Шартарап

Ақшаң болса, ғарышқа ұша аласың

 Ғарышты игеру саласында ерекше бір жаңалық орын алды. Тарихта тұңғыш рет Халықаралық ғарыш станциясына кәсіби ғарышкерлер емес, туристер ұшты. Өткен 8-сәуірде ғарыш кеңістігіне сапар шеккен олар кешегі 25-сәуір күні Жерге аман-есен оралды.

400 шақырымдай биікте болып келді

Халықаралық ғарыш станциясында болып қайтқан адамдардың төртеуі де бизнесмен, кәсіпкерлер. Олар: АҚШ-тың бұрынғы астронавты, осы ұшуды алғаш болып жүзеге асырып отырған «Axiom Space» жекеменшік компаниясының вице-президенті Майкл Лопес-Алегриа, АҚШ бизнесмені Ларри Коннор, канадалық инвестор Марк Пати және Израиль кәсіпкері Эйтан Стиббе. Бұл азаматтардың ішіндегі ең жасы – канадалық М.Пати 52-де, ал кеме капитанының міндетін атқарған М.Лопес-Алегриа 63 жаста, Э.Стиббе – 64-те, ұшқыш міндетін атқарған Л.Коннор 72 жаста. Олар Жерден 400 шақырымдай қашықтағы, көк жүзінде «жүзіп» жүрген Халықаралық ғарыш станциясына барып қайтуға тәуекел етті.

Бұл сапар АҚШ Ғарыш агенттігімен арнайы жасалған келісім негізінде, «SpaceX» компаниясымен бірлесе отырып іске асырылды. Ал турист-ғарышкерлер Халықаралық ғарыш станциясында ғылыми-ағартушылық жұмыстармен айналысты.

…«Crew Dragon» ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш станциясына өткен 8-сәуір күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен ұшырылған еді. Оны Жер орбитасынан «Falkon-9» зымыран тасығышы өткізген болатын. Ол 9-сәуір күні Халықаралық ғарыш станциясына жетіп, онымен сәтті түйісті. Туристер ғарыш станциясынан 8 күннен кейін қайтуы тиіс болатын, алайда Жердегі ауа райының қолайсыздығына байланысты олар станциядан 17 күннен кейін ғана орала алды. Өйткені «Crew Dragon» ғарыш кемесінің туристерді Жерге жеткізетін арнайы капсуласы тек суға ғана қона алатын еді, ал сол күндері ол келіп түсуі тиіс Атлант мұхитында қуатты дауыл болып жатты. Сондықтан туристердің ғарыш станциясында жоспарланғаннан екі есе артық уақыт болуына тура келді. Дегенмен олар аштық пен шөлден және тағы басқа жайсыздықтардан қиналған жоқ, өйткені Халықаралық ғарыш станциясында ғарышкерлерге апта түгілі айлар бойы, тіпті жылдан астам уақыт бойы алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасалып, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп қойылған.

25-сәуір күні Халықаралық ғарыш станциясынан ажыратылған «Crew Dragon» ғарыш кемесі арада 17 сағаттай уақыт өткеннен кейін Жерге келіп жетті. Ал Тынық мұхит суына аман-есен қонған арнайы капсуладағы туристер кемеге алынып, мұхит жағалауына жеткізілді.

Саяхат құны – 55 миллион доллар

Жалпы, бұл ғарыш сапарын іске асырған «Axiom Space» компаниясының ғарыш туристеріне көрсететін қызметі 55 миллион доллар тұрады екен. Яғни ғарышқа ұшқан әр турист компанияға осынша қаржы төлейді деген сөз. Дегенмен туристердің осыған дейін жариялы түрде айтылып келген бұл сомадағы ақшаны төлеген-төлемегені әзірге белгісіз, компания бұл жөнінде ашық айтқан жоқ.

Ал ғарышқа ұшқан туристер осы уақытқа дейін де болған. Бірақ оларды кәсіби ғарышкерлер апарып келетін еді. Бұл жолы туристердің өздері тәуекел етіп, қажетті шаруаларды тындырып қайтты. Әрине, араларында бұрынғы астронавт болды. Дегенмен оның ғарышқа ұшудан қол үзгеніне бірнеше жылдар өткен еді. Майкл Лопес-Алегриа 1995 – 2007-жылдар аралығында ғарышқа 4 мәрте ұшқан, ол АҚШ астронавтары арасында Халықаралық ғарыш станциясында ең көп уақыт болған адам есептеледі. М.Лопес-Алегрианың АҚШ астронавтар отрядының қатарынан кеткеніне биыл 15-ші жыл болып отыр.

Ал алғаш рет ғарыш кеңістігіне 1990 – 1991-жылдары жапониялық және ұлыбританиялық екі турист барып қайтқан еді. Кейін туристердің Халықаралық ғарыш станциясына барып келуі коммерциялық жолға қойылды. Ең алғаш 1991-жылы АҚШ миллиардері Деннис Тито 20 миллион доллар ақша төлеп барып қайтты. (Бұл кезде Халықаралық ғарыш станциясында біздің ғарышкер Талғат Мұсабаев та жұмыс істеген болатын). Халықаралық ғарыш станциясына 2006-жылы түбі ирандық әйел, АҚШ азаматы Ануше Ансари де барып қайтқан, ол онда 11 күн болған.

Кешегі күндерге дейін Халықаралық ғарыш станциясына 9 мәрте туристер апарылған еді. Алғашында олар 20 миллион доллардан төлесе, кейін ақы сомасы 45 миллион долларға дейін өскен болатын. Мысалы, 2021-жылы желтоқсан айында Халықаралық ғарыш станциясында болған жапон миллиардері Ёдзо Хирано осы сапар үшін 45 миллион доллар төлеген еді.

Ал бұл жолы Халықаралық ғарыш станциясына барып қайтқан туристердің әрқайсысы 55 миллион доллардан ақы төледі деген анық-қанығы нақтыланбаған әңгіме айтылып жатыр. Соған қарағанда, инфляция есепке алынып отырған сияқты, оның үстіне бүгінде ғарышты көріп қайтуға құмартушы қалталылар саны да артып отырған сыңайлы.

Өйткені қазіргі күндері қажет санағандарды Жер орбитасына, ғарыш кеңістігіне, Халықаралық ғарыш станциясына апарып қайтуда өз қызметін ұсынатын мемлекеттік қана емес, жекеменшік компаниялар да баршылық. Олардың қызмет ақысы 5 – 10 миллионнан бастап, 55 миллион долларға дейін жетіп отыр.

Ал Жер орбитасынан, ғарыш кеңістігінен, Халықаралық ғарыш станциясынан Жерге, айнала төңірек пен түпсіз аспан кеңістігіне көз жіберген адам ғаламат сезімдерді өз басынан өткереді екен. Өйткені көрсем, білсем, озсам, атағым шықса дейтін адам баласының құштарлығы зор ғой.

Аспандағы станцияның салмағы 417 тонна тартады

Осы орайда Халықаралық ғарыш станциясы туралы да деректер бере кетейік. Бұл – басқарылатын орбиталық станция, онда ғарыштық зерттеулер жүргізіледі. Ол 1998-жылдың күзінен бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін Жерді 115 мың мәрте айналып, 5  триллион шақырымға жуық жол жүріп өтті. Бүгінде оның өз жұмысын бастағанына 8560 күн толып отыр. Станцияны әлемнің 14 мемлекеті пайдаланады, оның жұмыстары үшін әрқайсысы тиісті көлемде қаржы аударып отырады. Ондағы негізгі модульдерді АҚШ, Ресей, Еуропа ғарыш агенттіктері мен Жапония салған.

Халықаралық ғарыш станциясының салмағы 417 тоннадан асады. Оның ұзындығы – 53 метр, ені – 74,5 метр, биіктігі – 24,7 метр. Егер есепте жағылыспасақ, оны кемінде 40-50 пәтерлі 8 қабатты үймен пара-пар десек болғандай.

Халықаралық ғарыш станциясы тұрған кеңістікте уақыт Жердегіден әлдеқайда жылдам өтеді. Онда ғарышкер бір тәулікте Күннің батып-шыққанын 16 мәрте көреді, яғни ол Халықаралық ғарыш станциясында осынша күн мен түнді басынан өткереді. Өйткені станция Жерді әр 92 минутта бір айналып өтеді.

Халықаралық ғарыш станциясында болған бір тәулікте ондағы ғарышкер Жердегі бір жылдағыдай радиация әсерін алады. Сондықтан ондағы 1 сағат болудың құнының өзі 55 мың долларды құрайды. Онда тұрақты түрде жұмыс істейтін, белгілі бір уақыттан соң кезек алмасып отыратын 6 ғарышкер бар.

Жалпы, Халықаралық ғарыш станциясын түнде арнайы көзілдірікпен Жерден де көруге болады. Өйткені ол өзінің жарықтығы жөнінен Ай мен Шолпаннан кейінгі үшінші орынды алады. Ғарыш кеңістігінде қалқып жүрген қоқыстарға соқтығысып қалмас үшін және Жер атмосферасына еніп кетпес үшін (өйтсе, өртенеді) ол өзінің орбитасын үнемі түзетіп отырады. Мұны іске асыру үшін ол арнайы қозғалтқышпен жабдықталған. Бүгінде ол Жерден шамамен 400 шақырымдай биікте тұр.

…Қысқасы, тарихта тұңғыш рет ғарышқа тек туристерден ғана тұратын топ ұшып барып қайтты. Туристер бұған дейін тек Ресей ғарыш кемелерінің қызметін пайдаланып келген болса, бұл жолы олар америкалық жеке компанияның көмегіне жүгінді.

Осы орайда бүгінгі күндері Ресейдің ғарышты игеру саласында дағдарысқа ұрынғанын да айта кетейік. Украинаға соғыс ашқаны үшін бүгінде бұл ел бүкіл әлемнің алдында жеккөрінішті болды, ауыр санкцияларға ұшырап, шет мемлекеттерден ғарышты игеру саласына қажетті құрал-жабдықтар ала алмай қалды. Енді ол қыруар пайда әкелетін коммерциялық ұшыруларды да іске асыра алмайды. Осы орайда Ресей Қазақстандағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болады деген де болжамдар жасалуда. Ал мұның қаншалықты өмір шындығына айналарын алдағы уақыт көрсетер.

Д. НҰРПЕЙІС.

«Zamana.kz».

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button