Қаз-қалпында

Халыққа қамқорлық осындай болуы керек

Қандасымыз, Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы, Германиядағы Мюнхен қаласының тұрғыны Өмірхан Алтын өзі тұратын қала басшылығының бір игілікті ісі туралы бейнежазба жариялады.

«Сіздерді Мюнхен қала әкімдігінің халыққа көрсетіп жатқан қызметімен қысқаша таныстыра кетейін. Бүгін аптаның жетінші күні, демалыс болғанына қарамастан қала әкімшілігі жергілікті тұрғындардың велосипедтерін жөндеп, тегін қызмет көрсетуде. Бұл Мюнхен қала әкімшілігінің алты ай бойы көрсететін тегін қызметтерінің бірі ғана», – дейді Ө. Алтын.

Яғни Мюнхен қаласының басшылығы велосипед жөндеумен айналысатын фирмалармен алдын-ала келісім-шартқа отырған екен. Ол фирмалар көктемнен күзге дейін тұрғындардың велосипедтерін жөндеумен айналысады, оларға техникалық қызмет көрсетеді, велосипедтердің техникалық қауіпсіздігін, доңғалақтарын, шамдарын тексереді, орындықтарын, тежегіштерін жөндейді, басқа да шағын қызметтер көрсетеді. Мақсат – адамдарды өздерінің денсаулығына, қоршаған ортаға, экологияға қамқорлықпен қарауға үйрету, бейімдеу.

«Бұл – қалада жүретін машиналардың санын қысқарту, адамдарды көбінесе велосипедпен жүруге ынталандыру, қолдау, қоштау үшін қала әкімшілігінің халыққа деген тегін қызметі. Бұл – бір жағынан айқын демократияның, адамдарды, халықты, тұрғындарды сыйлаудың, әділдіктің, адамгершіліктің, нағыз демократияның бір көрсеткіші болса керек», – дейді Ө.Алтын.

Мюнхен – Бавария өлкесінің орталығы, астанасы. Бүгінде бұл өлкеде христиан социал-демократиялық партиясы билікте болғанымен Мюнхен қаласының билігі социал-демократиялық партия мен «жасылдардың» қолында екен. Халыққа осындай тегін қызметтер көрсету олардың негізгі бағдарламасында бар, олар сайлау алдында халыққа осындай қызмет көрсетеміз деп уәде беріпті, енді сол уәделерін орындап жатыр.

Алдағы қыркүйек айының аяғында Германияда жалпыпарламенттік сайлау өтеді екен. Дегенмен жұрттың игілігіне жұмыс істеп жатқандардың әрекетінің алдағы сайлауға  ешқандай да қатысы жоқ. Яғни қала басшылығы да, олармен келісім-шартқа отырған фирма да халыққа алдын-ала берген уәделерін орындап жатыр. Олар велосипед иелеріне қала бойынша арнайы бөлінген жерлерде жарты жыл бойы тегін қызмет көрсетеді.

Расында да бұл үлгі аларлық игі шаруа ғой. «Бізде де осындай жақсылықтар көп болсын! Жас мемлекетпіз. Көш жүре түзеледі. Бізге де келеді. Ел аман болсын!» – дейді Ө.Алтын.

…Иә, жалпы жұртқа жағымды, пайдалы осындай өнегелі істер біздің елімізге де жұғысты болғай!

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button