Шартарап

Ауғанстандағы ахуал қандай?

«Талибан» қозғалысының Ауғанстандағы мемлекет билігін басып алғанына да бір жарым айдан асты. Тәлібтер билікк ие болғанымен елдің ішкі ахуалын, экономикалық жағдайын тұрақтандыра алмай жатыр.

Кабулда азық, су жетіспей жатыр

Бүгінде Ауғанстан астанасы – Кабул қаласында біршама тәртіп орнаған. Кабулдағы халықаралық әуежай Катар мен Түркияның жәрдемі арқасында қалпына келтірілді, тәлібтер енді басқа мемлекеттерді Ауғанстанмен әуе қатынасын қалпына келтіруге шақырып жатыр. Дегенмен басқа елдер әзірге сақтанып, әліптің артын бағуда.

Өйткені бүгінде Ауғанстан гуманитарлық дағдарыста отыр. Елде азық-түлік жетіспейді, көптеген өнеркәсіп орындары мен мекемелер әлі де жұмысын бастай алған жоқ. Көптеген дүкендер мен базарлар жабық. Тұрғындарға банктегі шоттарынан ақша алуға шектеу қойылған. Күйзелген жұрттың алды бір тамағын асырау үшін тұтыныстағы заттарын, жиһаздарын, ұсақ-түйек дүниелерін, жеке көліктерін, баспаналарын сатуға көшкен. Қоғамдық көліктердің жүруі де өте азайып кеткен, жанар-жағармай қымбат, бекеттерде ұзын-сонар кезекте тұрушылардың саны артуда.

Ел астанасы тұрғындарының жағдайы да күннен-күнге нашарлап барады. 4 миллион адамнан аса тұрғыны бар Кабулде бүгінде ауыз су да жетіспей жатыр. Қала басшылығы суды аса қымбат бағаға шет өңірлерден сатып алуға мәжбүр болуда. Автокөлікпен әкелінген су мешіттерге жеткізіліп, тұрғындарға сол жерлерде таратылуда. Күнұзақ кезекте тұрып үйіне бос шелекпен қайтатындар қатары артып барады. Бұл жөнінде кешегі аптада қала мэрі айтып, дабыл көтерді.

Осы орайда Ауғанстан билігі бүгінде Оман сұлтандығында паналап жүрген бұрынғы президент Ашраф Ғанидан елден ұрлаған қаржыны қайтаруды талап етуде. «Талибан» басшылығының мәлімдеуінше, ол Ауғанстаннан 170 миллион долларға жуық қаржы жымқырып кеткен көрінеді.

Қолын шабады, дарға асады…

Мұндай аса күрделі кезеңде ел ішінде қылмыстың түр-түрі көбейетіні белгілі. Осыған орай Ауғанстандағы тәртіп те қатаңдандырылуда.

Таяуда тәлібтер Герат қаласында адам ұрлығына қатысы бар деп айыпталған төрт адамды атып өлтіріп, мүрделерін кранға асып қойды. Олардың мойындарына тақташа ілініп, оған олардың  істеген қылмыстары туралы, ауыр қылмыс жасағандарды нақ осындай жаза күтіп тұрғандығы жөнінде ескертулер жазылып қойылды. Осы күндері Ауғанстанда ұсақ ұрлық жасаған бірнеше адамды жұрт алдына шығарып, бетіне күйе жағып, аузына қатқан нан қыстырып масқаралау сияқты жазалар қолданылды.

Негізі тәлібтердің елдегі билікті қолға алғасын алдағы уақытта шариғат заңдары үстемдік құратынын мәлімдегені белгілі. Жаңа үкіметтің  Түрме қызметі министрі Нуриддин Тураби таяуда қылмыс жасағандардың шариғат талаптары бойынша қатаң жазаға тартылатынын айтқан болатын. Мысалы, ұрлық жасағандардың қолы шабылады, жолда тонаушылық жасағандардың қолымен қоса аяғы да шабылады. Ауыр қылмыс жасағандар жұрт көп жиналатын жерде дарға асылатын болады. Дарға асылғандарды видеоға түсіріп, таратуға рұқсат. Сондай-ақ «тасборан» жазасы да қалпына келтіріледі. Н.Тураби тәлібтердің 1996 – 2001-жылдар аралығындағы «Ізгілік істері және күнәдан сақтау жөніндегі министрлік» деп аталған құрылымын басқарған екен. Сол кезде осындай жазалар жиі қолданылыпты. Тураби елде тыныштық орнағанша осындай тәртіптер сақталуын жақтайтынын ашық білдіріп отыр.

Жалпы, кей деректерге қарағанда тәлібтер билікке келгенге дейін ауған көшелерінде сайран салған басбұзарлардың тентектігі қазір сап тыйылған көрінеді. Бұрын адамдар сондайлардан қорқып, қас қараймай тұрып үйлеріне жетіп алуға асыққан болса, қазір ондай әлімжеттік жасаушылар кезігіп қалар деп қорықпайтын болыпты деседі.

Дегенмен Ауғанстанда елді 1934 – 1973 жылдар аралығында билеген король Захир шахтың кезіндегі Конституцияға уақытша қайта орала тұру қажет деп айтушылар да бой көрсете бастады. 1964 жылы қабылданған Конституцияда екі палаталы Парламент құру, елді демократияландыру, сөз және жиындар жасау бостандықтарын қалыптастыру, сондай-ақ әйелдерге бірқатар құқықтар беру жөнінде қарастырылған екен. Алайда қазіргі қалыптасып отырған жағдайда ондай Конституцияға  орала салудың оңай болмайтынын айтып жүргендер де бар.

Әйелдерге қысым күшейді

Бүгінде Ауғанстан әйелдерінің, қыздарының оқу, жұмыс істеу тұрмақ, көшеге туыс ер адамсыз шығуының өзі қиынға айналып отыр. Әйел бала туып, үй шаруасымен айналысуы тиіс деген ұстаным қайтадан бел ала бастады. Тәлібтер билікке келгенге дейін түрлі мекемелерде жұмыс істеген әйелдер жаңа үкіметтен қорқып, алдағы күніміз не болады деген уайыммен жүр. Олардың таяуда елдің бірқатар аумақтарында болған наразылық шеруін тәлібтер қуып таратқан болатын.

Елдің оқу министрі Хаккани таяуда хиджаб киген әйелдер жұмыс істей алады, бірақ олар ерлерден бөлек жерде жұмыс істеуі тиіс деп айтқанымен әзірге ондай кеңшіліктің өзі де жасалып жатқан жоқ. Мысалы, кешегі аптада жұмысын бастаған Кабул университетінің жаңа ректоры Мухаммед Ашраф Гайрат бұрынғы жұмыс орындарына келген әйелдерді оқу орнынан қуып шықты. «Елде Ислам тәртіптері әбден орнап болмайынша әйелдерге жұмыс істеуге болмайды», – деп ескертті ол.

Тәжікстанмен арасы ушығуда

Қысқасы, Ауғанстанның ішкі ахуалы әзірге аса қиын болып тұр. Осыған орай тәлібтер шет мемлекеттермен барынша жұмсақ саясат ұстанып, ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға тырысып бағуда. Бұл орайда әсіресе көрші мемлекеттер ондағы жағдайдың тезірек түзелуіне мүдделі.

Мысалы, Өзбекстан арада біраз суыну болғанына, таяуда Термез түбінде екі ел шекарашылары арасында атыс болып, бір сарбазының оққа ұшқанына да қарамастан Ауғанстанмен экономикалық тұрғыда ынтымақтастық орнатуға тырысып жатыр. Бұл елге гуманитарлық жүк жіберді, электр энергиясы, мұнай өнімдері, азық-түлік мәселесінде көмек қолын ұсынатынын білдірді. Сондай-ақ Өзбекстан басшылары БҰҰ-да қазіргідей жағдайда Ауғанстанды оқшауламауға, тұйықта, дағдарыста қалдырмауға шақырды.

Кешегі аптада Ауғанстанның Балх уәлаяты мен Өзбекстанның Сұрхандария облысы басшыларының кездесуі болып өтті. Онда екі жақ бір-бірімен экономикалық байланыстарды жандандыруға келісім жасады. Бұл келісім Ауғанстан жағының өтінішімен іске асты.

Түркіменстан да өзінің Пәкстан мен Үндістанға ауған жері арқылы өтетін газ құбырының жұмысын жақсарту, экономикалық байланыстарды жандандыру мақсатында тәлібтермен келіссөз жүргізуге дайын. Қырғызстан болса, Орта Азияда бірінші болып Ауғанстанға өз делегациясын жіберіп, ынтымақтастық қатынас жөнінде келісімдер жасап алды. Ауғанстанға бидайды көп экспорттайтын біздің ел де бұл мемлекетпен жақсы қатынаста болуды көздейтінін сездіруде.

Жақын көршілерінің ішінде қазір Ауғанстанмен тек Тәжікстан ғана қырғиқабақ болып отыр. Оған бір себептен Тәжікстанның Пандшердегі тәжіктерге бүйрегінің бұруы себеп болып отыр. Тәжік Президенті Эмомали Рахмонның мәлімдеуінше, Ауғанстан халқының 40 пайызға жуығын тәжік ұлтының өкілдері құрайды, сондықтан жаңа үкімет тәжіктердің де мүддесімен санасуы тиіс. Ол Панджшердегі қарсыласу қозғалысының басшысы, бүгінде тәлібтерден қашып, Тәжікстанды паналап жүрген Ахмад Масуд пен кезінде Ауғанстанның президенті болған тәжік ұлтының тағы бір өкілі, марқұм Бурхануддин Раббаниді Тәжікстанның ең жоғарғы мемлекеттік «Исмаил Самани» орденімен марапаттады. Э.Рахмон сондай-ақ халықаралық қауымдастықты Панджшер тұрғындарының құқын қорғауға шақырды.

Осының бәрі тәлібтердің қытығына тиіп отыр. Олар мұны Ауғанстанның ішкі істеріне араласу деп бағалады. Тәлібтер таяуда ауған-тәжік шекарасына өздерінің элиталық арнайы жасағының сарбаздарын топтастырды. Қазір бұл екі ел бір-біріне көз аларта қарап отыр.

Хазарлар да бас көтермек

Ауғанстанда хазар ұлтының өкілдері де мекендейтіні белгілі. Түркі-монғол тектес, мұсылман дінінің шииттік ағымын ұстанатын бұл халық та біріксе едәуір күш. Мысалы, Ауғанстанда 3 миллиондай, Иранда 2 миллиондай, Пәкстанда 1 миллиондай  хазар бар екен. Әлемде олардың саны 6 миллион адамнан асады. Бүгінде осы хазарлардың да кей өкілдері жаңа билік тарапынан қысым көргенін айтып жатыр. Бұрын вице-президент лауазымын атқарған азамат, елдегі хазарлар қауымдастығының басшысы Мохаммад Карим Халили таяуда бұрынғы президент Ашраф Ғанидың елден қашуы үкіметтің тәлібтермен бейбіт келісімге келу мүмкіндігіне орны толмас зардабын тигізді деп мәлімдеді. «Біз бұрын тәлібтермен арада бейбіт саясат ұстанғанбыз. Олармен Үкіметті елдегі барлық этникалық топтар мен саяси күштер өкілдерінен жасақтау жөнінде келіскенбіз. Бірақ президенттің жасырын түрде елден қашып кетуі осы келісімдерді баянсыз етті», – деді ол.

Қысқасы, Ауғанстан хазарлары егерде тәлібтер тарапынан өздеріне қысым жалғаса беретін болса, өздерінің қарсыласу қозғалысына қатысуы әбден мүмкін екенін ашық ескертті. Яғни бүгінгідей жағдайда Ауғанстанда ұлтаралық, діни қақтығыстардың, Азамат соғысының туындап кету қаупі сейілмей тұр.

«Талибанды» мойындамауға шақырды

Бұл күндері Ауғанстан Ислам Республикасының (бұрынғы атауы) тәлібтерден қашқан саясаткерлері жұртты оларға қарсы күреске жұмылуға шақырып жатыр. Өздерін «қуғындағы заңды үкімет» деп атаған олар таяуда Швейцарияның Женева қаласынан арнайы үндеу жариялады, әр елде паналап жүрген ауған саясаткерлерін, бұрынғы үкімет пен парламент мүшелерін «өздерінің тиісті, заңды жұмысын» жалғастыра беруге үндеді. Өздерінің Ахмад Масуд бастаған қарсыласу қозғалысын қолдайтындарын мәлімдеді. Сондай-ақ олар әлемдік қауымдастықты Ауғанстандағы «Талибан» билігін мойындамауға шақырды.

Ал әлемнің жетекші елдерінің Ауғанстанға қатысты ұстанымы әзірге әрқалай. АҚШ оған оң қабақ танытпай отыр, бұл елде тіпті Ауғанстандағы сәтсіздікке жол берді деп бірқатар генералдарды жауапкершілікке тарту мәселесі көтеріліп жатыр. Ауғанстанды «экономикалық құшағына алуды»,  бұл елдің игерілмей жатқан жерасты байлықтарына инвестиция салуды көздеген Қытай ыңғайы келсе, тәлібтер билігін алғашқылардың бірі болып ресми түрде мойындауға дайын отыр. Шығыс жақ іргесін қауіпсіздендіруді ойлаған Ресей болса, «Талибаннан» сақтанса да онымен қандай да бір қарым-қатынас орнату жағын ойластырып жатқан сияқты.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button