Шартарап

Ауғанстанда туып-өскен қазақ

Бүгінде Қазақстанмен шектесетін мемлекеттер мен алыс шет елдерде бірнеше миллион қандастарымыздың тұрып жатқаны белгілі.

Олардың көпшілігі негізінен алмағайып замандарда өзге елдің иелігіне өтіп кеткен ата мекендерінде отырғандар немесе ол жақтарға Қазақстандағы қиыншылық кездерде қоныс аударғандардың ұрпақтары.

Кабул университетінде істейді

Қазақ даласында орын алған аумалы-төкпелі кезеңдерде шетел ауған қазақтардың ұрпақтары бүгінде Ауғанстанда да тұрып жатыр. Олар Ауғанстанда 1980-жылдардан бері толастамай тұрған бүліншіліктерге көзбе-көз куә болды, шамасы жетіп, жолы болғандары соғыстан қашып, Пәкстанға, Иранға, Сауд Арабиясына, Түркияға, одан әрі Еуропа елдеріне барып тұрақтады. Ал түрлі себептермен қалып қойғандары бүгінде Ауғанстаннан шыға алмай отыр.

Кешегі аптада бізге сондай жандардың бірі – Хамидулла Тадаш есімді азаматпен (суретте) сөйлесудің сәті түскен еді. Телефонмен күндізгі уақытта байланысу қиын екен, ол кісімен түн ішінде сөйлесіп, біраз мағлұмат алдық.

«Мен Тәжікстан шекарасына жақын аумақтағы Құндыз уәлаятында туып-өскенмін. Кабул университетін 2006-жылы «жақсы» деген бағалармен бітіргенмін. Арада бір жыл өткесін университет мені жұмысқа алды, сосын Түркия астанасындағы Гази университетіне жіберді. Анкарадағы университетте мен түрік тілі мен әдебиеті бойынша дәріс алдым. Түркиядан 2012-жылы оралдым, сөйтіп Кабул университетінің «Шетел тілдері» факультетіне жұмысқа тұрдым. Онда 11 тіл бойынша сабақ беріледі. Мен түрік тілі пәнінің мұғалімімін, ауғанстандықтарға түрік тілін үйретеміз», – дейді Х.Тадаш.

Бұл азаматтың жасы қазір 40-та екен. Әйелі Мастура – өзбек қызы. Отбасыларында Беке, Бегім есімді қыздар мен Білгехан, Санжарбек, Атабек атты ұлдар өсіп келеді. Үлкендерінің жасы 11-де. Х.Тадаштың бірге туған бауырларынан – ағасы Ауғанстанның Құндыз уәлаятында, ал екі інісі Иранда тұрады екен. Сондай-ақ оның Түркияда тұратын ағайындары да бар.

Негізі Ауғанстан қазақтарының көбі тек бастауыш біліммен ғана шектеліп қалғаны белгілі. Дегенмен олардың арасында сирек те болса жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет атқарып жүргендер де жоқ емес. Хамидулла – сондай жандардың бірі.

«Аспирантураға түсем десем, мені университет тағы да Түркияға жіберетін еді. Ал мен Қазақстанда оқуды қалап, біраз әрекеттеніп көрдім, бірақ онымнан нәтиже шықпады. Оның үстіне Қазақстанда білім алу құны да қымбат екен, бір жылға 5 мың доллар болады. Сосын мен Қырғызстандағы «Манас» университетіне түрік тілінің маманы ретінде аспирантураға қабылдандым, алайда виза алуға қолым жетпей ол жаққа бара алмадым. Кейін түркі тілдері теориясы бойынша Қырғызстандағы басқа университеттің аспирантурасына қабылдандым, қазір онлайн режимінде оқып жүрмін. Ауғанстандағы Памир қырғыздарының тілі мен Қырғызстан қырғыздары әдеби тілі бойынша зерттеу жүргізудемін», – дейді ол.

Кіші жүздің Таз руынан екен

«Біздің түбіміз – Кіші жүздің Байұлы тайпасы ішіндегі Таз руы, – деді Хамидулла біздің қойған сауалдарымызға орай. – Бізге мұны шешем Меңлігүл айтып берген. Соны білгеннен мен өзіміз тұратын өңірлерде қазақтар, соның ішінде Таз руының адамдары бар ма деп елеңдеп жүретін болдым.

Жалпы, Ауғанстанға қазақтар бір мезгілде барып бірдей қоныстанбаған. Қазақстанда большевиктер билігі орнаған кезде Тәжікстанға, Ауғанстанға қашқандар бар. Большевиктер негізінен елдің батыс аумақтары арқылы келген ғой. Ал ол жақта Кіші жүз рулары мекендейді. Олар большевиктерге қатты қарсылық көрсеткен болуы мүмкін, көтерілістерді басып тастағаннан кейін басқа елге қашуға мәжбүр болған. Шешем: «Таз жігіттері орыстармен өте көп соғысқан, сосын олар кек алып, бұл руды қырғынға ұшыратқан, қалғандары тоз-тозы шығып, босып кеткен», – деп айтып отыратын. Ол рас та шығар деп ойлаймын, себебі Ауғанстанда қазақтың бірқатар руларының ауылдары бар, ал Таз руының ауылы жоқ. Өз басым осы уақытқа дейін мен Таз руынанмын деген қазақ кездестірмедім.

Біз отбасында 6 бала өскенбіз: 2 қыз, 4 ұл. Бауырларымның біреуі кішкентай кезінде жоғалып кеткен.

Мектепте, медреседе оқып жүргенімде балалар басқа ұлттан екенімді сезіп, маған ойнап көп тиісетін. Мен кіммін деген сұрақ санамда сол кездері туындаған еді, шешемнен біз кімбіз деп көп сұрайтынмын. Сонда ол кісі түбіміздің қазақ екенін, руымызды айтып берген. Содан қазақ қайдан келген деп іздене бастадым.

Қазір Тахарда қазақ ауылы бар.  Өзбек пен тәжіктің ортасында отырғандықтан ол жердің қазақтары өзбекше-тәжікше сөйлеседі. Олар өздерінің қазақ екенін біледі, қазақпыз деп айтып жүреді, бірақ қазақша білмейді. Саманганда, Мазари-Шарифте де қазақтар бар екен. Көбі қаладан-қалаға көшіп жүреді.

Қазақтардың көбі бұл жаққа 1930-жылдардағы ашаршылықтан кейін келген деп те айтылады. Дегенмен олардың басым бөлігі осы уақытқа дейін Қазақстанға қайтып кеткен екен. Ал одан бұрын келгендердің көбі араб елдеріне, Түркияға қоныс аударыпты. Олардың ішінен Қазақстанға оралғаны аз деседі. Өйткені бұл жаққа 100 жылдай уақыт бұрын келгендердің Қазақстаннан туыстарын табуы мүмкін болмаған, ара қатынастары мүлде үзіліп қалған. Ал Қазақстанға қоныс аударудың бір шарты – Қазақстанда тұратын туыстарыңызды тауып алуыңыз керек, өз руыңызды таппасаңыз, Қазақстанға оралу мүмкін емес.

Бұл жаққа ашаршылықтан бұрын ауып келген қазақтар Қазақстаннан туыстарын, руластарын көбіне таба алмайды, сондықтан олар Түркияға, Еуропаға кеткен.

Ал біздің аталарымыз Батыс Қазақстаннан алғашында Тәжікстанға ауған екен. Үркіп-қашып жүрген адамды ешкімнің де елеп, сыйламайтыны белгілі. Сондықтан жергілікті халыққа сіңу үшін олар аттарын да өзгертуге мәжбүр болыпты. Үлкен атамыз Тәжікстан жерінде тұрып, сонда қайтыс болыпты. Ауғанстанға оның ұлы, яғни менің әкемнің әкесі қоныс аударған. Осы жақтан жер иеленіп, өзбектер мен түркімендердің ортасына қоныстаныпты, мал өсіріп, бақуат  өмір сүріпті. Ол кісінің өзбектен және түркіменнен екі әйелі болған. Өзге ұлттардың арасында болғандықтан ол кісі өзінің түбі қазақ екенін көп айта бермепті, балаларына да айтпапты. Сол себепті менің әкем Шарафутдин де өзінің қазақ ұлтынан екеніне аса мән бермей өсіпті.

Жалпы, естіген әңгімелерден түсінгенім, біздің аталарымыз Ауғанстанға шамамен 1913 – 1916-жылдары келген сияқты. Өзге ұлттардың арасында көп тұрған. Өзім де өзге ұлт өкілдерінің арасында өскендіктен қазақ тілін бертінге дейін білмеген едім, тілді жасым 30-дан асқасын ғана үйрендім.

Өз басым Ауғанстанда қанша қазақ барын білмеймін. Мұндағы аз ғана қазақтар ішінде өзінің түбін, руын білетіндер бар. Ал парсы тайпалары, өзбектер руға бөлінбейді, сондықтан өзбектер мен парсылардың арасында отырған қазақтар негізінен ру сұраспайды, көбі өзінің түбін, тілін ұмытқан. Бұл жақта осындай қазақтар көп болуы мүмкін деп ойлаймын. Мысалы, Тахардағылар өзін қазақпын дейді, бірақ руын білмейді. Бұл жаққа кейінірек келген, ауыл болып отырған қазақтар ғана негізінен өз руларын біледі.

Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі 2010-жылы қай жерде қанша қазақ болғаны туралы тізім жасаған екен. Сондықтан Ауғанстанда қанша қазақ бар екенін тек елшіліктен ғана білуге болатын шығар деп ойлаймын.

Кабулда Қазақстан елшілігі бар. Кейінгі кездері Қазақстанға қоныс аударуға тілек білдірушілер көп болған. Себебі Қазақстан тыныш, тоқ, жағдайы жақсы ел ғой. Сондықтан Қазақстанға барамын, Қазақстанда қалып кетсем де болады деген үмітпен әрекет жасап жүргендер көп. Сондай-ақ тәжік, хазар, пуштундар арасынан да өзін қазақпын деп көрсетіп Қазақстанға өткісі келіп жүргендер бар. Олардың көбі қазақ тілін білмейді. Өзім де біразынан сұрастырып көрдім. Мысалы, хазарлар ішінде де мен қазақпын, монғол қазағымын дейтіндер бар екен. Бірақ олар қазақша білмейді, руын білмейді.

Негізі бұл жақтағы өзінің түбін, тілін білмейтін қазақтар арасында кейін өз ана тілін үйренгендері болуы мүмкін. Бірақ ол жағын тап басып айта алмаймын.

Жалпы, бұл жақта түрлі ұлттар мекендейді ғой. Соның ішінде саны көп, шоғырланып отырғандары жақсы өмір сүреді, тұрмыстары жақсы. Ал саны аз, шашыраңқы орналасқан ұлттардың күші аз, жағдайы төмен. Ауғанстанда қазақтардың шоғырланып отырған ауылдары өте аз. Өзге ұлтпен араласып отырғандары соларға сіңіп кеткен. Жалпы, Ауғанстанда қазақтардың саны ешқашан көп болмаған, жағдайы жақсы емес».

10 жылдан бері жете алмай жүр

Ауғанстандық Хамидолла Тадаш осылай дейді. Айтуынша, Ауғанстанда тәлібтер мемлекет билігін басып алғалы бері көп жұмыс орындары тоқтап тұр екен. Кабул университетінің жұмысы да тоқтаған. Сондықтан Х.Тадаш қазір үйінде жұмыссыз отыр. Ол жұмыс істеп, табыс таппаған соң жағдайлары нашарлап бара жатқанын айтады. Ал Х.Тадаштың өзі Қазақстанға қоныс аудару жайын 2010-жылдан бері ойластырып, тиісті әрекеттер жасапты, Қазақстан елшілігіне барыпты. Бірақ әзірге оның әрекеттерінен нәтиже шықпай тұр екен.

«Егер қоныс аударамын десем, мен Түркияға да барып тұра алатын едім. Түркияда әкеммен туыс ағайындар бар. Бірақ мен түрік болып кете алмаймын ғой, балаларым да түрік бола алмайды. Өйткені түр-әлпетіміз басқаша, бізді басқа елде көбіне қытайға ұқсатады. Ауғанстанда да бізде осыған ұқсас проблема бар. Сол себепті алда қалай болар екен деп балалардың болашағын да уайымдайсың.

Жалпы, адамда бәрібір де ата мекеніне деген қандай да бір аңсау болады екен, менде сондай аңсау бар, Қазақстанға барып тұрсам деймін. Қолымнан келгенінше бұл бағыттағы әрекетімді жалғастырып жатырмын.

Бүгінде АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австралия елдері Ауғанстаннан барамын деушілерге есігін ашты. Қазақстан да Ауғанстан қазақтарын көшіріп алуға ниет білдірді. 2010-жылдары елшілік қызметкерлері жасаған тізімге іліккендердің ата мекенге оралуға мүмкіндігі бар шығар деп ойлаймын.

Ал қазір елшілікке барып өтініш жасап жүргендердің арасында ру-тегін білетін қазақтар да, қазақпын дегенімен қазақ тілін, өзінің түбін білмейтіндер де бар. Тіпті өзбек, тәжік, түркімен, хазарлардан да мен қазақпын деп жүргендердің барлығы туралы естіп жатырмыз. Қазақстан елшілігіне олардың ішінен шын қандастарымызды анықтап алу өте қиынға соғатын шығар», – дейді Хамидулла.

…Жалпы, ауғанстандық қазақ Х.Тадаштың сөзінен ұққанымыз – ол жақта қазақтар баршылық сияқты. Олардың біразы 1998 – 2000-жылдар аралығында Қазақстанға, соның ішінде қазіргі Түркістан облысына көшіп келгені белгілі. Алғашында ауғанстандықтардың дәстүрлі киімімен жүрген, менталитеті де басқашалау болған олардың көбін қазір киім киісіне, сөйлеген сөзіне қарап жергіліктілерден еш айыра алмайсыз, олар мұндағы қалыптасқан өмір салтына бейімделіп, жергіліктілерге сіңісіп жатыр. Ендеше бүгінгідей күндері елге келемін деген Ауғанстан қазақтарын да Қазақстанға аман-есен жеткізіп алсақ, нұр үстіне нұр болмас па? Мүмкін Хамидулла Тадаштың отбасы, туған-туыстарына да Қазақстанға қоныс аударудың сәті түсер. Біз соған тілектеспіз.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button