Құмсағат

Шымкентте кадрдан қадір кетті ме?

Бүгінде Шымкент әкімдігінің жұмысына сын жиі айтылып жүр. Әсіресе ішкі саясат, идеология, мәдениет салаларына байланысты жайсыз әңгімелер көп.

Алыпқашпа сөздер негізінен әкімдіктегі жауапты орындарға, мекеме басшылығына кадр сырттан келген кезде күшейе бастайды. Ал бұрынғы басшылықтарға қатысты мұндай сын көп айтыла бермеуші еді ғой. Сонда мұның нақты сыры неде? Неге бұлай болып жатыр?

Мысалы, жерлесіміз, белгілі эстрада жұлдызы Сәкен Майғазиевтің осыдан жеті-сегіз ай бұрын ғана «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» мекемесі басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалғаны белгілі. Ол бұл қызметте ұзақ отыра алған жоқ, кешегі тамыз айында лауазымынан өз еркімен босады. Қызметтен кету себебі «шығармашылық жұмыстары көбейіп тұрғандықтан» деп айтылды. Бірақ оның кетуіне негізінен биылғы жылы Наурыз мерекесін өткізу кезіндегі дау себеп болған сияқты. Яғни «Бұған қатысты іс-шараларға 590 миллион теңге қаржы жұмсалды, осынша ақша талан-таражға салынды» деген тұрғыда сөз таралған, оған мәдениет үйінің басшысы ретінде С.Майғазиевтің тікелей қатысы бар деп айтылып жатты.

Арада көп ұзамай тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі, блогер  Аружан Дүйсебаеваның «Ютубтағы» арнасында бұған қатысты екі видео жарияланды. Онда С.Майғазиевті тікелей кінәлаған сөздер болды. Сондықтан С.Майғазиев кейін ар-намысыма тиді деп А.Дүйсебаеваның үстінен сотқа шағымданды, бұған қатысты сот отырыстары болып өтті. Кейін С.Майғазиев өзінің арызын қайтып алды.

Қысқасы, бұл оқиға бойынша көп жайдың беті әлі де ашылмаған күйде тұр. Мәдени іс-шараларға нақты қанша ақша бөлінді, олар қалай жұмсалды? Егер қаржы расында да талан-таражға салынған болса, оған кімдер кінәлі? С.Майғазиевтің бұл іске тікелей қатысы бар ма? Жұрттың көкейінде туындаған осындай сан сұрақтар нақты жауапсыз қалып отыр.

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бірнеше қызметкерінің қамауға алынуы да алыпқашпа сөздерді күшейтіп тұр. Олар бюджет қаржысын жымқыру оқиғасы бойынша қозғалған істі тоқтатуы үшін тиісті қызмет адамдарына 80 миллион теңге пара бермек болған жерінде ұсталды деп айтылуда. Осыған байланысты бірқатар жауапты қызметкерлер қалалық полиция басқармасының уақытша оқшаулау абақтысына қамалып, тергеліп жатыр деседі.

Жұртшылықтың белгілі журналист Мәди Манатбектің де құлағын  біраз шулатқаны мәлім. Ол Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасына басшы болып биылғы ақпан айында ғана тағайындалған еді. М.Манатбек содан бері не тындырса да ісін тым жарнамалап көрсетпей, айқай-шусыз бітірді. Бірақ тыныш жүргенін де жұрт жақтыра қоймады, оны сынап-мінегендер аз болған жоқ. Ақырында жұрт оны журналист Сәуле Әбединовамен бірге жазушы Ая Мәнтайдың өліміне тікелей себепкер болды деп кінәлап шықты. Осындай жөнді-жөнсіз түртпектеулерден шаршады ма, ол да лауазымға тағайындалғанына жарты жыл өтпей жатып қызметімен өз өтініші бойынша қоштасты.

Жұрт өнер әлемінде өзіндік орны бар С.Майғазиевтың Шымкенттің шаруасына бейімделе кетеріне әу бастан күмәнмен қараған болса, М.Манатбекке кәдімгідей сенім артқан сияқты еді. Өкініштісі, ол да Шымкенттің ерекшеліктеріне бейімделе алмаған сияқты.

Ал бұл екеуімен шамалас кезеңде Шымкенттің мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына басшының орынбасары болып келді деп жарияланған Ақбота Керімбекованың қазір қайда, не істеп жүргені белгісіз.

Сондай-ақ биылғы наурыз айында Шымкентке қызметке «100 жаңа есім» жобасына есімі енген білікті жас нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың да келгені белгілі. Бұған жұрт аса қуанғанын білдіріп жатты. Ми тамырларына мыңдаған сәтті ота жасаған білікті маманның Шымкентте іске асырған алғашқы операциясы туралы да жұрт жарыса, сүйсіне жазған болатын. Ол қаладағы №2 ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалған еді. Неге екені белгісіз, бұл азамат та ол орында ұзақ отыра алмады, Алматыға қайтып кетті. Сол кезде де бұған қатысты жайсыз әңгімелер шығып жатты.

Осының бәрін естіп, көре отырып кей адамдар шымкенттіктер сырттан келгендерді сыйдырмай жатыр деп те айтып жүрді. Бұрыннан әр нәрсенің жолын біліп қалған жергіліктілер басқаға жұмыс істетпейді деп жүргендер де жоқ емес.

Мұның бәрі, әрине, нақты дәлелді қажет ететін алыпқашпа сөздер ғой. Шындығын сол орталарда қызмет істеп жүрген жандар ғана білетін болар. Ал сырттан қараған жалпы жұртқа Шымкентте кадрлық саясат ақсап тұрғандай сезіледі. Шымкент басшылығына қатысты айтылып жатқан сын көп. Кадрлық саясатта елеулі кемшіліктер жіберіліп жатқан сияқты. Енді оны ертерек түзеп алған дұрыс-ау. Әйтпесе жылдан-жылға қанатын жайып, өсіп келе жатқан Шымкенттің бұл саласында дағдарыс болып, тереңдеп кетуі де ықтимал тәрізді. Жұмыстар ақылдасып-кеңесіп, бір кісідей жұмылып істелінбесе, әркім өз ойына келгенін істеп, әр жаққа тарта берсе басшылықта қандай абырой-бедел қалады? Ал еліміздегі үшінші мегаполиске мықты, білікті, өз ісіне адал, халыққа шын мәнінде қызмет ететін кадрлар қажет қой. Сондай азаматтар өсіп-өніп жатса, оларды ешкім де етектен тартып, өшіріп жатпаса, біз оған шын жүректен қуанған болар едік.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button