Құмсағат

Қазақтарға шарапаты тиген

Осыдан тура 60 жыл бұрын, 1961 жылдың қыркүйек айында Түркияның премьер-министрі Аднан Мендерес қаза тапқан екен.

Елде әскери төңкеріс болып, А.Мендерес және тағы да бірқатар мемлекеттік лауазымды тұлғалар өлім жазасына кесіліпті, бұл үкім көп ұзамай орындалыпты.

…Жалпы алғанда Аднан Мендерес – Түркия экономикасының өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген тұлға. Бұл азаматтың үлкен бір жәрдемі қазақтарға да тиген екен.

Қытайдың Алтай аймағында, өз ата мекенінде отырған қазақтардың 1940 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі. Олар асу бермес Гималай тауларынан, құлазыған Такла-Макан шөлінен өтіп, Үндістанның Кашмир аймағына барып паналаған. Жолда мыңдаған адам қырылып қалған. Аман жеткендері Үндістанды бірер жыл мекен еткен.

Үндістаннан Пәкстан бөлініп шыққан, екі ел арасында соғыс болып жатқан 1947 – 1950 жылдары Пәкстан қазақтары Түркияға өздерін көшіріп алуды өтініп хат жазған екен. 1950 жылдың мамыр айында Үкімет басына келген Аднан Мендерес осы хатқа назар аударыпты.

Ал Үндістан мен Пәкстанда тұрақтаған қазақтарды Түркияға көшіру 1952 жылы басталыпты. Яғни оларға Түркияға қоныс аударуға рұқсат етілген. Алғашқы барғандарға «еркін мигрант» деген мәртебе беріліпті, сөйтіп олар Урфа провинциясындағы мемлекеттік фермаға жұмысқа орналастырылған. Оларға төлқұжат, ықтиярхаттар берілген, жер алып, үй салуына, өзінің кәсібімен айналысуына деп жәрдемақы, несие алуына жағдай жасалған, олар салықтан босатылған.

Қазақтардың Түркияға көші 1958 жылға дейін жалғасыпты. Кейін оларға «ресми қоныстанушылар» деген мәртебе берілген. Алғашында олар Стамбұл жақтағы арнайы лагерьде тұрған, үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліпті, түрікше жазу-сызуға, кәсіп игеруге үйретіліпті. Қазақтар кейін басқа аумақтарға орналасқан, қандастарымызға Түркияның қай жерін таңдаса, сол аймақта тұруға рұқсат етіліпті. Олар Түркия азаматтығын алған, қазақтарға баспана, жер, мал берілген. Тіпті ата кәсіппен айналысуға қолайлы деп таулы, жайылымдық жерлер де берілген екен. Қазақ жастары әскери міндетін атқарудан 5 жылға дейін босатылып отырыпты. Жалпы, қазақтар Батыс Анадолы аумағын таңдаған сияқты. Ес жиып, жағдайларын жасап алғасын қандастарымыз Түркияның басқа аумақтарына да қоныстана бастаған. Бүгінде олар Стамбұл, Анкара, Измир, Маниса сияқты қалаларда да тұрып жатыр.

Қысқасы, кезінде Түркияның премьер-министрі болған Аднан Мендерестің Қытайдан босқан қазақтардың Түркияға көшіріліп, түбегейлі орналастырылып, қажетті жағдайларының жасалуына мол үлесі сіңген екен. Бүгінде мұндай еңбегі бар адамның атын Қазақстанда бір көшеге берсе де болар еді деп жатқандар бар. Адамгершілік қағидаға салсақ, бұл орынсыз сөз емес.

…Осы орайда Аднан Мендерес туралы толығырақ біле жүрген де артықтық етпейді. Сондықтан оқырманға оның өмірі мен қызметі туралы шағын дерек ұсынуды ұйғардық.

А.Мендерес 1899 жылы Түркияның Айдын провинциясындағы Кочарлы қаласында өмірге келген. Ол бай жер иеленушінің отбасында өскен. Измирдегі американдық колледжді, Анкара университетінің заң мектебін бітірген.

А.Мендерес жастайынан саясатпен айналысқан. Ол өзі туып-өскен провинцияда либералдық-республикалық партияның бөлімін құрып, оны басқарған. Бұл партия тарағаннан кейін оны әйгілі Ататүрік өзі басқаратын республикалық-халықтық партияға шақырады. Ол осы партияның мүшесі болған, 1930 жылы Түркия Меджлисінің депутаты болып сайланған. Бірақ кейін партиялық басқару жүйесіне қарсы шыққан, демократиялық жүйенің орнауын талап етіп, оппозицияға кеткен, сол үшін республикалық-халықтық партияның қатарынан шығарылған. Демократиялық партия қатарына өткен А.Мендерес 1946-жылы оның басшысы болып сайланған. Осы жылы ол партия атынан сайлауға түсіп Меджлис депутаты болады. 1950-жылғы сайлауда бұл партия жеңіске жетеді де, А.Мендерес Үкімет басына келеді. Демократиялық партия бұдан кейінгі өткен екі сайлауда да билікті қолында сақтап қалған. Ал А.Мендерес елдің Премьер-минстрі болып 1960 жылғы қыркүйек айына дейін қызмет атқарған.

Ол Үкімет басқарған жылдары Түркияның экономикасы жақсарып, дамыған. Экономика жылына 9 пайыздық жылдамдықпен өркендеп отырған. Ауыл шаруашылығы механикаландырылған, білім беру, денсаулық сақтау, қамсыздандыру, банк ісі, транспорт, энергетика салалары дамыған. Экономиканың түрлі салаларына инвестиция тартылған. Бірнеше су-электр станциялары, теңіз айлақтарына үлкен құрылыстар салынған. Су жүйелері, жолдар қалпына келтірілген, жаңғыртылып-жаңартылған. Елде бидай, мақта, шай өндіру артқан. 21 мың 500 ауылға электр жарығы тартылған, ауылдарда 20 мыңнан аса мектептер салынған. Осы жылдар аралығында елде 42 ірі су қоймасы іске қосылған. Шаруалардың жағдайы жақсарып, жұмысшы таптың тұрмысы түзелген. Түркия НАТО мүшелігіне де Мендерес Үкімет басшысы болып тұрған кезеңде өткен.

Мендерестің өзіне әкеден мұра болып қалған байлықты сатып, ұсақ акционерлерге бөліп беруімен де аты шығыпты. Ол жеке кәсіпкерліктің дамуына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына күш салған.

А.Мендерес ұлтшылдық бағыт ұстанған. Ол Ислам дінінің қоғамдағы маңызына да мән беріпті, осыған дейін мешіттерде азан түрікше шақырылып келген болса, оны араб тілінде орындау жөнінде шешім шығарған, дінге қойылған біраз шектеулерді алдырып тастаған. Оның кезінде көптеген мешіттер қайтадан ашылған. Негізінен дамудың батыстық жолын ұстанғанымен ол мұсылман елдерімен қарым-қатынастың күшеюіне де жол ашқан. Сондықтан да жұрт оны «Ислам батыры» деп атапты.

А.Мендерес 1959 жылғы ақпан айында бір өлімнен аман қалған. Ұлыбританияға бара жатқан Үкімет мүшелері отырған ұшақтан өрт шығып, ол апатқа ұшыраған. Ұшақ салонындағы 24 адамның 14-і қаза тапқан. Мендерес жеңіл жарақат алып, Лондон госпиталінде емделіп шыққан.

Түркия Премьер-министрі осы сапарында әйгілі «Лондон келісім-шартына» қол жеткізіп қайтқан. Кипр аралындағы жауласушы гректер мен түріктердің ара қатынасын реттеуге бағытталған осы келісім-шарт талаптарының іске асуына да А.Мендерес елеулі еңбек сіңірген деп айтылады. Түркияның табанды әрекеттерінің арқасында бүгінде Кипр аралында Солтүстік Кипр түрік республикасы бейбіт өмір сүріп жатыр. Гректер тұратын Кипр республикасымен қоса көптеген елдер мойындамағанымен де ол қазір өз алдына дербес ел болып отыр.

Түркияның дамуына өзіндік үлес қосқан А.Мендерестің саясаткер ретінде жіберген кемшіліктері де болған екен. Мысалы, ол сын көтермепті, ақпарат құралдарына бақылау орнатқан, оппозициялық партияларға қысым көрсеткен деп те айтылады. Соған қарамастан оның халықтың арасындағы абырой-беделі жоғары болған. Бұл әскерилерге ұнамаған, олар Ататүрік салған жолдан ауытқып барамыз деп қауіптенген. Әсіресе А.Мендерестің тек депутаттардан ғана құраған тексеру комиссиясы жұрттың наразылығын тудырыпты. Өйткені депутаттарға мемлекеттік және әскери прокурорлардың құзіреттері, үкім шығару құқы берілген, олар қылмыстық іс қозғап, үкім шығара алатын болған. Ал бұл комиссия үкімдері апелляциялық шағым бойынша қайта қарауға жатпайтын болыпты.

А.Мендерес сондай-ақ елдегі күрдтердің құқықтарын сақтауға да елеулі түрде атсалысыпты. Бұл да өз кезегінде біреулерге жақпаған.

Осындай әрекеттерге наразы әскерилер ақырында ұйымдасып, мемлекеттік төңкеріс жасаған. Кейін арнайы сот жүргізіліп, А.Мендерес бірқатар министрлермен бірге өлім жазасына кесілген. Оларға мемлекетке опасыздық жасады, Ислам дінінің күш алуын қолдады, зайырлы Конституцияны бұзды, мемлекет қазынасын талан-таражға салды деген айыптар тағылған. А.Мендерес дарға асу арқылы өлім жазасына кесілген. Түрмеде жатқанда ол өзіне қол жұмсамақ та болыпты, бірақ әрекеті сәтсіз аяқталған. Оған қатысты шығарылған үкім Имрели аралында орындалған.

А.Мендереске 1955 жылы Стамбұлда орын алған ойранға қатысты да айып тағылған екен. Мендерес басқарған үкімет сол кезеңдегі экономикалық дағдарыстан жұрттың назарын аудару үшін жоспарлы түрде гректер мен түріктер арасында ұлтаралық қақтығыс туғызды деп те айыпталған.

Ал гректер мен түріктер арасындағы қақтығыс былай болған екен: 1955 жылғы қыркүйек айында Түркияның Грекиядағы Салоник қаласында тұрған елшілігінің маңайында бомба жарылады. Ататүріктің туған жері саналатын бұл қаладағы оның мұражайына да зақым келеді. Осы кезде Кипрдегі гректер ондағы түріктерге шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген сөз тарайды. Осыған жауап ретінде Стамбұлда мыңдаған түрік бас көтеріп, гректерге тиесілі дүкендерді, шіркеулерді, сондай-ақ зираттарды да қирата бастаған. Осы қақтығыс кезінде бірнеше грек азаматы өліп, ондаған адам жарақат алған екен.

Мемлекеттік төңкерістен кейінгі болған сот кезінде осы мәселе де қозғалған. А.Мендереске және бірқатар лауазымды тұлғаларға «гректер шабуыл жасайын деп жатыр» деген алыпқашпа сөз шығарған, Салоникидегі жарылысты қолдан ұйымдастырған, сөйтіп Стамбұлдағы ойранның орын алуына әдейі жол берген деген айып тағылған.

Дегенмен Түркия Парламенті 1990 жылы Аднан Мендереске қатысты рақымшылық жасаған, оның жақсы атын қайтарған. Мендерес пен бірқатар министрлер өлім жазасына кесілген күн «Масқаралық күні», «Қаралы күн» деп аталған. А.Мендерестің сүйегі Топқапыдағы зиратқа жеткізіліп жерленген.

Ал 1960 жылғы төңкерістен кейін Демократиялық партия таратылып, қуғынға ұшырапты, оның жұмысына тыйым салынған. Дегенмен кейін оның ізбасары болып Әділдік партиясы өмірге келген. Қазіргі Президент Режеп Тайып Ердоған басқаратын Әділет және өркендеу партиясы осы партияның ізбасары болып саналады.

А.Мендерестің Юксель, Мутлу, Айдын есімді үш ұлы болған екен. Үлкен екеуі 1972 және1978 жылдары біреуі суицидтен, екіншісі жол апатынан қаза болыпты. Ал Айдын жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бизнеспен, кейін саясатпен айналысқан. Ол 2011 жылы қайтыс болған екен.

…Саясаткер ретінде өз елінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан Аднан Мендерестің атын Түркия халқы қазір ардақ тұтады. Бүгінде Стамбұлда оның мавзолейі бар. Сондай-ақ қазіргі күндері Айдын қаласындағы университет пен Измирдегі әуежай, бірқатар қалалардағы шағын аудандар, гүлзарлар мен көшелер және мектептер оның атымен аталады. А.Мендерес премьер-министр болып тұрған кездегі Түркия өмірі туралы деректі, көркем фильмдер де түсірілген. А.Мендерес пен бір белгілі әртіс қыздың арасындағы махаббат туралы түсірілген фильм де бар.

Д. НҰРПЕЙІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button