Құмсағат

Кеудесіне Елбасы портретін салдырған

Әлеуметтік желіде Парламент Мәжілісінің ең жас депутаты Мәди Ахметов жөнінде бір жаңалық жарияланды. Осыған орай жұрт оны тағы да жаппай талқылай бастады.

Бұл жолы «М.Ахметов кеудесіне Елбасы Н.Назарбаевтың портретін салдырып алды, сөйтіп оны өзінің «Инстаграмдағы» парақшасында жариялады. Бұл оның денесіне салдырған 4-ші татуировкасы. Оның жанына «Мой первый и единственный» деп жаздырған, бірақ өзі бұл сөздердің мәнін ешкімге түсіндірген жоқ», – деп айтылуда.

«Тағы да жаппай талқылай бастады» деп отырғанымыздың себебі – М.Ахметов 2019 жылы маусым айында Н.Назарбаевтың ел басшылығындағы атқарған қызметтеріне арналған «Көшбасшылықтың 30 жылы» атты халықаралық ғылыми конференцияда Тұңғыш Президентке Алматыдағы өзінің аты берілген даңғыл бойынан ескерткіш орнату жөнінде бастама көтеріп, жұрттың көзіне түскен болатын. Сол кезде оның атына көп сын айтылған еді. Кейін, 7-шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің сайлауы кезінде ол «Nur Otan» партиясының квотасы бойынша арнайы тізімген ендірілген 76 адамның қатарынан табылды. Осы кезде де М.Ахметовты сын садағына алғандар көп болды, біреулер «жағымпаздығының арқасында танылды» деп, енді бірі «оны Мәжіліске ықпалды адамдар тықпалап отыр» деп түрлі сөзді гулетті.

Қысқасы, 25 жастағы М.Ахметовтың биылғы қаңтар айында Парламент Мәжілісінің депутаты мандатына ие болғаны белгілі. Ол қазір Мәжілістегі экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшесі. Яғни ол бүгінде депутат ретінде, комитет мүшесі ретінде тиісті жұмысын атқарып жүр деген сөз.

Шындығына келгенде, М.Ахметов депутат мандатына ие болғанға дейін де біраз жұмыстарды бітіріп тастапты. Ол Қазақ Ұлттық университетінен «әлеуметтік білімдер бакалавры» және «әлеуметтік ғылымдар магистрі» деген мамандықтар алып шыққан. Студент кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Университет жанындағы «Медиасфера» гуманитарлық орталығында зерттеуші болып еңбек еткен, «Қазақ Елі» республикалық экспедициясына қатысқан, 2017 жылы өткен, әлемнің 57 елінен спортшылар қатысқан XXVIII Универсиада кезінде 500 волонтердің жұмысын үйлестіріп, басқарып отырған.

Кейін ол «Nur Otan» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалын басқарған, Халықаралық бизнес университетінің қоғаммен байланыс бойынша менеджері, Ақпараттық технологиялар халықаралық университеті деканының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болған. 2019 жылдың наурыз айында «Nur Otan» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалына қайтадан төраға болып сайланған, «Біз біргеміз!» саяси акциясына қатысқан 200 волонтердің жұмысын үйлестіріп отырған. Сондай-ақ ол 2019 жылғы Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылуы, 2020 жылғы Мақтаарал ауданын су басуы кезіндегі халыққа көмек көрсету жұмыстарына да белсене атсалысқан.

Осындай белсенді еңбегі үшін М.Ахметов 2016 және 2020 жылдары Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хаттарымен, 2019 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен, 2020 жылы «Халық алғысы» төсбелгісімен марапатталған.

М.Ахметов кезінде Алматы облысында бірнеше совхоздарды басқарған азамат, Социалистік Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың немересі болып келеді, ал оның ата-анасы кәсіпкерлікпен айналысады екен. М.Ахметов 6 жасына дейін ата-әжесінің қолында өсіп, тәрбие алыпты. Ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында ол өзінің атасын және Кеңес Одағының Батыры, Халық ҚаҺарманы Бауыржан Момышұлын үлгі тұтатынын айтқан. Яғни М.Ахметов бала кезінен елге белгілі адамдарға еліктеп өскен. Студент кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргенде ол саяси жұмыспен айналысатын жандардың көзіне түскен, сосын олар оны жұмысқа тарта бастапты.

Қысқасы, М.Ахметов депутаттыққа кейбіреулер сияқты «көкесінің» демеуімен бармағанға ұқсайды. Өзіне бағытталып айтылған сын сөздерге орай оның өзі де: «Мен депутаттыққа қандай да бір бизнес-жобамен немесе заң енгізу үшін, «аға-көкелердің» сүйрелеуімен емес, елге қызмет ету үшін бара жатырмын. Бұл жолға бар күшім мен білімімді арнаймын», – деп айтқан еді.

Бұл азаматтың түбінде қай жерден шығарын болашақ көрсетер.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button