Құмсағат

Елім деп туған ер еді

Оңтүстік боксының (тіпті Қазақ боксының десек те болады) атасы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Шымкент қаласы және Төлеби ауданының құрметті азаматы, Санкт-Петербург халықаралық жантану академиясының академигі, профессор Ақжол Асқаров ағамыздың өмірден өткеніне де жыл болып қалыпты.

Ақжол Асқарұлы саналы ғұмырында облыс спортының өркендеуі үшін көп тер төккені белгілі. Сонымен қатар туған жері Майбұлақ өңірі, Жамбыл ауылының гүлденуіне де елеулі үлесін қосқан жан. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардағы қиын кезеңде ауылдастарына қол ұшын созды.

Тоқырау жылдары әсіресе ауылды жерлерде жарық пен су айлап болмайтын. Жарық болмаған соң Кеңес үкіметі тұсында салынған жерасты сұсорғысы да істен шыққан. Одақ ыдырап, тұрғындар жалақысыз қалып, қаржылай қиындық туындаған соң тұтынған судың ақшасы да төленбеген қиын кез еді ғой. Тұрғындар өз ауласынан құдық қазып, әбігерге түсіп жатты. Міне, сондай қиындықтан бүкіл ауылдастарын Ақжол ағамыз алып шыққан болатын. Ол істен шыққан сусорғының жаңасын сатып алып, судың ақысын төлеп берген.

Жамбыл ауылындағы 1960 жылы салынған ескі клубты да күрделі жөндеуден өткізуге мұрындық болды. Сондай-ақ Шымкент қаласының құрметті азаматы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған меценат ағамыз Қуаныш Төлеметовпен бірге ауылдың кіреберісіне әсем қақпа тұрғызды. Ондай қақпа аудан көлемінде жоқ десем де болады.

Сол қақпаның жанынан соғыс ардагерлеріне, қан майданнан оралмаған әке-аталарымызға арнап киіз үй түріндегі керемет кешен мен ескерткіш орнатты. Кешен ішіне Майбұлақ өңірінен соғысқа аттанған барлық аталарымыздың есімдері тасқа қашалып жазылған арнайы тақталар қойылған.

Жыл сайын 9 мамырда соғыс ардагерлерін еске алуға арналған мерекелік шаралар өткізіліп тұрды. Соғыстан оралмағандардың әруағына Құран бағыштап, үлкен ас берілетін. Осының бәрі Ақжол ағамыздың тікелей ұйытқы болуымен өтетін.

«Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген сөз бар ғой, елім деп туған Ақжол ағамызды ауылдастары ұмытпайды. Туған жерінің өркендеуі үшін аянбай еңбек еткен асыл ағамыздың есімін мәңгі есте сақтау үшін бір көшеге немесе ауылдағы клубқа ол кісінің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ақжол ағамыз секілді өз қамынан гөрі елдің қамын көбірек ойлайтын азаматтар көп болса, еліміз өркендеп, өсер еді.

Исабек ҚАРСЫБАЙ, отставкадағы полиция майоры.

Жамбыл ауылы. Төлеби ауданы.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button