Құмсағат

Әкімнің заңсыз қабылдаған 10 өкімінің күші жойылды

Аталған мәселе ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Атап айтқанда, Хантағы ауылы әкімі аппаратының бас маманы Департамент басшысы А. Шілмановтың қабылдауында болып, өзінің құқықтарының бұзылғандығы туралы арызданған. Нәтижесінде, Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар бұзушылықтар (өз құзыретінде болмаса да штаттық құрылымды негізсіз бекіткен, қызметшілердің еңбек өтілі дұрыс есептелмеген, қызметтік тергеп-тексеру заңнамаға сәйкес жүргізілмеген және т.б) анықталған.

Тексеру қорытындысы мен нұсқама енгізіліп, әкімнің 10 өкімінің және тиісті комиссияның хаттамасының күші жойылып, мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді. Осы ретте, аталған талаптарды сақтамағаны үшін Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Хантағы ауылының әкіміне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Дәл осындай тәртіптік жазаны шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін Созақ ауданының Жартытөбе ауылдық округінің әкіміне де қолдану ұсынылды. Атап айтқанда, келісімшартта көрсетілген жұмыстардың толық орындалмағанына қарамастан, мердігерге қаржыны аударғаны үшін Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Осыған ұқсас заң бұзушылық Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысының тарапынан орын алып, мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша ақша қаражатын игеру мен бөлуді тоқтата тұру туралы Соттың ұйғарымына қарамастан, өнім берушіге мемлекеттің қаражатын аударғаны анықталды. Аталған лауазымды тұлғаға Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен «қатаң сөгіс» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Сонымен қатар, азаматтармен қарым-қатынаста іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтамағаны үшін Мақтаарал ауданының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен «қатаң сөгіс» түріндегі жаза қолдану ұсынылды.

Аталған жиында, сондай-ақ Қазығұрт және Келес аудандарының жергілікті атқарушы органы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі қызметінің нәтижелері бойынша есептері тыңдалды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.

 

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button