Құмсағат

Дәурен Дүйсебай: «Ұсыныс жасалды, келісім бердім»

Шымкенттегі ашылғанына бірер жыл ғана болған «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының аты таяуда өзгертілгені белгілі. Енді ол «Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана» деп аталады. Міне, осы мекеме директоры қызметіне журналист Дәурен Дүйсебай тағайындалды. Осыған орай әріптесімізді құттықтап, оған бірер сұрақтар қойған едік.

– Дәурен, жаңа қызмет қалай болып жатыр?

– Ұлы ғұлама Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананы басқарамын деп еш ойламаған едім. Ұсыныс жасалды, келісімімді бердім. Жалпы, жұмысым жақсы. Ұжымымыз үлкен. Онға тарта бөлім бар. Бөлімдердегі, секторлардағы қызметкерлердің барлығы да өз ісінің мамандары. Оқырмандарға, келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр.

– Кітап қоры қандай екен?

– Жалпы, кітапханада 408 мыңнан аса кітап бар. 7000-ға тарта кітап электронды форматқа көшірілген.

– Қандай жаңалықтар бар, алда қандай өзгерістер болады?

– Өздеріңізге белгілі, кітапхана жуырда толық модернизациядан өтті. Жаңадан «Планетарий», «Сирек кітаптар», «Аудио», «Қайырымды қала» сынды залдар мен бөлмелер қосылды. Бірінші қабатта ұлы ғұлама Әл-Фарабиге арналған шағын цифрлық музей іспеттес ақпараттық-цифрлық зал орын алды. Сондай-ақ кітапхананың фойесіне Әл-Фарабидің ескерткіші, Отырар қалашығының сол замандардағы макеті қойылып, қабырғаларға Отырар және Оқсыз қалаларының ғарыштан түсірілген көрінісін бейнелейтін композияциялық сурет салынды. Ескерткіштің жоғарғы жағына жер шарының айналасындағы барлық планеталар композициясы ілінді. Оқу залы, шетел әдебиетіне арналған, абонемент, конференция залдары түгелдей жаңғыртылып, оқырманға ыңғайлы жағдайлар жасалынды. Кітапханаға келушілерге арнап еркін отырып кофе ішетін, кітап оқитын аймақ жасалынды. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін коворкинг орталығы жаңғыртылды. Онда жастардың кез-келген шараларын өткізуіне толық мүмкіндік бар. Өзгеріс өте көп, алдағы уақытта да бола бермек.

Қысқасы, жүз рет естігеннен бір рет келіп көрген артық. Кітапханамыздың есігі барлық келушілерге ашық.

– Жұрттың кітапқа ықыласын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Кітаптан үлкен қазына жоқ. Қазіргі заманда, кітапқа адамдар салқын қараған шақта осындай жаңғыртулар ауадай қажет деп есептеймін. Біраз жұмыстар атқарылатын болады.

– Осыған дейін бірқатар мекемелерде жұмыс істеп, басшылық қызмет те атқарған азамат ретінде өзіңе сенім артылып отыр. Осы орайда тың идеялар да жоқ емес шығар?

– Жоспар көп. Әсіресе зиялы қауым өкілдерімен, фарабитанушылармен кездесулерді көптеп ұйымдастыратын боламыз. Сонымен қатар кітапханаға жастарды көптеп тарту бағытында бірқатар жобалар дайындалуда. Әлемнің он бес еліндегі Әл-Фараби орталықтарымен де байланысты нығайтқымыз келеді. Кітап қорын ұлғайтып, кітаптарды электронды форматқа көптеп көшіруді де жалғастырмақпыз.

– Ендеше, алға қойған жоспарлар орындала бергей, біз соған тілектеспіз.

Д. НҰРПЕЙІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button