бұл ел өз тарихында қыруар соғыстарды бастан өткеріпті, ал оны басып алған империялардың көбі кейін тарих сахнасынан жойылып кеткен екен. 2001-2021 жылдар аралығында бұл елде демократия орнатпақ болып миллиардтаған доллар қаржы шығындаған АҚШ-ты да жұрт сол империялардың кебін киеді деп айтып жүр. Ал 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстанда социалистік қоғам орнатылуына көмектеспек болған КСРО-ның империя ретінде жойылып кеткеніне де енді бірер айдан соң 30 жыл толғалы отыр.

Ауғанстанды біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірлерде жаулап алған империялардың да ізі тарих беттерінде ғана қалды. Мысалы, әйгілі Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) грек империясы, І Дарийдің парсы империясы туралы білеміз. Ауғанстанды кезінде араб халифатының әскерлері де, монғол-татар жаулаушылары да, ирандықтар да басып алған. Бергі тарихта оны Ұлыбритания өзіне қаратуға тырысты. Міне, осы империялардың ешқайсысы да оны өзінің бауырына мәңгілікке басып қала алмапты.

Ал бүгінгі Ауғанстан дербес ел ретінде өзінің тарихын XVIII ғасырдан алады екен. Осы кездерге дейін Иранның Севефидтер әулетіне және Бұхар хандығына тәуелді болып келген онда ауғандықтар көтеріліс жасап, 1747 жылы дуррани тайпасынан шыққан Ахмад-шах Дуррани деген пуштун өз билігін орнатқан, ол кейін ауған жерлерін біріктірген. Бірақ кейін Ауғанстан Пешавар, Кабул, Кандагар, Герат князьдіктеріне бөлініп кетіпті. Кандагар князьдігін пуштундардың ішіндегі хотак руы басқарған. Мір Уайс деген басқарып тұрған кезде тіпті олар Иранның сол кездегі астанасы Исфаханды басып алыпты. Бірақ кейін парсылардан жеңіліп, кері шегінуге мәжбүр болған.

Бертінде Иран ықпалынан толық құтылған Ауғанстанға ағылшындар да өз билігін орнатуға тырысқан. Ауғанстанда ауған-британ соғысы үш мәрте болып өткен. Бұл ел кезінде Ұлыбритания мен Ресей империяларының геосаяси мүдделері алаңына айналып, кейін, 1919 жылы ғана тәуелсіздікке қол жеткізген. Онда монархия орнаған. Ауғанстанда монархия 1973 жылы құлатылған. Король Захир шахтан билікті оның немере туысы Мухаммед Дауд әскери төңкеріс арқылы тартып алып, елдің мемлекеттік құрылысын республика етіп өзгерткен.

Көп басшысы кісі қолынан өлген

Ал 1978 жылы Ауғанстанда әйгілі Сәуір төңкерісі болды, Президент М.Дауд өлтірілді. Бұл ел дамудың социалистік жолына түспекке әрекет жасады. Бірақ елде Азамат соғысы басталып кетті. Ауғанстанда социализм орнатпақ болғандарға Кеңес Одағы көмектесті, 1979-1989 жылдары ондағы үкіметке Кеңес әскерлері жәрдем көрсетті. Сәуір төңкерісінен кейін Ауғанстан демократиялық республика болып жарияланды. Содан бері де онда билік басына бірнеше адам келді. Ішкі саяси ахуалы тұрақсызданып кеткен ел басшыларының көбі кісі қолынан қаза тауып жатты.

Мысалы, Ауғанстан Демократиялық Республикасының алғашқы басшысы Нур-Мухаммед Таракиді 1979 жылы өзінің орынбасары Хафизулла Амин қастандықпен өлтірді. Батыс елдерімен тіл табысып, Сәуір төңкерісінің нәтижелерін жоққа шығарады деп қауіптенген Кеңес Одағы арнайы жасақ жіберіп Х.Аминді өлтіртті. Оның орнына Бабрак Кармальді отырғызды. Бірақ ол моджахедтерге қарсы күресті дұрыс басқара алмай, қызметінен шеттетілді. (Моджахед деген – тұрақты емес әскери құрама мүшесі, ел азаттығы үшін күресуші, жиhад сарбазы). Б.Кармаль Ресейге кетіп, Мәскеуде өлді. Ал оның орнына болған Мохаммад Наджибулланы 1996 жылы елдегі билікті басып алған тәлібтер дарға асып өлтірді. Кейін, 2001 жылдарға дейін ел Президенті лауазымын атқарған ұлты тәжік бұрынғы дала командирі Бурхануддин Раббани де кісі қолынан қаза тапты. Оған тәлібтер қастандық жасады.

Басына 10 миллион доллар тіккен

Өткен тамыз айының ортасында Ауғанстанда үкімет билігін басып алған «Талибан» ұйымының негізін қалаушы Молда Омарды да кісі қолынан қаза тапты деуге болады. АҚШ әйгілі Бен-Ладенді өлтірген 2001 жылы оның да соңына түскен еді. «Талибан» басшысының қайда жасырынғанын көрсеткен адамға 10 миллион доллар сыйақы беретінін жариялаған. Кейін Молда Омардың Пәкстанның Кветта қаласында АҚШ-тың басқарушысыз ұшатын ұшағының соққысынан қаза болғаны туралы жарияланды. Бірақ тәлібтер оны жоққа шығарды. Тәлібтер Молда Омарды 2015 жылы туберкулез ауруынан қайтыс болды деп мәлімдеді.

Жалпы, бұл адамның өмірбаянында құпия жайлар көп. Оны біреулер 1959 жылғы дейді, енді біреулердің айтуынша, ол 1962 жылы Кандагарда кедей шаруаның отбасында өмірге келген. Пуштун ішіндегі гильзай тайпасының хотак руынан. Бұл ру пуштундар ішіндегі ең беделді рулардың бірі боп саналады.

Молда Омар медреседе білім алған. 1970 жылдары Пәкстанға кетіп, сонда оқыпты. 1979-1989 жылдары моджахедтер қатарында Кеңес әскерлері мен Ауғанстан үкіметі күштеріне қарсы соғысқан. Шайқастар кезінде 4 мәрте ауыр жарақат алған екен, бір көзінен айырылыпты. Кеңес әскерлері Ауғанстаннан кеткенен кейін Кандагарда өзі салдырған мешітте имам болыпты. Мыңдаған тәлібтерге дәріс беріп, тәрбиелеген. Ауғанстанда тәлібтер билігі орнаған 1996-2001 жылдары Ауғанстан Ислам Әмірлігінің тұңғыш Әмірі болған. Ол Ауғанстанды Кабулда емес, Кандагарда отырып басқарыпты. Көзін көрген адамдардың айтуынша, ол ар мен абыройды биік қоятын, елге қызмет етуді ойлайтын, өте адал, ержүрек адам болған деседі.

Молда Омардың 4 әйелі, олардан туған 2 ұл, 2 қызы болыпты. Бір қызы жаулардың қастандығынан қаза болған деп айтылады. Ал бір ұлы – Мохаммед Якуб таяуда Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Молда Омардың басқа балалары туралы ашық деректер жоқ.

Ал Молда Омардың орнын Хайбатулла Ахундзада басты, ол таяуда Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Әмірі, елдің рухани және саяси басшысы болып бекітілді.

«Пуштунвалай» деген не?

Ауғанстанда бүгінде 37  миллионнан астам адам тұрады. Осының 45 пайыздайын пуштундар құрайды. Осы пуштундарды негізінен парсы тектес ұлт деп атағанымен кей деректерде олардың ата-бабалары сақтар, тұрандықтан болған деп те айтылады.

Ауғанстанда пуштундардан басқа тұрғын халықтың 35 пайызын құрайтын тәжіктер, әрқайсысы 9 пайыздан асатын өзбектер мен хазарлар бар. Бұл елді сондай-ақ аздаған түркімен, қазақ, қырғыздар, одан басқа саны бірнеше мың адамнан бастап, ондаған, жүздеген мың адамнан тұратын шараймақ, қызылбас, нұрыстандық, памирлік, белуджа, пашаи, гуджара, брагуй, афшар, сингх, сикх, бахаи, парач, теймур, жемшид, тайман, фирузкух деген сияқты ұлттар мен тайпалар мекендейді. Халқының басым бөлігі Ислам дінінің сунниттік ағымын ұстанады, 20 пайыздай шииттер бар. Бұдан басқа заратуштра, христиан, будда, иудаизм діндерін ұстанатындар, тіпті ата-бабаларының ежелгі дінін тұтынатындар да жоқ емес. Негізгі тілдері – пушту мен дари, алайда халқы алуан түрлі болғандықтан Ауғанстанда басқа да көптеген тілдер қолданылады.

Ал енді осынша халықтың ішінде көпшілік болып саналатын пуштундардың өзі Ауғанстанда Пәкстандағыдан аз, 16 миллиондай ғана. Пәкстанда пуштун ұлтының 45 миллионнан астам өкілі тұрады. Жалпы алғанда әлемде олардың саны 63 миллион адамнан асады екен.

Бір қызығы, қайда жүрсе де пуштун ұлтының өкілдерін ортақ сипатқа біріктіретін бір нәрсе бар. Оларды «пуштунвалай» деп аталатын жазылмаған заңдар жиынтығы біріктіреді. Бұл – пуштун ұлтының ар-намыс кодексі. Ежелгі замандардан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан бұл заңдар жинағы адамды әділдікке, шыншылдыққа, еркіндікке, өзін және өзгені сыйлай білуге, ар-ұят, намыс, ерлік сияқты асыл қасиеттерді биік ұстауға баулитын сияқты. Пуштундар оны шариғат қағидаларымен қоса ұстанады, дегенмен қандай да бір жағдайға қатысты таңдау қажеттілігі туа қалса, пуштунвалай ұстанымдары бірінші орынға шығады екен. Өмірде пуштунвалайды әрбір пуштун өз қалауынша, ақылға сияр деңгейде, өз ісіне лайықты жауап бере алатындай деңгейде қолдана алатындай етіп тәрбиеленеді. Әрбір тайпа өзінің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады, бұл орайда астамсып кететіндер болса, олар да тезге салынып отырады.

Пуштунвалай бойынша тұрмыс тауқыметін шегіп жүргендерге жәрдем көрсету, демеушілік жасау, баспанасыз жанды үйлі-күйлі ету де үлкен абырой саналады деседі. Оларда өзгелерге асарлатып, бірлесіп көмектесу де жазылмаған заң. Біреу қандай да бір ісімен өзгені ренжітіп қойса, ол үшін міндетті түрде кешірім сұрайды, кешірім сұрамаса, жәбірленуші бұған байланысты ақсақалдар кеңесіне жүгінеді, сосын әділ сот жүргізіліп, зорлықшыға тиісті шара қолданылады. Жәбірленуші жәбірлеушіге кешірім берсе, ол да жоғары бағаланады. Тайпалардың өзін-өзі басқаруы, теңдігі, сыйластық-түсіністігі осы ақсақалдар басқаратын жиындарда талқыланып, реттеліп отырады.

Жалпы, пуштунвалайдың қоғам қалыптасуына тигізетін оңды әсері аз емес сияқты. Оларды ортақ жауға жұмылдыратын күш те осы, жауға қарсы күреске шақыру басталса, оған бір кісідей үн қосуға ұмтылады. Мұндай күрес жолына талпыныс, ұмтылыс, табандылық жоғары бағаланады. Олар уәдесіне берік, антына адал болуға тәрбиеленеді. Тек бір қиын жері, оларда «қанға – қан, жанға – жан» дегендей қанды кек тәртібі қазіргі күндері де сақталған екен.

Пуштунвалай бойынша пуштун өзінің ойында да, ісінде де әрқашан жақсылық істеуге ұмтылуы, жамандық атаулымен күресуі тиіс. Ол адамға мейірімді, табиғатқа қамқор болуы, қоршаған ортаны ластамауы керек. Сондай-ақ қонақжайлық, пана іздеп келген адамға қол ұшын беру де оларда биік абырой саналады. Осы орайда тіпті өміріне қауіп төніп, пана сұрап келген жауды паналату да оларда жиі кездеседі екен.

…Қысқасы, Ауғанстанның негізгі халқы – пуштун ұлтының осындай ерекшеліктері бар екен. Бүгінгі Ауғанстан билігін уысында ұстап отырған тәлібтер – негізінен осы пуштун ұлтының өкілдері. Әрине, пуштундардың ұлттық ар-намыс кодексіне қарап біз тәлібтердің бұрынғы-соңғы істеп жатқанының бәрі де керемет дей алмаймыз. Тек жұртты Ауғанстан халқы туралы бірқатар ерекше деректермен таныстыра кетуді ғана мақсат тұттық. Әсіресе пуштундардың ұлттық кодексі кімді де болса қызықтырып, ойландырады емес пе?

Д. НҰРПЕЙІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button