Қызық хикаялар

Ұйқысыз өткен түн

Жұмыстан тым кеш шықтым. Электр қуаты сөніп қалып, газет өз мерзімінен екі сағат кейіндеу басылды. Салым суға кете, аяғымды сүйрете басып, еріксіз автобекетке келдім.

Әрине, біздің ауылға автобус баяғыда-ақ кетіп қалған. Енді амал жоқ, Абай ауылының автобусына мініп Балықшыға дейін баруым керек. Ол жерге бір жетіп алсам, аржағын өз пешенемнен көрем де. Болмаса таныс  біреудің үйіне түнеп, ертеңіне үйге жетуім керек. Одан басқа жол жоқ.

Күз мезгілінің қысқа әрі соңғы күндерінің бірі. Жерде қар жоқ, бірақ күн сондай ызғарлы. Аспан төріндегі түсі суық қара бұлттардың түнеріп тұрғанына бүгін екінші күн. Не жаумайды, не қоймайды… Сағат кешкі алты жарымда Абайдың автобусы орнынан қозғалды. Суық күнде көлікке мінген жолаушылар да онша көп емес еді. Маған таныс ешкім көрінбейді. Басымды автобустың терезесіне сүйеп қойып, артқы орындықтардың бірінде отырмын. Екі ұдай ойдамын.

Балықшыдан ары қарай жаяу тартсам бірталай жер. Оның үстіне қою қараңғылық түсіп келеді. Жаңбыр жауса одан жаман. Жоқ әлде сол ауылда тұратын әпкемнің үйіне барсам ба екен? Бірақ, жездем екеуі жақында  Алматыға кетіп қалды деп есіткем. Енді не істесем екен? «Жә, қойшы, сары уайымға салына бермей, алдымен Балықшыға жетіп алсайшы. Одан кейінгісін көре жатарсың», – деп тым уайымшыл болып кеткен өзіме-өзім сөгіс беріп қойдым. Сенің асығып отырғаныңмен жұмысы не, автобус жүргізуші әр жерге бір тоқтап, жолаушыларды топырлатып мінгізіп жатты…

Біз осылайша ырғалып-жырғалып Балықшыға жеткенше қас қарайып, кей үйлердің шамдары жанып та қалған еді. Орталықтағы аялдамадан түсіп қалдым. Әшейінде жол бермей қаздың балапандарындай тізіліп тұратын таксилер де көрінбейді. Менің мүшкіл халімді одан әрі ауырлатайын деді ме, жаңбыр тамшылай бастады.

Кенет, есіме Танакөз түсе кетті. Орта бойлы, үлкен қара көзді, сопақтау жүзді, аққұбаша келіншек менің шарасыз әрекетімді аңғарып, «Біздің үйге келсеңізші, ағай» деп қиылып тұрғандай… Сол сол-ақ екен, аяқтарым еркімнен тыс  жүріп кеткендей болды. Беймезгіл уақытта, оның үстіне шақырусыз жетіп барғаным қалай болар екен (ол кезде ұялы телефон дегеніңіз атымен жоқ) деп қанша мазасыздансам да, енді  амалымның жоқтығын сезініп, аяңдап келемін. Мейлі, үйіне барсам, барып көрейін, қондырса қондырар, болмаса ары қарай кете берем де. Не көрмеген басым? Жаңбыр үдей түсті. Ал мен Танакөзбен қалай танысқанымды көз алдыма елестетіп келемін.

…Ванновкадағы орталық базарды аралап жүргем. Е, бұл адам баласының қу тіршілігі өлгенде таусылған ба? Балаларыма аяқ киім, өзіме құлақшын алып, бүгінгі  жасаған  саудама риза кейіппен  базардың шетіне шығып та қалғам. Бір таныс жігітпен кездесіп, екеуіміз сөйлесіп тұрғанбыз. Кенет қолаң шашын төбесіне түйген, оны қалың орамалмен бір шандып тарта салған, үстіне қара пальто киген, қолында ауыр сөмкесі бар жас келіншек жанымызға тоқтай қалды. Сірә, зілдей ауыр сөмке қолын қатты талдырған ба, қолғабын шешіп, саусақтарын аузына апарып үрлеп қойды. Сосын, менің бетіме тесіле қарап тұрып:

– Ағай, сіз газетте істейсіз бе? – деді сыңғырлаған әсем даусымен.

– Иә, оны қайдан біле қойдың? Шекеме жазып қойыпты ма? – деп мен өзімше қалжыңдаған болдым. Бірақ ол қалжыңымның өте сәтсіз шыққанын кешірек аңғарып қалдым.

– Мен сізді бұрыннан жақсы білемін. Әрине, онда да сыртыңыздан. Арын Асыловтың мақаласы шыққан газеттерді құр жібермейміз, – деді одан әрі жылы жымиған әдемі келіншек.

– Жылы сөздеріңе рахмет, айналайын. Бірақ, сіз танығанмен мен танымадым ғой өзіңізді. Сіздей сұлу келіншекті осындай күн суықта базарға жіберіп, ауыр жүк көтертіп қойған қай оңбаған екен. Есіміңіз кім болады, қай жақта тұрасыз дегендей, қане, ағытылыңызшы бір…

Мен үшін мүлде бейтаныс келіншек үн-түнсіз қалды. Біздің әңгімемізге кедергі  болмайын деді ме, таныс жігіт:

– Ал, жақсы, Ареке, мен кеттім, – деп қоштасып кете барды. Біз бейтаныс келіншек екеуіміз қатарласа келе жаттық. Еркек деген дардай атымыздан ұят емес пе, келіншектің ауыр сөмкесін көтеруге тура келді.

– Сіз Әлімбай деген жігітті танисыз ба? Негізі тануыңыз керек. Сізбен бірге құрылыста істеген екен ғой. Мен сол жігіттің келіншегі болам. Есімім – Танакөз. Күйеуім екі-үш жылдан бері ауру еді, былтыр қайтыс болды. Ол тірі болғанда мен мұндай күйге түспес едім ғой. Ауыр жүкті де Әлімбай  маған көтертпеген болар еді, – деп қамықты Танакөз. Қалжыңдаймын деп мұңлы келіншектің ескі жарасын байқаусызда тырнап алғанымды кеш ұқтым.

– Кешір, айналайын. Арты қайырлы болсын. Әлімбайды жақсы танимын ғой. Үш-төрт жылдай құрылыста бірге істегенбіз. Қашан көрсең де екі езуі құлағына жетіп  үнемі көңілді жүруші еді. Әлімбайдың әйелі болсаң, онда алыстығың жоқ екен. Ол екеуіміз әрі түйдей құрдас болатынбыз. Қанша балаларың бар? Өзің не істейсің?

– Құдайдың берген бір ұл, бір қызы бар. Ұлым әкесінен аумайды, ал қызым маған тартқан. Өзім ауруханада медбике болып істеймін. Сізді жақсы танимын дегенім, сіз туралы Әлімбай жиі-жиі айтатын. Қай жылы екені есімде жоқ, жеңіл машинада отырған сізді сыртыңыздан да көрсеткен болатын.

…Танакөзбен осылайша танысқан едім. Кейін ол редакцияға жиі  келіп тұрды. Өлең жазады екен. Жарамдысын газет бетіне де жарияладық. Сонымен қойшы, қысқа арада әйтеуір Танакөзбен достасып та кеткен болатынмын. Обалы не керек, Танакөз «үйге келіп кетіңіз, қадірлі қонағым болыңыз» деп талай айтты. Оған  «әне барам, міне барам» деп уәде бергеніммен сәті түсе қоймады. Әрі ондай кезде  жесір келіншекке барып жүр деген өсектен де қаймығасың. Бүгінде адамдардың аяқпен емес, ауызбен жүретіні жасырын емес қой. Сонымен енді Танакөздің үйіне амалым жоқтықтан келе жатырмын. Басқа барар жер, басар тауым жоқ болса, қайтейін…

…Көк қақпа тарс жабық тұр екен. Қолыммен қатты-қатты ұрып, дыбыс бердім. Сол сол-ақ екен, бері қарай шабалана үрген екі-үш иттің үні шықты. Мен қорғанып «кет-әй» дегенімше болған жоқ, үйдің сырттағы жарығы жанды. Одан кейін:

– Бұл кім? – деген кішкене баланың даусы шықты. Не дейін? Үндемей тұра бердім. Үлкен кебісін салп-салп еткізіп сүйреткен  бала бері қарай жүрді.

– Алыпсоқ! Бөрібасар! Жат деймін, – деп иттерін қуып жіберді де, қақпаның есігін ашты. Қараңғыда қарауытып, мізбақпай тұрған менің сұлбамды анық ажырата алмай:

– Сіз кімсіз? Кім керек? – деді ентіккен үнмен.

– Мамаң үйде ме? Арын деген кісі келіп тұр деп айтшы, – дедім даусымды жайбарақат шығаруға тырысып. Бала есікті жауып, үйіне қарай кетті. Бір кезде үйден жеңіл киінген Танакөздің өзі көрінді. Иттердің бәрін қуып, алдымнан жайраңдай күліп шықты.

– Ойпыр-ай, рас па, өтірік пе? Шөптің басын сындырамыз ба, қайтеміз? Сіз де келеді екенсіз-ау… Қане, үйге жүріңіз, – деп кішкене саусақтарымен қолымды қысып амандасып  жатыр.

– Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз келдіңіз бе, жоқ әлде біреу әкеліп салды ма?

– Жоқ, ешкім әкеліп салған жоқ. Абайдың автобусынан қазір ғана түстім. Сосын саған келдім ғой.

– Қане, бөгелмей үйге жүріңіз.

Өздері отырған шағын бөлмеде самаладай жарық жанып тұр. Үйдің іші жып-жылы. Жаңа ғана тамақтарын ішіп болған балалары кітаптарын алаңсыз оқып жатыр екен. Танакөз киімдерімді шешуге көмектесті. Төрге қалың көрпеше салып, жайраңдап жүр.

– Ал, отырыңыз. Ұялмай жайғаса беріңіз. Мен ет асайын.

– Ой, маған бола әуре болмай-ақ қой. Бізге  шай болса да жетеді, – деймін ұялғансып. (Ал асқазаным  болса аш қасқырша ұлып барады)

– Жоқ, оныңыз бола қоймас. Әдейі арнап шақырса келе қоймайтын меймансыз. Сізге аспаған етті кімге асам? Ерік, Сәуле, бұл кісі сендердің папаларыңның құрдасы болады, екеуі жұмысты бірге істеген, – деп мені балаларымен таныстырып өтті. Балалары не десін, бастарын бір-бір көтерді де сабақтарымен бола берді.

– Ұялмай шайдан ала отырыңыз. Мен тамаққа кірісейін. Айтпақшы, сурет көресіз бе, әкеліп берейін, – деп төргі бөлмеге кіріп кетті де, мұқабасы қалың үш-төрт альбомдарды көтеріп, менің алдыма қойып кетті. Шайды асықпай сораптай ішіп, альбомдағы жансыз бейнелерге көз тастаймын. Бір альбом түгелдей марқұм Әлімбай құрдасыма арналыпты. Мектептегі, әскердегі, үйлену тойындағы суреттері… Ой, жалған дүние-ай! Маңдайы жарқырап, күлімдеп қарайды маған суреттегі Әлімбай. Одан кейінгі альбом Танакөздікі. Мұнда да шашына ақ бантик байлаған жас қыз бен отау тіккен сұлу келіншектің өмір жолдарынан сыр шертетін түрлі фото суреттер көп жәйттерді тілсіз баяндап тұрғандай…

Өзімше шай ішкен болып отырмын. Бірақ ұрлықы көзбен бір бөлмеде қамыр илеп отырған Танакөзге білдірмей жиі-жиі қарап  қоюдан жалығар емеспін. Қалың қара шашын бос қоя берген. Үстіндегі гүлді халаты да өзіне сондай жарасып тұр. Қамыр илеп отырған әдемі көрінісі, бүгіле түскен талдырмаш денесі менің назарымды одан әрі өзіне аудара түседі. Бір қырынан анық көрінетін сопақ жүзі мен қыр мұрыны, оймақтай ғана ауызы, сәмбі талдай майысқан аппақ білегі шынымды айтсам, дегбірімді ұшырып барады. Көздерім альбомда болғанмен, көңілім Танакөзде. Ойым ойран-ботқа… Жесір келіншек, жас балалар… Бұл үйге үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын бөгде мейман…Рас, Әлімбаймен бірге жұмыс істедім. Онда тұрған не бар? Кім-кіммен жұмыс істемей жатыр бүгінде? Қап, бекер келіппін-ау бұл үйге? Еркек жазғанға бәрібір ғой, ертең өсекке бірінші әйел байғұс ілінбей ме? Кенет, көз алдыма Әлімбай құрдасымның мейірімді жүзі тұра қалды. «Досым-ау, сен де сондай ма едің?» – деп біртүрлі кінәлап тұрғандай… «Ойбай-ай, ондай арам ойым жоқ менің. Сенің үйіңе кездейсоқ келіп қалдым. Менен қам жеме, достым. Менің ешкімге де зияным жоқ. Бүгін демалсам, таңертең қарамды батырамын ғой», – деп Әлімбайдың әруағы алдында ақталғандай болып жатырмын.

– Неге үндемей қалдыңыз, Арын аға? Соншама терең ойға беріліп кетіпсіз. Жоқ әлде, «бекер келіппін» деп өкініп отырсыз ба? Шыныңызды айтыңызшы, ойыңыздан дөп түскен жоқпын ба? – деді маған қарай күлімсіреген Танакөз илеуі әбден қанған қамырды сыпыраның үстіне қойып жатып.

– Иә, дәл таптың. Көршілерің өсектеп жүрмей ме деп қауіптеніп отырғаным рас.

– Қорықпай-ақ қойыңыз. Екі көршіміз де орыстар. Олардың бізбен жұмыстары жоқ.

Танакөз орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Мен альбомдарды жинастырып қойдым да, төрдегі үш-төрт  құс жастықтың біріне шынтақтай жата кеттім. Күні бойы жылу қосылмаған баспаханада жұмыс істеген менің мына жылы үйде бойым манаурап ұйқымның қатты келгені-ай! Танакөздің балалары енді кітаптарын қойып, сурет салуға көшіпті. Аралары бір жас болғандықтан егіз қозылар секілді. Кейде бір-бірін жақтырмай шекісіп те қалады. Осылай манаурап жатып көзім ілініп кетіпті…

Біреу иығымнан түрткілеп жатыр. Басымды көтерсем, Танакөз екен. Жарық өшіп қалыпты. Оның орнына үстел үстінде сығырайып майшам жанып тұр.

– Тамақ дайын болып қалды, тұрыңыз. Қатты шаршапсыз ғой, жұмыс ауыр болған-ау, шамасы.

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Таң атқаннан кешке дейін бір дамыл таппадық ғой.

Танакөз қолыма жылы су құйды. Етті мол етіп асыпты. Балалары ұйықтап қалған ба, көрінбейді.

– Бекер әуре болғансың ғой. Бұл еттің бәрін жеп тауыса алмаспыз, сірә!

– Білесіз бе, мен бір мақал айтсам, көңіліңізге келіп қалмай ма? «Жаман үйді қонағы билейді» деген…

– Ойбай, қойдық онда!

Танакөз мұнымен де тынбады. Жалпақ үстелдің астынан жалаң еткізіп бір шөлмек  арақты суырып алды. Шөлмекпен қоса екі стақан да пайда бола кетті. Оны теңдей етіп, мөлдіретіп стақанға құйды.

– Ал, тамақтың алдында алып жіберейік, аға. «Ас иесімен тәтті» дегендей, Әлімбай құрдасыңыз болғанда өзі-ақ бастар еді, қайтейін. Тағдырдың ісіне шара бар ма? Не айтайын, біздің үйге келген алғашқы қадамыңыз құтты болсын! Бұдан былай да ұмытып кетпей жиі-жиі келіп тұрыңыз. Қане, сол үшін алып қоялық.

Алғашқы тосты екеуіміз де аппақ етіп алып қойдық. Одан кейін мен тост айттым. Тағы алып қойдық. Ет те аз желінген жоқ, стақан соғыстыру да тым жиілеп кетті. Одан әрі отырған жерімде қалай қалғып кеткенімді  өзім де білмей қалыппын…

Өңім екені, әлде  түсім екені белгісіз, біреу бетімді сипағандай болды.  Сөйтсем, тамақ ішкен дастарханның жанында ұзыннан сұлап жатырмын. Үстіме қалың көрпе жауып қойыпты. Басым зілдей ауыр.Жаныма келген Танакөз екен..

– Ұйықтап қалғансыз ба, Арын аға, – дейді салалы саусақтарымен шашымды сипалай түсіп.

–  Иә, көзім ілініп кетіпті ғой, – деймін мен оның алдында  әлсіздігімді өзімше  мойындағым келмей.

– Шаршаған ғой деп сізді оятқан жоқпын… Төсекті осы жерге сала салдым, оған айып етпеңіз.

– Ешқандай да айыбы жоқ, – деп мен одан әрі есіней түстім.

– Мен сізді жанымдай жақсы көремін, аға. Тура туған ағам сияқтысыз ғой… Сондықтан мен бүгін сізбен армансыз сырласқым, іштегі сырымды ағыл – тегіл  ақтарғым келіп отыр, – деп Танакөз маған  жақын төселген көрпешеге келіп отырды.

– Еркексіз өткен күнім құрысын, – деді одан әрі Танакөз маған бір түрлі мұңлы дауыспен, ұйпа-тұйпасы шыққан сиректеу шашымды одан әрі түзей түсіп.

– «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, әшейінде байқамайды екенбіз. Бекерге пендешілікке барып, ол жазғандардың көңілдеріне де тиіп жатамыз. Әлімбай кетті, мен қалдым. Бар ауыртпашылық өзімде қалды. Әрине, әйелдің аты – әйел ғой. Үйге қарау, отын-су дайындау, балаларға дұрыс тәрбие беру – мұның бәрі шынын айтқанда, әйел баласының қолынан келе бермейді екен. Кейде шарасыздықтан қапаланып та кетем. Тіпті ара-кідік жылап та алам. Оның үстіне жесір әйелдің соңынан сөз ергіш-ақ. Кіммен сөйлессең  де, ертеңіне ел ду ете қалады. Ал біз де адам емеспіз бе? Адам болған соң, табиғаттың заңымен біздің де өмір сүргіміз  келеді. Махаббаттың бесігінде еркін тербелгіміз келеді. Бірақ ол қандай жан болуы керек?  Міне, әңгіме қайда жатыр? Кей еркектер сені кәдімгі жанды қуыршақ еткісі келеді. Сондай кезде балаларыма қамқор болатын, өзіме жанашыр болатын адамды көз алдыма елестетемін. Шіркін, ондай адам табылса, ойланбай-ақ тұрмысқа шығып кетер едім-ау! Енді 32-ге келген менің әлі де, құдайдан үмітім бар шығар, аға, қалай ойлайсыз?

– Әрине, сенің болашағың алда. Мүмкін ондай бақыт саған жолықпай жүрген болар, – деп мен оны жұбата түсем.

– Күйеуің жоқ болған соң, жауың да көп болады екен, ағай. Талай жігіт-сымақ көз салып, ішіп алса, терезеңді қағып маза бермейді. Ондайда мен Әлімбайдың артында қалған мылтығына жүгінем. Осы жақында қорадағы қошқарым зым-зия жоғалып кетті. Көрдім-білдім деген адамды ұшыратпадым. Ал мен сізді сырттай болса да өзімше  иемденіп жүремін. Тіпті бір рет жұмыста жүргенде ол кісі менің жақын ағайым болады деп бөсіңкіреп кетіппін… Білмеймін, әйтеуір сіз менің көкейімде жүресіз де қоясыз. Кейде газетке шыққан әңгімелеріңізді оқып, сізді әлдекімдерден қызғанатын да әдет шығардым. Махаббат жайлы көп жазбай-ақ қойыңызшы. Өтінем сізден. Сіздің мен жайлы не ойлайтыныңызды білмеймін. Ал өзімнің сізді сондай жақсы көретінім рас. Өлеңдерімді сылтауратып редакцияға бара беретінім де сондықтан еді, аға. Әлгінде балам сіздің атыңызды атағанда не істерімді білмей қалдым. Арақты да Әлімбай қайтқалы аузыма алмаған едім. Бүгін неге екенін білмеймін, әйтеуір сізбен ішкім келді. Сізбен сырласып, ішімдегіні армансыз ақтарғым келді, аға. Менің мұнымды сөге жамандамассыз, сірә.

Танакөз осылайша әңгімесін аяқтағанша мен оның сөзін бөлмей тыңдап жата бердім. Сол түні біз шынын айтқанда,  ұйықтаған жоқпыз. Ашығын айтқанда, мені Танакөз ұйықтатқан жоқ.

– Бұл біздің түніміз болды, Арын аға! Енді жарты сағаттан соң таң атады. Мен сізге ырзамын, сіз де маған қапа болмаңыз. Келіп тұрамын десеңіз сіз үшін әрқашанда есігім ашық. Келіп тұрыңыз, қамқорым бола біліңіз. Мен қазір тұрамын. Балаларымның жағдайын білейін. Сосын сізге шай дайындаймын. Таң қараңғысымен ел ұйқыда жатқанда жолға шығыңыз. Бекерге өсекке қалып кетпейік.

Осылай деді  де, Танакөз сыртқа шығып кетті. Түнгі даланы жарып шыққан қораздардың  ауық-ауық шақырғандарына қарап, енді ұйқы шіркіннің де мазасы қашатынын біліп, жылдамдата киінуге кірістім.

Шай ішіп отырғанда майшамның жарығымен Танакөздің жүзі ерекше алабұртып көрінді.

– Шаршадыңыз ба, жоқ әлде, мен шаршаттым ба? – деп Танакөз маған қарай қызара күлімсіреді. Мен сөз   таппай қысыламын. Сосын сасқанымнан:

– Сенің көздерің қандай әдемі еді, – деймін одан басқа сөз түспей.

– Ал өзім ше?

– Өзің одан да әдемісің, – деймін бұл жолы да оның бал-бұл жанған жүзіне қадала қарап. Танакөз болса жауап қатпай  бірден қызарып шыға келді. Одан әрі мен қайтатын болдым.

Ол мені  бейнебір майданға аттандырып жатқан жауынгердей  көшеге дейін шығарып салды. Бір-бірімізді қимай, әрең қоштастық. Содан, таңертеңгі  автобусқа мініп, ауылға қарай келе жаттым. Түні бойы тынымсыз жауған жауынның тамшылары  автобустың терезесіне  тырс-тырс тамады. Ал бұл көрініс маған тамшы  емес, өз тағдырына  жылап тұрған Танакөздің ащы көз жасындай әсер қалдырған еді…

Орынтай  КӨМЕКОВ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button