Оқи қалар оқиғалар

Әулие босаға

Ауылдан шеткеріректе орналасқан жұпынылау үйде қара шаңырақтың түтінін түтетіп әкеден қалған жалғыз ұл тұрып жатты.

Нағашыбай ақсақал ұлына «құралар ма екенбіз» деп ырымдап, Құрал деп есім қойған. Құрал үш жасқа келгенде әкесі мен шешесі арасын суытпай, тағдырдың жазуымен, бірінің артынан бірі бақилық болды.

Жетім қалған баланың туыстарынан қарайласар ешкім болмаған соң, панасыз қалған сәбиді көрші үйдегі Несібелі әже бауырына басып, жетімекті жебеп жүретін. Құрал тоғыз жасқа келгенде, қасіретіне орай Несібелі әже де мәңгілік мекеніне аттанды.

Жастайынан еңбекке араласып, балалықтың бал күндерін сезіне алмаған Құралдың бозбала шағы дүнижүзілік Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді.

Қауқары бар еркек кіндіктілер соғысқа аттанып, ауылда қалған әйелдер мен балалар майданға азық-түлік, оқ дәрі жіберіп отыру үшін күндіз-түні еңбек ететін. Құрал да бала күшін Отанның қажетіне жұмсады.

Соғыс аяқталып, ел еңсесін көтеріп, Советтік жүйе халықтың тұрмыстық жағдайын түзеуге күш салып жатқан кезде Құрал 14 жаста еді.

Нағашыбай ақсақалдың ауылынан қанаттанып, түлеп ұшқан Зейнеш есімді келіншек тірегіне айналған тұғырына қайта оралып, жаңадан қоныстанған шағы-тын. Тағдырдың жазуымен, ырыздығы өзге жерден бұйырып, аласапыран, сұрапыл жылдары Нағашыбай ақсақалдан көз жазып қалып еді. Қайта оралғанда қамқорын жолықтыра алмады. Асылдан қалған тұяқ еді деп, Құрал дегенде ішкен асын жерге қоятын. Реті келгенде қарайласып жүретін. Күнде таңертең тіршілігіне кірісер алдын, шаңыраққа соғып, басағасын сүйіп «әулиенің шаңырағы» деп кететін әдеті бар-тын.

Құрал болса, бұл келіншектің әдеттен тыс әрекетін түсінбейтін. Бір күні босағадан қарсы алып, ерекше ілтипатының сырын білгісі келіп, сөзге тартты.

–  Ес білмей әке-шешемді жоғалттым. Шежіремнен жаңылыстым. Тегімді көз көргендерден сұрастырып танып жүрмін. Бұл басағаның «әулие босағасы» болатындай нендей сыры бар еді, Зейнеш апа? – деп кері бұрыла бергенде сұрақ қойды.

Зейнеш Құралға жақындап келіп бауырына қысты да, маңдайынан иіскеді. Демін ішке тартып күрсініп алды да, сәл үнсіздіктен кейін, үйге кірейік деген ыммен киізбен қапталған ауыр есікті сықырлата ашып, ішке енді. Ортадағы күңгірт бөлмеде тұрған керуеттің үстіне бірге жайғасты.

–  Бұл ауыр кезеңді еске түсіру мағанда қиын… 1931-1933 жылдар тарихымыздың қасіретті, ақтаңдақ жылдары. Байлардың малын кәмпескелеп, өздерін итжеккенге айдап жатқан уақыт болатын. Ел таңдайға басар нәр таппай, жаппай аштықтан қырылып жатты. Әкеден тоғыз ағайынды едік. Әкем тұтқындалып кеткеннен кейін балапан басына, тұрымтай тұсына жан сауғалап кеттік. Алладан бұйрық келмеген соң, шықпаған жан шықпайды екен.

Бауырларым аштықтан өліп, жалғыз өзім қалғанымды білгеннен кейін, әкемнің жасырған алтын, күмістерін қойын қонышыма тығып, басым ауыған жаққа қарап кете бердім.

Жол-жөнекей қанша рет қымбат бұйымдарымды бір кесе бидайға айырбастауға талпынғаныммен, ешкім бір тілім нанды асыл тастарға айырбастамады. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген мәтел сол заманның зарлы үні болатын.

Қанша жол жүргенім есімде жоқ, біраздан кейін түтінді ауылдың қарасы көрінді. Нағашыбай ақсақал менің келе жатқанымды алыстан бақылап тұрыпты. Тізем тіземе соғылып, әзер келе жатқан бейнемді көріп:

–  Апырмай, мына бала құлап қалмаса игі. Босағадан аман аттаса жарар еді, – деп дегбірі қалмапты.

Себебі аштықтан бұратылған адам құласа, қайта орнынан тұра алмай, сол жерде үзіледі екен. Абырой болғанда, Нағашыбай ақсақалдың басағасына келіп құладым. Есім кіресілі-шығасылы. Аштықтан қалжырағаным соншалық, аузыма тамызған ұнның сорпасын жұтуға да дәрменім жоқ-тын.

Сенің әкең заманы тарылса да, пейілі тарылмаған, көңілі дархан, қолындағысын өзгелермен бөлісіп отыратын өте жомарт жан еді ғой, жарықтық, – деп қасында отырған Құралдың шашынан сипап, басын кеудесіне қысты да, көзінің жасын көрсетпей сығып алды.

– Нағашыбай ақсақал екі аяғымен қысып отырып, сорпасын тамызып, азықтандырған соң, бірнеше күннен кейін бойыма қуат келе бастады. Осылайша сенің әкең мені өлімнен құтқарып, қатарға қосты.

–  Солақай саясат талайлардың соры болды десеңізші. Ел аштықтан қырылып жатқанда әкем қоректі қайдан алды? –  Әңгімені жүзін төмен салып тыңдап отырған Құрал назарын Зейнешке бұрды.

–  Нағашыбай ақсақал шағын алқапқа бидай егіп, оны дирменге салып ұн жасайтын. Соны талғажау ететін. Күндер өтіп әлденіп алған соң, ішкен-жегенімді адалдағым келіп, Нағашыбай ақсақалға:

–  Бидайды баптап, дирменді мен тартайын, –  дедім.

–  Қой, қызым, еңбегімді пұлдап не көрініпті маған. Қара жұмыс қыз баланың нәзіктігіне жасаса қоймас, – деген әкеңнің қарсылығына қарамастан кетпен мен шалғы ұстап қызметке кірістім.

Нағашыбай ақсақалды әулие деуімнің тағы бір себебі бар. Бір күні сенің шешең, қанша дегенмен заты әйел ғой, менімен келген алтын, күмістерге қызықты. Алғысы келді. Сонда жарықтық: «Бұл қыздың бойындағы бір затқа тиісуші болма. Ырыздығымның берекесін кетіресің. Бұл заттар халыққа азық бола алған жоқ. Боздақтардың ажалына араша түсе алмады. Талайлар жастанып жатып жиған алтынның, дүниенің қадірсіз екенін Құдай тағала көрсетті емес пе? Қанша жолдардан өтіп, опа бермеген алтындар, саған пайда келтіруші ме еді?» –  деп кейіс білдіріп жатқанын естігенмін.

Құралжан, негізі ауыр күндер қуатты, жақсы адамдарды өмірге әкеледі. Ал тоқтық жалқау, өзімшіл адамдарды шығарады. Сенің әкеңді сол соқпақты күндер шыңдаған.

Үлкендерден «Аштықтан емес, тоқтықтан есірген жаман болады» деп естуші едік. Қазір, шүкіршілік, ел етек жеңін жинап келеді. Мен сол келешек ұрпақтың келбетінен қорқамын деп, –  терең тыныстады. Сосын әңгімесін әрі қарай жалғады:

–  Осылайша осы үйдің бір баласына айналдым. Әкеңе осы ауылдың, және көрші ауылдардан адамдар келіп жататын. Сөйтсе маған көзі түсіп айттыра келіп жүргендер екен. Араларындағы әңгімені еміс-еміс құлағым шалып қалатын. Әдеттегідей айттыра келгендердің біріне:

–  Бұл қыздың тағдыры менің қолымда емес. Бар болғаны қолымнан келген қайырымды жасадым. Бір күні әкесі, не шешесі, туыстарынан бірі табыла қалып, келгендей болса, қыздарыңды ұзатып жібердім деп қалай айтпақпын? Жоқ, олай болмайды, өзгенің тағдырына билік жасауға мені мәжбүрлемеңдер, –  деп айтып жатқанын құлағым шалып қалды.

Бір күні ретін тауып, әкеңнің көңілін бағып, қасына келіп:

–  Пейіліңізге жылынып, жаныңыздан пана таптым. Қамқорлығыңыз соншалықты, әкемдей көрдім. Жетімнің де жетілгені болар, егерде назарыңыз ауған, теңіме теңелетін азамат табылып жатса, батаңызды беріңіз, менде өзіңізден бөтен жанашыр да, жақыным да қалмаған, – дедім.

Құралға бұл кезде Зейнеш туған адамындай болып кетіп еді. Еркінсіп Зейнештің сөзін бөлді де:

–  Бұл ауылдан неге көштіңіз? –  деді.

–  Әруағынан айналайын әкең ниетімді бірден түсініп, көп ұзамай текті азаматтың қанжығасына байлап, некемен жұптап, осы құтты шаңырақтан ұзатты. Жат жұрттық жанмын, жат жерге кете бардым. Сол кезден бері бұл босаға мен үшін қасиетті, киелі, –  деп «әулие босағаның» сырын баяндап берді.

Нұржан ТАЛАСҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button