Құмсағат

Ғани РЫСБЕКОВ: «Барлық жігерімізді елге қызмет етуге жұмсаймыз»

Түркістан облысында биылғы наурыз айында Сауран ауданы құрылғаны мәлім. Жаңадан құрылған ауданға таяуда әкім тағайындалды. Бұл лауазымды Ғани Рысбеков атқаратын болды. Осыған орай жаңа басшыны қызметімен құттықтап, оған бірер сұрақтар қойған едік.

– Ғани Құрмашұлы, жаңа қызметтегі істеріңіз оңды нәтижелерімен қуанта бергей дейміз. Бүгінде ауданда қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Ауданда құрылымдау жұмыстары жүріп жатыр. Мәслихат құрылды. Әкім аппаратын құру керек. Мәслихатқа ұсыныстар бергенбіз. Бүгін мәслихат құрылымын бекітті. Енді әкімдік құрылуы тиіс. Әкімдік арқылы қанша бөлімдер болады, соны бекіту керек. Сосын тағайындаулар жүргізіледі, мамандар, орынбасарлар, аппарат басшысы тағайындалады. Осындай ұйымдастыру жұмыстары жүргізіле береді.

– Сауран ауданы немен айналысатын болады?

– Кентаудан бөлінген ауылдар бүгінде өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бәрі де ауыл шаруашылығымен айналысады, өндіріс орындары жоқ. Аудандағы мал басы, егіндік жерлер, кім немен, қалай айналысып жатыр – бәрі белгілі жайлар. Сауран ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан болады негізінен.

– Ауданның мүмкіндіктері қандай?

– Кентау, Түркістан қалаларын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы керек. Өнімді өндіру және оны өткізу деген бар. Сондықтан енді диқандар өнім көп болса, өтпей қалады деп қорықпайтын болады.

Ауданға қарайтын ауылдар бұрын Түркістанның, Кентаудың құрамында болды. Ол кезде қараусыз қалмағанымен де көңіл қалаға көбірек бөлініп кеткен еді. Енді өз алдына аудан болып шыққаннан кейін ауылға, ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөлінеді деген сенім бар. Осындай жұмыстарды бастаймыз. Қазір ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Жалпы, шешімін таппаған мәселелер де баршылық шығар?

– Мен осында, бұрын бас маманнан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі деңгейіне дейін өсіп, қызмет істегенмін. Барлық ауылдарды, адамдарын, тыныс-тіршілігін, шешілмеген мәселелерін білемін. Енді ауылдарды аралап, қандай проблемалары бар, қосымша оларды да анықтаймыз. Алда ауылдарды нығайту, табиғи газбен қамту сияқты мәселелер тұр. Осының бәріне көңіл бөлетін боламыз.

– Сауран ауданында қазір кімдер тұрады? Халықтың ұлттық құрамы қандай?

– Ауданның негізгі халқы – қазақ және өзбек ұлтының өкілдері. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас болып қалыптасқан, еңбеккер, бейнеткеш халық. Алдағы уақытта да тұрғындар арасындағы ынтымақ-бірлікті нығайтуға күш саламыз.

– Бұл аумақтарда бұрын мақта да өсірілетін еді…

– Мақта егістігі де бар. Кезінде облысымыздың солтүстіктегі мақта өсіретін ең шеткі аумағы болған. Дегенмен бүгінде басқа дақылдар өсіру тиімдірек, пайдалырақ болғандықтан диқандардың көбі соған кетіп жатыр. Жақын маңдағы екі қаланы азық-түлікпен қамту керек болғандықтан мақта егу аса қажет бола қоймайды. Өйткені мақтаның бағасы тұрақты емес, сол себепті халық егін, көкөніс, мал шаруашылықтарымен айналысуда.

– Жалпы, жаңадан құрылған ауданға басшылыққа тағайындалған азамат ретінде қазіргі көңіл-күйіңіз қалай?

– Қалай десем болады… Көңіл-күй орнында. Құлшыныс бар. Жаңа аудан… Алда қалай болар екен деген қобалжу да жоқ емес. Өзімнің туып-өскен жерім. Негізі сыртта жұмыс істеу оңайлау, өзіңнің туған жеріңде істеу қиын. Өйткені бәрі біледі, қарап отырады. Сондықтан бар күш-жігерімізді, білімімізді салып, ел үшін абыроймен қызмет жасайтын боламыз.

– Ендеше Құдай қолдасын, алдағы уақыттарда да абырой биігінен көріне беруіңізге тілектеспіз.

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button