Құмсағат

Басшыларға ел мен жер керек емес пе?

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан шу шықты. Тұрғындар алтын өндіретін компанияның Күршім өзенін ластап, табиғатқа қыруар зиян шектіріп жатқанын айтып шағынуда.

Бұл жөнінде әріптесіміз, журналист Мақсат Толықбай шағын видеорепортаж жариялады. Туған жеріне жеке шаруасымен барған азаматқа жерлестері жағдайдың қалай болып жатқанын көрсетіпті. Бас-аяғы он минутқа да жетпейтін түсірілімнен өзен аңғарының қандай күйге ұшырағанын аңғаруға болады.

Күршім өзенінің суы таза, мөлдір болып ағады екен. Жергілікті халық одан балық аулайды, суын өздері ішуге пайдаланады, оған малын да суарады. Бірақ бір тұстарда өзен атала болып лайланып ағып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оған алтын өндіретін компанияның шикізатты шайған суды қайтадан өзен арнасына жіберуі себеп.

Өзеннің табаны тереңдеп қазылғандықтан оның арнасының едәуір бөлігі жағалаудан біраз алыстап кеткен, сусыз қалған. Жағалаудағы орман оталып, жайылым жойылған. Экскаватормен, трактормен тамырына дейін қопарылып оталған ағаштар әр жерде үйіліп, шашылып жатыр. Бұрынғы өзен арнасына биік етіп салынған жолға «КамАЗ» көліктері тас төсеуде. Алтын қазушылар өзен арнасын өз қалауынша олай да, бұлай да бұрып, біраз жерден бөгеттер жасапты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осындай жолмен 10 шақырым жердің орманы оталып, шабындығы жойылмақ көрінеді. Демек, оның орнына қандай да бір кәсіпорын немесе оның қосалқы шаруашылығы салынуы мүмкін. Яғни алтын өндіру қарқынды жүргізіліп, табиғатқа келетін залал еселене түседі десе болады.

Бұл тұстан Ертіс өзенінің арғы бетіне өту де оңай емес екен. Ол үшін белгілі бір уақыттарда ғана өтетін паромды күту керек. Ал «Бұқтырма» су қоймасы аумағынан өтер болса, онда жол 180 шақырымға дейін ұзап кетеді.

Мұнда мал бағып күнелтіп отырған жұрт жайылым жері тарылып та әбігерге түсуде екен. Ұлты басқа бір азамат өзінің сатып алған жерін мал жуытпай қориды. Жергілікті тұрғындар осыны айтып та ашынуда. Біреуі тіпті қатты ызаланып, әлгіні «атып тастауға дайын екенін» де айтып жіберді. «Заңмен тәртіпке шақырмаса, оны өз бетімізбен соттауға мәжбүр болуымыз мүмкін», – дейді ол.

Бүгінде ол жақта журналистке жағдайды айтып, сұхбат берген тұрғындарға қысым жасалып жатқан көрінеді. Өз жерінің, өзен-көлі мен орман-тоғайының ахуалын ойлап дабыл көтергендер жазықты болуда. Сонда оларға қысымды кім жасап отыр? Қарапайым адамдарға керек болған әсем табиғаттың қолында билігі барларға керек болмағаны ма сонда? Табиғатқа бұлай зорлық көрсетудің соңы қандай зардаптарға апарып соғатынын олар білмей ме? Алтын қазып алса болды, басқасы өртеніп кетсе де бәрібір ме? Өзен-көл, орман-тоғайымызға өзіміздің жанымыз ашымаса, оған кімнің жаны ашиды, оны кім қорғайды?

…Жалпы, Күршім ауданында 25 мыңдай ғана адам тұрады екен. Тұрғын халықтың 90 пайыздан астамы қазақтар, олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Аудан Қытаймен шектеседі. Өткенде күршімдік бір азаматпен болған әңгіме кезінде ол кей ауылдардың тұрғыны азайып, мәнісі кеткенін, есесіне арғы жақта бұрын бос жатқан жерлерді қытайлардың жедел түрде игеріп жатқанын айтып еді. Сол рас сияқты. Ендеше біздің еліміз де бұл аумақты нығайтып, халқының саны артуына жағдай жасағаны жөн-ау деген ой келеді. Ал табиғатын ластап, мал жайылымын тарылтып жатса, ол жаққа кім барады?

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button