Оқи қалар оқиғалар

Уақыт кері оралмайды-ау

Мен кіргенімде ол жастыққа басын қойып сұлық жатыр екен де, кемпірі қарсы алдындағы диванда қос дізесін көрпемен қымтай орап үнсіз отырды.

Жандарынан белдемшесі ағытылған қол арба көрдім. Олар берген сәлемімді бәсең дауыспен алысты.

Ол облыс орталығындағы «Нархозды» сырттай бітірді. Бойшаң иықты жігіт болатын, сөзін де асықпай сөйлейтін. Келіншегі ортадан сәл жоғары, сызыла сөйлеп, сыпайы жымиғанда әркім-ақ осындай жар тауып, қатарының алды болуды армандайтын. Оның қолынан қоңыр портфелі түспейтін. Жарасымды киінген келіншегі болса оның иығына басын қойып, ырғала теңселуші еді.

Қазір ойласақ, сол көрініс жаңадан үйленген, жастықтың кезі балдәурен шақтың өзі екен де, оны кім білген? Иә, аяусыз уақыт тоқтаусыз зымырайды. Онан бері де міне, елу жыл.

Қабырғаға жанай қойылған қоңыр диванның бір шетін ала отырдым. Оны ол деп, қосағын кемпірі деп атай берелік, уақыт өз ізін салады емес пе?

Ол таңулы аяғын еппен қозғап, жай ғана дауыстады.

– Шай әкеліңдер!

Сол аяғының тобықтан жоғары алынып тасталып, ақ дәкемен таңылғанын енді білдім. Орталық амбулаторияға күнде жедел жәрдем машинасымен алып барып, қайтып әкеліп тұрады екен. Екеуі де қант диабеті.

Үнсіздікті мен бұздым. Өзім де қатарласпын ғой.

– Құрдастарың көңілдеріңді сұрап келіп тұратын шығар?

Көрпесін қымтай түсіп, әйелі жауап берді.

– Қайдан! Өткенде күншуақта арбада отырғанмын, сол күні той болушы еді. Бір-екеуін алыстан байқап қалдым, келмек түгіл сәлем де берген жоқ. Құдайдан күттім солардың қай уақытқа дейін жүрерін. Біз осы сырқатты Жаратқаннан сұрап алыппыз ба?

Мен білген ақылымды айтып жұбатқан болдым. Кемпірі жан қалтасынан орамал алып, суланған көзін сүртті.

Иә, өмір – сынақ. Білгірлер айтады. Жаратушы әркімге әр түрлі тағдыр беріп, өзі соны бақылап тұратынға ұқсайды. Иығындағы қос періштелер пендесінің жақсы немесе жаман қылығын жазып отырады дейді. Кейін, о дүниелік болғанда жазаны әркімнің сол іс-қимылына қарай белгілейді екен.

Мүмкін рас та шығар. Бұл ертеден келе жатқан тәмсіл. Өзім олардың көңіл-күйін түсірмеуге тырыстым. Байқағаным, арада елу жылға таяу уақыт өтсе де баяғы екеуінің кісілігі мен кішілігінің сар-табы сақталғандай.

Қазақ білгір! «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» – дейді. Сол сөз осыларға қарата айтылған сияқты. Ол оң жаңбасына аунап түсті. Кемпірі сол отырысынан қозғалар емес. Көндіккен шарасыздықтың көрінісі. Көкейімдегі негізгі сұрақтың өзін қойдым.

– Айтпақшы келіндерің…

Кемпірі төмен қарады да көп созбақтамай әңгіменің төтесіне көшті.

– И-и, айтасың-ау сен де. Бұлар бері қарамайды, отырысы осы деді ме, келініміз төрт баласын алып төркініне кетіп қалған.

– Ертең өзі қартаймайды ма?

– Қайдам, бір білгені бар шығар…

Көңілі қалса керек, кемпірі осылай деп нақтылай айтты. Үміті қайтып күдерін үзген адамның нық жауабы. Ол терең күрсінді де сөзді ары қарай созбалауды қаламады. Түсіне қойдым.

– Балаң ше?

– Өзің де білесің. Мектептен мұғалімдіктен шығып, осында жедел жәрдем машинасына жүргізуші болып орналасты. Біздің жағдайымызға қарағаны.

…Ол әр түрлі қызмет атқарып, соңы ауылдағы почта меңгерушілігінен зейнеткерлікке шықты.

Қайта оралмас заман. Кері оралмас уақыт. Мен шай құйылған кесеге қол создым. Ол жастықтан басын сәл көтеріп, былай деп сұрады:

– Тағы кімдерді көріп тұрасың?

Баяғы бала кездің сырға тұнық, арманға алдарқатар жалпы сұрағы. Кімдерді көріп тұратынымды айтсам ба, айтпасам ба? Көргенмін. Ол мен оның кемпірінің жағдайын айтып, кіріп, көңілін аулауды да өтінгенмін. Пендешілік. Келмесе, мына отырған қатарластарының халін сұрамаса мен не дейін? Оның бәрін айта берсем, мына екі сырқат қандай ой кешпек. Ертеде бір жерден оқығаным бар. Адам өз басына түспеген соң кісінің халін білмейді екен. Өмір мәңгілік боп көрініп, әр қуаныштың соңын бір қуып, жағдайды кезінде пайымдамайды да. Өмір сонысымен алданыш, тіршілік сонысымен құнды.

Оларға қарасам, кемпірі жастыққа сүйеніпті де ол шалқалай жатыр. Айтсаң әңгімеңді тыңдауға дайын. Басқаша қалай етсін. Сөзді өзім бастадым.

– Орынбасар ағаң келіп тұрады ма?

– Иә, келіп тұрады күнде. Кейде бір-екі күнде, араға уақыт салып.

Сұрап отырғаным – ағасы Орекең жайлы. Кезінде мұғалім болды. Біраз бұрын кемпірінен айырылған. Өзі ақкөңіл адам. Оқиғаның шетін шығарып берсең болды, жас демей, кәрі демей ары қарай әңгімені өзі алып кетеді. Отыр да тыңдай бер.

Мезгіл күз болатын. Арықтың жағасы, жол жиегі сары-қызыл түске боялған жапырақтарға толыпты. Мен кетіп бара жатып баяғы көктем кезін армандадым. Алыстан тырналардың қиқуы естіледі.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button