Құмсағат

Қазақстан – қиямет-қайымдар елі…

Екі апта бұрын әкемнің жалғыз қарындасы – Райгүл тәтеміз өмірден өтті. Тұтас ғұмырында үй мен ауылдан ұзап шықпаған қарапайым жан еді.

Соңғы 4 ай бойы жаман дерт жабысып, соны емдетеміз деп жүргенде аты өшкір ковидтің тырнағына ілініп, аяқасты бақиға кете барды. Біздегі медицина саласының қағазбастылықтың шырмауына ілінгенін осы 4 ай ішінде нақты білген соң, қысқартып, сол туралы жазайын деп шештім.

4 ай… Бауырында ісік бар екенін білгелі төрт-ақ ай болды. Ауылдан жиеніміз Жомарт хабарласып, тәтеміздің ауырып жүргенін, Шелек емханасына көрінгенімен, қалаға тексеріліңдер дегенін жеткізді. Қарапайым сырқаттың бірі шығар деп ойладым. Артынша әкем хабарласып: «Тәтеңнің халі ауырлау сияқты, қаладан тексерістен өтпесе болмайтын көрінеді» деді.

Содан «Сұңқардан» басталған тексерілу ұзаққа созылды. Алдымен КТ-ға, УЗИ-ге түсірді. Қан тапсырды. Мамандардан кеңес алды. Бауырдағы ісік едәуір үлкейіп қалғанын білдік. Онкологиялық дерт екенін мамандар бірден айтты. Тездету керегін ескертті.

Республикалық онкологиялық институтқа апарып, тағы да мамандардан кеңес алдық. Олар Алматы облысына қарасты көпсалалы клиникаға тіркеуге алу туралы жолдама берді. Осыған дейінгі анализдердің бәрін құшақтап, жолдама алып, енді әлгі ауруханаға бардық. Шағын емханада емделетін жұрт көп. Кезек – кезек. Дәрігердің қабылдауына барып ек, жинаған құжаттарды ақырын шолды да, ісіктен ет алып, соны тексеру қажеттігін айтты. Себебі түсінікті, бұл ісік онкологиялық дерт пе, әлде басқа ма, анықтауы керек. Өзге мамандар бірден қатерлі ісік екенін айтқан. Мыналар анықтауымыз керек деді. Ол үшін пәлен күні сағат пәленде келуіміз керек. Айтқан уақытында тағы жеттік. Оның нәтижесі екі аптада шығады екен…

Бас дәрігерге кіріп, жағдайды айттым. Тездету керек деймін ғой. Ол кісі қазақтарды кінәлады: «Осылай жүресіңдер, әбден асқынғанда келесіңдер» дейді. Мен бұл дерттің алдын-ала анықталмайтынын, тіпті әлі де толық анықтап болмағанын жеткіздім. Бас дәрігер орынбасарына тапсырды. Орынбасары онколог дәрігерге сілтеді. Әйтеуір нәтижесін (тездетіп) бір аптаның ішінде алдық. Енді оны онкологқа көрсетуіміз керек. Қырсыққанда ол орнында жоқ болып шықты. Ертесіне бардық. Онколог дәрігер қайтадан анализ тапсыру қажеттігін ескертіп, бір құшақ тізім берді. Асқазанды, ішек жолдарын тексеру маңызды екен. Аурудың қайдан шыққанын білуіміз керек дейді.

«Құдай-ау, бұған дейін қаланың әр бұрышындағы жеке медициналық орталықтарда барлық тексеруден өттік қой. Пандемия деген сылтаумен алдын-ала жазылып, талай орталықтың есігін тоздырдық. Бізге тездету керек. Портал жинап, ем қабылдауы керек» дейміз шыр-пыр боп. Жоқ, дәрігерлер еш саспайды. Ақыры тағы да бірқатар тексеруден өттік. Бәрі ақылы. Еңбекшіқазақ ауданында оның бірі жоқ. «Сұңқар», «Эмирмед» деген секілді медициналық орталықтарды шарладық. Олардың анализдері дайын болғанда тездетіп тағы дәрігерге келдік.

Әр жолы дәрігерге қаралуға Шелек онкологынан бір жапырақ жолдама (направление) керек. Енді дәрігеріміз аспай-саспай қағаздарды қарады да, химиятерапевтке барыңдар деді. Ол кісі тағы бірдеңелерді анықтау керек, түсіру керек деп кеңес берді. Бірер күн сандалып,  емделуге портал жинауды бастадық. Оны жинау үшін оншақты күн кетті. Тағы келдік.

Сөйтсек… өтуге тиіс анализдері толық емес болып шықты. Шелектегілер бірін толтырып, екіншісін «кейінге қалдырып», бәрі «зың» деп жіберіпті. Оның бәрін күтсек, ПЦР тестінің уақыты өтіп кетеді. Оның жарасы жеңіл десек, тағы біреуінің уақыты сәйкес келмейді. Шелекке звондап, облысқа шығып жүріп құжаттарын тездеттік. Енді құжат бітті дегенде жүректі КТ-ға түсіру қажеттігі шықты. «Өздеріңізде жоқ па?» дейміз. Жоқ екен. Тек бізге жандары ашыды ма, тегін түсіруге жолдама жазып берді бір орталыққа. Оларға хабарлассақ, кемі алты күн күтесіздер дейді. Ал ақылы болса, сол күні нәтижесін беретін көрінеді. Солай істедік. Қолыңызға 15 минутта нәтижесін беру үшін сәл артығырақ ақша төлесеңіз болды, бәрі дайын.

Емхана ПЦР тестінің соңғы күні екен деп, кергіп жүріп, қабылдауға әзер көнгендей болды. «Химия алады. Алдымен анализдер алып, бақылаймыз» деді. (Шынымды айтайын, осыған дейінгі анализдердің көбі жарамсыз екен). Екі күн бойы тексерді. УЗИ-ге түсіріпті.

Дәл сол қарбаласта қайдан жұққанын кім білсін, өкпесі қабыныпты. Пневмония. Дереу ауылға әкетіп, Шелектегі жеке дәрігерге емдеттік. Бір апта система алды. Екінші аптада өкпесін КТ-ға түсірдік. Сау. Қайтадан Шелектен «направление» алып, баяғы емханаға келдік. Бәрін көрді де: «Химиямен емделу үшін әл-қуат керек. Алдымен онкологияға қарсы ем-шара қолданамыз. Соған тағы портал жинаңдар» деді. Шелекке хабарласып, қайтадан портал жинауы керек екенін ескерттім. Олар тездетіп-ақ жасады. Бірақ енді ПЦР тесттен ковидтің белгілері табылыпты.

Содан он төрт күн үйде жатты. Үй-ішімен ауырып тұрды. Шелектегілерге хабарласып, ол кісіні оңаша емдеу керек, емханаға жатқызыңыздар десем: «Анаған хабарласыңыз, жоқ біз емес, аналар шешеді» десті. Айғайлап жүріп, үйдегілерінен тест алды әзер. Олар сауығып үлгерген сыңайлы.

Он төрт күн өткен соң тағы да портал жинаймыз, ем болар деп жүргенде… дәл 14-ші күні түнде тәтеміз бақиға көшті…

Мұның бәрін неге жаздым? Қарапайым адамдардың емделуінің қиямет-қайым екенін өз көзіммен көрген соң жазып отырмын. Төрт ай бойы бірнеше рет КТ-ға, УЗИ-ге, тағы басқа аппараттарға түсті. Бірі ана жерде, бірі мына жерде. Ортасында «Сызғановқа» да барып, дәрігерлерден кеңес алдық. Олар: «Бізден мына анализдерді тапсырыңыздар, сосын көреміз» деді. Оларға да қан тапсырып, нәтижесін күттік. Өзге жерде түсірілген КТ нәтижесін «Сызғановтағылар» «онша қабылдамады». Бізде түсіру керек деді…

Өзі бауырдағы ісік лазерлі аппараттарға қайта-қайта түскенде, тіптен асқынған шығар деген де күдігім бар. Әр жолы көрген сайын тәтеміздің жанарынан: «Мен аман қалам ба?» деген дәрменсіз сұрақты оқыдым. Бірде алдап, бірде сәл қаттырақ айтып: «Елдің бәрі емделіп жүр, қараңыз, Сіз де сауығып кетесіз» дегендей болдым.

Дәрігерлер аурудың қай сатысында екенін сол күйі анық айтпады. Ең сорақысы, сонша рет өткен анализ нәтижелерінің бір-екеуін ғана қарайды. Қалғаны керек емес дейді. Онда неге бұл анализдерді жазып бердіңіз десек, бәрін көрген дұрыс қой дейді самарқау…

Сол бір нарау жауап, қағазбастылық, бір-біріне сілтеу, жауапсыздық, жүйесіздік… Біздегі қарапайым жандар өзінің қайсарлығымен күн көрмесе, медицина саласындағы былықтардың жойылмайтынын көрсетті. Қаптаған анализдердің көбі жай ғана қағаз толтыру, есеп үшін екен. Емханаларда медициналық құрылғылар бар болса да жекеменшік емханаларға жіберу әдетке айналыпты. Не маман жоқ, не істемейді, яки соны тексеруге уақыт керек, бас ауыртуды қаламайды. Қаншама айғай болды. Сыртқа күліп шыққаныммен, іште дауыс көтергенімді білдіргім келмеді. Үндемесең, тіпті сені адам ғұрлы көрмейді.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button