Құмсағат

Рудныйлықтардың құрметіне бөленді

Дарынды ғалым, халықаралық экология академиясының академигі Иманәлі Сейдуәліұлы Ахметовтің есімі тек қазақ еліне ғана емес, өзге мемлекеттерге де кеңінен танымал.

Ол 1943 жылы 24 шілдеде Шымкент шаһарында туған. Политехникалық техникумды тәмамдаған соң осы қаладағы пресс-автомат зауытында еңбек жолын электрослесарь болып бастады. Жастайынан білімге құштар азамат Новочеркасск политехникалық институтын аяқтады. Содан кейін арнайы жолдама бойынша Қазақ химия-технология институтында оқытушылық қызмет атқарды. Ғылымға ден қойған жас жігіт аспирантурада оқып, диссертация қорғады.

Алдына биік мақсат қойған оның ғұмыры жоғары оқу орындарымен тығыз байланысты болды. Павлодар индустриалдық институтында кафедра меңгерушісі, уақыт өте факультет деканы, бертінде жоғары оқу орнында партия комитетінің хатшысы болды.

Уақыт сынаптай сырғып өте берді. 1984 жылы тәжірибелі де ұйымдастырушылық қабілеті мол ғалымды Рудный индустриалдық институтына ректорлық қызметке тағайындады. Осы лауазымды қызметті ол 20 жыл бойы абыроймен атқарды. Еліміздің Солтүстік-Батыс аймағындағы өнеркәсіп орындарына қаншама білікті кадрларды дайындауға айтарлықтай еңбек сіңірді.

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат тынымсыз ізденістің арқасында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Профессор атанды. Халықаралық экология академиясының академигі дәрежесіне жетті. Сол өткен кезең ішінде үш монография шығарды. Жаңалыққа толы 22 авторлық куәлік пен өнертапқыштық патенттерге ие болды.

Ол әрқашан болашағынан үміт күттіретін жастарды қанатының астына алып, қамқорлық жасады. Соның нәтижесінде екі ғылым докторы мен алты ғылым кандидатын дайындады. Оның шәкірттері де еліміздің мақтанышына айналды.Жалпы 15 мамандық бойынша тәлім алған жиырма мыңнан астам инженерлер Қазақстан, сондай-ақ   таяу және алыс шетелдерде жемісті қызмет атқарып жатыр.

Көрнекті ғалымның талпынысы мен тың ізденістері лайықты бағасын алды. Американың Солтүстік Каролина штатындағы өмірбаяндық институты оны «Жыл адамы – 2000» етіп сайлады. Ал Кембридждегі Халықаралық орталық айрықша қызметі үшін орденмен марапаттады.

Иманәлі Сейдуәліұлы өнегелі әулетте тәрбие алған тұлға. Оның әкесі Сейдуәлі мен анасы Гүлжәмила Оңтүстік өңірге өте сыйлы кісілер еді. Сондықтан болар,  отағасының есімі Шымкент қаласындағы бір көшеге берілген. Берекелі отбасында өскен алты бауырының бәрі де ғылым жолын қуды.

Иманәлі аға ғұмырлық серігі Зәуреш жеңгеміз екеуі қос перзенттеріне лайықты білім берді. Ұлы Нұралы – белгілі кәсіпкер. Қызы Айгүл – білікті маман. Осы балаларынан  сегіз немере сүйді.

Таяуда талантты ғалым, әріптестері арасында үлкен абырой мен беделге ие болған азамат үлкен қуанышқа кенелді. Ол биылғы Жеңіс күні қарсаңында  Рудный қалалық мәслихатының арнайы шешімімен «Рудный қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Тәуелсіздігіміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан академик, ғылым докторы Иманәлі Ахметов қазіргі таңда кіндік қаны тамған, республикалық маңызы бар Шымкент қаласында тұрады. Ардақты тұлғаны мәртебелі атағымен құттықтап, деніне саулық, шаңырағына ырыс-береке тілейміз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button