Құмсағат

Түркістанның халқы 500 мыңға жетеді

Ел аузында «жаңа қала» атанып кеткен Түркістан қаласының Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында жеке ірі кәсіпкерлер есебінен ондаған жаңа нысандар бой көтеруде.

Бүгінде бірнеше тұрғын үй кешені мен коттеджді қалашық, заманауи қонақүйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. 1 500 гектарға жуық аумақты қамтитын Әкімшілік-іскерлік орталықтағы жаңа ғимараттар тек заманауи үлгіде салынып жатыр.

Онда Түркістан облыстық адвокаттар коллегиясы мен облыстық нотариалды палата ғимараттары орналасады. Сонымен қатар инвестициялық жобалар арасында бірнеше бизнес орталықтар, «Шахмат орталығы», мейрамханалар желісі, медициналық орталық, стоматология орталығы, коммерциялық ғимараттар мен ағаш көшеттерін өсіретін жылыжай кешенінің (питомник) құрылысы жоспарланған.

Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеу қалыптастырылған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 13 мың гектарды құрайды. Жасыл алқап Түркістанның табиғи тынысына айналып, нәтижесінде, ауа тазарып, қала шаң мен желді дауылдан қорғалады деп күтілуде. Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынған.

Мәселен, жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. 10 мың түпке жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» да жер көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған.

Түркістанда халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым қалыптастыру облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының жіті бақылауында. Түркістан қаласының аумағы 19 627 гектардан 22 370 гектарға ұлғайтылды.  Бас жоспар бойынша қаланың даму сатылары белгіленген. Алғашқысы 2020 жылы басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Екінші кезеңі – 2035 жылы, үшінші кезеңі – 2050 жылы аяқталады. 2025 жылға дейін қала тұрғындарының санын 250 мыңға дейін, 2035 жылға қарай – 350 мың адамға дейін жетеді. 2050 жылы – 500 мың болады.

200 мыңға жуық тұрғыны бар Түркістанның даму мүмкіндіктері ауқымды.  Қала аумағында өндірістік, коммуналдық және инфрақұрылым қызметін қамтамасыз ететін нысандарды орналастыратын аймақтар белгіленіп, бекітілген. Бұл өз кезегінде Түркістанның инвесторлар үшін тартымдылығын арттыра түседі. Туризм және өнеркәсіп – Түркістан дамуының негізгі екі бағыты. Қаланың бір жылда миллионнан астам туристі қабылдауға мүмкіндігі бар. Келешекте бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қалада 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор келушілерге өз қызметін ұсынуда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button