Қызық хикаялар

Алтын сағат салған әлек

Таңертең  есегіне  мініп, базарға мал айдағандарға қосыла кеткен әкем, түсте қошқарын сатып келіп қалды. Ол кезде, яғни 1955 жылдары жұрттың уақытының бәрін жеп қоятын радио, теледидар дегендер жоқ болатын.        

Базарға барып келген әкеме құрдасы Төлебек ата келіп:

– Базарда не жаңалық болып жатыр,  мал бағасы қандай екен? – деп сұрады. Ақкөңіл, даудырап сөйлейтін Төлебек атаның даусын есітіп, көрші тұратын әкемнің інілері Ыса мен Маханбетқан  көкемдер де келді.

«Басқа балалар таққан сағатты мен де тақсам болмай ма? Темірландағы сабағыма әрдайым кешігіп қала беремін» – деп, Арыстаным көптен бері қыңқылдап жүруші еді. Соған базарға мал апарып, балама сағат сатып әкелген жайым бар, – деген әкемнің сөзінен кейін келген кісілер, қуаныштан жүзі бал-бұл жанып жүрген оныншы сыныпта оқитын Арыстан ағамның қолындағы сағатты алып тамашалап жатты.

Ол кезда ауылда «жалғыз сағат Керімбек көкемізде ғана бар» деп еститінбіз. Соғысқа бір аяғын беріп, немістің қалта сағатын алып келген көкеміз екі балдақпен жүретін. Ауылдың барлық жеріне көрінетін «Тұмсық» дейтін төбе басына колхоз бастықтарының тапсыруымен сол көкеміз таңертең және түс қайта ақ жалау тұрғызатын. Ұзын құрыққа байланған әлгі жалау тұрғызылса, жұрт жұмысқа шығып, түсте және кешке жалау түсірілсе, жұмыстан қайтатын. Сол кездегі тәртіптің қаталдығы соншалықты, анамыз таңертең және түскі асын ішіп отырып бізге жалау жақты бақылап отыруды тапсыратын. Керімбек көкеміздің жалауға жақындағанын бізден естіген замат пиялайдағы шайын тостаққа сапырып ішкен анамыз, «жалау тұрғызылды» дегеннен асыға-аптығып, жұмысына кететін. Жалау тұрғызылғанда үйінде отырып қалғандарды кейбір «бригадтар» қамшысымен сабап та алатын.

«Победа» деп аталатын сол кездегі ең қат дүние – қол сағатты қызық көріп отырған жұрттың әңгімесі тек осы болып отыр.

– Бұл неменің өзі удай қымбат екен ғой. Енді бұдан айырылып қалма. Шпаналар тартып әкетпесін десең, бұл сағатты жасырып ұста, – деген Ыса көкем інісіне қамқорлық білдіріп жатты.

– Е, қарақтарым-ай, бұндай сағаттың неше түрі қолымнан өтті ғой. Дүние кімге опа берген дейсің. Бір жолы осындай сағаттың он-он бесін  суға лақтырып кеткен жайым бар, – деген әкеме бәріміз таңырқаса қарадық.

– Соғыстың қайнаған кезі болатын, – деп бастады әкем әңгімесін. – Бір жолы қалың орман ішіндегі алаңға шыға берісте қарсы жақтан оқ атылып, командиріміз бен қасындағы бір адам оққа ұшты. Бұйрық бойынша бәріміз жата қалып, еңбектеген күйі кейін шегініп кеттік.

Қалған командирлер айналаны дүрбілерімен шолып, биік ағаш басында отырған  жау мергенін анықтапты. Сәтін тауып, біздің мерген де әлгі ағаш басындағы жауды атып түсірді ғой. Ағаш бұтақтарын жапыра құлаған жау мергені жерге кісі бойындай  жетпей, қолдары салақтаған күйі ілініп қалды. Білегіндегі алтын сағаты күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Біз сол күні әлгі жерде окоп қазып бекіндік. Затым мұсылман болған соң мені өзгелерден жақын тұтып, жанымда бір өзбек жүретін. Жасы менен едәуір кіші жас жігіт ылдым-жылдым, өте пысық болатын.

– Өзбекстаннан, қышлақтан (ауылдан) келдім, – деп тұрған қағылез жігіт, қасымыздағылардың орысшасына түсінбей, маған жалтақтайтын еді. Менен көп ұзамай, жатқанда да менің қасымда жататын. Сол күні қараңғы түсе зым-зыя жоғалып кеткен ол, ертеңіне әлгі жау мергенінен шешіп алған сағатын маған көрсетті. О, тоба десеңші! Ысқырған оқ пен азынай келіп жарылған бомба мен снарядтан қай күні мерт болар екенмін деп Аллаға жалбарынып, бас амандығын ойлап жүрсем, мынаның тірлігін қарасаңшы!

Өткен жолы біздерді  жау ұшақтары бомбалаған болатын. Снаряд пен бомбаның даусына құлағымыз үйреніп, олардың қай шамаға түсетінін де жобалап қалғанбыз. Сол жолғы бомбалауда сай-сүйегіңнен өтіп кетердей болып азынаған бір ащы дауысқа адам шыдап тұру мүмкін еместей еді. «Жау жағы жаңа бір бомба шығарған болды ғой» деген ой санамда қылт ете қалған. Құйқаңды шымырлатқан ащы дауысқа жүйкесі шыдай алмаса керек, қасымда жатқан әлгі өзбек қолымен басын көлегейлеп, «өлсең сен өл – мен аман қалайын» дегендей астыма кіріп барады. «Жанының тәттісін қарайгөр» дедім-ау ішімнен. Жердің тесігі болса құлақты жарып бара жатқан мына сұмдық пәледен қашып, кіріп-ақ кеткің келеді. Бұрын-соңды естімеген сұмдық дауыс зәремізді ұшырып, бізден он-онбес қадамдай жерге барып гүрс етіп түсті. Бірақ ешқандай жарылыс болған жоқ. Бомбалау біткен соң барып қарасақ, әлгі ащы тажал дауыс иесі кәдімгі тығыны алынып, түбі ойылған темір бөшке болып шықты. Одан мұндай дауыс шығады деп кім ойлапты? Өлгендер мен ауыр жарақат алғандарды жинап жүріп, жаңа келген бір-екі жас солдаттың «шалбарын бүлдіріп» алғанын байқадым. Оларды көрген кейбір кексе солдаттар мырс ете қалды.

Осы бомбалауда әлгі өзбектің «батырлығының» қаншалықты деңгейде екені белгілі болып қалған. Ал мына ісіне не деуге болады? Бұл батырлық па, әлде есерлік па? Бәлкім жалтылдаған алтын сағатты көргенде өлімді ұмытып, дүниеқоңыздығы оянып кеткен болар? «Жар басындағы жантақты жанынан безген ап жейді» деген екен. Сол айтқандай-ақ, бұл да қараңғы түсе салысымен барып, әлгі немістің сағатын шешіп алыпты.  Әлгі сағатты басқалар да ұстап көріп, тамашалап жатты. Қанша көз тігіп қарасам да ертеңіне әлгі ағашқа ілініп қалған жау мергені көрінбейді. Қасымдағы өзбек:

– Тек қана сағатын шешіп алып, немісті салбыраған қалпында орнында қалдырғанмын, – деген. Демек, жау жағы өзінің адамын алып кеткен болды ғой.  Әлі есімде, әлгі алтын сағатта Павел Буре деген жазу бар болатын. Орыс тілінде жазылған сағаттың аты көптеген күмәнді ойларға жетелейтін. «Бұл сағатты қолға түскен орыс тұтқындарының бірінен шешіп алған», – деп бір солдат сәуегейлік айтқан. «Жоқ, мына сағаттың алтынының өзі пәленбай мың болса керек. Оны алтынның салмағынан-ақ жобалап отырмын. Демек, бұл мерген бір байдың баласы болды ғой, немесе жаулап алған жердегі бір байдың үйін тонаған болу керек», – деген сияқты неше түрлі болжам айтылып жатты. Арада көп өтпей әлгі өзбек алтын сағатты маған ұсынып тұр.

– Әкәсі, шу алтын соатны мән сиңгә бираман, – деген оның сөзіне алғашқыда түсінбей де қалдым. Солдаттарға анда-санда махорка беріліп тұратын. Темекіге әуестігім болмағандықтан, кей кезде берілетін арақты да қасымдағыларға бере салатынмын. Маған тиесілі махорканы өзгелерден өлердей қызғанатын өзбек, темекі болмаса тұра алмайтын. Кейбір кезде әлдебір шөптердің жапырағын да уатып шегіп жүретін бұл өзбекті «көкнәрші шығар» деп те ойлайтынмын. Қысқасы, сол жерде алтын сағатты мен алып, бұдан былайғы тиесілі «махорканы» тек әлгі өзбекке беріп тұратын болып келістік.

Қайдан естігенін қайдам, бөлімшенің командирі әлгі алтын сағатты «маған сат» деп болмады. Жасым жер ортасынан ауғанда көрген жалғыз ұлым Арыстанды сағынып, соған беріп қуантсам деп жүрген сағатты оған тірі берем бе? Мені дегеніне көндіре алмаған командиріміз қайда жұмсамады десеңші. Жамбасым жер иіскемеді-ау әлгінің әлегінен. Бір жолы барлауға бара жатқан топты «майдан шебінен шығарып саласыңдар» деп оншақты солдатты қорғаушы ретінде жіберген. Сол жағымыздағы орман ішімен әлгілерді едәуір жерге дейін шығарып салып келе жатқанымызда, жау барлаушылармен ойда-жоқта кезігіп қалдық. Біздерге «барлаушыларды әшкере қылмас үшін қандай жағдайда да оқ атпауға тырысыңдар» деген бұйрық берілген. Неміс барлаушыларының да оқ атуға құмбыл емес екендіктері айқас барысында белгілі болды. Әйтсе де оқ атылып, әлгі бес барлаушылардың екеуін тұтқынға алдық. Бізден де едәуір шығын болды.

Маған тыныштық бермейтін бәле әлгі сағаттан келген кесепат екенін сезіп жүрмін. Өткен жолғы шабуылдың соңы жау шебіндегі қолма-қол айқасқа ұласқан жайы бар. Сол жан алып, жан беріскен ұрыста жеңіл жарақат алдым. Білегімдегі сағаттың да әйнегі бір шетінен жарылып, сызат түсіпті. Осы сағаттың маған жақсылық әкелмейтіндігі сезіле бастады. Өйткені алтын жүрген жердің  адамға құт-береке әкеле қоюы екіталай ғой.

Сондай күндердің бірінде, қасымызға келіп әр нәрсені айтып, махоркасын тартып тұрған командиріміз маған «әлгі сағатыңды сатсаңшы» деп тағы да жармасты. Мына бәле болып жабысқан алтын сағатты алдым да, әлгі қызылкөз неменің аяғының астына қарай  тастай салдым. Жердегі сағатты алып мәз болған командирсымақ қалтасына қол салып, ақша суырғаннан-ақ «керек емес» деп қолымды сілтедім. Алтын сағатты жарқырата қолына таққан ол, оны оншақты күн өтпей-ақ өзінен үлкен рота командиріне сыйлауға мәжбүр болғанын айтты. Шамасы, айыпты болып қалса керек.

Соғыс барысында стратегиялық маңызы ерекше үлкен бір станция үшін болған шайқаста екі жақ та орасан зор шығынға үшырады. Станция бірнеше рет қолдан-қолға өткен осы соғыста, екі жақтан да қатысқан ұшақ пен танкте есеп жоқ еді. Командиріміз ауыр жараланып, рота командирі қаза болды. Қырықтан асқан мен сияқты кексе солдаттар шепті ұстап тұрдық та, жас солдаттардың қатарында менің жанымдағы өзбек те өлгендер мен ауыр жарақаттанғандарды тылға қарай әкетісті. Істерін тындырып, кешке қарай жаныма келген өзбек: «ечкимга курсатмаң», – деп қолыма бірнәрсені тықпалайды. Қарасам, баяғы әйнегінің шеті сынған алтын сағат. О, тоба! Ол бұның қолына қалай түсіп жүр десеңші? Алтын сағат иесіне ажал әкелетін тажал болып көрінді.

– Алмаймын, мырзалығыңа рахмет, – деген сөзіме түсінбей, ол да аң-таң.

– Әкәсі, нимә учун алмисыз? Сиз миңгә қапа булип юрипсиз мы? – деп әлгі сағатты қайта-қайта тықпалайды.

– Саған ешқандай өкпем жоқ. Тиесілі махоркамды саған беремін. Ол жағына алаң болма, – дегенде барып көңілі орнына түсті-ау ол сабаздың.

Кезекті бір шайқаста шабуылымыз сәтсіз болып, кері шегіндік. Кенет жанымызға түсіп жарылған снаряд екпінінен мұрттай ұштым. Есімді әрең жидым-ау сол жолы. Аяқ-қолдарым аман. Жарақат алмаған сияқтымын. Қасымдағы өзбектің сол жақ иығын снаряд жарықшағы талқандап кетіпті. Аман қалғаныма тәуба деп, қасымдағы серігімді арқалаған қалпы өз шебімізге қарай еңбектей бердім.  Айнала азан-қазан, у-шу. Ысқырған оқтардан бас көтеру мүмкін емес. Әр жерден жаралы болғандардың ойбайы мен ыңырсығандары естіледі. Саным шымырлап ашып барады. Сөйтсем, оқ жырып кеткен екен.

Взвод командирінің бұйрығы бойынша серігімді санчастьқа тапсырып қайттым. Сөйлеуге шамасы келмей, көзін әрең ашып-жұмып жатқан бауырымдай болып кеткен жігітті аяп та кеттім. Олай-бұлай бола кетсем, иманымды үйіріп, бетімді топырақпен жабады-ау деген жаннан айырылғаныма көңілім құлазып қалды.

Қалжырап келген бетте блиндажға кіре дорбамды жастанып ұйықтап кетіппін. Ұйқылы-ояу санамда сырт-сырт етіп, жүйкеге тиген дыбыстан арыла алар  емеспін. Басымды көтеріп айналаға қарасам ешкім жоқ.  Манағы дыбыс та басылып қалғандай. Қайта жатсам болды, манағы сыртылдаған дыбыс қайта естіледі. Сөйтсем, әлгі дыбыс менің бас жағымда жатқан әлгі өзбектің дорбасынан шығып жатыр екен ғой. Ашып қарасам, дорбаның ішінде он-он бес сағаттай бар. Әйнегі сынған баяғы алтын сағаттан бөлек, тағы да екі-үш  сағатқа алтын жалатылғаны көрініп тұр. О, қу дүние-ай! Басын қатерге тігіп жүріп жинағаны мына жігітке де бұйырмады-ау. Енді кімнің басын жалмар екенсің? – деп көп ойландым.

Ертеңіне қатарымыз сиреп қалған біздің топты толықтыру үшін қосалқы құрамға ауыстырды. Жүріп келе жатып, бір өзеннің қасынан өткенде әлгі қарғыс атқан алтыны бар дорбаны өзенге лақтырып жібердім, – деген еді әкем жарықтық.     – Қап, әттеген-ай! Ең болмаса сол сағаттардың алтыны жоқ біреуін қолыңа тағып алсаң болмас па еді? – деді әкемнің құрдасы Төлебек ата әзілдеп.

– Ол кезде дүние емес, Алладан тек бас амандығын тіледік қой, – деген әкемнің сөзін өзгелер де қоштап жатты.

Бөріхан ТӘМЕН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button