Шартарап

2021: Әлемді кімдер қалай елеңдетті?

Әне-міне дегенше 2021-ші, Сиыр жылы да тарих қойнауына енгелі отыр. Ал ол жұртшылықтың есінде қандай оқиғаларымен сақталар екен? Осы орайда 2021-жылы әлемде орын алған маңызды оқиғалардың бірқатарын атай кеткен де артықтық етпес.

Президентін де, Парламентін де жаңартты

Әңгімені өз төңірегімізден бастар болсақ, жұртты елеңдеткен оқиғалардың біразы Қырғызстанда болып өтті. 2020-жыл соңына қарай онда кезекті мемлекеттік төңкеріс орын алғаны мәлім. «Қазан төңкерісі» нәтижесінде Сауранбай Жиенбеков лауазымынан босап, биылғы жыл басында өткізілген кезектен тыс Президент сайлауында ел басшысы болып Садыр Жапаров сайланды.

Бұл ел осыдан оншақты жыл бұрын Парламенттік республика болмаққа әрекет бастаған еді, кейін мемлекеттік құрылым осылай өзгерді деп айтылып жүргенімен қырғыз ағайын бұл бастамасын аяғына дейін жеткізе алмады. Биыл онда ел Конституциясы кезекті мәрте өзгертіліп, ол бойынша Президентке елеулі құзіреттер берілді, Қырғызстанда Президенттік басқару жүйесі орнады, енді ондағы көптеген саяси шешімдерді тікелей Президенттің өзі қабылдайтын болды.

Сондай-ақ таяуда бұл елде кезектен тыс Парламент сайлауы болып өтті. Бұрынғыларынан өзгешелігі – Парламенттегі 120 депутаттың қатары 90-ға қысқартылды, сайлау партиялық тізім және бір мандатты округтар бойынша, аралас негізде өткізілді. Сайлауға 21 саяси партия қатысты, бүгінде солардың ішінен 6 партияның Парламентке өткені туралы айтылып жатыр. Сайлау нәтижелеріне наразылар аз емес, дегенмен бұл елде 2005, 2010, 2020-жылдардағыдай «революция» болып кетпейтін сияқты.

Бүгінде Президент С.Жапаровтың өз Жарлығымен Жогорку Кенеш депутаттарының айлық жалақыларын елеулі деңгейде қысқартқаны жөнінде айтылып жатыр. Сондай-ақ қырғыз депутаттары енді қызметтік көлік иелену құқынан да айырылмақ.

Ауғанстанды аштық алаңдатуда

Ал Ауғанстан мемлекетінде қазір жағдай аса қиын. Бұл елде биылғы тамыз айында мемлекет билігін «Талибан» қозғалысының өкілдері басып алғаны мәлім. Содан бері онда елдің ішкі-сыртқы саясатын тұрақтандыруға, ең бастысы, экономиканы қалпына келтіруге әрекеттер жасалып жатыр.

Дегенмен тұрғындары 40 миллион адамнан асатын Ауғанстанның қазіргі ахуалы өте ауыр, онда халыққа аштық қаупі төніп тұр. Әлемнің жетекші елдері қаржылық жағынан жәрдемдесуді шешкенімен, әзірге бұл бағытта айта қоярлықтай қадамдар жасалған жоқ.

Ресей мен АҚШ текетіресі жалғасуда

Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің АҚШ бастаған Батыс елдерімен текетіресі биылғы жылы да жалғасумен болды. Оған тағы да санкциялар салынды. Ал жыл соңына қарай АҚШ Ресей Украинаны басып алмақ болып жатыр деп, егер Украинаға тиісер болса, өздерінің бұл елді бұрын-соңды болмаған қыспаққа алатыны жөнінде ескертті. Ал Ресей жағы өзінің ондай ойы жоғын, тек НАТО әскери ұйымының шығысқа жылжуынан сескеніп, тиісті сақтық шараларын істеп жатқанын алға тартты. Қысқасы, Ресей мен АҚШ-тың арасындағы текетірес ширығып, ол мемлекет басшыларының тікелей келісімдері негізінде де айтарлықтай нәтиже бермей жатыр.

Бүгінде Ресейдің ішкі жағдайы да кереметтей болып тұрған жоқ. Биылғы жыл басынан бері онда бірнеше мәрте наразылық шаралары болып өтті. Олардың ең ірісі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қамауға алынуына байланысты болды. Дегенмен бұл ел Мемлекеттік Дума сайлауы сияқты бірқатар саяси шараларды аман-есен өткізіп алды.

Ресейді қатты алаңдатып отырған тағы бір жай «Ковид-19» індетінің өршуі болып отыр. Ресейде «Ковид-19» індетін жұқтырғандар қатары бүгінгі күндерге дейін 10 миллион 500 мың адамнан асты. Бұл көрсеткіш бойынша Ресей әлемде 5-орында тұр. Онда індет таралуына қарсы көптеген іс-шаралар қолға алынды. Мысалы, өткен қазан айының соңы мен қараша айының алғашқы онкүндігі ішінде бұл елдің көптеген өңірлерінде «демалыс аптасы» жарияланғаны мәлім.

Бірден-бір әлемдік держава деңгейін өзінің уысынан шығарып алмауға тырысқан АҚШ-та да биылғы жылы көптеген саяси оқиғалар болып өтті. Онда 2021-жыл басында ел тарихында тұңғыш рет наразылардың Конгресс ғимаратын басып алуға әрекет жасауы орын алды. Билікпен қош айтысуға таяған бұрынғы президент Дональд Трамптың жақтастары осындай өзгеше қадамға барды. Бірақ қалай болғанда да Д.Трамп билікті қолында сақтап қала алмады. Президент сайлауы нәтижесінде жеңіске жеткен Джозеф Байден таққа отырды. 79 жастағы бұл саясаткердің АҚШ Президенті лауазымын атқаруға кіріскеніне алдағы қаңтар айында тура 1 жыл толмақ.

Д.Байденнің қолға алған басты істерінің бірі – ол Ауғанстаннан АҚШ әскерлерін толық шығарды. Бұл оның ел алдындағы беделін біршама төмендетіп

жіберді. Дегенмен Д.Байден өзінің белсенді әрекеттерін жалғастырып келеді. Бұл орайдағы АҚШ-тың басты жұмыстары экономикалық және әскери жағынан өзімен тайталасып келе жатқан Қытай мен Ресейдің ықпалын әлсіретуге бағытталуда.

Түркі әлемі назар аударды

Бұл жылдың елді елеңдеткен саяси оқиғалары қатарында Түркі Кеңесінің Стамбулда өткен саммитін де атауға болады. Осы жиында құрамына Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан кіретін бұл халықаралық ұйымның атауын Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы деп өзгерту жөнінде шешім қабылданды. 2009-жылы құрылған ұйым жұмысына осы уақытқа дейін Венгрия қадағалаушы мәртебесінде қатысып келген болса, биыл Түркіменстан да осындай мәртебе иеленді.

Бұл, әрине, бірінші кезекте Ресей, Қытай сияқты елдерге онша ұнамай тұр. Себебі аталған екі мемлекеттің де құрамында түркі халықтары тұрып жатқан аумақтар бар, солар бөлініп кете ме деп қорқады.

Негізі бүгінгі күндері әлемде түркі халықтарының 165 миллиондай өкілі өмір сүруде деп айтылып жүр. Дегенмен бауырлас түркілер саны одан біршама көп те сияқты. Мысалы, тек Түркі Мемлекеттері Ұйымындағы мемлекеттер халқының жалпы санының өзі бүгінде 160 миллион адамнан асып отыр. Олардың қай-қайсысында болса да тұрғындардың басым бөлігін түркілер құрайды. ТМҰ-ға қадағалаушы болып қосылған Түркіменстанның 6 миллион адамын, Венгрияның 9 миллион тұрғынын қоспағанда осындай. Одан бөлек, Ресей мен Қытайда 22 миллион адамнан асатын түркілер бар. Бұдан басқа елдерде де жүздеген мың түркілер тұрып жатыр.

Яғни түркілер біріксе, әлем санасатын алып күшке айнала алады деген сөз. Бүгінде соның алғышарттары жасалып жатыр. Ешкімнің кесірі тимесін дейік.

Марсқа қонды, Жер орбитасына ұшты

Сондай-ақ 2021-жылдың әлем халықтарының назарын аударған оқиғаларына «Персеверанс» ғарыш кемесінің Марсқа қондырылуын, ағылшын миллиардері Ричард Брэнсонның ғарыш кемесімен Жердің суборбиталық аумағына шығуын да атауға болады.

Күн жүйесіндегі Жерге ең жақын деп саналатын ғаламшарлардың бірі – Марсқа дейінгі ара қашықтықтың ең төменгі шегі 56 миллион шақырымды құрайды екен. АҚШ-тың Ғарыш агенттігі салмағы 1 тоннадан асатын «Персеверанс» атты ғарыштық құрылғыны Марсқа 2020-жылғы 30-шілдеде аттандырған болатын. Ол Марстағы «Езеро» деп ат қойылған кратерге 2021-жылдың 18-ақпанында барып қонды. Яғни ол Жерден Марсқа 6 айға жуық уақыт ұшып барып жетті.

«Персеверанстың» мақсаты – Марсты зерттеу, одан суреттер, видеотүсірілімдер жеткізу, онда адамның тіршілік етуіне болатын-болмайтынын зерттеу, ғылыми жұмыстарға қажетті мәліметтер жинау. Бүгінде ол өзінің дербес басқарылатын құрылғылары арқылы тиісті зерттеулер жүргізіп, оларды Жерге жолдап жатыр. Осынша жұмыстардың барлығы АҚШ-тың Флорида штатындағы ғарыш айлағынан басқарылып отыр.

Ал ағылшын миллиардері Ричард Брэнсон Жердің суборбиталық аумағына өзінің иелігіндегі «Virgin Galactic» компаниясы жасаған ғарыш кемесімен биылғы шілде айында ұшып барып қайтты. Бұл сапарда Р.Брэнсонның жанында үш-төрт адам болды. Олар Жерден 80 шақырым биіктікке дейін көтеріліп, 6 минуттық салмақсыздық жағдайын бастарынан өткеріп қайтты. (Р.Брэнсон бүгінде 71 жаста. Оның жеке меншігінде ірі концернді біріктіретін бірнеше ондаған компаниялары бар, ал байлық мөлшері 5 миллиард доллардан астам деп бағаланады).

Жалпы, бұл жылы ғарышты игеруден бөлек те ғылым мен техника жаңалықтары аз болған жоқ. Солардың қатарында АҚШ миллиардері Марк Цукербергтің мәлімдеген жаңалығы да жұртты елеңдетті. Яғни М.Цукерберг өзінің меншігіндегі «Facebook» компаниясының аты «Meta» деп өзгертілгенін, бұл компанияның адамзат тарихында жаңа бір дәуірді бастамаққа кіріскенін жария еткен болатын.

М.Цукерберг айтып өткен жоба тұтынушыға дүние жүзінің кез-келген түкпіріндегі адаммен жақын ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Бұл жерде голографиялық тәсіл қолданылады: Тұтынушы басына кигізілген арнайы шлем арқылы өзімен қарым-қатынастағы адамның сандық аватар-көшірмесін, оның іс-әрекет, қимылдарын өзінің тап қасынан көре алады. Бұл платформада тәндік-физикалық, виртуалды және қосымша шындықтар негізінде сандық-физикалық әлемдер бірігеді, виртуалды нысандар шын өмірдегі заттармен, оқиғалармен астасып, араласып кетеді, олар нақты қойылған бағдарламалар бойынша түрлі бағыттарда әрекет ете алатын болады.

«Ковидтің» жаңа штамдары «туды»

2021-жыл соңы әлемде «Ковид-19» індетінің «Омикрон» деген ат берілген жаңа штамының пайда болуымен де ерекшеленді. (Мұның алдында «Дельта» штамы таралған еді). Оңтүстік Африкада пайда болған омикрон штамы арада көп өтпей-ақ әлемнің әр түкпіріндегі елдерден де анықтала бастады. Бүгінде көптеген елдер ол қай жағымыздан келіп қалар екен деп алаңдап отыр.

Ал, жалпы, 2019-жылдың соңын ала белгілі болған «Ковид-19» індетіне шалдыққандар қатары бүгінде бүкіл дүние жүзі бойынша 272 миллион 500 мың адамнан асты. Бұл дерттен әлем бойынша 5 миллион 346 мыңнан аса адам бақилық болды.

«Пандора» құжатнамасы» жарияланды

Биылғы жылы әлем жұртшылығының құлағын елеңдеткен тағы бір үлкен мәселе – ол Халықаралық журналистер консорциумының «Пандора» құжатнамасы» деп аталатын әшкерелеуші деректерді жариялауы болды. Онда көптеген адамдардың заңсыз әрекеттері, офшорлардағы құйтырқы істері, ұрланған, жасырылған, меншіктелініп кеткен миллиардтаған қаржылар туралы айтылады. Бұл жайлы әңгіме көптеген дау-дамайлар тудырып барып әзер басылды.

«Пандора» құжатнамасында» 12 миллионға жуық файлдың құпия құжаттары ашылғаны, бұған байланысты дүние жүзінің 117 елінен 600-ден астам журналистің жұмыс жүргізгені жөнінде айтылады. Онда 35 елдің қазіргі және бұрынғы басшыларының, 100-ге жуық елдің 400-ге жуық лауазымды қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы деректер келтірілген. Олардың қатарында Ресейдің, Украинаның, Әзірбайжанның Президенттері В.Путиннің, В.Зеленскийдің, И.Әлиевтің, Чили, Эквадор, Доминикан Президенттерінің, бірқатар араб шейхтары мен Катар Әмірінің, Чехия Премьер-министрінің аттары бар. Әрине, Қазақстаннан да біраз адамдардың аттары аталды.

…Жалпы, 2021-жылы әлемді елеңдеткен оқиғалардың бірқатарын осылай тізбектесек болатын сияқты. Өзбекстанда Президент сайлауы, Грузияда жергілікті билік сайлауы, Германияда Парламент сайлауы өтті деген сияқты ауқымды саяси науқандар да осы жыл еншісіне кірді, алайда М.Саакашвилидің Грузияға барамын деп түрмеге түсіп қалғанын, Ангела Меркельдің Канцлер лауазымынан кеткенін айтпағанда, оларды әлем назарын ерекше аударды деуге келмейді. Шулы-даулы жайлардан футболдан өткен Еуропа біріншілігін, Токиодағы Олимпиаданы айтуға болады, дегенмен ол бөлек әңгіме.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button